• Білім және ғылым
  • 14 Тамыз, 2014

Ұлы ақынға арналды

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Абай Құнанбайұлының 169 жылдығына орай «Абайды тану – бір ұлтты тану» атты әдеби шара ұйымдастырылды. Алғашқы сөз философия ғылымда­рының докторы, профессор, ҚР Әлеу­меттік ғылымдар академиясының академигі Алтай Тайжановқа берілді. Ол өз сөзінде: «Ең бірінші абайтанушы Әлихан Бөкейханов, одан кейін Алаш зиялыларының дені жазды, олар А.Байтұрсынов, М.Дулатов және т.б. М.Жұмабаев «Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға» атты жырын арнаған. М.Әуезов Абайды зерттеп, үлкен еңбек қалдырып кетті. Сондықтан жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясын тек  тарихи  роман, көркем шығарма деп қарағаннан гөрі, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, дүниетанымын, әсемдік әлемін, адамгершілік өлшемін осы роман-эпопеяның бойынан табуға болады» дей келе, аталған шығарма туралы кеңінен әңгімелеп берді. Содан соң №1 Абай атындағы қалалық кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Амангелдина кітапхананың тарихына тоқталып, ақынның есі­мі­мен аталатын кітапхананың халық ара­сындағы мәртебесінің жоғары деңгейде екенін жеткізді. Шара барысында кітапхана оқыр­ман­дары А.Қаратаева, С.Бертаза, П.Қой­шыбаева Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңде­рін, философиялық толғауларын, қара сөз­дерін мәнерлеп оқып берді. Сонымен қатар кітапханашы Р.Қа­рағұлова Дағыстан еліндегі сапары кезінде орындаған Абайдың «Көзімнің қарасы» әні арқылы Қазақ елін танытқан бейнематериалды көрсетсе, қалалық №1 музыкалық мектебінің оқушысы А.Жақсыбай осы әнді скрипкада тамаша орындап, отырғандар ықыласына бөленді. Кешті кітапхана директоры Н.Жұма­ғұл қорытындылап, шараға белсене атсалысқан оқырмандар мен қонақтарға алғысын білдірді. Рысжан ҚАРАҒҰЛОВА, Ақтөбе облыстық С.Бәйішев атындағы әмбебап ғылыми кітапхана қызметкері

2984 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы