• Әдебиет
  • 25 Маусым, 2014

Әлеуметтік желі назардан тыс қалмауы тиіс

Кейбір қазақ жастарының бойынан өз тіліне деген менсінбеу­шілікті көрген кезде ойланып қаламын. Өйткені өзімнің замандас құрбыларым  орыс тілінде көбірек сөйлеп жүргенін көрген кезде олардың бойында туған халықтарына деген патриоттық сезім жоқтың қасы ма деген ой пайда болады. Жастарымыз ана тіліне келгенде ерекше патриот болуы керек. Менің ойымша, барлығы өзіміздің қолымызда тұр. Мә­селен, Ресейде орыс тілін қорғау жөнінде жастар тарапынан бет­бұрыс қалыптасқан. Олар бү­гінгі таңда ағылшын тілінен еркін еніп, қолданылып жүрген сөздердің орысша баламаларын тауып, тіл тазалығына үлкен көңіл бөлуде. Өйткені бүгіндегі технологиялардың көптеп енуі салдарынан пайда болған шетелдік атаулар біздің сөздік қорымызға да бірте-бірте еніп жатқаны жасырын емес. Біріншіден, біз де өзіміздің сөйлеу тіліміздің тазалығына көп мән беруіміз керек. Неге? Өйткені жастардың сөйлеу тілі шұбарланып кетсе, болашақта қазақтың тілін сақтайтын ұрпақтың болмай қалуы да ғажап емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан қазақ тілінің заңдылықтарын сақтап, жазғанда қате жібермей, сөйлеген кезде де өзімізге биік талап қоя білуіміз керек. Екіншіден, еліміздегі жастар ұйымы қазақ тілін өркендетіп, қолданыс аясын кеңейтуге байланысты көп іс-шаралар атқаруы керек деп ойлаймын. Осы орайда ұсыныс ретінде айтқым келетіні, елімізде аптасына бір рет «Тек қана қазақша сөйлесейік» жобасын енгізуіміз керек сияқты. Осылайша біз тілге байланысты нақты қадамдарды қолға алып, нәтижелі істерді орындайтын боламыз. Жалпы алғанда барлық кінәні тек жастардың мойнына артып қою дұрыс емес шығар. Дегенмен, өскелең жас ұрпақты қазақ тілінің рухында тәрбиелеудің маңызы ерекше. Үшіншіден, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін кинолар көбінесе орыс тілінде жүріп жатады. Бұл мәселе де өз деңгейінде шешімін табуы тиіс. Өйткені фильмдерді қазақ тіліне аударып көрсету де тіліміздің аясын кеңейтуге көп мүмкіндіктер жасайды. Қазіргі қоғамдық жағдайда әрбір шараны өткізудің түрлі жолдары мен бағыттары бар. Заман талабына сай, флеш-моб ұйымдастыру мәселесі мемлекеттік тіліміздің дамуына айтарлықтай септігін тигізер еді. Сонымен қатар қазіргі таңда жастардың көбі әлеуметтік желілерде отырады. Бұл ойлап қарасақ тілді дамытуға байланыс­ты мол мүмкіндік беретін орта. Бізге де осы ортаны тиімді пайдалана білгеніміз жөн. Қысқасы, жастардың көп жиналып, пікір алмасатын ортасы – әлеуметтік желілер де тіл жанашырларының назарынан тыс қалмаса екен. Бексұлтан Нұрланұлы

2631 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы