• Тіл
  • 07 Тамыз, 2014

Тілдік жүйе және табиғи заңдылық

Ұқсастыру – сан алуан ғылым, өнер салаларына қатысты заңдылық. Адам баласы жанды, жансыз қоршаған әлемді ұқсастыру арқылы да танып біледі, сөйтіп тың ұғымға қол жеткізеді. Хакім Абай «Болмасаң да ұқсап бақ Бір ғалымды көрсеңіз» дегенді бекер айтпаған. Ұқсастыра қарау, естіп сезіну нәтижесінде дүниенің жаңа сыры таныла алға адымдаймыз. Сонау бір кезде (1983 жылы) тіл ды­быстарының қыр-сырына барынша жетік ұстазымыз Күлтай Бейсенбекова «Сөздің дыбысталуы мен мағынасы арасында байланыс бар ма?» деген сұраққа «Иә» деп қысқа жауап қайтарған еді. Демек, мұнда да ұқсауы болып тұрғандығы анық, яғни «жуанның» жұуан,  ал «жіңішкенің» жіңішке буынды болғаны сияқты. Басқа сөз таптарын былай қойғанда тек одағай мен еліктеуіш (дыбыстығы) ұқсастырудың нақты мысалы бола алады. Әдебиеттегі метафораланудың сыртқы ұқсастықтарына қарай мағынаның ауысуы екендігі айтылған. Ал өлең ең алдымен «ұйқасу-ұқсасу» арқылы туындайды. Ұқсастыру заңдылығының тілдік бағыт-бағдарын, құрылымын нақты санамалай сипаттап келтірсек былай болмақ. 1. Сөзге (ұғымға) ұқсастырылып жаңа мағыналық реңк, өзгеше ұғым қалыптасуы (Келтірілген мысалдарда жуан буынды сөздің жіңішке буынды сөзге айналуы) Сонда, бәтір-ау, әр тірлікке төнер бір-бір зауал болғаны ма? (Ә.Нұрпейісов. Ымырт). «Өйтіп әспенсіткендерің әлгі бір бұйра бас болса, әдіре қалсын…» деп көнген сыңайын танытып қалған ғой (А. Әшімұлы. Майраның әні. А., «Атамұра», 1995, 24-б.) Әспент зат. Әспен – аспанның жіңіш­керген тұлғасы. Оған «т» жұрнағы жал­ғанып бұлттың синонимі жасалған. *Әспент­тен биік қарағай (Абыл ақын). (Кәкеш Қайыржан. Сөз-сандық. Қазақтың көне сөздері. А., «Өнер», 2013, 53-бет). Ауызекі тілде айтылатын әспет осы әспент сөзінің н дыбысы түсіп қалуынан барып қайта қалыптасса керек. Б.Қ.619. Уілдірік зат. Қамыс, қурай өзегінің ішінде болатын жұқа, жұмсақ (мөлдір), ақ ұлпа. Қурайдың ішіндегі уілдірігін жіңішке шыбықшамен сыдырып тастады. (С. Бегалин. Бақыт, 117). Кітапта: Байынқол Қалиұлы. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (15 томға қосымша). А., 2014. (Келтірілген мысалдың бұдан кейінгі көбісі осы кітаптан алынды, сондықтан осы үлгіде, яғни мысалдың алдында Б.Қ. және бет саны көрсетілсе осы еңбектен). Мұндағы бәтір батыр, әспенсіткендерің аспансытқандарың, уілдірік уылдырық сөздеріне ұқсатудан екендігін аңғарамыз. Осы қатардан әсілінде (асылында), гәкку (аққу), тірнектеп (тырнақтап), т.б. табылады. 2. Бала сөйлеу тіліне ұқсастырылуы, оның сөйлеу тілінің өзіндік сипаты Б.Қ. 124. Бөжек зат. сөйл. Үбіжай. Мұнысы баланы «Ал, бөжей келе жатыр» деп қорқытқандай болды (Қ.Омарұлы. Әке., 381). Б.Қ. 627. Үбіжай зат. сөйл. Қорқынышты бір мақұлық (Жас баланы қорқытқанда қолданылады) ≈ Жылама! Үбіжай келе жатыр. Ел арасында бүжік, үбіжік тұлғалас­та­ры­ның да бар екенін айта кету керек. Бала ті­ліне қатысты бұл тілдік тәсілді әшейін оңай-оспақ деуге болмайды. Мәселен, қазақ халқының ұранындай болған Абай есі­мін алайық. Абайдың шын есімі – Ибра­һим. Қазақша дыбысталуы – Ыбрай (Ыб­райым). Р дыбысының жасалу жолы күрделі, алты-жеті жасқа дейінгі баланың та­лайы дұрыс айта алмайды, сондықтан Р-ды қалдырып айтады: Ыбай. Ашық буын (а) қысаң буынды (ы) өзіне ұқсатқан: Абай. Бұл Ылиа есімінің Алиа (Әлиа) болғаны секілді. 3. Жан-жануарларға қарата адамға айтылатынға, оның жалпы есіміне ұқсастыра сөз қолдану Жылқыға: дрр немесе тыр-р (тұр), тәк (тек), моһ-моһ (мә-мә) Ғыш-ғыш... Жылқы малын суарғанда айтылатын ишарат сөз (Сөз-сандық, 101-б.). Бот-бот. Түйені жемге, ботасына шақыр­ғанда айтылатын ишара сөз (Сонда. 83-б.). Бүркітке: кәл-кәл (кел-кел). Сиырға: Б.Қ: 609. Тіз тұр. Сауылатын мал дұрыс тұрмаған кезде айтылатын ишарат сөз. Итке: кәһ-кә (кел-кел). Мұндағы ғыш-ғыш – іш-іш дегені, тіз тұр – тізенің түзу тұруын айтқаны. 4. Мазақтау, кекету, мысқылдау, мен­сінбеу, әзілдеу тұрғысында сөз тұлғасы­ның арнайы өзгертіле, ұқсастырыла қолданылуы – Құлжамды, қызыл құлжамды ұрлап мынау... – Қашан? Әй, жылауық! – деп Оспан әуелі күліп алып, артынан өтірік қорс-қорс етіп жылаған боп: «Кіжіл күлжәм» деп Смағұлды мазақ қыла бастады. (Мұхтар Әуезов. Абай жолы. А., «Жазушы», 1990, 70-бет). – Өлтір иттерді, өлтір! – деген қалың шумен өңшең бір көк аттылар тиіп кеп кетті... Құнанбай жігіттері қарсы айғайлап: – Келсең кел!... – Омай!.. – Түссең түс! – деп сапырылысып, араласып кетті (Сонда, 61-бет). Б.Қ. 683. Шікін. од. сөйл. Шіркін. – О шікін-ай, – деді Сауранбай «шіркін-ай» деген сөздің «Р» әрпін әдейі алып тастап (Ж. Жұмаханов. Замана., 31). Қожа есімінің қара көже аталуы, т.б. 5. Сөз тұлғасының, дыбысталуының кездейсоқ ұқсауынан жаңа біртұтас ұғымдық бірліктің орнығуы Кешінген судан тайынбас. Шешінген судан тайынбас. Кешінген сөзін дәл қазір біраз жұрт сирек естілуіне байланысты ұға да қоймас, алай­да ең дұрысы – осы кешінген сөзімен кел­ген нұсқасы. Тура мағынасы судан өтуді, астарлы мағынасы өмір өткелдерінен өтуді мең­зейді. Мәселен, саяхаттап жаяу жүріп «Аралап тау мен тасты арқыраған» өзенге кез болдыңыз дейік. Алғашында тастай суық екпінді тау суынан бойыңыз тітіркене тай­­сақтайсыз. Ал суды кешу барысында бейім­­деле тез өтіп шығу әрекетінде боласыз. Б.Қ. 305. Күш: Күш күйеу. этн. Әйелінің ата-анасының қолында тұратын күйеу бала. «Күш күйеу» деп қызы болғанмен ер азаматы жоқ адамдардың өз қызымен үйленген жігітті күшін пайдаланып, өзара селбесіп жан бағу мақсатымен өз үйіне кіргізіп алуын атайды (А. Нүсіпоқасұлы. Ағаш бесік., 3, 66). Бұл күнде «Күш күйеу» деп қолданылу мүлде ұмытылғандай. Керісінше, осыған дыбысталуының ұқсастығынан орныққан «Күшік күйеу» тіркесі кеңінен таралып кеткен. 6. Сөз тұлғасына, дыбысталуына, ма­ғынасына арнайы ұқсастыру, ол сөздің өзін айтпау Қазақтың ат тергеу салты, қазақ келіндерінің сөз қолданысы, атын атамау: Жолдыбай – Соқпақ ата, Құсық – Лоқсыма, Сәлбен – Мәлбен, Ырғайты – Қаттағаш (Қатты ағаш), т.б. 7. Заттың (ұғымның) көнеруіне байланысты тұрмыста қолданылатын дыбысталуы ұқсас өзге затпен (ұғыммен) алмастырылуы Б.Қ. 653. Шапшақ. зат. Үлкендігі темір шелектей ағаш ыдыс. Шелектен аласалау. Жуантық келеді. Оған айран, ашыған көже, қатық құяды. 653. Шапшақтай сын. Шарадай басы шапшақтай болды (Мақал). Шақша сөзі шапшақ сөзіне ұқсас: Шарадай басы шақшадай. 8. Өзге тіл (орыс) сөздерінің өз сөзімізге ұқсатылуы Б.Қ.78. Әптариқат. зат. сөйл. Авторитет. Арақ ұсынушының әттариқаты көп яки өз бергеніне ғана қатысты (О. Сәрсенбай. Шеңбер, 153). Б.Қ. 183... – Жігіттер, мұнда сабын да, шылабыр да бар, – деп қайықтың бөгеніне бір ұшы байланып жадырасы суға сүйретілген шылабырды көрсетті (С. Қайдаров. Теңіз самалы,18). Шылабыр – швабр. Күні кешегі қазақ қоғамының отарлық, дінсіздік. қостілділік жағдайында өзгенің ұқсатқанын орнықтырып алғаны да аз емес. Тілдің қазіргі көптеген тақырып, тарау­ларын осы іспетті сан ғасырлық тарихи даму жолы қалыптастырған заңдылықтары аясында қарастырғанда ғана қажет шынайы мән-мазмұнға жете, нақты болмысын аңғара, қасиетін сезіне аламыз. Тілдік жүйені табиғи заңдылықта­рынсыз зерделеу оны тегі бөтен өлі тіл қатарынан көргенмен бірдей. Бұл, әрине, оқушыны бейтарап бойкүйездікке, бағаламау, құрметтемеуге, тілімізге деген солақай көзқарас қалыптастыруға апарып соқтыра бермек. Аталмыш тілдік-танымдық ұқсастыру заңдылығы және өзге осындай табиғи заңдылықтар арқылы тіліміздің жанды кейпі, қолданыстағы арналы ағысы және барар бағыты тарихи қызғылықты түрде танылуға мүмкіндік алмақ. Тілдік-танымдық табиғи заңдылықтарды бағалап басшылыққа ала білсек оның қорғаныс қызметін де қапысыз атқара алады. Рыскелді САБЫРБАЙ, Білім беру ісінің құрметті қызметкері

7339 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы