• Тарих
  • 22 Мамыр, 2014

Кейіпкер мінезін аша білген

Шынын айтуым керек, жазушы Нұрдәулет Ақыштың соңғы кезде жазған «Шала ұйқылы саудагер» атты әңгімесін оқи сала бір өзгеше әсерге бөленгендей болдым. Бүгінде біз ақын-жазу­шыларды өмір шын­дығының жыршысы, «адам жанының инженеріне» теңеп жүрміз. Алайда қандай да болмасын өмір шын­дығын қаз қалпында көркем әдебиетке түсіру қай қаламгерден де шеберлікті қажет етпей ме?  Өмірдің шынайы көрінісі жазушының қарым-қабілетіне, дарын ерекшелігіне, жанр заңдылықтарына, уақыт талабына сай өзгеріске түсіп отырады. Мұндай «өзгеріс», әрине, қаламгердің шығармашылық қиялымен (вымысел) ұштасқанда ғана көркемдік шындық анық өмірде болғандай өткір­лене түседі. Сөйтіп, өмір деректерін шығар­машылық қиялмен өрістете отырып, ақын-жазушыларымыз заман шын­дығымен біте қайнасқан көркем шығар­маны туғыза алады. Осы орайда мақаламызға арқау болып отырған әңгімеге орал­сақ, шығарма автордың атынан әң­гіме­ленеді. Яғни қаламгер бұл туын­дысында бірінші жақтан әңгіме­ленетін баяндау тәсілін таңдап алған. Әңгімеде бас кейіпкердің күнкөріс қамымен Байқоңыр қаласына «сауда сапарымен» барып, өзіне де бейтаныс «құда­сының» «қамқорлығын» армансыз көріп қайтқаны баяндалады. «Алматыда басымыз қосыла қалса, алдымен ауызға ілігетіні – мынау қысып тұрған қиын заманда қалай күн көреміз, бала-шағаға қалайша бір үзім нан тауып береміз деген әңгіме. Сондай бір сөздің үстінде курстасым Мақсат бір тосын ойдың шетін қылтита қойғаны: – Менің кіші қарындасым Байқо­ңыр­да тұрады ғой. Солар айтады «бізде сары май мен электр плиталары табылмай жатыр» деп. Сен жол жүргеннен қиналмайтын адамсың ғой, солай барып келсең қайтеді» деген ұсыныстан басталған әңгіме сюжеті барған сайын қоюлана түседі. Әңгіменің идеялық сарыны да, тілдік қолданысы да заман, қоғам тынысын танытуға үйлесе қызмет етіп тұр. Яғни уақыт әкелген нарық қыспағының жайын айқын сезінесіз. Оқиға әрі қарай саудагерге бей­таныс «құданың» бірінен соң бірі жалғасын тауып жатқан ке­зек­ті көңілді отырыстарымен өрбиді. Байқоңырдағы құрғақтағы әскерлер полкінің коман­дирі, пол­ков­ник Жанықұлов пен оның ай­наласындағылардың күнделікті әдетіне айналған ырду-дырду, ойын-сауық, «бала-шағаға қалайша бір үзім нан тауып береміз» деп жүрген сау­дагер жі­гіттің мақсатына қарама-қарсы. Әкелген тауарларын түгел өткізіп, бала-шағаға нәпақа табуды мақсат етіп, өз ойымен өзі арпалысып отырған «интеллигент саудагердің» ішімдікпен қыза түскен думанды кештің еріксіз «қонағы» болып отыруы шығармада әдемі қалжың мен сати­ралық мінездеулер арқылы өріледі. «Дастарқан басында да ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей есіп отырған – сол өзіміздің Өрекең... Сөзін тыңдамай, назарын басқаға аударып әкеткен немесе өзімен қосанжарлап, қабаттаса сөйлеген адам Өрекеңнің қаһарына ілікті дей беріңіз. Қай ортада отырсын өзі би, өзі қожа болып әбден дағы алып қалған бір кісілер болады. Өрекең де нағыз сондай жандардың көрнекті өкілі екен». Автор осы сөздері арқылы кейіп­керінің жан дүниесін, адамдық тұл­ғасын, мінезін аша түседі.Біз осы сурет­теуден-ақ кейіпкердің мінезін танимыз. Яғни шығарманың негізгі кейіпкері болған бұл әскери адам терең интеллект иесі, іскер де көпшіл жан. Сонымен бірге мақтансүйгіштігі, қызуқандылығы,менмендігі де байқалады. Автор пайдаланған әрбір көркемдік деталь шығарманың эстетикалық әсерін арттыра түскен. Әңгімеде кейіпкер психологиясын ашатын диалог, монолог сынды көркемдегіш құралдар да орынды қолданылып, шығарманың поэтикалық ажарын келтіреді. Оны мына бір мысалдан айқын аңғаруымызға болады: – «Сіз неге ішпейсіз? Болмайды, – деп кеу-кеулеушілердің жан-жақтан қыспаққа алып, бұрышқа тыға бастағандары, әрине, мен. – Ой, бұл құда нашар болды, – деп Өркен комментарий беріп жатты оларға. – Өзі не ішпейді,тіпті пивоны да ауызға алмайды екен. Не темекі тартпайды екен. – Мына қалпымен бұл құдаңыз қыздарға да бармайтын шығар. – Бармайды. Сонда білмедім бұл кісінің не үшін өмір сүріп жүргенін. Әйтеуір, құда болғаннан кейін жалпақтап жатырмыз» [1.98-б]. Қорыта айтқанда, жазушы ­Нұр­­­­дәу­лет Ақыштың шығар­машылық шебер­ханасы тағы бір тың туынды­мен то­лыққанына куә болдым. Қаламгердің әңгімелері негізінен ықшамдылығымен, нақтылығымен, нанымдылығымен, аз сөзге көп ой сыйдырған салмақ­ты­лы­ғымен ерек­шеленеді. Дереу қолға қалам алып отырғаным да сол әңгімені оқығанда алған әсерімнің күші болар. Айдана Жұматаева

3760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы