• Ақпарат
  • 29 Мамыр, 2014

Шарт жобасы Қазақстанның мүддесін қорғайды

Дайындық мәселелері пысықталды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысын өткізуге дайындықты пысықтау үшін арнайы кеңес өткізді. Оған бір топ Үкімет мүшелері мен интеграцияға жауапты қызметкерлер қатысты. Президент кеңеске қатысушыларға Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою жоспарланып отырғанын жеткізді. «Біз жиырма жыл бойы экономикалық интеграция бағытында ілгеріледік. Осы уақытқа дейін орасан жұмыс атқарылды. Енді сол жұмысымыздың бекер болмағанын, қол қойылған шарттың халық игілігіне арналғанын іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз. Еліміз ұзақ мерзімді болашаққа жоспарланған бұл Одақтан пайда көреді. Біз шартқа  экономикалық тұрғыдан тиімді болғандықтан қол қоюға ұмтылып отырмыз. Атап айтсақ, біздің еліміздің теңізге шығатын жолы жоқ екенін ескеру керек, мұны және көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті көршілеріміз қамтамасыз ететін болады» деді Мемлекет басшысы. Елбасыдан соң сөз кезегі тиген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов шарт жобасында аса маңызды мәселелер қамтылғанын айтты. «Бұл шартта көпвекторлы саясат жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы Одаққа қатысудан бөлек, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді және өзге де халықаралық бірлестіктермен келісімдер жасауды жалғастырамыз» деген К.Мәсімов жалпы құжаттың 4 бөліктен, 28 бөлімнен, 118 баптан және 32 қосымшадан тұратынын атап өтті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев шарт жобасы мемлекеттік саясаттың ұстанымына сәйкес дайындалғанына айрықша тоқталды. «Шарт жобасы тәуелсіз сарапшылардың сараптамасынан өтті. Сіздің ұстанымыңыз бен тапсырмаларыңызды басшылыққа ала отырып, шарт жобасымен жұмыс барысында экономикалық емес ережелер алынып тас­талды. Келіссөздер барысында біз Одақты саясиландыруға және оның аясында ұлттық өкілеттілік пен мемлекеттік егемендік мәселелерін талқылауға болмайтындығы туралы ұстанымды қорғап қалдық» деді ол. Ал Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шарт жобасында Одаққа мүше мемлекеттердің мүддесі мен мәртебесі теңдей ескерілгенін жиналғандарға тағы бір құлағдар етті. Сыртқы саясатқа жауапты министрдің айтуынша «Одақ органдарында мүше-мемлекеттер өкілдерінің конкурстық негізде тең болуы қамтамасыз етілді. Бұл шарттың өзге халықаралық шарттарды жасауға кедергі келтірмейтіні айрықша маңызды. Институттық бөлікте туындаған барлық түйткілдер жойылды». Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерінің басшылары бүгін қол қояды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі Елордада Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының конференциясы өтті. Шара ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі қарсаңында өткізіліп отыр. Оған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Ұлттық Палата Прези­диумының төрағасы Тимур Құлыбаев және қалалық бизнес өкілдері қатысты. Алғашқы болып Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мажитов баяндама жасады. «Палата нормативтік-құқықтық актілерге талдау жасап, құрылыс саласында рұқсат беруші құжаттарды ресімдеу мерзімін 120 күннен 30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа жүйе әзірледі» деді ол өз баяндамасында. Одан кейін сөз кезегі Елорда әкіміне тиді. «Кез келген қалалық ортада кәсіпкерлікті дамытудың ең басты әрі маңызды талабы  қолайлы бизнес ахуал құру болып табылады. Негізінен, бұл шағын және орта бизнес пен қаламыз үшін аса маңызды әлеуметтік индикатор. Бүгінде Астана экономикасы тұрақты өсуде, бұл ел бюджетіне түсетін қаржының жалпы құрылымына да әсерін тигізеді. Сондай-ақ жеке табыстың да артуы байқалады» деді И.Тасмағамбетов. Одан кейін елорда басшысы Астана қаласындағы шағын және орта бизнеске қатысты ­ресми статистикалық мәліметтермен бөлісті. «Қазіргі уақытта Астанада 56 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. 2013 жылы өнімнің өндіру көлемі 1 трлн. 200 млрд. теңгені құрады, бүгінде Астана осы салада бір қызметкерге есептегенде өндірілген өнім көлемі бойынша бірінші орынға шықты. Республикамызда бұл көрсеткіш 3,4 млн. теңге болса, Астана қаласы бойынша 2 есеге артық» деді ол конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде. Ал Тимур Құлыбаев конференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының қолдауымен қазіргі уақытта кәсіпкерлікке қолдау көрсету бойынша ауқымды және нақты шаралар қолданылып отырғанын атап өтті. Ұлттық Палата Президиумының төрағасы бизнесмендерді осы міндеттерді жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысуға шақырып, Қазақстанның бизнес элитасы осы үрдістің көшбастаушысы болуы керек деген қорытынды жасады. Бейбіт Нәлібаев

2816 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы