• Мәдениет
  • 15 Мамыр, 2014

«Таңсұлу»

Ықылым заманнан ата-бабамыз әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін, нәзіктік пен инабаттылықты, батылдықты, парасаттылықты ару қыздың тал бойынан көре білген. Оған тарих беттері де куә.  Міне, осындай қазақ қызының қайсарлығы мен төзімділігі арқау болған  қаламгер, философия ғылымдарының докторы, ғалым Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» атты туындысы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды.  Биылғы жылы тұсауы кесілген қойылымды көрудің де сәті түсті. Қойылымның алғашқы сәтінен бастап арғы дәуірдің заман тынысынан сыр шертетін ұлттық рухты көтеретін дүние екені байқалды. Көзімізге әуелі театр сахнасындағы лед-экран түсті. Қызғалдақ өскен кең дала, ақ қар жамылған биік тау, көк аспанда қалықтаған қыран – міне, осының бәрі лед-экранда ЗD форматында берілді. Қойылымның басты өзгешелігі де осы еді. Бүгінгі заманның жаңа технологияларын пайдалана отырып, дала рухымен астасып берілген көріністер сол заман тынысын әкеліп, қойылым бояуын қалыңдата түсті. Қобыз үнімен басталып, жетіген, шаңқобыз, домбыра, дауылпаз, сыбызғы, сазсырнай әуендері ат тұяғының дүбірін, құстардың сайрағанын, желдің уілдегенін көрерменіне жеткізе білді. Әсіресе, бойжеткен Таңсұлудың жетіген аспабында ойнауы, оған қоса анасы мен бір топ қыздардың қосылып халық әндерін орындауы қойылымға ерекше ұлттық нақыш беріп тұрды. Спектакль ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен арудың қанша қорлық көрсе де, Отанын сатпай, елінің амандығы үшін тіпті өзін құрбан еткен ерлігін баяндайды. Оқиға желісі он жастағы Таңсұлудың өзінің қасірет шеккен тағдырын түсінде көріп, шошынып оянуынан бастау алады. Анасы қызының түсін жорытуға бақсыға барады. Бақсы ә дегеннен бүкіл қойылымның бет алар бағытын бірауыз сөзбен болжап береді. Бақсы бейнесін сомдаған Дулыға Ақмолдаға қарап отырып, халқымыздың сонау замандағы өмірінен сыр шертетін түс жору мен көріпкелдіктің қойылымда үйлесімді орын тапқанын байқадық. Ол Таңсұлудың анасына «Сүйгеніне қос қызыңды, әйтпесе бақытсыз болады» дейді. Бақсының сөзі ана көңіліне ауыр тиеді. Себебі ата дәстүр бойынша Таңсұлудың Жойқын есімді жігітке атас­тырып қойған еді. Ана рөлін сомдаған Гүлжан Тұтованың көз жанарынан қызының болашағы үшін алаңдаулы ел анасының бейнесін көргендей болдық. Бірақ ана жүрегі халқымызда салт-дәстүрдің алар орны мен туған елге, жерге деген махаббаттың ыстық екенін түсінеді. Өз қара басының қамын ойлап, Отанын сату Таңсұлу үшін де өліммен тең еді. Сөйтіп, өзіңе ғашық болған қалмақ бегін іштей сүйсе де, атастырылған Жойқын есімді жігітіне ұзатылады. Осы тұстан-ақ Таңсұлу бойынан ана сүтімен дарыған тектілік пен ұлттық тәлім-тәрбиенің үлкен орын алғанын байқаймыз. Бұны естіген қалмақ бегі қазақ еліне шапқыншылық жасап, Таңсұлуға «Маған бүр атқаныңда бұйырмасаң да, бәрібір жар боласың» дейді. Дұшпан бегінің тілегін қабыл алу қайсар қыз үшін ардан аттап, халқын қорлаумен тең еді. Қанша қорлық көрген Таңсұлу елінің қамы үшін өзін құрбан етіп, қалмақ жеріне аттанады. Сөйтіп Таңсұлудың құрсағында қазақтың ұрпағы, қазақтың баласы кетеді. Арада талай жылдар өтіп, қалмақ бегінің ғұмыры үзіледі. Қазақтың батыл қызы өзге елде жүріп басына қанша қиын күн туса да, мойымай, ұлына туған еліне оралғанын мұрат етеді. Өзі кіндік қаны тамған жеріне, Ота­нына қашып кетеді. Ұлы мен жары Жойқынның табысқанын сырттай ғана бақылап тұрған Таңсұлу ұлына мұрат еткен елдік өсиеттің орындалғанына қуанады. Міне, «Таңсұлудың» образы арқылы бүкіл қазақ тағдыры, қайсар қазақ әйелінің бейнесі көз алдымызға келді. Сахна шымылдығы ашылғанда елдің еркесі болған Таңсұлу әп-сәтте ел үшін жанын қиятын қазақтың нағыз батыл қызына айналды. Бұл да жас актриса Салтанат Бақаеваның актерлік шеберлігін көрсетке керек. «Таңсұлу» Эпикалық тынысы кең, айтарын астармен жеткізетін көлемді туындыны сахнаға алып шығу оңайлықпен келмейтіні рас. Тарих көші мен тағылымын тек бір ғана адамның тағдыры арқылы көрсету, оның бүкіл қазақ халқы тұрмысымен, тарихымен, ұлттық тәлім-тәрбиесімен астасып жатқандығын сахна құдіретімен бейнелеу қоюшы-режиссер Алма Кәкішеваның тапқырлығы деп түсіндік. Пьесаның идеялық көркемдік болмысын тұтастай сақтап, ұтымды көріністермен, ұтқыр сөздермен, шалт қимылмен көп ойды жеткізе білген режиссердің мақсаты да қазақтың батыр қызының бейнесін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу екені сөзсіз. Десек те, Жойқынның Таңсұлуды ойлап жан азабын кешкен сәттеріне драма жетіспегендей көрінді. Сахнаны көркемдеуде қою­шы-суретші Қабыл Халы­қов­тың еңбегі зор. Театр сахнасы үшін тың технологиялар арқылы XVIII ғасырдың ты­ныс-тіршілігі мен бүгінгі заманды тоғыстыруын дәстүр сабақ­тастығы деп түсіндік. Әнмен әрлеп көркемдеген Әсел Омарованың ізденісі көңілге қонады. Себебі қазақтың фольклорлық, этнографиялық мұрасының ұлттық аспаптар арқылы көрініс табуы басқа да қойылымдар үшін үлгі болары анық. Әр рөлдегі кейіпкердің мінезін ашу үшін оның қимыл-қозғалыстары да сай келуі міндет. Сондықтан белгілі биші Шұғыла Сапарғалиқызы спектакльдегі би қимылдары арқылы әр кейіпкердің болмысын ашуды мақсат тұтқан екен. Әсіресе, би арқылы берілген қалмақ жігіттерінің, бақсы­ның сахнадағы жүріс-тұрысы қойылымды одан әрі әсерлі етіп тұрды. Халқымыз басынан кешкен тарихи шындықты сахнаға бейімдей біліп, бүгінгі өскелең ұрпаққа елге, жерге деген махаббаттың әлемдегі барлық сезім атаулылардан да биік тұратынын көрерменіне жеткізе білген пьеса авторының шеберлік өресін айрықша атап өту парыз. «Туған жер – тұғырың», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп дана халқымыз туған жерін, Отанын ерекше қадірлеген. Бұл орайда «Таңсұлу» жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін қазақ қыздарының өр рухты, намысшыл болуын дәріптейтін қойылым екенін ұғындық. Сондықтан көпшілік қауым тарапынан ерекше ықыласпен қабылданған спектакль театр мақтанышына айналады деген сенімдеміз. Ақбота ИСЛӘМБЕК

9450 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы