• Тұлға
  • 25 Маусым, 2014

Жазу мен жазмыш

Жазуды өмірлік кәсібіне айналдырған, қаламгерлік қолтаңбасы жақсы таныс, өзін  көптен білетін һәм кезінде газетте қатар қызмет еткен әріптес қауым өкілдері хақында ілтипат білдіру ойда жүр еді. Сәті бүгін түскен тәрізді... Бұл ретте, мамандықты  меңгеру  жолындағы бастау-кезеңдерде қауышып, бұдан әрі сырдесте сыйластықтың бақшасына бірге кірген сондай абзал азаматтың бірі - Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, байырғы газетші Жанғабыл Жұмағалиұлы Қабақбаев туралы айтсақ дейміз. Қазір алпыстың алғашқы бестігіне батыл енген Жанғабылдың бүкіл ғұмыры баспасөзбен тығыз байланысты. Әлі күнге дейін қолынан қаламы түскен жоқ. Біздің мамандығымыздың бір ерекшелігі де осында болса керек. Жас зейнет демалысына жетсе де, қаламның зейнетке бағынуы оңай емес. Қалам ұстаған адам бәрібір жазбай тұра алмайды. Жазғысы келгеннен емес, айтатыны, жазатыны бар болғаннан кейін қаламымен қоштаса алмайды. Әлі күнге дейін қаламгерлік парызын ойдағыдай орындап жүрген жазушы-журналистер қауымын осылай бағалаймыз. Олар жазудың техникасын терең меңгерген жандар. Ал бұл журналистика майданына маңдай түзеген жас буын үшін жақсы мектеп. Әзілмен қайырсақ, «шалдар қалай жазуды біледі, тек соны үлгі тұтатын балдар (балалар) болсын» деңіз. Ақтөбе өңіріне есімі кеңінен таныс белгілі журналист Жанғабыл Қабақбаевты да жұртшылық қаламы жүйрік журналист ретінде таниды. Жәкеңнің (әріптестері әрдайым оны осылай құрметпен атайды) жазғандарын республикалық, облыстық баспасөз беттерінен жиі ұшыратамыз. Демек, қаламына демалыс бермеген Қабақбаев үнемі ат үстінде, қаршадайынан газеттің қара жұмысында шыңдалған қаламы жорғасынан таймай, жыл сайын кемелді биікке көтеріліп келеді. Жанғабыл бүгінгі бостан дәуірдегі түрлі-түрлі жарияланымдарымен өз жазғандарын оқитын жұртшылықтың көңілінен шыға білуде. Оның есімін газет бетінен іздеп отыратын оқырмандар бар. Ал бұл журналист үшін ең үлкен баға. Өйткені Жанғабылдың жазуы өзінше. Ол кәнігі газетші ретінде кез келген фактіден газетке керегін таңдап ала біледі. Өзіне айтқызсақ, баспасөзге деген құмарлық шалғайдағы Шалқар өңірінде Сарықамыс сегізжылдық, Қорғантұз орта мектептерінде оқып жүрген кезінде-ақ байқалған екен. Ауыл баласы жұртшылықтың сонау бір замандағы газет-журналға деген енді қайталанбас құштарлығын көріп, сезініп өсіпті. Сөйте жүріп, аудандық, облыстық және республикалық мерзімдік басылымдарға, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне балаң қаламынан туған қысқа хабарларын, мектеп жаңалықтарын жолдай бастайды. Жазғандары шығып жатқан соң, журналист болсам деген арманы арта түседі. Жанғабылдың баспасөздегі қызметі 1966 жылы мектеп бітірген сәтінен басталады. Ол кезде ҚазМУ-дегі жалғыз журналистика факультетіне оқуға түсу үшін міндетті түрде екі жылдық жұмыс өтілі қажет. Болашақ журналист алдымен өмір мектебінен өтуі шарт. Бұл – қоғамның журналистика мамандығына қоятын талабы. Екі жылда жас азамат шыңдалады, келешек кәсібіне деген көзқарасы қалыптаса бастайды (немесе журналист болудан бас тартады). Мектеп бітірген бойда, сол кезде жаңадан ашылған Мұғалжар аудандық газетіне корректор болып жұмысқа орналасқан Жанғабыл жас өмірін баспасөзбен осылайша байланыстырды. Мұғалжар ауданында еңбек еткен екі жарым жыл ішінде ол корректор, баспахана баспашысы, әдеби қызметкер лауазымдардан өтіп, газет шығару технологиясын меңгерді. ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, жоғары оқу орнын 1973 жылы ойдағыдай аяқтады. Өзінің айтуынша, еңбек жолының баспаханадан басталуы былайғы журналистік қызметінде, әсіресе 1969-1981 жылдары Шалқар аудандық газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988-1993 жылдары Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы қызметтерін атқарғанда көп көмектесіпті. «Ақтөбе» газеті де – Жанғабылдың жылы ұясы. Ол 1981-1988 және 1996-1998 жылдары осы газеттің Шалқар, Мұғалжар, Ырғыз аудандарындағы меншікті тілшісі болып істеді, 1998-2005 жылдары «Ақтөбе» редакциясында жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторының орынбасары міндеттерін атқарды. Бүгінде 90-ның төріне шыққалы отырған байырғы облыстық басылымда он бес-он алты жылдай журналистік өмірін өткерді. Үш жылдан астам уақыт «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Ақтөбе облыстық филиалында редактор қызметін атқарды. «Журналистік өмірімде бірнеше аудандық газетте редакторлар Үбәйдулла Жаулыбаевтың, Тауман Төрехановтың қарауында істедім, өзім де бір аудандық газетті басқардым, – дейді Жанғабыл Қабақбаев. – Облыстық газетке басшылық жасаған Нұрқайыр ­Телеуов, Қуаныш Тектіғұл, Идош Асқар, ­Бау­ыржан Бабажанұлы, Қасымжан Байсадақов, Әмір Оралбай сияқты белгілі қаламгерлермен қызметтес болдым. Әр заман – бір дәуір. Көңілде сол күндерден қалған жақсы іздер аз емес. Журналист үшін ең бастысы – ар тазалығы, жан тазалығы. Осы тазалық қана мені жазуға итермелейді һәм жазуыма жол ашады». Журналист Жанғабыл­дың тәуелсіздік жылда­рындағы елеулі еңбегі мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру жолындағы қызметімен ұштасулы. Ол 2005 жылдан бастап 2013 жылға дейін екі мәрте облыстық Тілдерді дамыту басқармасында бас маман, бөлім бастығы болып еңбек етті. Соңғы алты жылдан бері халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық басқармасының төралқа мүшесі. Оның «Астана қаласына – 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Ақпарат министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің, Ақтөбе облысы әкімінің, Ақтөбе облыстық мәслихатының, Ақтөбе қалалық мәслихатының Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталуы, кәсіби шеберлігі үшін 2009 жылы Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың екі бөлмелі пәтер сыйлағаны, 2012 жылы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың жеңіл автокөлікті сыйға тартқаны облыс өңірінде мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге қосқан жеке үлесін айрықша бағалағандық болса керек. Ол республикалық «Ана тілі» газетінің белсенді авторы ретінде облыста осы басылымды тарату, жазылуды ұйымдастыру ісіне етене үлес қосуда. Нәтижесінде «Ана тілі» газеті бүгінде Ақтөбе облысында жыл сайын орта есеппен кемі 6-7 мың шамасында тарайды. Сонымен бірге соңғы жылдары Социалистік Еңбек Ері Нағым Қобыландин, Пана Оралбаев, Сматолла Беркімбаев, Қонақбай Назаров, Қуаныш Өмірзақов, Мәжит Сыдықов сынды ақтөбелік айтулы азаматтардың өмірі мен қызметін баяндайтын деректі кітаптар шығару жобасын жүзеге асырды. 2008 жылы Жанғабылдың «Қолтаңба» деген кітабы жарық көрді. Бұл оның сұрыпталған журналистік жазбаларының, ой-толғаныстарының, сондай-ақ басқа да шығармашылық жемістерінің жинағы. Кітаптағы «Ренжідің бе, әке?», «Досым, саған айтам...» эсселері, «Инемен құдық қазған қыз», «Ашылмаған парақтар», «Ұғысқан жүректер жылуы», «Арктикада болған қазақ» сияқты т.б. еңбектері тақырыптық тосындығымен, байыпты баяндалу тәсілімен ерекшеленеді. Жанғабылдың журналистік еңбегінің жемісті болуының бір сыры бар. Ол ұзақ жыл қалың елдің ортасында тұрып еңбек етті, сөз ұстаған буынның орынды да оңтайлы айтылған лебіздерін тыңдап өсті, кешегі өткен аға ұрпақтың ұлағатын көзімен көріп, санамен сезінді. Сол себепті әңгімелер қызықты оқылады. «Қолтаңба» кітабын негізге ала отырып, Жанғабыл Қабақбаев шығармашылығының және бір қыры турасында баяндауға болар еді. Бұл оның өлең өлкесін де жат көрмейтіндігі және сықақ әңгімелер жазуға бейімділігі. Осы тұрғыдағы еңбектері республикалық, облыстық газеттерде жарияланып жүр. Оның сөзіне жазылған бір топ ән бар. Мысалы, өңірлерде жиі орындалатын Орынбасар Терековтің «Анашым», «Жайықтың аруы», «Қыранымсың», Есенжол Өтебасовтың «Қарабұтақ жастарының әні» музыкалық шығармаларының сөзін жазған Жанғабыл Қабақбаев. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Мұрның барда...», «Борис-Борантай», басқа басылымдарда жарық көрген «Бидайкүл қатырады...», «Ымды білу керек...» және т.б. сықақ әңгімелері қазақы әдемі қалжың аясында өрбитін, артық-кемі жоқ тұщымды дүниелер. «Борис-Борантай» әңгімесі былай басталады: «Есіней ашылған есіктен есепші қыз Бәкенайдың басы қылтиды. – Ағай, бастық жинап жатыр... Кірсек, басекең Әлеу қарауын­дағылармен әңгімені бастап жіберіпті: – Жаңа ғана ауданнан, акиматтан звондады. Облыстағы департамент внутренний политикадан Дөкей Сабырбаев келеді дейді арғы күні средада. Құрылысын завершат еткелі тұрған ФАП-ты ашып береді дейді. Сонда сөйлеуге қазақша білетін орыс табуды тапсырып жатыр. Кәне, кім бар?» Бұдан кейінгі мәселе белгілі, әрине. Бастықтың тапсырмасымен «бұл ауылдан емге табылмайтын орыс» іздеу науқаны басталады. Ақыры Мәндібайдың қойын бағып жүрген, қазақтар «Борантай» атап кеткен Бористі табады... Жабылып жүріп көндіреді... жуындырады.. киіндіреді... Обалы не керек, Борисің мүдірмей бірдеңе айтып шығады. Облыстан келген уәкіл риза болады, қолын қысады... Екі-үш күндікте аудандық газеттің бірінші бетінде Аралшиде ФАП ашылғаны туралы материал жарияланады, материалдың ортасында – Борис-Борантайдың суреті. «Байғұсқа газетті кім бергенін қайдам, үш күн арақ ішіп, Жидедегі базға жете алмай, орталықта жатты» деп түйіндейді автор. Жанғабылдың сықақ әңгімелері әдетте осылай қысқа қайырылса да, өзі ортасында жүрген өмірдің сықақ болуға лайық үзіктерін тап басып, қоғамдағы кейбір күлкілі жайттарды көре білетін, осы арқылы оқырманға ой салатын ерекшелігімен дараланады. Жанғабыл үлгілі отбасы иесі.­­ ­Зай­ы­­бы Бәдигүл Күзеуова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, қазір зейнет демалысында. Өмір бойы отағасының алаңсыз қызмет етуіне жол ашқан отанасы. Жанғабыл мен Бәдигүл алтын асықтай төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қыздарының бәрі де тұрмыс құрып, өрісін ұзартты. Жәкең әлі де өзінің қалтқысыз қалпында. Маңдайы жарқырап, ел ішіндегі ірілі-ұсақты іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Ретті жерінде салиқалы сөзін айтады, пікірін білдіреді, ақыл қосады. Көңілін тербеген жайттарды жүйрік қаламына жүгіндіріп, жұрт оқитын жақсы мақаласын жазып қояды. Әдетте «жазу» дегеннің мағынасы – «қағаз бетіне түсірілген сөз, әріп таңбалар жүйесі» екені белгілі. Ал екінші жағынан қарасаңыз, жазуыңыз – жазмышқа, бұйрыққа орайласады екен. Қалам ұстаған қалың әріптестің күн-түн қатып газет шығарып жүрген еңбегін, жазудан танбаған қызметін жазмыш демеске не шара?! Солардың бірі – Ақтөбе аймағында тұратын абыройлы азамат, ардагер журналист Жанғабыл Қабақбаев. Серікқали БАЙМЕНШЕ, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Құрметті журналисі

19746 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы