• Тіл
  • 22 Қаңтар, 2009

Ұлттықты сақтау амалдары!

Қазақстан Республикасы Президентінің,

Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына

Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұдан былайғы уақытта Қазақстан азаматтарына жаңа электронды төлқұжат беруді негіздейтін 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 1235 қаулысын қабылдауы жұртшылықтың қатты алаңдаушылығын туғызды. Алайда Премьер-министр К. Мәсімовтің аталмыш мәселенің орындылығын дұрыс түсініп, дер кезінде Әділет министріне биометрикалық төлқұжатта азаматтың ұлтын көрсететін бағанды кіргізуді тапсыруы оң қадам болды деп санаймыз. Енді айтылған сөз айтылған жерінде қалмай іске асуы үшін ел Үкіметінен көрсетілген қаулыға жедел түрде тиісті өзгеріс енгізуді, жаңа электронды төлқұжатта азаматтың ұлтының көрсетілуін қамтамасыз етуді талап етеміз. Сонымен қатар, осы мәселемен тікелей байланысты аты-жөніміздегі ала-құлалықтарды да реттейтін кез келді деп білеміз.

Біздіңше, азаматтың ұлтын көрсетумен бар түйін шешіліп кетпейді. Бұл мәселенің бір беті ғана. Мұның ар жағында азаматтың аты-жөнін қалай ресімдейміз деген мәселе туындағанына біраз болды. Басқасын былай қойғанда, тек ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін дұрыс ресімдеуге келсек, бұл ретте қаншама мәселенің бас көтеретініне көзіміз жетеді. Бұл бірді-екілі емес, бар қазақтың басындағы жағдай.

Қазіргі кезде қазақ халқының 99 пайызының аты-жөні орысша толтырылған. –ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -иналарды былай қойғанда, азаматтың азан шақырып қойған атының өзі орыс тілінің емле ережесіне лайықталып, өрескел бұрмаланып жазылуда. Жақында ғана баспасөз бетінде бір ғана “Мөлдір” деген есімнің бұрмаланған 16 түрлі нұсқасы кездесетіні туралы дерек жарық көрді. Кісінің жеке басын қорлаудың бұдан артық қандай үлгісі керек? “Ефремова Юлия Владимировна” деген орыс аты-жөнін қазақша “Епірем Иулиә Бләдіймірқызы” деп жазсақ не болар еді? Адам естімеген сұмдық болар еді. Бұлай жазу ойымыз тұрмақ, түсімізге кірмес еді. Ал, намыссыз қазаққа не істесең де болатын тәрізді. Сондықтан да ендігі жерде қазақты мазақ қылуға бағытталған мұндай сорақылықтың ары қарай жалғаса беруіне тоқтау салып, аты-жөнді дұрыс ресімдеу ісіне шұғыл кірісу қажет деп санаймыз.

Сонымен бірге, орыс тілінің -ов, -ев, -ович, -евич, -овна, -евна қосымшаларынан құтылу үшін төлқұжаттарын ауыстырып, аты-жөнін қазақы қалыпқа сай өзгертіп алған намысы бар санаулы азаматтың басындағы қиындықтар мен кедергілер де шаш етектен. Осы азаматтардың бұрынғы құжаттарының бәрі жарамсыз болып, өздері әбден әуре-сарсаңға түсіп сенделіп жүр. Ал, тиісті мемлекеттік мекеменің оның аты-жөнінің өзгергенін растау үшін берген анықтамасын құзырлы орындар мойындай бермейді. Жинақтаушы зейнетақы қорларының автоматтандырылған жүйесінде де қазақтардың аты-жөнін қазақша толтыратын қазақ әріптері жоқ. Осыған байланысты оның төлқұжатта қазақша ресімделген аты-жөнін қайта бұрмалау басталады. Міне, осындай қолдан жасалған кедергілер қазақтардың төлқұжаттарын ауыстырып, аты-жөндерін қазақ тілінің емле ережелеріне сай қатесіз, дұрыс толтыруға деген ықыластарын суытты. Соның салдарынан қазақ халқының басым көпшілігі орыс отаршыларының маңдайларына басқан құлдық таңбасы іспеттес -ов, -ев, -ович, -евич, -ова, -ева, -ин, ина, -овна, -евна қосымшаларынан әлі күнге арыла алмай жүр.

Бұрын компьютер құралдары қазақ әріптерін танымайды деген сылтаумен қазақтардың аты-жөндері бұрмаланып келсе, бүгінде бұл мәселе толығымен шешімін тапқан. Қазақша қалай жазамын десең де техникалық мүмкіндіктер жетеді. Тек ықылас пен ниет болса болғаны.

Көрсетілген мәселелерді реттеу үшін ел Үкіметінің назарына төмендегідей шараларды қолға алуды ұсынамыз.

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысының күн тәртібіне ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін қазақ тілінің орфографиясына сай ресімдеуді бір ізге түсіру мәселесін қарауды енгізу.

2. Азаматтың жеке басын құжаттау, аты-жөнін ресімдеу тәртібін реттейтін нормативтік актілерге ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін қазақ тілінің емле ережелеріне сай ресімдеудің бір ізге түскен тәртібін белгілейтін толықтыру енгізу.

3. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 1235 қаулысына жаңа электронды биометрикалық төлқұжатта ұлты деген графаның болуын, ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің орфографиясына сай жазуды және оның латын әрпіндегі нұсқасына азаматтың қазақша аты-жөнін негіз етіп алуды міндеттейтін тармақтар енгізу, сондай-ақ мұның техникалық тұрғыдан шешілуін қамтамасыз ету.

4. Аты-жөндеріндегі орыс тілінің қосымшаларын алып тастап, жаңа төлқұжат алған азаматтардың өздеріне тиесілі бұрынғы құжаттарының (орта білім куәлігі, диплом, неке куәлігі, ӘЖК, РНН, мүлкіне иелік құқығын растайтын құжаттары және т.б.) ақысыз негізде жедел ауыстырылып берілуін немесе олардың бұрынғы нұсқасының сол күйінде жарамды болуын көздейтін тетіктерді қарастыру.

5. Арнайы тілші мамандардан жұмыс тобын құрып, “Қазақ есімдері” деген академиялық толық жинақ әзірлеу және оған қосымша қазақ аты-жөндерін жазудың емле тәртібін белгілейтін әдістемелік құрал дайындап шығару. Аталған еңбектерді Қазақстан аумағындағы АХАЖ бөлімдерінің барлығына таратып беру. АХАЖ бөлімінің қызметкерлеріне қазақша құжат ресімдеу негіздерін үйрететін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру.

6. Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде және мемлекеттік емес секторында қолданылатын компьютерлік автоматтандырылған жүйелердің барлығының қазақ әріптерімен жазуын қамтамасыз етуді және қазақ тіліндегі нұсқасының (1С Бухгалтерия, ЛотусНотес, зейнетақы қорлары, банк ұйымдары, МАИ жүйесі және т.б.) болуын міндеттеу. Шетелден келетін және елімізде әзірленетін компьютерлік бағдарламалық өнімдердің барлығының қазақша нұсқалары болуы туралы қатаң талап ету.

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының төралқасы

3278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы