• Тіл
  • 11 Қыркүйек, 2014

Би-ағаңның ауылы

Алдымен сөзді Би-ағаңның қиын тағдырынан бастайық. Қолда бар құжаттарға сүйенсек, ол былайша өрбиді. 1937 жылы қазан айында Бейімбет Майлинді НКВД органдары «ұлтшыл контрреволюционер» деген жаламен тұтқынға алады. Қазақстан КП (б) Алматы қалалық комитетінің бюросы Майлин Бейімбет Жармағанбетұлын «халық жауы» деп айыптап, партиядан шығарады. Оның №1559793 партия билетінің күші жойылады. Сонда Би-ағаңа тағылған айыптың сыйқы мынау: «1934 жылдан бері Қазақ­стандағы контрреволюциялық, ұлтшыл-буржуазиялық, террористік көтерілістердің, диверсиялық-жауыздық ұйымның мүшесі, троцкистік, террористік ұйыммен бірге қарулы көтеріліспен Совет үкіметін құлатып, Қазақстанды Кеңес Одағынан бөліп алып, Жапонияның басшылығымен Қазақ буржуазиялық мемлекетін құрмақшы болған, осы мақсатпен ұйымға жас жазушыларды үгіттеп, әдебиет саласында да қылмыспен айналысты. Астыртын жиналыстарға қатысып, Кеңес үкіметіне қарсы шығу жоспарларын құрды. Одан басқа 1918 жылы контрреволюциялық «Алашорда» ұйымына мүше болып, Қызыл армияға қарсы шыққан».

Арысы едің Алаштың

Алдымен сөзді Би-ағаңның қиын тағдырынан бастайық. Қолда бар құжаттарға сүйенсек, ол былайша өрбиді. 1937 жылы қазан айында Бейімбет Майлинді НКВД органдары «ұлтшыл контр­революционер» деген жаламен тұтқынға алады. Қазақстан КП (б) Алматы қалалық комитетінің бюросы ­Майлин Бейімбет Жармағанбетұлын «халық жауы» деп айыптап, партиядан шығарады. Оның №1559793 партия билетінің күші жойылады. Сонда Би-ағаңа тағылған айыптың сыйқы мынау: «1934 жылдан бері Қазақ­стандағы контрреволюциялық, ұлтшыл-буржуазиялық, террористік көтерілістердің, диверсиялық-жауыздық ұйымның мүшесі, троцкистік, террористік ұйыммен бірге қарулы көтеріліспен Совет үкіметін құлатып, Қазақстанды Кеңес Одағынан бөліп алып, Жапонияның басшылығымен Қазақ буржуазиялық мемлекетін құрмақшы болған, осы мақсатпен ұйымға жас жазушыларды үгіттеп, әдебиет саласында да қылмыспен айналысты. Астыртын жиналыстарға қатысып, Кеңес үкіметіне қарсы шығу жоспарларын құрды. Одан басқа 1918 жылы контрреволюциялық «Алашорда» ұйымына мүше болып, Қызыл армияға қарсы шыққан». Міне, осындай «айып» негізінде КСРО Жо­ғарғы Сотының көшпелі ­коллегиясы РСФСР Қылмыстық кодексінің 319 жә­не 320-баптарына сай ату жазасына ке­­седі. Жә­не «Үкім соңғы заң бойынша де­реу орындалуға тиіс» деп шегелеп қояды. «КГБ» Ерекше мұрағат. 71020 тергеу ісі. I том. 28 хаттамадан көшірме. ­22.10.1937 ж. КСРО Жоғарғы Сотының құрамында 6 адамы бар әскери коллегиясы Үкімінің хаттамасы, 26.02.1938 ж.). Қазіргі түсінікпен зер салсақ, адам баласы сенбейтін сандырақтар негізінде қолына қару алып, көтеріліске қатыспақ түгіл жиналыстың төрінен де қашқақтап жүретін Би-ағаң сол кездегі тоталитарлық жүйенің құрбаны болып жүре берді. Осы арада Би-ағаң туралы Ғабит Мүсірепов жазған мына бір жолдарды келтіре кетудің артықтығы болмас: «Кейін білдім, Бейімбет жиналысқа да президиум сайланып болған соң кіреді екен. Ондағысы жиналысты басқаруға сайланып калам ба деп қорқады. Бірдеңеге бастық болуға жоламау Бейімбеттің ерекше мінезі еді. Өзгеміз ондайдан қашып көрген емеспіз» («Би-аға», «Жазушы» баспасы. 1991 ж.). Бірақ басшылық қызмет Би-ағаңды оның қарсылығына қарамай іздеп табатын. Қолға алған істі дөңгелетіп әкететін жазушы-журналист Майлиннің беделі тым жоғары болатын. Қалам ұстаған жастар да, ауылдан арыз айтып келген ағайын да Майлинді жағалайтын. Осы уақытқа дейін біз Би-ағанды «Ауыл» газетінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, оның жау­ап­ты хатшысы болды деп келдік. Ресми құжаттар бойынша да солай. Ал нақтылы зерттеулер осы «Ауылдың» барлық жүгін көтерген сол Би-ағаның өзі екенін көрсетіп отыр. Расында да, кейде «Би-ағаң «Ауылда» қан­дай қызмет атқарды?» деген сауал туын­дайды. Себебі біреу ол редактордың орынбасары болып істеді, енді бірі әуелі хатшы, одан кейін орынбасар болды дейді. Бұл жерде ол редактор болды дегенді де естен шығара алмаймыз. «Біз бір адамның дерегіне құлай сенгіміз келеді, – деп жазады белгілі бейімбеттанушы ғалым-журналист Тоқтар Бейісқұлов ағамыз. – Ол – Әбдірахман Мұстафин. 1911 жылдан Бейімбетті білетін Әбдірахман Уфадағы «Ғалия» медресесінде онымен бірге оқыған. Кейін Бейімбет оны газет ісіне тартып, қамқорлық жасайды. Ә.Мұстафин, сөйтіп, үлкен журналист болып шығады. Сондықтан оның «Бейімбет алғашқы кезде «Ауылдың» хатшысы, кейін редактордың орынбасары болып істеді» деп түйіп, нық айтқанына шүбе келтіре алмаймыз». Ал Би-ағаңның замандастары жазған естеліктерге және сол Тоқтар ағамыздың зерттеулеріне мұқият зер салсақ әңгімені былайша өрбітуге болады. Алғашында Бейімбеттің хатшылық қызметін атқарғанын Нұршатай Рахымбаев та қостайды. Ол да Б.Майлинмен Арғынбай медресесінде бірге оқыған, Қостанайдың қасындағы Ақсуат мектебінде мұғалім болып жүрген оны да Бейімбет газетке тартқан. Ендеше, оған да сенуімізге ­болады. Б.Майлин мұнда редакторлықты да атқарды деген пікір жаны бар тұжырым дей алмаймыз. Әртүрлі деректерді салыс­тырып көрсек, Б.Майлин тұсында газеттің ресми редакторы М.Сералин, одан кейін М.Бейсенұлы екен. Неге онда Бейімбетке редакторлықты телиді? Біріншіден, М.Сералин де, М.Бейсенұлы да округтегі жауапты партия-кеңес жұмыстарына араласып, мойын бұра алмайтын. Мәселен, М.Сералин губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары жөне губерниялық жер-су бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқар-ды. Әрине, бірнеше қызметті атқарып жүрген адамның уақыты жетіспейтіндігі түсінікті. Оның редакция жұмысына көп араласуға мүмкіншілігі қайдан болсын. Бар ауыртпалық хатшыға не редактордың орынбасарына түспей ме? М.Сералиннің газеттің тек келесі санының шығуына нұсқау беруге ғана мұршасы келген. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып істеген М.Бейсенұлының да жағдайы сол секілді емес пе? Екінші, Бейімбеттей атпал журналиске артылған ерекше сенімді ескеруіміз керек. Жан-жақты дайындығы күшті, қаламгерлігі мықты оның ешкімді ұятқа қалдырмайтындығы сол сенімді ұялатады. Үшіншіден, Бейімбеттің газет ісіне шеберлігін айтуымыз керек. Макет жасау, материалдарды, суреттерді орналастыру, хат-хабарларды редакциялау, тағы басқа қандай жұмыс болса да тап-тұйнақтай етіп, тыңғылықты орындап, сапалы етіп шығару – шебер зергерлерше құлпыртатын оның машықты ісі. Төртіншіден, оның ерінбейтін еңбекқор, жалықпайтын жан екендігі. Оның бос уақыты болмайтын, не істесе де келістіре істеп, редакция жұмысына бүкіл жан жүрегімен, ой-түйсігімен беріле зор еңбек сіңірді. Көп ұзамай соған бағасын да алды. «Ауылдың» 1924 жылғы 1-қыркүйектегі санында газеттің шығуына бір жыл толуына орай редакторы М.Бейсенұлының «Ауылдың» жүрегі һәм жұлыны (Бейімбет Майлинұлы) деген мақаласында «Ұзақ күнге дамыл жоқ, ойын-күлкіден тыс, жатса-тұрса ойлайтыны «Ауыл». Ертеңгі сағат алтыдан тұрып, басқармада түртініп отырғаны. Жалғыз Бейімбет газет ісінің бәрін атқарады һәм үлгереді. Емледен тұлдыры жоқ, екі сөздің басын қоса алмайтын жұмыскерлердің қатесін түзеймін деп, мақаласына өң беремін деп әлектенеді. Бейімбетте ренжіп, қабақ шыту жоқ. «Ауыл» газеті мақтау алып отырса ол: Бейімбеттің арқасында» деп айтуы да сондықтан ғой. Осы сөзге мұқият назар қойып көрсеңіз, көп нәрсені аңғара аласыз. Бұл – зор баға, үлкен ілтипат. Газеттің бір жылдығы той болып өткен. Оны басқарып, өткізген де Бейімбет. Бұл тойға газеттің жергілікті тілшілері, әншілер, күйшілер, губернияның барлық басшы қызметкерлері, болыстық атқару комитеттерінің төрағалары қатысқан. Қандай ой түйеміз осы жерде. Б.Майлин ресми редактор болмаса да газеттің барлық дерлік жұмысын тікелей өзі көтеріп, шын мәнінде соның қызметін атқарды. Оған осы газетте шығарушы болып істеген Ә.Мұстафиннің «Шындығында редактор Бейімбет еді де, газет екеуіміздің қолымыздан өтетін» («Ұмытылмас жылдар», «Қазақ әдебиеті»,18.06.65 ж.) дегені де айғақ. Егер Б.Майлинді редактор деп таныса, бұл да оның мәртебесін биіктете түседі. Редакторлар ұзақ уақытқа алыс ­кетсе, «уақытша редактор Б.Майлин» деп қол қойып отырғаны және бар. Біз бұл арада қазақ әдебиетінің классигі, қазақ журналистикасының көшбасшыларының бірі – Бейімбет Майлиннің шығармашылығына, оның дүниетанымы мен қоғамдық қызметіне жан-жақты тоқталуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Би-ағаң – ұлы тұлға, тамаша талант. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Нақақтан жала жабылып, атылған ағамыз тек 1957 жылы ғана ақталды. Қолдағы құжатта былай делінген: «Майлин Бейімбет Жармағанбетұлының тергеу ісін қайта қарап, бұрын-соңды сотқа белгісіз куә боларлық жағдайлар анықталып, айып негізсіз тағылған, қылмысты ісі жоқ деп табылып, оған қатысты іс доғарылып, ақталды» (КСРО Жоғарғы Сотының 4-Н-02821/ 57 анықтамасы. КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы. 16-сәуір. 1957 ж.). Бүгіндер «Ауылың» («Қостанай таңы») аман, Би-аға. Оның тынысы кеңейіп, ақпараттық кеңістікте өз орнын тапқан беделді басылымдардың бірі. Жақында Бас редактор Жанұзақ ­Аязбеков бастаған редакция ұжымы облыс, аудан қалаларында «Қостанай таңының» күндерін өткізді. Алғашқылардың бірі болып, Би-ағаң туған Таран ауданына ат басын бұрдық. Аудандық мәдениет үйіне жиналған халықтың үлкені де, кішісі де Бейімбет Майлин есімін асқан құрметпен еске алып, аудан атын сол біртуар өз жерлестері атына беруді ұсынды. Бұл мәселенің Би-ағаңның жүз жылдық тойы тұсында да көтерілгенін білеміз, сол той ерекше той еді, жұрттың жадында қалыпты. Кездесуге келген Торғайбай Уәлиұлы, Сәрінжіп Дайыров, Марат Ағыбаев және басқалары «Келер жолғы жүздесу Таран емес, Майлин ауданында өтсін» деген тілектерін айтты.

Жүрек неге сыздады?

Енді, міне, араға жеті жыл салып, сол Би-ағаң ауылына са­пар шеккелі тұрмыз. Аудан әкімі Ғауез Нұр­мұ­хамбетовпен алдын ала хабар­лас­қанда: – Жалшыға қазір жол жоқ. Плотинаны су басып кетті, кейін хабарласарсыз, – деген. Ғауез Торсанұлының Би-ағаң ауылын сол Би-ағаңша «Жалшы» деп атағанына ішіміз жылып қалған. Тарихтан белгілі, кешегі ұжымдастыру кезінде Алматыдан әдейі келіп, Би-ағаң туған ауылында «Жалшы» ұжымшарын құрып кеткен болатын. Кейін бұл туралы «Он бес үй» атты әйгілі әңгімесінде де әдемілеп жазғаны бар. Енді, міне, сол Жалшыда тұрмыз. Аудан әкімі Ғауез інімізбен болған әңгімеде: – Жалшыны да соңғы кездергі қиын­шылықтар айналып өткен жоқ. Ауылдағы ағайынға қиын болып тұр ғой, – деген де қойған. Қасымызға аудан әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Бақытжамал Әбдірахманова қарындасымызды алып, Ақтөбеге тартып кеттік. Аудан орталығынан бар болғаны 15 шақырым жердегі ауыл. Өзеннен бөгет арқылы өтеді. Су қайтыпты. Көліктер қатынап жатыр. Ал 100 жылдық той қарсаңында салынған көпір істен шыққан. Ауыл жүдеу. Кеше ғана салынған еңселі үйлердің он шақтысы бос қалған. Кейбіреулерінің есік-еденін әлдекімдер алып та кетіпті. Ауылдағы бала саны еске­рілмей той дақпыртымен салынған зәулім мектепте алты-ақ бала оқиды. Мектептің аядай ғана бір бөлмесінде көздері мөлдіреп отырған осы үш ұл, үш қызға Ақзада Нұрсейітова апалары сабақ береді. – Бұл балалардың біреуі дайындық сыныбында, үшеуі бірінші сыныпта, екеуі екінші сыныпта оқиды, – дейді Арқалық педагогика училищесін бітірген қарындасымыз Ақзада. – Ауылымызда 34 отбасы тұрады. Ересек балалар аудан орталығында, көрші поселкелерде оқиды, – дейді ол. Бұл бастауыш мектептің өзі былтыр ғана ашылған. Зәулім мектептің бір бөлмесіне кітапхана орналасқан. Жібек Жанғасқинаны кітап алушылар үйінен тауып алып, кітапхананы аштырады. Шамасы, кітап сұрап, мазалаушылар да көп болмаса керек, бұл мәдениет ошағының есігінен қашан көрсең де қара құлып түспейді. Аудан орталығына тиіп тұрған ауылға пошта келмейді, сондықтан да болар газет-журнал алатын бірде-бір отбасы жоқ. – Би-ағаңның шығарған «Қостанай таңы» газетінен едік, – дейміз шарбаққа сүйеніп, бейтаныс адамдарға көз тіккен Есімжан Тоқбаев ақсақалға. – Газет оқымағалы қашан, – дейді кезінде осы ауылда 38 жыл бойы жер жыртып, егін салған диқан аға. – Ауылда жұмыс жоқ, мал бітті, балалар жан-жаққа кетті. Дүкен істемейді, дәрігерлік пункт жоқ, телефон байланысы үзілген. Қайран Би-аға, ауылыңның бүгінгі түрі осы. Би-ағаңның 100 жылдық мерейтойына орай мұнда мешіт те бой көтерген еді. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендей, оған ешкім бас сұқпайды. Имам екібастан жоқ. Имандылық үйі жабық. Бейімбеттің қызына деп салынған үй де бос тұр. Гүлсім апамыз бір жыл қыстап шыққан екен. Алматыда қайтыс болған соң бұл үй де иесіз. Ал мұндай иесіз қалған үйлер мұнда аз емес. Егер тиісті бір шешім қабылданбаса, олардың тоз-тоз болып, қолды болып, қараң қалары айтпаса да түсінікті. Мерейтой қарсаңында осы Ақтөбедегі тамаша құрылыстарға сүйсіне отырып, былай деп те газетте жазған екенбіз: «Мына үйлерге кірген адамдардың маңдайының бағы бар екен. Әй, қайдам, енді бір екі-үш жылдан кейін ауыл қандай күйге енер екен. Осылай жарқырап тұра бере ме, жоқ әлде күл-қоқыстың, таудай болып үйілген көңнің астында қала ма? Ұяттың көкесі сонда болмаса жарар еді-ау». Текке қауіптенген екенбіз. Би-ағаң ауы­лынан жүрегіміз сыздап оралдық.

Ақтөбе – көп төбенің бірі емес

Көсемсінуді, ақыл айтуды қаным сүймейтін казақпын. Бірақ Би-ағаң алдында тірі жүрген әрқайсымыздың да өзіндік қарызымыз бар. Ал менің, бүгінде Би-ағаңның рухани інісінің парызының бірі – тағдыр тауқыметін тартқан, нақақтан жала жабылып, құрбан болған, неше жылдар бойы әйелі мен бала-шағасы «халық жауының» отбасы ретінде қиямет-зорлық көрген осы қасіретті тағдырға жұртшылық назарын аудару. Ақтөбені алақанға салу үшін бір шара қолдану керек қой. Би-ағаң топырақта туған. Осы Әйет жағасында кіндік қаны тамып, елінің әйгілісі, халқының қадірмен қаламгері болған, есімі алты Алашқа ардақты Би-аға ауылы қасиетті мекен болуға тиіс. Ол үшін Ақтөбе бойына қан жүгірту парыз. Ал бұл істі кім қолға алады? Мәселе осында. Иә, Би-ағаңның Ақтөбесі қазақтың көп төбесінің бірі емес қой...

«Ауыл» газеті қай жылдан бастап шықты?

Бұлайша сұрақ қоюмыз, бәлкім, кешегі «Ауыл», бүгінгі «Қостанай таңы» газеті оқырмандарына тосын көрінер. Өйткені 2000 жылға дейін күнделікті газеттің шекесіне «Газет 1923 жылғы 1-қыркүйектен шыға бастады» деп жар салып келдік. Ал олай болса, тосын сұрақты көлденең тартуға не себеп болып отыр? Кеңес Одағының алғашқы жылдары Қостанай уезінде шамамен 150 мың қазақ тұрды деген мәлімет бар. Осыншама халыққа Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің саясатын насихаттау қажеттігі туды. Сол үшін де «ұжымдық насихатшы, ұжымдық үгітші және ұжымдық ұйымдастырушы» – газет ашу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бірақ бұл ойды жүзеге асыру сол кездегі осы өңірдегі саяси және экономикалық ахуалға байланысты кешіге береді. Себебі Қостанай уезі Челябі губернаторлығы мен Қазақ Автономиялы республикасының арасында талас-даулы аймаққа ұшырайды. 1920 жылы Қостанай уезі Челябі губернаторлығынан Қазақ Автономиялы республикасына кіргенімен бұл үдеріс 1922 жылға дейін созылады. Қостанай уезі Қазақ Автономиялы республикасына толық енгеннен кейін қолға алынған басты шаралардың бірі – қазақша газет шығару болады. Бұл жауапты жұмысқа жергілікті халық тұрмысын жақсы білетін және бұдан бұрын да баспасөзде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған қазақтың тұңғыш кәсіби журналистерінің бірі Мұхамеджан Сералин шақырылады. «Айқап» сияқты беделді журналдың атасы енді осы жаңа газет шығару ісін мықтап қолға алып, Челябі қаласындағы татар басылымдарын шығарушы баспаханамен байланысты орнықтырады. Оқыған қазақ жастарын газет ісіне тартады. Сөйтіп, 1922 жылы 25-маусымда «Ауыл» газетінің тұңғыш нөмірі Челябі қаласында басылып шығады. 1973 жылы газеттің алғашқы санының шығуына 50 жыл толуына орай зерттеу жүргізілгенде осындай мәліметтерді кездестіргеніміз бар. Алматыда Ұлттық кітапханада сол 1922 жылы шыққан «Ауыл» газетінің екі саны сақталғанын көзімен көріп қайтқан ардагер ағамыз, журналист Сәкен Асқаров болатын. «Ауыл» газетінің алғашқы санында «Газет 1922 жылы 25-июньде шыға бас­тады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Олай болса, неге осы уақытқа дейін біз «Газет 1923 жылғы 1-қыркүйектен шыға бастады» деп жазып жүрміз. Оның да өзіндік себебі бар. «Газет 1922 жылдан шыға бастады» деп нақтылап жазу үшін сол кездегі саясат бойынша сол газеттің ең болмаса үш саны сақталуы керек екен. Бірақ біздің білетініміз – «Ауылдың» сол жылы шыққан екі ғана саны сақталыпты. Және газет өз оқырмандарынан шалғайда басылуына байланысты сол 1922 жылдың өзінде жабылып қалады. Осы себептен Қостанайдың өзінен баспахана құру міндеті қойылады. Мұхамеджан Сералиннің еңбегінің арқасында Орынбор, Қазан, Уфа қалаларынан шрифтер және басқа баспасөз жабдықтары жиналып, «Ауыл» 1923 жылы 1-қыркүйекте қайта шығады. Олай болса, біздің бүгінгі, айтып жүргеніміз газеттің қайта шыққан күні, шындығында ол алғаш рет 1922 жылы 25-маусымда дүниеге келген басылым. Сондықтан тарихи шындықты қалпына келтіріп, қолымыздағы «Қостанай таңын» «1922 жылдың 25-маусымынан шыға бас­тады» деуіміз орынды. Мұның өзі кешегі «Ауыл», бүгінгі «Қостанай таңының» негізін қалаған халқымыздың біртуар ұлдары Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин аруақтары алдындағы бір парызымыздың өтелгені болар еді. Би-ағаң, Бейімбет Майлин де газетте 1922 жылдан жұмыс істей бас­тайды. Өйткені өлкелік партия комитетінің Б.Майлинді М.Сералин ұсынысымен «Ауыл» газетіне жіберу жөнінде ұйғарымы болған. Белді буып, білекті сыбанып бірден іске кірісіп кеткен Би-ағаң редакцияның ұйытқысы, тірегі, сенімді қызметкері болып алады. Бейімбет газеттің атын «Ауыл» деп атайық деп ұсыныс жасағанда, оны М.Сералин, редакция алқасының мүшелері М.Бейсенов, Ж.Сұлтанбеков, губкомның хатшысы У.Зәбіров, насихат бөлімінің меңгерушісі Ы.Қарпықов, қалалық партия комитетінің хатшысы Ф.ЬІсмағұлов құп алып, бәрі келіседі. Осы Би-ағаңдармен бірге кейін «Ауыл» газетінде жұмыс істеген ­журналист Әбдірахман Мұстафин былай деп жазады: «Қостанайда «Ауыл» газеті шықты. Бейімбет алғашқы кезде «Ауылдың» сек­­ретары, кейін редактордың орынбасары болып қызмет істеді.1922 жылы мен Қостанайдың бұрынғы екі класты орыс-қазақ мектебінің оқытушысы әрі тәрбиешісі болдым. «Ауыл» редакциясы бізге жақын еді, араласып жүрдік» («Би-аға». Кітап. «Жазушы» баспасы. 1991 ж. 252 бет). Көріп отырсыз, Әбдірахман Мұстафин де «Ауылдың»1922 жылы шыққанын, сол кезде онда Би-ағаңның жұмыс істегенін айтып отыр. Кейіннен Би-ағаңның шақыруы бойынша сол «Ауылға» келіп, еңбек еткен, оның белді қызметкерлерінің бірі болған Әбекеңнің сөзінде еш күмән болмаса керек. Сөйтіп, біз газетке 2000 жылдан бас­тап «Қостанай таңы» «1922 жылдың 25-мау­сымынан шығады» деп жазып, тарихи әділеттілікті қалпына келтірдік.

Парыз

Бейімбет Майлин – ұлы жазушы, кемел журналист, қайраткер тұлға. Бұған ешкімнің таласы бола қоймас. Ол кешегі қанды қол саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Осындай тұлғаға көрсетілер құрметтің бірі – оның мұражайын ашып, көл-көсір дүниесін бір жерге топтастырып, оны тәрбие мен тәлім және тағзым орталығына айналдыру. Бұл ретте, белгілі бейімбеттанушы, ғылым кандидаты Тоқтар Бейісқұлов көп шаруа тындырған еді. Сол сыйлас ағаның өзіме ертеректе жазған хатын оқырмандарға ұсынып отырмын. Хат жеке адамға жазылса да, көтерген мәселесі көптікі. «Құрметті Сәлім! Сөзді «сәлеметсіз бе, аман-есенсіз бе?» дегеннен бастайын. Күйлі-қуаттысыз ба? Үй-ішіңіз, отбасы, ошақ қасыңыздың жай-күйі жақсы ма? Есіңізде бар ма, жоқ па, ұмытылып қалды ма екен, мен Би-ағаңның отыз жылдан астам уақыт бойы жоғын жоқтап, барын өшіртіп алмай жүрген Тоқтар Бейісқұлов. Енді есіңізге түскен шығар. 1994 жылы Б.Майлиннің 100 жылдығы өткенде Қостанайдағы, оның ауылы Ақтөбедегі салтанаттарға қатысқанмын. Сол жылы Сіз 1-қыркүйекте шыққан «Қостанай таңы» газетін маған салып жіберіп едіңіз. Ол санында М.Сералин мен Б.Майлиннің суреттері және шағын мақалалар беріліпті. Бірінші бетінің жоғарғы оң жақ бұрышына «Құрметті Төке! Би-ағаң ұйымдастырған газеттің атынан Сізге мың да бір рахмет. Ізгі тілекпен газет редакторының орынбасары» деп жазып, қол қойғансыз. Мерзімі 11.01.1994 жыл. Сол бір тұста газеттеріңізге Б.Майлин туралы жазған біраз материалдарым басылған еді. Әлгі газет мұрағатымда сақтаулы. Осы іспен шұғылданып жүргенде мұрағатты, кітапханаларды көп ақтардым. Талай шаң жұттым, қыруар уақыт жұмсадым. Нәтижесі, шүкір, бар, жаман болған жоқ деп ойлаймын. «Бейімбет Майлин – публицист», «Қанатты каламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім?», «Қилы заман азабы», «Бейімбет Майлин және ұлттық өнер» атты кітаптарымды, «Биаға» естеліктер жинағын құрастырып шығардым. «Бейімбет Майлин тағылымы» деген кітапты құрастырып, дайындап едім, оны шығарудың сәті түспей жүр. Қаржыға тіреледі. Жарық көрген зерттеу мақалаларымның өзі бір кітап боларлық. Істеп жатқан енді бір шаруам – жазушының жазғандарын, мақалаларына дейін, мұрағаттардан жинап толық етіп шығару. Газет, журналдардың сандары толық болмауы немесе жыртылуы салдарынан біраз туындылары таптырмай да жүр. Дегенмен, 10-12 томдық дүниелері жиналды. Бұрынғы шығарылып келген жинақтары 5-6 томды құрайтын еді ғой. Алғашқы үш томын шығардық та, биыл келесі үш томы шығып қалар. Мақсат – орта жолда тастап кетпеу. Әрине, қолбайлау – қаражатта. Б.Майлиннің публицистік сыншыл­дығы жөнінде еңбек қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәреже алғанымды да айта кетейін. Биыл «Қостанай таңы» газетінің бірнеше санындағы Сіздің «Қайран, Биаға» деген мақалаңызды оқыдым. Ол жайында қанша жазсақ та артық емес. Ашылмай, айтылмай жатқан қырлары әлі бар. Бейімбеттің ісімен танысқан болатынмын. Артынша «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше санына «Ат деген кім? Атқан кім?» атты мақалам шыққан. Соны кеңейтіп «Бейімбетті атқан кім?» деген кітабымды жазып шығарттым. Мұны да кеңейтіп, бүкіл өмірін қамтыған «Қилы заман азабы» атты еңбегім жарық көрді. Енді бір парызым бар. Ол Би-ағаңа облыс орталығы Қостанайда мемориалдық мұражайын ашқызу. Мұны мен оның 100 жылдығына барғанда, жиындардың бірінде, Б.Тұрсынбаевтың әкім болып тұрған кезінде көтергенмін. Әлгі кітаптарымда да айттым. Тіпті болмаған соң он адам қол қойған Үкімет басшысына Қостанай облысының әкімінің атына хат ұйымдастырдым. Оған қол қойғандар мүйізі қарағайдай жазушылар мен ғалымдар. Бұл хат, сондай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2004 жылғы 26-наурыз, 1-сәуірдегі санында жарияланды. Бір жарым айдан кейін Қостанай облысы Мәдениет департаментінің директоры Р.Ғайсеновадан жауап алдым. Мұражай ашу пейілдері байқалмады. «­Қа­­зақ әдебиеті» газетіне (4-маусым ­­2004 ж.) «Құлық болса, шешілмейтін іс бар ма?» деп тағы жаздым. Содан бері тым-тырыс. Шенеуніктердің өз қамымен жүріп, мәселенің байыбына барғысы келмейтін сияқты. Биыл Биағаның туған күніне орай тағы жаздым. «Жас Алаш» газетінің 15-қараша күнгі санында «Алып жазушының алдындағы бір парызым» деген мақалам шықты. Онда жазушының Қостанайда мұражайының ашылмай жүргені жайында ашына айтылады. Қазақты қойып, неміс жазушысы Г.Бельгер «О жизни и деяниях Биага» деген мақаласында («Каз. правда», 22-мая 2004 г.) менің «Қилы заман азабы» кітабыма пікір айтып, Бейімбетке мұражайдың ашылуын қажет деп жазды. Мұның бәрін неге айтып отырмын, Сәке! Ауыл алыс, жер шалғай дегендей, алыстағы шырқыраған дауысымыз Қостанай әкімшілігіндегілердің бүйрегін бүлкілдетіп, жүрегін сыздататын емес. Осы игі істі жүзеге асыруға Сіздер, қостанайлықтар, үн қосып, тиісті жерге мәселе қойып, атсалыссаңыздар ғанибет болмай ма. Түсінікті ниетті енді тәптіштемей-ақ қояйық. Жоғарыда келтірілген газеттерді қарасаңыз бір ой салар. Ал сау-саламат болыңыз! Зор ден­саулық, үй-ішіңізге мол қуаныш тілеймін! Пікіріңізді жазып жіберсеңіз құба-құп. Егер Сіздер жақтан біреулер келер болса, соңғы екі кітабымды сыйлап беріп жіберер едім. Сыйластық көңілмен, Тоқтар». Тоқаңның осы хаты кім-кімге болмасын терең ой салады. Анабір жылдары Шымкент қаласында болғанда арнайы архитектуралық жобамен салынған қуғын-сүргін құрбандарына арналған еңселі мұражайда болдым. Сонда бір бұрышы толығымен біздің арыстарымыз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлинге арналыпты. Шұқшия қарадым, ерекше толқыдым. Қазақтың кешегі және бүгінгі тарихында осы үш арысымыздың орны ерекше ғой. Олардың үшеуі де осы Қостанай өңірінің тумасы, мақтанышы. Арттарына өлшеусіз мұра, өлмес өнеге қалдырған біртуар тұлғалар. Осы даналарымыздың сол мұраларын жинастырып, еңселі бір мұражайға топтастырсақ, пәтуәлі іс, өткенге ізет, келешекке аманат болар толымды жұмыс тындырар едік. Ұлы Ахаң жарықтықтар қапаста жатып: «Асықпаңдар! Артымызда қазы бар, Тергеп талай көрлеріміз қазылар» демеп пе еді. Айтқаны келді, арыстарымыз ақталды. Енді оларды мәңгілік жадымызда сақтау, ұлылығын паш ету үшін бір орталық қажеттігі айдан анық. Рас, Ахаң атындағы университетте хал­қы­ның рухани көсемінің келісті мұражайы бар. Соның негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұрасын кеңі­нен қам­титын халықтың бір тағзым шаңы­рағы өзінен-өзі сұранып-ақ тұрғандай.

Би-ағаңа қарыздармын

Бала жастан журналист болуды армандап, ес білгелі қолыма қалам алып, газет-журналдарға хабар-ошар жазатын әдетім бар-ды. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде «Қазақстан пионері» газетінде ең алғашқы мақалам жарық көріп, төбем көкке жеткендей еді. Кейін Қостанайдағы ЬІбырай Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернатта оқып жүргенде де бөтен мамандық туралы тіпті ойлаған да жоқпын. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазым ­Панна Александровна Рыбалова да, ­сынып же­текшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінен беретін Бөпіш Алматова ­апайым да менің қалауыма үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүрді. Бірақ ол кезде журналист кадрларын тек Алматыдағы қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті С.М.Киров атындағы оқу ордасы даярлайтын. Сонымен қатар заң факультеті мен журналистика факультетіне екі жыл өндірісте жұмыс істеп, ысылған, өзіндік көзқарасы қалыптасқан жастарды қабылдайтын. Журналистика факультетіне түсушілер үшін алдын ала шығармашылық конкурс өтетін, оған газет-журналдарда шыққан мақалалардың қиындыларын тапсыру керек-ті. Бұл жағынан менің қысылатын ештеңем жоқ, Рудныйда, жөндеу-механика заводында, токарь болып екі жыл жұмыс істегенде жазып, жариялаған материалдарымның өзі қалың бір папка еді. Ал токарьлық мамандықты мектепте оқып жүргенде алған едім, апта сайын бір күн кәсіби даярлық сабағын Қостанай жөндеу-механика заводының бір цехында өткізіп жүрдік. Соңында емтихан тапсырып, 3 разрядты токарь мамандығын алып, екі жылдық еңбек өтілі үшін сол мамандығым бойынша еңбек еттім. Ақыры арман арқалап, Алматыға аттанар күн де келді. Тамыз айының аптап ыстық күндерінің бірінде Қостанай-Алматы пойызынан отырып, жолға шықтым. Вагон іші ығы-жығы халық. Қасымда отырған қараторы қаршадай қыз бір кітапты оқиды да өзінен-өзі мырс етіп күледі. Кітап бетін аударады да езуіне қайта күлкі үйіріледі. – Қарындасым, қызық кітап па? – деймін үнсіз отыруды жөн көрмей. – Өте қызық, – дейді қыз. Ақыры сол кітапты сұрап алып, түнде тамбурға шығып бір демде оқып шығайын. Расында да, тамаша туынды екен. Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматович» романы. Міне, Би-ағаңның осы кітабы менің қолыма тегіннен-тегін түспеген екен. Университетте қабылдау емтиханында билеттегі бірінші сұрақ та Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматович» романы еді. Емтихан қабылдап отырған Бақытжан Кәрімов және Қабижан Құсайынов ағаларым: – Бала, «Азамат Азаматовичті» оқыдың ба өзің? – деп сұрады. – Иә. – Онда айта қойшы, сол Азамат Азаматовичтің шын аты кім еді? – Қожалақ Күркілдеков... – Міне, білетін баланікі осы, – деп қағазыма «отлично» деп жазып, басқа ештеңе сұрамастан «Жол болсын!» деді. Мен де Би-ағаңның аруағына сыйынып, бөлмеден жадырап шықтым. Сол «отличноның» басқа да емтихан­дарға әсері болып, қарашаңырақтың сту­ден­ті атанып шыға келдім. Шынын айтайын, біз мектепте Би-ағаң шығармашылығын оқыған жоқпыз, оның мұндай романының бар-жоғынан да хабарсызбыз. Пойыздағы сол кездейсоқ кездесу болмаса, салым суға кетіп, Қостанайға қайта оралуым ғажап емес еді... Ал қызметке сол Би-ағаң негізін қалап, шығарған кешегі «Ауыл», бүгінгі «Қостанай таңы» газеті редакциясына келіп, қырық жылдан астам уақыт тер төгіп жатсам оны да тағдырдың бұйрығы деп білемін. Осынша уақыттың тең жартысында сол Бейімбет Майлин атқарған шаруаны жалғастырып келе жатқанымды ерекше мақтан етемін. Жұмыс бөлмемде Би-ағаңның суреті ілулі тұрғанына да талай жылдың жүзі болды. Редакция ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта ілінген. Жылда ретін тауып, Би-ағаңа қатысты ең болмаса бір-екі мақала жазатыным бар. «Пірім менің – Би-аға!», «Би-ағаңнан ұялып жүрміз», «Би-ағаң алдындағы бір парызымыз», «Ақтөбе – көп төбенің бірі емес», «Қайран, Би-аға!» және басқа мақала-очерктер сол ұлы жазушы, ұлы журналист Майлинге арналған еді.

Сәлім Меңдібаев Қостанай

21860 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы