• Білім және ғылым
  • 14 Тамыз, 2014

Оқу жылына мұқият әзірлендік

Жаңа оқу жылы қарсаңында әдеттегідей республикамыздың түкпір-түкпірінде тамыз кеңестері ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарының қызметкерлері бас қосып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін талқылау, оны шешудің оңтайлы жолдарын қарастыру, білім саласындағы кеткен қателіктер мен жетістіктерді пысықтау кез келген маман үшін оң нәтиже берері сөзсіз. Елімізде білім беру саласына жете көңіл бөлінуде. Бұл тұста атқарылып жатқан шаруалар да жетерлік. Білімді азамат тәрбиелеу – Қазақ елінің басты ұстанған бағыттарының бірі екені даусыз.

Динара Жұмашева, Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы

Бүгінгі күні Маңғыстау облысы бойынша 190 мектепке дейінгі ұйым, 139 жалпы білім беретін мектеп,  6 арнайы білім беру ұйымы, 14 мектептен тыс ұйым,  24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Ақтау және Жаңаөзен қалаларында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, Маңғыстау мен Бейнеу аудандарында 102 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинеттер жұмыс істейді. 2013-2014 оқу жылында мүмкіндігі шек­теулі 150 балаға арналған облыстық мектеп-интернат ашылды. Білім саласына бағынысты жетім және  ата-анасының  қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған  облыстық балалар үйі (46 тәрбиеленуші), отбасы үлгісіндегі  балалар ауылы (46),  балалар баспанасы (5),  кәмелетке  толмағандарды  бейімдеу  орталығы (4),  девиантты мінез құлықты  балаларға  арналған  мектеп-интернат (5) жұмыс істейді.

Білім жүйесін жақсарту мақсатында республикадан бөлінетін қаржы да жыл сайын артып отыр. Облыс бойынша білім жүйесін қаржыландыруға былтыр 29,0 млрд. теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 33,3 млрд. теңге болып отыр. Былтыр республикалық бюджеттен Жаңа­өзен мұнай және газ колледжі, Маңғыстау поли­техникалық колледжі және Маңғыстау техникалық колледждеріне оқу-материалдық базаларын жаңартуға 75,0 млн. теңге  (әрқайсысына 25,0 млн. теңге), ал биыл 6 колледжге 175,0 млн теңге және жергілікті бюджет есебінен 125,0 млн тенге бөлінді. Маңғыстау облысы халық санының өсуі жоғары  аймақтар қатарына жатады. Облыстың халық саны табиғи және миграциялық үдерістерге байланыс­ты өсіп отыр. Жыл сайын 18 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сондықтан балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту өзекті мәселе болып саналады. Тек биылғы жылдың өзінде бала­бақша кезегінде 36527 бала тұр.  Жыл басынан бері 1159 орындық 9 мектепке дейінгі ұйым іске қосылып, осы жылдың аяғына дейін 1095 орындық 12 ғимарат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 10 балабақша құрылысы басталып, республикалық бюджеттен 1 балабақша салынуда (Мұнайлы ауданы). Сонымен қатар Жаңаөзен қаласында 4 балабақша құрылысы басталды.

2013-2014 оқу жылында 10 мектеп пайдалануға берілді, қыркүйек айында тағы 2 мектеп (Түпқа­раған – 1, Қарақия – 1) бүлдіршіндерге есігін айқара ашпақ. Апатты жағдайдағы Маңғыстау ауданындағы С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат құрылысы аяқталып, қолданысқа енгізілмек. Биыл «НКОК» компаниясының демеушілігімен Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында 120 орындық жатақханасы мен 550 орындық орта мектеп, республикалық бюджет есебінен Мұнайлы ауданы, Атамекен селосында 1200 орынды орта мектептің және Қарақия ауданындағы апатты жағдайдағы 2 мектептің құрылысы басталды. Облыстағы мектептердің барлығы дерлік лин­га­фондық-мультимедиялық кабинеттермен,  интерактивті тақталармен жабдықталған. Бүгінгі күні 45 білім беру ұйымы (Ақтау – 14, Бейнеу – 9, Жаңаөзен – 5, Қарақия – 3, Маңғыстау – 5, Мұнайлы – 4, Түпқараған – 2, облыстық мектептер – 2 және Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі) өткізу қабілеті 4-10 Мбит/с болатын кең жолақты интернет қызметін пайдаланып отыр.

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға да жете көңіл аударылуда. Тізім бойынша осындай  530 балалар мен жетім балалар болса, олардың 179-ының бекітілген мекенжайы бар. Қалған 351 бала  ҚР «Тұрғын-үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес тұрғылықты жерлерден пәтер алу кезегіне қойылған.  2009-2014 жылдары 129 балаға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берілді. Ал биыл жергілікті бюджеттен 21 пәтер алуға қаражат бөлінді. 2014-2016 жылдар аралығында облыстың аудан/қала әкімдіктерінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан 78 пәтер бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі күні облыстың білім беру ұйымдарында 13135 педагог қызмет жасайды. Кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында 2006 жылы әлеуметтік сала мамандарын даярлаудың облыстық бағдар­ламасы қабылданды, облыс әкімінің білім гранты белгіленді. Осы бағдарлама аясында республиканың жоғары оқу орындарын бітірген 203 жас маман (2010 жыл – 51, 2011 жыл –  58, 2012 – 53, 2013 жыл – 41) ауыл мектептеріне жұмысқа орналасты. 2013 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес 288 мұғалімге көтермелеу ақысы, 14 мұғалімге тұрғын үй, 444  мұғалімге тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие берілсе, 2014 жылдың 6 айында 229 мұғалім көтермелеу ақысын, 83 мұғалім жеңілдетілген несие алды.

Облыс бойынша мектеп оқушылары респуб­ликалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінуде. Мәселен, ағымдағы жылы мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасында  жаратылыстану-математика бағыты бойынша облыс командасы жалпы командалық есепте ІІ орын алды. Республикалық ғылыми жобалар байқауында облыс командасы ІІІ орынды және «Үздік команда – 2014», зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалардың «Зерде» республикалық байқауында (1-7 сынып оқушылары) ІІІ орынды және «Үздік команда – 2014» атанды. Тек 2013-2014 оқу жылында ғана 97 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, оның 44-і (46,4%) жүлделі орындарды иеленді (6 алтын, 17 күміс, 21 қола медаль). Шетелде тұратын қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» респуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығы Ақтау қаласында «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспорасының балаларына арналған ХІ халықаралық олимпиадасын өткізді.

Олимпиаданың негізгі мақсаты – қазақ диас­по­расы балаларының ана тілі, қазақ әдебиеті, Қазақ­стан тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілеттерін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру, мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру. Олимпиадаға Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Моңғолия, Қытай, Ресей Федерациясының Омск, Самара және Алтай өлкесі құрама командалары қатысты. Халықаралық олимпиада барысында отандас­тарымыз Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Ә.Ботабековпен кездесіп, Н.Жантөрин атындағы драма театрының қойылымын тамашалады. Тарихи ескерткіштерге саяхаттар жасалды. Жетекші мұғалімдерге  «Әлемдік тілдердің тараулы және қазақ тілінің дамуы» тақырыбында Маңғыстау облысының білім басқармасы облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығының мамандары мен жоғары санатты мұғалімдер дөңгелек үстел өткізді. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің I, II, III дәрежелі дип­ломдарымен, грамоталарымен марапатталып, Маңғыстау облысы әкімінің бағалы сыйлықтары (ноутбук, планшет, ұялы телефон) табыс етілді.

Білім бере отырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.  Білім беру ұйымдарында «Атамекен», «Болашақ», «Шаңырақ», «Жас құтқарушылар», «Жас өрт сөндірушілер», «Жол қозғалысы инспекторлары» атты оқушылардың ұйымдары жұмыс жасайды. Оның ішінде  патриоттық тәрбие беру, оқушының көшбасшылық қабілетін көрсетуде «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы ерекшеленуде. Биылғы оқу жылы ішінде  бұл ұйымға 3700  бала қамтылып, барлық оқушы саны 31752 болып отыр. Осы ұйым мүшелерінің белсенділігі арқасында «Жайдарлы  Жас ұлан» атты көңілді тапқыштар клубы сайысы республикалық деңгейде өздерін танытып келеді. Ұйымдастырушыларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Жас ұлан ұйымы оқушыларымен жүргізілетін жұмыс түрлері» атты семинар өткізілді, көшбасшы оқушыларды ынталандыру мақсатында жазда 120 оқушыны қамтыған «Жас ұлан» патриоттық лагері ұйымдастырылды.

Саламаттылықты насихаттауда мектептерде 503 спорттық секция ашылып, оларға 16286 оқушы қамтылып отыр. 2014 жылы жергілікті бюджеттен әр мектепке спорттық құрал-жабдық алуға 1 млн теңге қаражат бөлінді. Жастардың бастамасы бойынша қоғамдық орындарға, теңіз   жағалауына, көпшілікке арналған демалыс орындарына сенбіліктер, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында «Бір тал кессең, он тал ек», «Біздің көше», «Жасыл аула» атты акциялар ұйымдастырылады. Заманауи білім беру – уақыт талабы. Осы талап үдесінен шығуда ұстаздар алдында әлі талай міндеттер тұрғаны айқын.

3263 рет

көрсетілді

74

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы