• Ақпарат
  • 29 Мамыр, 2014

Ынтымақтастық дамуға серпін береді

Бүгін, яғни 29-мамыр күні Ресей Федерациясының, Қазақстан Республикасының, Беларусь Республикасының Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қояды. Бұл шарт бұған дейін Еуразиялық интеграцияға қатысты қол қойылған құжаттардың ішіндегі ең маңыздысы болғалы тұр. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер 2010 жылдан бастап ортақ кеден аумағын құрып, бүгінгі күнге дейін жаңа ұйымның құрылуы үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп келді. Шарт үш елдің басшылары қол қойғаннан кейін толық күшіне еніп, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикасы мен нарығын үйлестіруге, бұл жолда бірыңғай саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымын ескерсек, Мемлекет басшысының бұл орайда ұзақтан болжап отырғанын анық түсінеміз. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ бізді тұйықтан алып шығады. Экономикалық одақ құру тарихта және жаһандану заманында сынақтан өткен тәжірибе болғандықтан, мұндай үрдістер соңғы ғасырда жиі әрі жедел жүзеге асты. Себебі қазір әлемде шекаралас мемлекеттерден құралған 200-ге жуық экономикалық бірлестіктер бар. Еуразиялық экономикалық одақ солардың бірі ғана. Көрші елдердің тізе қосып, экономикалық шараларды бірлесе атқаруы бүгінгі таңда әбден мойындалған жүйе екенін тағы да атап өткіміз келеді. Міне, осылайша 29-мамыр күн­тізбеге тарихи күн ретінде енгелі тұр. Ал үш елдің басшылары мақұлдаған шарт бұдан былай ірі тарихи құжаттардың қатарында болмақ. Бұл шарт енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің алдағы уақыттағы даму бағытын айқындайды. Кәсіпкерлер шекарадан тыс жерлердегі соқпақ жолдардан құтылып, 170 миллион тұтынушысы бар нарыққа емін-еркін кіре алатын болады. Біз айтулы құжатқа қол қойылар алдында тиісті мамандардың пікіріне құлақ түргенді жөн санадық. Руслан ЛепесовРуслан Лепесов, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің Құрылыстағы жаңа технологиялар және ғылыми-техникалық саясат басқармасының басшысы: – Жаңа экономикалық бірлестік бүгінгі күні жиынтық жалпы ішкі өнімі ТМД-дағы жалпы өнімінің 85%-ын құрайтын үш мемлекеттің экономикалық интеграциядағы ең озық нысаны болмақ. Шартқа қол қойылған соң ұйым халықаралық құқықтық субьектіге айналып, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын тұрақты дамыту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, үш елге ортақ бірыңғай нарық қалыптастыру, ұлттық экономикаларды жан-жақты дамытып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру Еуразиялық экономикалық одақтың басты мақсаты болып саналады. Шарттың аса маңызды бөліктерінің бірі – «Техникалық реттеу» бөлімі. Шарт бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларын техникалық реттеу үшін ортақ қағидалар қолданылады. Бұл қағидалардың жүзеге асуы одаққа мүше елдердің халықаралық экономикалық нарықта бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік туғызады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің құрылыс саласын интеграциялауға тежеу болатын техникалық кедергілердің алдын алу үшін, бірыңғай базалық талаптар белгіленіп отыр. Мұндай талаптар ғимараттар мен құрылыс жобаларына қатысты барлық құжаттарда көрініс табады. Сонымен қатар ұйымға мүше мемлекеттердің құрылыс мамандары әр елдің табиғи, климаттық, сейсмологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, дербес шешімдер де қабылдай алады. Олардың ұсыныстары мен талаптары мемлекетаралық нормативтік құжатқа бекітіледі. Ол құжат белгілі бір мерзім аралығында мүше мемлекеттердің жаңа ұсыныстарымен толықтырылып отырады. Ең бастысы жаңа құжатта қатысушы тараптардың мүддесі толықтай ескеріледі. Құрылыс мамандарының шығармашылық еркіндігіне, олардың жаңа технологияларды өз жұмыстарына пайдалануына мүмкіндік беріледі. Ерлан СтамбековЕрлан Стамбеков, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры: – Бүгін Астана қаласында Ресей, Қазақстан және Бело­руссия Президенттері қол қойғалы отырған Еуразия­лық экономикалық одақ туралы шарт ЕАЭО-ның қызметін айқындайтын негізгі құжат болып табылады. ЕАЭО Кедендік Одақ және Еуразия экономикалық кеңістігі негізінде құрылмақ. Оңтүстік астананың кәсіпкерлерінен құрылған бизнес-қауымдастығы экономикалық интеграцияға, Ресей мен Белоруссия елдерінің нарығына шығуға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан бұл интеграциялық бірігудің тұрақты, реттеу сапасы жағынан бәсекеге қабілетті болуы бізге өте қажет. Кедендік Одаққа мүше елдердің ортақ шекаралары азаматтарымыздың кедергісіз шекарадан  өтуіне, жүк пен тауар, валюталық қаражаттың еркін тасымалдарына жол ашты. 2009 жылдан бастап Қазақстанның Еуразия экономи­калық кеңістігіндегі және Кедендік Одақ бойынша әріп­тес­терімен тауар айналымы 88 %-ға, яғни 24,2 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Қазақстанның Ресей мен Беларусь елдеріне шығаратын экспортының көлемі 63%-ға артты, сонымен қатар өңделген тауарлардың жөнелтілуі де екі есеге өсті. Қазіргі таңда біз Ресей және Беларусь елдерінің компания­ларымен бірігіп ортақ өнеркәсіптер ашып жатырмыз. Одаққа мүше елдер арасында жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарды өзара тану туралы келісім жұмыс істейді. Жыл сайын Қазақстан, Ресей мен Белоруссия және ТМД-ға мүше елдердің мыңдаған азаматтары ЖОО-да оқуға, қызметке орналасуға және жедел медициналық көмек алуға тең құқықтарды пайдаланады. Еуразиялық интеграция мәдени-гуманитарлық байланыс­тар мен туризмді дамыту үшін көптеген басымдықтарға мән береді. Осының барлығы миллиондаған адамдарға тиімді нақты жағдайлар жасайды. Б.ҚҰТМҰХАМЕД

3467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы