• Тіл
  • 07 Тамыз, 2014

Қазақтың жазба әдеби тілінің қалыптасу кезеңі

Қазақ халқы басқа түркі халықтары тәрізді бірнеше ғасыр бойы басын Орхон-Енесей жазбаларынан алатын түркі әдеби тілін пайдаланды. Бұл тіл барлық уақытта біркелкі болған жоқ. Тарихи кезеңдерде үстемдікке ие болған тайпалар тілінің, сондай-ақ араб және парсы, моңғол тілдерінің әсеріне ұшырады. Алайда оның негізгі лексикасы мен грамматикалық құрылысы сақталып отырды. Бұған араб жазуының әмбебаптығы (универсалдығы) да себепші болса керек. Кейінірек Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген кезде түркі тайпалары өз алдарына хандық құрып, шекара бөліскен кезде сол жалпытүріктік ортақ әдеби жазба тілге әр халық өзінің ауызша әдеби тілінің элементтерін кіргізіп отырды (мысалға Қадырғалидың «Жамиғат тауарих» атты еңбегін келтіруге болады).

Қазақ әдеби тіл тарихын зерт­теу­шілер оны 3 кезеңге бөліп қарастырады. Оның алғашқы кезеңі – ХV ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңдегі әдеби тілді көне (біздіңше ескі дегенді дұрыс көреміз – Б.Ә.) әдеби тіл деп атап жүрміз және бұл кезеңнің өзін екіге бөліп, ХV-XVII ғасырлар және XVІІІ ғасырдың 1-жартысы деп те қарастырушылар бар. Ондағы негізге алынатыны – соңғы кезеңде қазақ әдеби тілінің жазба нұсқаларының өмірге келіп, ресми іс-қағаздары ретінде мұражай, мұрағаттарда сақталуы. Ал бірін­ші кезеңде ондай нұсқалар сақтал­маған. Сондықтан ол кезеңдегі әдеби тілімізді ауызша әдеби тіл деп жүрміз. Біздіңше, ол екі кезеңнің тілдік жағынан айырмашылығы жоқ деуге болады. 1-кезеңде қазақ арасында жазба нұсқалар болмады деуге әсте болмас, бірақ сол жазбалар сақталып бізге жетпеген.

Сөйтіп, ескі қазақ жазба әдеби тілі ХІХ ғасырдың 2-жартысына дейін қазақ қоғамында қолданыс тауып, тіпті кейбір стильдерде ХХ ғасырдың басына дейін оның сақталғанын көруге болады. Бірақ ескі жазба әдеби тіл сөз болып отырған кезеңнің өн бойында бірдей болған жоқ. Мәселен, ХVІІІ ғасыр жазбаларында оның алдындағы кезеңнен едәуір «қазақыланып», ондағы түркі әдеби тіл элементтері қазақтың ауызша әдеби ті­ліндегі тұлғаларымен ауыстырылып, ха­­лыққа түсініктілігі артты. Мысалға 1745 жылғы Абылайдың Сібір губернаторына, 1790 жылғы Сырым Датовтың ІІ Ека­те­ринаға жазған хаттарын алуға болады.

ІІ кезең ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін мерзімді қамтыды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы қазақтың мәдени өмірінде бірсыпыра өзгерістер туғызған кезең болды. Округ орталықтарында орыс-қазақ мектептері ашылып, қазақ балалары бастауыш, орта дәрежелі білім алды. Облыс орталығында орысша-қазақша газет шыға бастап, кітап басып шығару ісі қолға алынды. Патша үкіметі қазақ жерін толық бағындырып алғаннан кейін оның жер байлығын, әдебиеті мен тілін, этнографиясы мен тарихын зерттеу мақсатында әртүрлі экспедициялар ұйымдастыруға кірісті. Бұл жағдайға белгілі дәрежеде өзгеріс енгізген тарихи оқиғаға Қазақстанның Ресей қол астына кіруінің толықтай аяқталуы болды. Бұл үрдіс аяқталмай тұрып-ақ Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасаған өткен ғасырдың орта тұсында-ақ түркі халықтарының жекелеген қайраткерлері өз ұлттарының жазба тілінің халықтың сөйлеу тілінен алшақтығына оның өзге тіл сөздерімен шұбарланғанына көңіл аударған болатын.

Қазақтың алғашқы ағартушысы Ш.Уәлиханов өз туындыларын, негізінен, орыс тілінде жазса да, туған тілін жоғары бағалады, оның тазалығы үшін күресті. Ол қазақ тілін татар және өзге де халық сөздерімен шұбарлауға қарсы болды. Шоқанның жолдасы Ш.Ибрагимов Шоқан туралы жазған естелігінде мынадай қызық мәлімет келтіреді: «Шоқан өз әкесінің ауылына келген бойда қазақтың атақты суырыпсалма ақыны Орынбай оны қуанышпен қарсы алып, өлеңмен мақтай бастады. Сол кезде Шоқан Орынбайға «Сен қазақ тілін шағатай, татар сөздерімен шұбарлама, қазақ тілінің көркемдік қуаты онсыз да жетіп жатыр» деп ескерту жасайды» (Сочинения Ч.Ч.Валиханова.СПб., 1904). Дегенмен, объективті жағдайға байланысты Шоқан қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне қоя алған жоқ, қазақша жазбаларында өзіне дейінгі ескі әдеби тілді пайдаланды. «Егер Шоқан қазақ халқы арасынан сауатты ортаны тапқан болса, – деп жазады академик Веселовский, – ол өз халқының данышпаны болған болар еді және өз тайпаластарының әдеби қайта туу процесін өзі бастаған болар еді... Оның негізгі көздегені қазақ оқушысы үшін жазатын қазақ публицисі немесе қазақ әдебиетшісі болу еді, бірақ өмір одан ориенталист ғалым немесе қазақтар туралы жазатын орыс әдебиетшісі болуын талап етті» (Сочинения Ч.Ч.Валиханова.СПб., 1904). Өз тұсындағы татар әдеби тілінің жағдайына қинала отырып, татар ағартушысы Каюм Насири да былай деп жазған болатын: «У русских татар в употреблении книги, написанные на первых двух наречиях: джагатайском, а особливо турецком. В незначительных сочинениях, составленных татарами в России, язык в грамматических формах представляет смесь форм из двух главных наречий – джагатайского и османского и обременен словами арабскими и персидскими, так что некоторые сочинения, переполненные множеством слов из этих языков, делаются непонятным для неученого простолюдина» (Насыров К. Краткая татарская грамматика изложения в примерах. Казан, 1860) .

К.Насыридің тұстасы, қазақ ағартушысы Ы.Алтынсарин де дәл осы кезде Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Сіз қазақтың табиғи тілін бұзатын татаризмге өте қарсы екенсіз, ал мен де көптен бері осы пікірде болатынмын» деп жазған еді. Бұл екі ағартушы да кейін өз ұлттарының жазба әдеби тілдерін халықтық негізде қалыптастыруда көп еңбек етті. Бұған сол кездегі тарихи жағдай да себепші болды. Бұл кез Ресейде капитализмнің дамуымен байланысты оның отар елдерінде де саяси-әлеуметтік маңызы бар прогрестік шаралардың іске аса бастаған шағы еді. Қазақ халқының алдыңғы қатарлы орысша оқыған бөлігі Қазақстанның артта қалуын жоюдың бір жолы ретінде орыс халқының мәдениеті мен техникасының табыстарын үйренуге шақырды, қазақ балалары үшін мектеп ашып, онда орыс тілімен қатар ана тілін үйретуді көздеді. Ана тілінде оқытатын мектеп ашу деген сөз, бір жағынан, қазақтың сол тұстағы шағатай әдеби тіл әсерінен әлі құтылмаған жазба тілін халықтың ауызша әдеби тілі мен сөйлеу тілі негізінде қайта құру деген сөз еді. Сөйтіп, «XIX ғасырдағы орта тұсынан бастап, қазақ қоғамының тарихи даму факторларына байланысты жазба әдеби тіл мұқтаждығы күшейеді. Ол тілді екі жерден іздеу керек болады: не бұрыннан қолданылып келе жатқан, бірақ қазақ мәдениетінде қызмет сферасы бұл кезде тарылған ортаазиялық жазба әдеби тілді пайдаланып, соны жандандыру немесе жаңа жазба әдеби тілдің іргетасын қалау» (Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизкого языка. Казан,1860).

Мұндай ардақты мақсат жолында қызмет ету құрметі қазақтың ұлы ағартушылары Ыбырай мен Абайдың үлесіне тиді. Бұдан сәл бұрын, яғни 1858 жылы Қазан университетінің профессоры, белгілі шығыстанушы Н.И.Ильминский зерттеуге Орынборға келеді. Ол қазақ тілін үйренуді шекара комиссиясында жинақталған қазақша құжаттарды оқудан бастады. Оған шекара комиссиясының төрағасы белгілі тарихшы ғалым В.Григорьев: «Сен бұл қағаздардан шынайы қазақ тілін таппайсың. Нағыз қазақ тілін білгің келсе, ел ішіне шығып, адамдармен сөйлес, сонда ғана қазақ тілінің қандай екеніне көзің жетеді» деп кеңес береді. Бұл ұсынысты қабылдаған Н.И.Ильминский бірнеше ай Қазақстанның шығысы мен батыс өлкелерін аралап, оның ауыз әдебиеті мен тарихын, мәдениетін өз көзімен көреді. Нәтижесінде ол қазақ тілін соншалық жақсы меңгеріп, ол тілде хат, ғылыми еңбектер жазуға дейін жеткен. Ең алдымен, қазақ тілінің грамматикасын жазып, сөздігін түзеді. Н.И.Ильминскийге дейін қазақ тілі грамматикасы жеке зерттелмей, басқа түркі тілдерінің ішінде ғана жол-жөнекей сөз болып келген еді. Н.И.Ильминскийдің зерттеуінде қазақ тілінің грамматикалық категориялары толыққанды суреттелген, оның үстіне кітапта сөздік те берілген. Бұл зерттеу түркі тілдері бойынша ең үздік зерттеу болып саналады, бұдан кейінгі зерттеулерге негіз болады. Бірақ ғалым аса кішіпейілділікпен кітабын «грамматика» демей, «Материалы к изучению киргизкого наречия» деп атап, оның кіріспесінде «бұл толық грамматика емес, тек қырғыз (қазақ) тілінің татар тілінен айырмашылығын ғана көрсеттім» дейді (Астраханский вестник, 1894, №1377). Бұған қоса ол қазақ балаларының өздігінен орысша сауатын ашу үшін «Самоучитель русской грамоты для киргизов» (1861) деген кітап шығарған. Бұл кітапта орыс тіліндегі сөз жасау, сөйлем құрау жолдары мысалдармен түсіндіріліп, ол араб әрпімен қазақша қатарына жазылып беріліп отырған, яғни қазіргі орыс тілін үйрету әдістемесінен мүлдем бөлек. Бізге кітаптың соңғы 50 бетінде берілген әртүрлі ғылым салалары бойынша құрастырылған орысша-қазақша мәтінді алғашқы ғылыми-көпшілік әдебиет үлгісі ретінде қарауға болатындығымен қымбат.

Сол ел аралаған сапарларында Н.И.Ильминский қазақтың ақындары­мен де кездесіп, олардан ауыз әдебиет үлгі­лерін де жазып алып отырған. Мәселен, Марабай ақыннан жазып алған «Ер Тарғын» жырын 1862 жылы жеке кітап етіп бастырып шығарады. Бұл да баспадан шыққан алғашқы қазақша кітап еді. Тағы бір айта кетер жаңалық мынадай, 1870-1883 жылдары Ташкент қаласынан қазақша, өзбекше екі тілде шығып тұрған «Түркістан уәлаяты» газетінің тілі ортаа­зиялық түркі әдеби тілі әсерінен мүлдем таза, қазақтың сол тұстағы ауызша әдеби тілі мен ауызекі сөйлеу тілінде жазылған. Мұның себебін біз газетті он жылдай шығарып тұрған Шоқанмен бірге кадет корпусында оқыған, онымен достық байланыста болған Шаһмардан Ибрагимовтың орасан зор еңбегінен деп білеміз. Бұл жағдайлар Ыбырай Алтынсаринге өз әсерін тигізеді деуге болады. Ы.Алтынсарин бірінші болып өз халқын орыстың озық мәдениетіне жеткізудің негізгі күрескері болды. Қазақ халқының экономикалық және рухани дамуын тездетудің негізгі құралы етіп ол барлық қазақ ауылдарында орыс-қазақ мектептерін ашу міндетін қойды.

«Қырғыз хрестоматиясын» құрастыру, жазу үстінде Ыбырайдың үлкен-үлкен принципті, қазақ халқының болашағы үшін маңызы орасан зор мәселелерді шешуіне тура келді. Оның бірі – қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің болашақ даму бағытын айқындау еді. «Қырғыз хрестоматиясына» кіргізген өзінің төл әңгімелері мен өлеңдерін, сондай-ақ халық ауыз әдебиет үлгілерін халықтың сол кездегі сөйлеу тілі мен ауызша әдеби тілінің негізінде жазды. Сөйтіп, ол әлденеше ғасыр бойы ауыз әдебиет тілі мен сөйлеу тілі дәрежесінде қалып бара жатқан қазақ тілінің ұлттық жазба әдеби тіл ретінде дамуына негіз қалады. Міне, осы өзі негізін салған жазба әдеби тілде ол қазақша газет шығару мәселесін де күн тәртібіне қойып, оның алғашқы үлгісін өз қолымен жасады. Осы тілмен ол «Шариат ул-ислам» атты ғылыми-көпшілік кітап жазып, онда ислам шарттарын көпшілік халыққа қарапайым қазақ тілінде түсіндірді. Ыбырайдың бұл қызметі өз кезінде-ақ әділ бағаланып, өзінен кейінгі оқыған жастар арасында қолдау тапқанын көреміз.

Ыбырайдың тұстасы А.Алекторов өзінің «Письменная литература киргизов» деген мақаласында: «Наиболее блестящим представителем киргизского народа со стороны литературного творчества может быть назван И.А.Алтынсарин, справедливо считавшийся Пушкиным киргизов»  деп жазды (Астраханский вестник, 1894, №1377). 1888-1902 жылдар арасында шығып тұрған «Дала уәлаяты» газетінің бетінде қазақ әдеби тілінің жайы, оның болашағы кең талқыланып, келелі-келелі пікірлер айтылғаны белгілі. Мақала авторларының бірі – Асылқожа Құрманбаев «Қазақ тілі турасында» деген мақаласында қазақ халқының шаруашылық өмір тіршілігіне сай өзге түркі халықтарынан тілі де өзгеше дамығанын айта келіп, қазақ тілі туралы өз тілін ғана емес, өзге де көптеген шығыс тілдерін жетік білетін, сондықтан оларды өзара салыстыруға мүмкіндігі болған белгілі Ыбырай Алтынсарин «қазақ тілінің байлығы соншалық онымен кез келген тақырыпқа кітап жазуға болады» деуші еді... Қазақ тілінің байлығын Алтынсарин сөз жүзінде ғана дәлелдеп қойған жоқ, таза қазақ тілінде орыс әрпімен «Қырғыз хрестоматиясы» атты кітап жазу арқылы іспен көрсетті.

Кейінгі кездегі Ыбырай шығармашы­лығын сөз еткен әдебиетші, тілші ға­лым­дарымыздың еңбектерінде де Ыбырайдың қазақтың жаңа сападағы жазба әдеби тілін қалыптастырудағы кызметі мен алатын орны кеңінен көрсетіліп келеді.

Қазақтың жаңа демократиялық бағыттағы поэтик тілін қалыптастыруда Ыбырай Алтынсариннің тұстасы Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың сіңірген еңбегі бір төбе. Абайдың мүлдем жаңа сипаттағы поэзия жасаудағы үлгі тұтқаны – орыстың XIX ғасырдағы реалистік демократиялық поэзиясы болса, қол­данған тілі халқымыздың әлденеше ғасыр бойы сұрыпталған ауызша әдеби тілі мен сол кездегі сөйлеу тілі еді. Осы екі арнаны сарқа пайдаланып, ондағы қарапайым сөздерді талай саққа құбылту арқылы өзінің образ жасау мақсатына шеберлікпен пайдаланды. Абайдың қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы тындырған қызметі мен алатын орны бірсыпыра зерттеушілердің еңбегінде ілгерілі-кейінді жан-жақты сөз болғаны мәлім. Сонау 30-жылдардың орта кезінде-ақ профессор Қ.Жұбанов қазақ тілшілерінің арасынан бірінші болып Абайдың қазақ әдеби тілін жасаудағы қызметін дұрыс көрсеткен болатын. Қ.Жұбановтың сөзімен айтсақ, «Абайдың ақындығын, басқа қасиеттерін былай қойып, тек әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін ғана алсақ та, онда ақымыз кететін түрі жоқ». Абайдың «қазақ әдеби тілін жасаудағы еңбегін» автор одан әрі былай түйіндейді: «Әдебиет тіліндегі халық үлгісінің басы артық қосарларын жоюмен қабат, шығыс үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдебиет тіліміздің іргесін қалады» (Жұбанов Қ.Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы,1966) .

«Абай да, – деп жазды академик жазу­шы М.Әуезов, – Пушкин сияқты, өз еңбек­терінде бізге грамматикалық кұры­лысы мен сөздік қоры жағынан қазақтың бү­гінгі сөйлеп жүрген әдебиеттік тілінің қал­пынан көп айырмасы жоқ тіл үлгісін қалдырды» (Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. Шығармалар мен зерттеулер. Алматы, 1966). Сөйтіп, қазақтың ұлы ағартушылары Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбаев өткен ғасырдың 80-жылдарында-ақ қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалап, оның болашақ даму бағытын айқындап берген болатын. Барша зерттеушілердің пікірінше де, Ыбырай мен Абай өз шығармашылығы арқылы қазақтың жаңа сападағы көркем әдебиет тілін жасап, әдеби тілдің көркем әдебиет стилін қалыптастырды.

Ыбырай мен Абайдың негізін қалаған бұл әдеби тіл үлгісі олардан кейін сол қалпында сақталып, өз дәрежесінде одан әрі дами берген жоқ. Олай болатын объективті жағдай да жоқ еді. Әрине, олардың идеясын, салған үлгісін әрі қарай жалғастыруда еңбек еткен жекелеген қайраткерлер болды. Бұл орайда, «Дала уәлаяты» газетінде қызмет еткен А.Құрманбаевты, Д.Сұлтанғазинді, Р.Дүйсенбаевты, т.б. атауға болады. Бірақ олардың пікірлерінің қалың көпшіліктен қолдау тауып, жұртшылықты жұмылды­ра­тындай қауқары бола алмады. Бұл арада өткен ғасырдың басында ана тіліміздің болашағын ойлап, оның ұлы ағартушылар негіздеген жаңа жазба әдеби тіл үлгісін әрі қарай дамытуда аянбай еңбек еткен Ыбырайдың шын мағынасындағы шәкірті Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атауымыз керек. Ол өзінің қазақ тілінің заңдылықтарын баяндап берген іргелі еңбектерімен қатар қазақ қоғамын дүр сілкіндірген алғашқы ұлттық баспасөзіміз «Қазақ» газетін (1913-18) шығарып, жаңа жазба әдеби тіліміздің нағыз үлгісін жасап берді. Сөйтіп, қазақ тілшілерінің дұрыс көрсетіп жүргеніндей, ұлы ағартушылардан басталған жаңа жазба әдеби тіл үлгісі қазіргі кезеңде жан-жақты дамып, өзінің кемеліне келіп отыр.

Бабаш ӘБІЛҚАСЫМОВ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі  институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

29336 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы