• Қоғам
  • 02 Қазан, 2014

Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіру керек пе?..

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіруге қатысты өз қарсылығын білдірді. Ол осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Атап айтсақ, елімізде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарламаның мақсаты Қазақ­станда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылады. Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң­на­масында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар бағытталған. Бағ­дарламаның бірінші кезеңін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен көзделген жалпы шығын – 19 134 946 мың теңге. Ал 2015-2020 жылдар ішінде Бағдар­ламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерді тиісті қаржылық жылға қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады. Осы бағдарламаны іске асыру мақ­сатында жергілікті атқарушы органдар мем­лекеттік кәсіпорындар – Мем­ле­кеттік тілді оқыту орталықтарын құрды. Депутат облыстар мен аудан әкімдіктері өңірлік коммуналдық иелігіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды – Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын да сатуға шығарып отырғанын мәлімдеді. «Бұл орталықтар тек қана бюджет қаражатымен жұмыс істеп тұр және үлкен активтері жоқ. Мемлекеттік тілге қызығушылық артып отырса да, орталық жұмыстарынан азаматтарымыздың хабары жоқ, жұмыстары ашық емес, нәтижесі белгісіз. Ал жекешелендірудің бас­ты шарты – ашықтық. Бәсекелестік ортада нарықты өткізу кәсіпкердің негізгі мәселесі болып табылады және кез келген кәсіпорынның рентабельділігі соған байланысты екені анық. Ал әлеуметтік бағыттағы біз атаған кәсіпорындар қазірдің өзінде қаржыландыру көзімен және нарықты өткізумен қамтамасыз етілген. Егер бұл мекемелерді жекешелендірсек, мемлекеттік тапсырыссыз, қаржылық қолдаусыз орталықтардың келешегі жоқ және жойылып кетеді» деді ол. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік тапсырысты сақтап қаржыландырса, орталықтар бұрынғыдай  «жабық» түрде жауапкершіліксіз жұмысын жалғастыратын болса, онда олар жұмыс істеу тетіктерінен айырылып, бәсекелестігі жоқ ортада жекелеген адамдардың табыс көзіне айналады және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол ашады, сондай-ақ меншік иесінде масылдық көңiл күйдi тудырады. Аталған орталықтар жекешелен­дірілген жағдайда, бағдарламаның негізгі мақсатына қол жеткізе алмайтынымызды ескерткен депутат өз ойын «Мемлекеттік кәсіпорынның жаңа меншік иесі кім болатыны белгісіз, ол мемлекеттік тілдің дамуына шынымен де жаны ашитын адам ба немесе жеке бас пайдасын ғана ойлайтын адам бола ма?! Мемлекеттік тілді дамытуға табыс көзі деп емес, әлеуметтік және мемлекеттік маңызды жоба деп қарауымыз керек» деп қорытты. «Ақжол» партиясы бизнестің бәсекелік ортада дамығанын қолдай­тынын айтқан депутат Үкімет басшысынан Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіру туралы мәселені қайта қарауын өтінді. Айдын БӘЙМЕН АСТАНА

4582 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы