• Тіл
  • 29 Мамыр, 2014

Құптауға тұрарлық бастама

«Ана тілі» газетінің 2014 жылғы №17 (1223) 1-6 мамыр күнгі санында газет тілшісі Д.Төлебаевтың «Барып қайт балам, ауылға...» деген тақырыпта мақаласы жарық көрген еді. Осы мақаланы оқып отырып ойға қалдым. Мәселе шын мәнінде өте өзекті. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы №48 лицей-мектебінің директоры оқушыларды қазақ тілін үйрету үшін ауылға апару туралы жөніндегі бастамасы құптауға тұрарлық. Өйткені қалада туып-өскен бала ауылға барып тіл үйренетін болса, оның әсері де, нәтижесі де басқаша болады. Сондықтан біз ауылдың әлеуетін тиімді пайдалана білуіміз керек. Бұған үлкен жоба ретінде қарап, нақты жоспар түзіп, арнайы бағдарлама қабылдай отырып жүзеге асырылса, орыс мектептерінде оқып жүрген қаншама оқушылар қазақ тілін үйреніп шығар еді. Жасыратыны жоқ, қала оқушылары жазғы демалыстарын қайда өткізерін білмей, көшеде, аулада бос жүреді. Бұл уақытта оларды ауылға жіберіп, ауыл өмірімен етене араласып өсулеріне мүмкіндік жасалса, сонда оқушы жазғы демалысын тиімді өткізеді. Меніңше, ауылға барған бала тек тіл үйреніп қайтпайды, қазақтың салт-дәстүрін, дүниетанымын, әдет-ғұрпын біліп, өз бойына қазақы болмысты да сіңіріп қайтады. Бұл қазақ тілін еркін меңгеруге үлкен жол ашады. Қалалық жерде, өзіміз де жиі көріп жүргеніміздей, орыс тілінің ықпалы басымырақ. Ал ауылда барлық тәлім-тәрбие жүйесі тек қазақ тілінде жүріп жатады. Ауыл балалары бірыңғай қазақ тілінде сөйлейді. Демек, ауыл мен қазақтың, қазақ тілінің байланысын табиғи негізде қалыптасқан деп айтуға болады. Ол бұрыннан солай және күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Шетелдерде мойындалған тәжірибе көрсетіп отырғандай, шет тілін үйрену үшін оның барлық қыр-сырына қанық болу керек. Отбасындағы тіл, күнделікті өмірде қолданылатын сөздерді үйрену сол тілді еркін меңгерген адамдармен араласу барысында нәтижесін береді. Тілді арнайы бір технология, әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге ешқандай қар­сылығым жоқ. Дегенмен, тілді балаға өзінің та­би­ғи қалпында үйретсе, ол әлдеқайда тиімді бо­лар еді. Өйткені бүгінгі таңда дүниежүзінде тіл үйрету технологиялары көптеп саналады. Ал солардың ішінде қайсысы тиімді дегенге келетін болсақ, тілді күнделікті өмірде нақты қолдана отырып, тәжірибелік тұрғыда меңгеру жайына көп мән берілуде. Теориялық білім де қажет, әрине. Бірақ сол оқушы жыл бойы үйренген теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білгені абзал. Сонда ғана нәтиже болады. Мақалада көтерілген мәселе тіл үйренудің тәжірибелік мәні туралы болып отыр. Сондықтан жазғы демалысының бір бөлігін ауылда өткізген орыс мектебінің оқушысы ауыл тұрғындарымен араласу кезінде қазақ тілінің сөздерін санасына сіңіріп, тіпті жаттап та алар еді. Өйткені ауылда қазақ тілінің қолданылу деңгейі, ауқымы қалаға қарағанда едәуір жоғары. Осыны да ескергеніміз жөн. Адам бала кезде ақпаратты жылдам қабыл­дайды, жаңа сөздерді де тез жаттап алады. Міне, осындай шақта қала мектебінің оқушысы жазғы демалыс мезгілінде белгілі бір уақытқа ауылға барып қайтатын болса, тілді үйрене алмай жүрген қиындықтарын оңай еңсерер еді. Бұған қоса айтарым, әрбір ата-ана өз баласының қазақ тілін меңгеруіне мүдделі болуы керек. Ауылмен байланыс жасау арқылы орысша сөйлеп жүрген баласына қазақ тілін үйретуді қолға алса деймін. Әсет БАЗАРТАЙҰЛЫ Шығыс Қазақстан облысы

17705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы