• Білім және ғылым
  • 01 Қазан, 2009

АДАСҚАНДАР

anatili.kazgazeta.kzАяқтың астындағы көр...

Есіміз кіріп, етек-жеңімізді жиғалы бері өмір өзенінде талай тегеурінді толқынның астында қалып кеттік. Суреттеп айтқанда сенім атты падишамыз ылайланбай қалған кезі аз. Оң мен солын танымаған кезімізде біздің үйге әлдебір кітап келді. Оны кім әкелді, қайдан келді, кім сыйлады, есімде жоқ. Бар білетінім, өзімнен үш жас үлкен ағам әлгі кітапты таң атқанша маған оқып берген-ді. Оқиғасы тартымды, суреті қанық сол кітаптың Иса Мәсіх жолын уағыздайтынын ол кезде мен қайдан білейін. «Керқұла атты Кендебайды» оқып иланғандай сезімде болдым. Сендім. Санамдағы сенім атты ақ параққа дақ түсті. Иә, ол кезде аспантаулардың етегінде ұлттық сананы улайтын жандар жоқ болатын. Егерәки, бар бола қалған жағдайда менің өмірім солардың шырмауында қалар еді. Сосын Алланың несібесін Алматыдан теріп жеу бақыты бұйырды. Жедік. Алматының қақ ортасындағы мектепте бізбен бірге корей баласы оқыды. Аты — Фил. Хуон Хеһ Фил. Бұл — Горный Гиганттағы әлдебір шіркеудің басшысының баласы. Әр жексенбі күні құдайға құлшылық ететінін мақтана жеткізетін. Қызықтық. Бірақ, Хақ-Тағаланың құдіретімен ол шіркеудің дәмі бұйырмады. Бұйырмағаны бек жақсы болыпты.

Біз де өзге балалар секілді сегізінші-тоғызыншы сынып оқып жүріп алғаш ғашық болдық. Көршінің қызына. Сол тұстағы Бекжан Әшірбаевтің танымал әнінде айтылатындай «әкесі оның жақсы адам болатын». Менен екі жас кіші қыз тым әдемі еді. Біздің қоғам сондай. Әкесі — өзге ұлт өкілі, шешесі — қазақ. Шешесін қайдам, қыз ана тілімізге жүйрік-тін. Бір күні тосын оқиға болды. Мені өзінің достарымен таныстырмақ болды. Өзімізді кәдімгідей жігіт санап жүрген шақ. Күн жексенбі еді. Бардым. Қайда дейсіз бе? Тура шіркеуге. Ол кезде азын-аулақ ислам діні жайлы тиіп-қашып бірдеңелерді оқып қалған едік. Соның арқасында аман қалдық. Рас. Біз жанымызды арашалағанмен, біз секілді қанша жан өрмекшінің торында шыбын жанын пида етті екен? Осы сауал мазалайтынды шығарды. Мазаламағанда ше? Біздің сол тұста бір көршіміз болған-ды. Балалары әке-шешесіне қарамай, өзге дінге өтіп кеткен. Қауқардан айрылған екі қарттың жайын суреттеудің өзі қорқынышты. Әр басқан қадамымыз көрге айналғанын сезіне бастадық. Сезінгенен соң, оларды терең танып білуге құмарттық. Содан бері соқа басымыздан біраз жайлар өтті.

Алмасым алмас қылыш болмай қалды?

Бірінші курс оқып жүріп, Мәсіхшілердің мейрамды кешінде болдық. Даңғырлаған есерсоқ музыка. Жанталасып билеген жастар. Біз оқыған әдеби кітаптарда бақсылар зікір салушы еді ғой. Тура соның кері. Мені ертіп барған Алмас есімді жігіт. Түрлі әңгімелермен елітеді. Қазақ пен Иса пайғамбар арасындағы байланысты атам-заманнан бері таратқысы келеді. Сол Алмас мені біраз қаракөздерімізбен таныстырды.

Дүйсенбі болатын. Ешкімнің мойыны жар бермей көңілсіз дел-сал өтетін осы бір күн де сырғыған-ды. «Қоңырқай кеш әлдекімдерді әлдебір беймәлім әлемге жетелеп бара жатыр» деп қиялдасам, мынау жігіт жынданған екен деп ойлап қалуыңыз ықтимал. Жоқ. Әзірге саумын. Бірақ, дәл осындай кештер расында мен сияқтылардың санасын беймәлім әлемге жетелеп жүр.

Таныс көше. Таныс маң. Шіркеудің қақ алдында Алмас екеуміз біраз тұрдық. Есіңізде ме, қоңырау шалынардан он минут бұрын мектеп алдында қандай қарбалас болушы еді? Дәл сол. Сабаққа асыққан оқушыдай қыз-жігіттер келіп жатыр. Келіп жатыр. Бәрі де біздің күнде жылармандай болып айтып жүрген ұлттығымызды жинап қойып, шоқынып кеткен. «Алла біреу, Мұмаммед оның елшісі» — деп айғайлағым келді. Кімге ұқтырасың? «Дәл осындай тамырсыз сенімдер отбасыңның ойранын шығарады?» десең бәрі жабылып, бағытымды Каблукова (ол көшеде жындыхана бар екені есіңізде болар) жаққа түзеп жіберер.

Шіркеудің бас ғимаратына кірдік. Шіркеу деген аты болмаса, қазақтың 500 адамға той жасайтын атшаптырым тойханасынан аумайды. Ығы-жығы жастар емен-жарқын амандасып жатыр. Шамамен 350-400-дей жастар бар. Он адамға арналып жайылған дастарқанға жайғастық. Таныстық. Бұл жігіттер менің келетінімнен хабардар екен.

Жиналыстарының аты «Альфа курс» деп атайтын көрінеді. Әр аптада жастардың басын қосады. Қызғылықты қойылымдар қойылады. Бір-бірімен араласады. Танысады. Біліседі.

Ән айтылып жатыр. Үлкен сахнада екі қыз заманауи би билеп жүр. Саз аспаптарын даңғырлатқан жігіттер оркестрді көрнекілендіре түсті. Кемінде 350-400 жас сол есерсоқ музыканың ырғағында тербеледі. Айналам толған көздің жауын алатын әдемі қыздар. Көшеде, яки әлдебір мәдени орталықта кездесе қалсаңыз осы қыздың бірде-бірінің шоқынды екеніне сенбеген болар едіңіз. Абайсызда жүрегіңіздің әмірімен ғашық та болып қалуыңыз мүмкін. Мүмкін емес-ау, сыртқы бейнесі ғашық болмауға хақыңыз жоқ қазақтың қаракөзі. Тіпті, бір көріп әдемілігіне үйленуге шешім қабылдауға болады. Ал, іші…

«Құдай сүйді қазағымның даласын

Құтқарсын деп жіберді Иса баласын», — деген әнмен уланған болашақ ана. Мен «Альфа курс» деп аталатын жиналыстың мәнін осылай ұқтым. Түсінген жанға — қасірет. Ал, мені жетелеп апарған Алмасым алмас қылыш емес екен. Ұққаным арампиғылдарыдың менің кеңірдегіме тақайтын қанжарына айналыпты. Астапыралла!

32 мың Иеһовашы қазақ...

«Жүре берсең, көре бересің» — деуші еді бұрынғылар. Тағы бірде қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, ақ жаулықты әжеймен әңгімелескенім бар. Тағы да сол миссионердің сөзін айтқан-ды. Бұл жолғы кездесу бұрынғыдан да сорақы болатынын бірден түсіндім. Әжей мені сенбі-жексенбі күндері болатын Алматыдағы Иеһова куәгерлерінің жалпы жиналысына шақырды. Қайда дейсіз бе? Қаланың қақ ортасындағы Орталық мәдениет паркіне. Діттеген жерге діттеген уақытта бардық. Осы парктің ішіндегі стадионда ине-шаншыр орын жоқ. Иеһова куәгерлері... Баласын әскерге беруден бас тартқан пақырлардың ағымы бұл. Өз нәрестесіне қан құйғызудан бас тартып, о дүниеге аттандырған қаныпезерлер. Жайма-шуақ күнде жайдары кейіп танытқан болады. Мыңдаған шоқынды қазақтардың ішіне мен де еніп кеттім.

Біз мектеп қабырғасында концерт қоятынбыз. Оқушыларды күлдіруге тырысып «скетч» ойнайтынбыз. «Бауыржан-Шоудың» алғаш шыққан кезі. Музыка пәнінің мұғалімі Бақберген ағайдың атымен «Бақберген-Шоу» деген театр құрдық. Қазір сол бір күндерді есіме алсам еріксіз езуіме күлкі үйріледі. Осы жолғы Мәсіхшілердің жасаған ғибадаттары сол бір балғын шағымды еске түсірді. Театр деуге келмесе де сахналанған көрініс кімнің болмасын жүрегін жаулап алады емес пе? Мәсіхшілер осы орайды арампиғыл мақсаттарына әдемі пайдалана біледі екен. Әртістік қабілеті қарабайыр келіншектер 4-5 оқиғадан көрініс қойды. Соның бірінде әйелдер қала ішінде «Ізгі хабарды» елге жеткізбек болды. Оларды барған адамдары балағаттап қоя береді. Рас. Менің психологиямды дөп басып тұр. Біздің де үйге мұндай «ізгі хабар таратушылар» талай келген еді. Бірін «ит айтақтағандай» қуып шыққанмын. Енді бірімен құлықсыз болсам да, бір сағатық алтын уақытымды бөліп қызылкеңірдек болғанмын. Тағы біреуінің есікті қағып мазалай берсе, тобығын шағатынымды ескертіп келген ізімен қайтуына бағыт бергенмін. Соның бәрі де маған еш өкпелемей қалай келді, солай қуанышты қайтқан еді. Басынан сөз асырмайтын қызуқанды қазақтың намыссыз ұрпақтарының бұл жайын түсіне алмаған едім. Енді міне түсіндік. Қойылым барысында басты кейіпкер болған екі келіншек талай осындай қиындықты көреді. Налиды. Артынша «Інжілден» бір аят оқиды. Ол аятта осы бір қиын күндерді бақытты сәттер деп жазыпты. Екеуі осыған қуанып, риза болысады. Былайғы жұртқа әншейін бір «Бақберген-Шоу» сияқты ғана дүние. Түсінгенге — идеология. Оларға сұға берсең, бұға береді. Бірақ, Махатма Ганди секілді жалаң аяқ жүріп-ақ жеңіске жетеді.

Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Кездесуден кейін менің жүрегімде шаншудай қадалып тұратын тікенек қалды. Тікенек емей немене? Сол кездесуде аты Алты Алашқа мәлім КазГУ-ден бізбен бірген тәлім алған журналист әпкемді жолықтырдым. Жо-жоқ... Қазақтың жоғын жоқтайтын ол қыз емес. Керісінше, мені өз батпағына батырғысы келді. Ол ол ма? Қазақтың маңдайалды ұлы, сүйікті жазушысы Ілияс Есенберлиннің перзенті осы арампиғылдардың ішінде жүр. Осы жайды көзбен көрген соң, қалай нала болмассың. Тегеурінді толқынға батып бара жатқандай әсерде болдық. Жылына Қазақстандағы барлық облыстарына осындай конгресс өтетін көрінеді. Миссионерлер «32 мың қазақты (қазақ тілділерді) өз дінімізге кіргіздік» — деп мақтанды осы жиналыста.

Шоқыну...

Өткен жылы. Бір жолы Ернар есімді жігітпен таныстым. Сол баяғы сценарий. Шіркеуге шақырды. Мен келісім бердім. Келісілген заматта Абай мен Розбакиев көшелерінің қиылысындағы шіркеудің алдында күтіп тұр екен. Иса Мәсіх жолында жүрген осы бір тұтықпа жігіт танысқанымызға көп бола қоймаса да іші бауырыма еніп барады. Әңгімені «шіркеу» деген сөзден бастадым. «Церков» сөзін дұрыс аудармай «шіркеу» деп жазып жіберген. Жай ғана қауым деп атасаң болады» деді Ернар.

— Апа, мұнда үлкен кісілер ғана емес, жастар да келеді. Қараңызшы.

Әуезді үн шыққан жаққа назар аудардым. Әудем жерде сүйегін сүйреткен кейуананы жетелеп келе жатқан келіншекті көрдім. Екі ойын баласы әжелерінің етегіне оралып, бірде озып, бірде қалып сықылықтап келеді екен.

— Иса осы балалардай мұңсыз етсін!…

Тағы да сол келіншектің сөзі.

Біз шіркеудің бас ғимаратына жапсарлас орналасқан кішілеу үйге кірдік. Тартыншақтағаныма қарамай қақ төрден орын бұйырды.

— Апа, жағдайыңыз қалай, амансыз ба?

Бірнеше әйел апамыздың асты-үстіне түсіп бәйек болып жатыр.

Алдымен толықша келген дөңгеленген жігіт-ағасы бата жасады. Онан соң, «Yamaha» аспабында отырған келіншек әдемі бір әуен ойнай бастады. Кодоскоппен экранда ән мәтіні шығып тұр. Сол арқылы ғибадат басталды. Қырыққа жуық ғибадатқа қатысушылар хормен әлгі әндерді шырқай жөнелді. Бір ән. Екі ән. Үш ән. Ән ырғағына біреулері екі қолын жайып билеп жүр. Енді біреулері көздерін жұмып алған. Бабалар аманаттаған ислам діні ұмыт. Қан жоса қырғындар, ұлт тәуелсіздігі үшін болған күрестер, біз аңсаған Алашорда, біз зардап шеккен тәуменділік бәрі-бәрі…

Әуен бітті. Тереңіне ала қашқан ойым үзіліп, елмен бірге дастарқанға жайғастық. Әңгімемен шай ішілді. Бұған дейін баспасөз беттерінде неше рет жазылған, «ізгі хабар» жайлы уағыз айтылды. Назарға есік алдында кездескен әжей ілінді. Ол екі жылдан бері намаз оқығанын, өткен бейсенбіден бері осында келіп қызы намазды қойғызғанын айтты. Уағызды жүргізген жігіт бұл өте дұрыс шешім екенін дәлелдеп бақты.

«Құдайға баратын жолдар көп. Сіз Ислам дінімен барасыз ба, әлде басқа жолмен бе, ол маңызды емес. Біздің дініміздің (егер дін деуге келетін болса (автор)) ерекшелігі осында» деп көкіді. Әжейдің шықпасына қоймай сахнаға алып шықты. «Сіз осы жолда жүрсеңіз ауруыңыздан құлан-таза айығасыз» деген секілді қызыл сөзбен біраз құлақтан «бұрап» қойды. Сонан кейін бүгін осы қауымға алғаш рет келіп отырғандарды ортаға шақырды. Жиырма — жиырма бестер шамасындағы жігіт жұбайымен шықты. Он — он екілер шамасындағы бала да қуанышты кейіппен сахнадан орын алды. Онан кейінгі құрық маған лақтырылды. «Шыға салыңыз. Иса үшін. Неңіз кетеді?» Іші-бауырымды езіп барады. Дәл осылай ешкім де жалынбаған еді. Маған бүгінше ойлануға мүмкіндік беруін сұрадым. Сонан кейін манағы дөңгеленген жігіт-ағасы сахнаға шыққандарға не айтса, соны қайталау керектігін айтып, шоқындыру дәстүрін бастады. «Құдайым! Мен сенің алдыңда күнә жасағанымды мойындаймын және жазалануға тиісті екенімді білемін. Бірақ Иса Мәсіх менің оған артқан сенімім арқылы кешірілуім үшін мен тартатын жазаны Өз мойнына алды. Мен өз күнәләрімді мойындаймын және менің құтқарылу жолым жалғыз сен ғана екеніңе сенемін. Сенің маған төккен рақымыңа және берген кешіріміңе рахмет! Әумин!» Бар болғаны осы. Екі жылдық уақытын Алла құзырына арнап, намаз оқыған төрінен көрі жақын ақжаулықты шешейдің шоқынуы осындай-ақ жолмен шешіле салды. Әйелін жетелеген жігіттің де сеніміне селкеу түсті. Бесіктен белі шықпаған он екілердегі бала өз сыныптастарына «ізгі хабарды» жеткізетінін айтып жатты.

Сорақы

Бірде Жангелдин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысынан такси ұстадым. Бағытым Есік қаласы.

— Ассаламағалейкум, ағасы, — дедім көлікке мінер-мінбестен.

— Армысыз, — деді шопыр.

Жүйіткіген «МЕРС-230» маркалы тұлпардың алғашқы арынын бағдаршам іркіді. Жасы 35-ті еңсерген жігіт-ағасы күлген болды. Жымиысына аздап мысқыл араласқанын аңғарып үлгердім.

— Неге арабша амандасасың?

Бұл сұраққа бұрын-соңды жауап беріп көрмеген едім. Көлік тіркесе шұбап бара жатқан машиналардың соңына түсіпті.

— Ұлтым қалай сәлем-сауқат сұрасса, мен де...

— Қазақ олай есендік-саулық сұраспаған.

Шамам келгенше «ассаламағалейкум» сөзінің мағынасын түсіндіруге тырыстым. Жігіт-ағасы тағы да күлді.

— Сен кімге сенесің?

— Аллаға.

— Тәңірге соншалық «Алла» деп ат тағып қоятын кімсің? Еще, Тағала деп, тағалап тастайсың?

Не айтқанын түсінбей қалдым білем. Қайталап сұрап үлгергенше ол сөзін басқа арнаға бұрып ала жөнелді. Түсінгенім, ислам діні дін емес екен. Біздің түсінігіміздегі мұсылмандар тәңіршілдіктің танымын тып-тыйпыл етіп ұрлап алыпты.

— «Намаз» — деген қазақтың сөзі. Араптар «салат» дейді. Қазақ түсінігінде (әрине, шопыр танымындағы қазақ) намазды тек Тәңір оқиды.

— Ал...

Сұрақ жауапсыз қалды. Біз иман келтірген Хақ тағаламыз бен Пайғамбарымыз арқылы жеткен бес парыздың күлін көкке ұшырып тастап, көкіп келеді. Бәдік. Сөйлетпейді. Жүзінен өз айтқанын «тыңдаттым» деген мақтаныш сезім байқалады.

Мен де айлаға көштім. Мұндай ұшан-теңіз діни білімді (әрине кекесін) қайдан алғанын таңданыспен сұрадым.

— Көрдің бе, сенің көзіңді аз-ақ уақытта аштым, — деп мақтана бастады жігіт-ағасы.

— Тоқтар Абыздың «Ақиқат» деген кітабын оқы. Бәрін түсінесің, — деді онан соң. Мен Тоқтар абыздың нақты мекен-жай алып қала бердім.

«Саяхат» автобекетінен Райымбек даңғылы арқылы батысқа қарай 100-150 метр жер жүрсеңіз жолдың астыңғы қапталында кішігірім маңдайында «Үш жүз» деген жазуы бар құжыра (не үй емес, не жертөле емес) тұр. Мен іздеген өткен ғасырлардың тәбәрігіндей «абызым» осында отыруы керек. Бірақ, үш күн бойы оны қарасы байқалмады. Тек, төртінші күні телефон шалудың мүмкіндігі туды.

Әдетімше «ассаламағалейкумімді» көсілтем деп омақаса жаздадым.

— Кел офисте отырмын, — деді маңғаз дауыс ар-жақтан.

Күндегідей емес үш жүздің ата-тегін түгендейтін қара құлыпты офис-құжыраның есігі «келе ғой» деп шалқалап жатыр екен.

Тапал бойлы, кең иықты, қоңқақ мұрынды, селдір шашты ағамыз жөн сұрасты. Әнеу-күнгі Есік қаласына жеткенше, естіген әңгімемді және тыңдауға тура келді.

Есімде қалғаны әңгіменің киеге ауысқан тұсы:

— Жамбылдың қызыл жолбарысы Алатау асып қырғыздарға барғанын мен айтқанмын. Шыңғыс Айтматов өмірден қайтты. Енді ол кие өзімізге оралып, кішкене балаға қонды» деп көпіртті.

Мен әңгімені ол кісінің кітабына ойыстырдым.

— 2000 теңгеге сатып ал, — деді. Біраз есептесіп, ақысын беріп кітап олжалап қайттым. Бір байқағаным бүгінгінің абызы шық бермес Шығайбайды шаң қаптырып орта жолға қалдырып кетеді екен.

Біз Мұхаммед (с.ғ.с) үмметіміз. Мұсылманбыз. Тілімізді кәлима-шәһәдатқа келтіргенбіз. Ислам мен ұлттың ара жігін атам-заманнан ажыратып алғанбыз. Салт-санамыз, дәстүріміз, ұлттық болмыс-бітіміміз мұсылмандықпен біте-қайнасып жатыр. Осы бір ұғымды быт-шытын шығарғысы келетін Тоқтар кітабында: «Қазақ біл! Бұл оқымысты пайғамбарларға азғындар ермейді, өрелілер ереді. Қазақ біл! Бұл пайғамбарлар мораль айтпайды, зерттейді, көркейтеді, саралайды, бүлдіруге болмайтын заттардың сырын ашып, тұжырымын жасап, орнын көрсетеді, жаратылған әлемнен құрастырып, жаңа дүние жасап, адамның ұлылығын паш етеді, одан құдайдың құдіреті төмендеп қалмайды» — дей келе, — Көрінген көк есекті, мен пайғамбармын деп, ұрпағыңның басын ауыртып, өтірік айтпасын, адам — пайғамбар, алғашқы пайғамбар, ал сен оның тұңғыш алды ұрпағысың, ұқсап бақ. (Тоқтар Бейсенбинов, «Ақиқат», Алматы. 2006 ж. 136 бет), — деп ой тұжырымдайды. Мұндағы оның көрінген көк есектісі де біздің (астапыралла) пайғамбарымыз болып отыр. Тіпті, сол кітапта: «Қазақша айтылған Нұқ (Нұх (ғ.с) пайғамбар (Қ.Ә) туралы осы ұғымды көне заманда естіген кезде, ұқпай кеткірлер ұқпай қалып әлде қазақ дүние танымының ұлылығын ұғып тұрып, іші тарылып, құса болып, бар ақиқатты өзіне тартқысы келіп бәрін әдейі шатастырды ма екен үстіне киген шапанынан «жусан исі» аңқыған құдай болуды аңсаған арам ойлы «КӨЗӘЛ». Қазақша айтылған Нұқ туралы осы ұғымды көне заманда естіген кезде, бұл әңгімеден ұлылықты сезініп, бұра тартып бұрып ап, қиыннан қиыстырып қиып ап, өз «аңызын» туғызып алды ма екен, менің сайын далам арқылы қытайдың жібегін тасып, күн көргенімен қоймай, пайғамбар болуды аңсаған кейбір саудагер)» — деп жазады. (Тоқтар Бейсенбинов, «Ақиқат» Алматы 2006 ж. 49 бет) Басында осы бір кішкене ғана ойдың нені меңзегенін аңғармай қалғаным рас. Артынша, Тоқтар абыз Бейсенбиновтің қайта хабарласып, пікірлескенімде бұл ой тікелей пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) – ға бағытталғанын түсіндім.

Тәуелсіздік алған тұста, жасып қалған рухымыз әлдебір сенімнен медет тіледі. Медет тілегені сол, қазақ даласында түрлі атаудағы түрлі ағымдар бой түзеді. Қыздай сыланып, сылқым мінез танытты. Сонысымен, талай жанды өз тұзағына түсірді. Бірақ, қызығы олардың кейбірі сырттан келген жоқ. Өз ішімізден шыққандар еді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» еске алсақ, бізді шіріткен талай құмалақтар бар. Мен үшін соның бірі осы Тоқтар секілді.

Жалған пайғамбар...

Соңғы кездері өздерін «пайғамбармын» деп жариялап, бұқараны алжастырмақ болып жүрген бірнеше жан бар. Иә, «Қажы бабасының ақырын Нұх пайғамбарға айналдырған» Балтабай Рахымжанов өзін «Нұх пайғамбардың мұрагерімін» деп сандырақтады. Ақ ана мен ақ жол талай қазақты дәруіш етіп жіберді. Енді біреулері Сары әулиенің ертегісіне елітті. Өмірде болып болмағаны белгісіз Асауан сахаба жайлы ертегілер қазақ даласында ауыздан-ауызға тарады. Асауан сахаба демекші, бір шалдың басынан өткен шым-шытырық жағдайды бір кездері көсілтіп-ақ жазған едік. Аққу, сұңқар болып сұңқылдағандардың да қаламымызға арқау еттік.

Соқыр сезім қайда апарып соғары белгісіз. Әйтеуір, қазақ иланғыш-ақ. Бірде Роза Орынбекқызының мұқабасында «Жазба» деген тақырыбы бар кітабы тиді. Оқып көріп жағамызды ұстадық. Бұл кітапқа автор «Хақ-Тағаланың сөзі, құранның жалғасы» деп түсінік беруге тырысыпты. Тіпті, аталмыш кітапты оқып жүргендердің қарасы аз емес екен. Теңдесі жоқ Құран-Кәрімнің «Ниса» сүресінде «Расында, Құран Алладан өзгенің сөзі болғанда, одан көптеген қайшылықтар табар еді» делінеді. Құран түскелі бері нешелеген ғасырлар дөңгелесе де, осы бір хақ кітапта бірде-бір қайшылықтың кездеспеуі, оқу тұрмақ қара танымаған пайғамбарымыз хазіретті Мұхаммед (с.ғ.с) осы кітапты Жебірейіл періште арқылы бізге жеткізуі Құранның Хақ сөзі екенін білдірсе керек. Құран түскеннен кейін оның бірде-бір әрпінің өзгермейтінін Алла тарапынан шегеленіп, бізге уахи етілмеді ме? Оған сөз жоқ. Енді міне, осыны біле тұра (Роза Орынбекқызы Ислам дінінен хабары бар адамға ұқсайды) «жаңа Құран» жазатындар табылып жатыр. Құрандағы «Бақара» сүресінде: «Егер құлымызға түсіргенімізден күмәндансаңдар, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер осыны жасай алмасаңдар, әлбетте ешқашан (болашақта да) жасай алмайсыңдар. Олай болса, отыны адамдар мен тастардан тұратын кәпірлерге әзірленген оттан қорқыңдар!» — дейді. Яғни, Алла Тағала мұнан кейін дәл Құран сынды кітаптың болмайтынын, оны ешкім де ешқашан жасай алмайтынын жеткізген. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Тағаланың осы бір сөзі қандай да күмәнданушыны да бас игізеді. Ол ақиқат. Демек, осы бір ақиқатты жоққа шығарушы, сол арқылы мұсылмандарды ғана емес, Алланы келемеждеуші табылды. Бір кездері қолымызға тиген кітап соны айтады. Айды аспаннан шығарып, «астапыраллаңызды» мың қайтара айтқызатын Розаның кітабі арқылы ислам дінінің бес тағаны болып есептелетін бес парыздың үшеуі жоққа шығарылды. Біріншісі иман ету, Алланың бірлігін мойындап, оның ақырғы пайғамбары Мұхаммед с.ғ.с екеніне илану. Роза соңғы пайғамбар арқылы жіберілген Құранды жоққа шығарғаны аздай, өзін соңғы пайғамбар деп жариялады. Бірінші парыздың күл-талқанын шығарды. Екінші, намаз оқу. Кітаптан білгеніміздей Роза оның да жаңа үлгісі арқылы елді адастырмақ. Бес парыздың бірі — қажылыққа бару. Оны да жоққа шығарып, қажылықты басқаша өтеу керектігін айтады. Сонымен, ораза ұстау мен зекет беруден басқа үш парызды аяқ асты етті. Біз үнсіз қалдық.

Керзаман

Қазақ дінсіз ел емес. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас» деп жырлайтын Абайды алыңыз. «Шыннан өзге құдай жоқ, Нағыз Құдай шын Құдай, Ұқпай қалма, алаң боп, Шын болмаса кім Құдай» дейтін Шәкәріміңіз қайда? «Сатқан емен сатпаймын дінімді мен, Өшпейтұғын өлмейтін күнім білем, Алла есімі, жүрегім жұдырықтай, Жүрегімнің соққанын біліп жүрем». (Мұқағали). Соңғы кездері мен үшін қазақ халқының осы үш ұлы ақынындағы үндестік, ұлт пен діннің арасындағы байланыстың қандай нәзік екенін көрсететіндей әсер ететін болды. «Қазақ деген кім?» «Біз кімбіз?» Біз — Абаймыз. Тіпті, халық әні делініп жүрген өлеңдерде де біздің дінсіз ел емес екенімізді дәлелдейтін дәйектер мыңдап артылады.

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең,

Жігіттер күдер үзбе бір Алладан!»

Қысқасы, өткен ғасырлардағы көзіқарақты зиялы қауым өкілдері, қара халық арасынан шыққан шешен, жыраулар да тек бір Жаратушыға ғана сиынуға шақырып, өлеңдеріне Алланың бірлігі мен құдіреттілігін арқау еткен. Жоғарыдағы өлең жолдарының барлығында да Алла сөзінің алдында «бір» деген қосымша толықтауыштың тұрғанын байқаймыз. Әр сөзіне астар салатын, сөз өнері ерен дамыған қазақ ауыз әдебиетінде бұл кездейсоқ жайт емес. Мұндағы «бір» тіркесі сөз жоқ таухидтік мағына берері хақ. Яғни, ғибадат-құлшылықта, тілек тілеуде, сұраушы пендені қанағаттандыруға тек «бір» өзі ғана ие, жалғыз құдірет деген мағына тұр. Дінді тереңнен толғап түсіндіретін Абай шығармаларында да солай. «Алла бір, Құран шын, Пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ!» Адамзаттың ардағы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетін ұстануға осылай үндейтін әйгілі хакім өлеңіндерінде де басы артық бөтен сөз жоқ. Тіл тазалығы мен дін тазалығы үшін күрескен ақын: «Руза, намаз, зекет, хаж талассыз іс, Жақсы болсаң таза тұт бәрін тегіс», – деп те насихат айтады. «Таза тұт» дегені Исламнан тыс, бидғат амалдардан аулақ бол дегені емей немене? Сол Абай ұстанған дін, қазақтың діні болуы керек еді. Ұлт пен діннің арасында жөн сілтеп Абай сынды ғұламамыз тұр. Қайдан келдік? Арғы тарихымыз — сақ, ғұндар. Бергісі — түркілер. Әлемге атой салған, діннің тазасын ұстанған батыр бабаларымыз бар. «Ақиқатқа қарсы келушілер мен бұрмалаушылар, білмей адасушылар қай заманда қай қауымда болмасын ішінара кездескен. Бірақ, халқымыздың Исламнан сусындаған, шариғат ілімін меңгерген, сөз ұстаған жоғарыдағы даналарының ғана айтқан өсиеттері бізге сара жол. Дана ақын-жыраулар сөз жоқ бұл нақылдарды бүкіл қазаққа айтқан-ды. Майқы би:

«Керзамандар болғанда,

Құрамалы үйің болады,

Құбылмалы биің болады.

Ежірей деген балаң болады,

Бежірей деген қызың болады,

Ақырай деген әйелің болады,

Кекірей деген келінің болады.

Керзаманда су тартылады,

Тана мен торпаққа жүк артылады.

Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,

Қарап тұрған жігітке қыз асылады» — депті. Майқы атам айтқан керзаман келді. Енді өзіңнің ақ жолда һәм адаспағаныңды дәлелдеуің керек. Бірақ, біз адастық. Адаспағанда ше? Құс жолындай айқын бабалар жолы қазір қағбаны бетке алмайды. Темірқазықтай мызғымас сенімің һәм сезімің жетіқарақшыдай қарақшы миссионердің ылайында. Қазақтығың мен момындығың өрмекшінің тұзағында. Біз өрмекші зәрін қашан төгеді екен деп тұяқ серппей күтіп жатырмыз. Әсілінде, олар зәрін төгіп, уландырып үлгерген. Уландық. Өйткені, Хауа ананың бір рет үзіп жеген күнә алмасын, біз мың рет үзіп жедік. Айып пайғамбардың денесін мүжіген құрт-құмырсқалар қазақтың болмысын кеміріп жатыр. Айып секілді бірақ дұға жасай алмайды екенбіз. Қазақты Жүніс пайғамбарды жұтып қойған алып балық жұтып қойған. Айналамыз қап-қараңғы. Үмітсіздік. Тек бір шырақтың жарығы жылтылдайды. Исламның үміт шамы, ата-баба жолы — ол.

Түйін сөз

Бұл өзіңіз сияқты бір-ақ жанның тиіп-қашып көргендері һәм түйгендері. Бәрі бүгінгі күннің ақиқаты. Өмір белестері. Ол белестерде сіз бен біз ғұмыр кешіп жатырмыз. Бір ғана аңғарармыз бар. Олар өз идеологияларын жүргізуде діннің рөлі қандайлық екенін жақсы біледі. Идеология ананың сүтінен басталады десек, олардың қолында қаншама ата-аналар бар. Баладан басталады десек, жетімдер үйін тіміскілеп жүрген осылар. Мектептері, жоғары оқу орындары, қаржыландыратын ірі фирмалары, т.б қоғамда қажеттіліктерінің бәрі бар. Бір ұққанымыз миссионерлердің негізгі идеясы — мемлекет құру немесе құрылған мемлекетті іріту екен. Біз діннен саясатты қанша алшақ ұстағанымызбен, біздегі діндарлар саясатқа соншалықты жақын көрінеді. Дін әу баста қоғамдаса өмір сүрген адамдарды басқару құралы болған ғой. Бұл ғасырда да сол функциясынан айрылмапты. Исламнан қаншалық іргемізді аулақ салсақ, сыртқы күштер түрлі діндер арқылы бізді басқарғылары келеді-міс.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

9057 рет

көрсетілді

637

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы