• Тіл
  • 08 Қазан, 2014

Ұлттың қазығы да, қазынасы да – тіл

«Сөз сөзден туады, сөйлемесең неден туады» деп отырушы еді марқұм әжем. Шынында да, сөзден сөйлем туып, алғашқы сәбидің қалт-құлт еткен, тәй-тәй басқан шағында «ата-апа» деп басталатын алғашқы сөзінің төңірегіне топтасқан сөздік қор мыңдаған, миллиондаған жылдар бойы дамудың нәтижесінде белгілі бір ұлттың қарым-қатынас құралы – тіліне айналады. Сондықтан да халықтық мәдениет пен құндылықтарды бойына сіңірген  ұлт тілі – ол ағып жатқан арналы кәусар бұлақ, баға жетпес рухани қазына. Тау-тасты жарып аққан небір керемет арынды өзендердің өзі  әртүрлі табиғи өзгерістерге түсіп жатады. Жолындағы құмды шөлден өте алмай, сіңіп жоқ болып немесе арнасы шөп-шаламмен былғанып, соңы лайға айналып жатқаны қаншама!  Міне, сол секілді тіл де жанды құбылыс. Бұлақтың көзін ашсаң одан әрі ағады, ал қоқыспен бітесеңіз немесе басқа арнаға бұрып жіберсеңіз, бір өзен екіншісіне қосылып, жоғалып тынады. Әлемде күн сайын, тіпті сағат сайын екінші тілдің жетегінде кеткен кейбір тілдер жаңағы бұлақ секілді біржола жер бетінен жойылып жатыр. Қазақ тілі сөйлейтін адамдар саны жағынан әлемдегі тілдер арасында жетпісінші, ал тіл байлығы жағынан екінші, үшінші орындарда. Ең бай тіл саналатын араб парсы тілінің 12 миллионнан астам сөздік қоры болса, қазақ тілінің сөздік қоры бүгінгі таңда жеті жүз мыңдай. Оның үстіне, сапалық деңгейі жағынан өзге тілдерден анағұрлым жоғары.Ал жаһанданудың ұйытқысы болып саналатын ағылшын тілі жыл сайын жиырма бес мыңдай жаңа сөздермен толығып отырса, оқшауланған отыздай тілдің жұтылуына көмектеседі екен. Тіліміздің шұбарланбай күні бүгінге дейін таза қалпында сақталып келуінің негізгі құпиясы – бұл көшпелі халық мәдениетінің көпке дейін басқа ұлт мәдениетінен оқшау дамуында. Көшпенділер өз мәдениетін дамыта отырып, ұлттың рухани қазынасы тіл байлығын молайтты, өмірде көрген-білгендерін ой-санасында қорыта отырып, тілі арқылы кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдырды. Тіл – ұлттың дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысты. Мәселен, бір кездерде мал шаруашылығымен айналысатын қазақ жұрты баласын «ботақаным» деп мейірленіп, айналып толғанса, ал бүгінде «ботақан» сөзінің не екенін білмейтін орыстілді қандастарымыз қаншама. Ата-бабаларымыз бірнеше том болатын жыр, қисса-дастандарды таңды таңға ұрып, жатқа айтқан. Соның арқасында тіл ұстарып, сөздік қор ұлт арасында кеңінен пайдаланылған. Бүгінде ғалымдарымыз, жазушыларымыз жазудай-ақ жазып жатыр. Бірнеше томдаған кітаптар да шығаруда. Бірақ оны бірен-саран адам ғана болмаса, жалпы жұрт пайдаланбайды. Сөздік қор қолданыста болмағандықтан да, қолданылу аясы тарылып, жылдан-жылға халық арасындағы сапалық деңгейі ортая түсуде. Қазақ тіл тарихы қилы кезеңдерді басынан өткерді. Біріншіден, қазақ халқы 300 жылдай қытай араб, жоңғар, шапқыншылығынан зардап шегіп, тақымын жаза алмаса, кейінгі 300 жылда Орыс империясының бодандығында болып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Ғасыр басында қазақ түркілер әлемінде бүгінгі түріктерден кейін екінші орында тұрса, бүгінде түріктердің өзі 80 миллионнан асып, әлемнің барлық елдеріне аттары мәшһүр бола бастады. Әзірбайжандар 40 миллион, өзбек ағайындар 35 миллионнан асып барады, ал біз таза қазақ 10 миллионға да жете алмай келеміз. Соған қарамастан басқа түркі тілдерімен салыстырғанда сөздік қоры жөнінен қазақ тілі ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Бүгінгі зерттеулердің негізіне сүйенсек, тілдің осынша құнарлы болуы, бейнелі болуы, таза қалпын сақтауының негізгі қайнар көзі – бұған дейінгі ауыздан-ауызға тарап келе жатқан қазақтың жыраулық, ақындық өнерінің, яғни ауыз әдебиетінің күні бүгінге дейін сақталуы. Тіл дамуының негізгі қозғауыш күші де, ертеңгі болашағы да бүгінгі жас бүлдіршіндер. Белгілі тіл жанашыры, ұлт көсемі М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі тектен-тек айтылмаса керек. Сондықтан, біз ең әуелі басты назарды бала тәрбиесіне аударуы­мыз керек. Бүгін сәбидің тілін қалай шығарсақ, ертең ол дәл солай сөйлейді. Бүгінгі таңда балабақша, мектеп, тіпті жоғары оқу орындарының өзінде де тіл мәселесінің ақсап тұрғаны баршамызға аян. Балабақша – әр баланың отбасынан кейінгі екінші тіл дамыту орталығы. Сондықтан балабақшадағы тәрбиеге, ондағы оқу құралдарының мазмұнды болуына бәріміз де салғырт қарамауымыз керек. Қазақ отбасында дүниеге келген әр баланың тілі қазақша шығады деу қиын. Өйткені барлығының ата-анасы бірдей тілге жетік, сөзге бай, бейнелі сөзді меңгерген жандар емес. Өзі қазақша жақсы сөйлей алмаған ата-анадан қазақы ұрпақ күту де қиын. Сондықтан бұл жерде қазақ балабақшасының рөлі ерекше. Ең бірінші кезекте бала тәрбиешілеріне көңіл бөліп, жағдай жасағанымыз абзал. Тәрбиешілердің бүгінде алатын айлықтары 30-40 мың теңгеден әрі аспайды. Мұндай айлыққа қандай маман жұмыс істейді? Ал кейбір отбасыларда баланың тілі қос тілде шығады. Қостілділіктің жақсы тұсы, артықшылығы бар шығар, алайда қазақ өз баласының тілін алдымен қазақша сындыруы керек. Әйтпегенде, не өз ана тілінде дұрыс сөйлей алмайтын, не өз тілін менсінбейтіндер саны өкінішке орай, тағы біреуге артады. Бұл бара-бара үлкен қасіретке айналары сөзсіз. Сол себепті де әр ата-ана өз баласының тілінің шығу үрдісіне немқұрайлы қарамай, отбасында орынсыз басқа тілдерде сөйлеспеуі, баланың қабылдауына ауырлық, салмақ салмаулары керек деп ойлаймын. Әсіресе орыс балабақшаларында тәрбиеленген қазақ балаларының тілі сол күйі «ң» мен «ә»-ге келмей қалыптасып өсіп жатыр. Балаға шет тілін балабақша түгілі бастауыш сыныптың өзінде оқыту асығыстық. Бұл қазақ ұлты үшін берік қағида болуы керек. Кезінде қазақ тілінің алғашқы жанашыр ғалымдары, тілдің ғылыми негізін салушылар А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Т.Тәжібаев қазақ мектебінде оқып, ұлттық тәрбие алмаған баладан ұлттық мүддені күтуге болмайтынын қадап айтқан болатын. Ал Т.Тәжібаев, М.Мырзахметов сынды ғалымдар аралас мектептердің қазақ балалары үшін зиянын дәлелдеген бір-бір кітап жазып қалдырды. Бірақ оған құлақ асып жатқан біз жоқ. Бір айта кететін жайт, бұл жерде тіл үйрену мен ұлттық тілде ұрпақ тәрбиелеу мәселесінің ара-жігін айыра білгеніміз жөн. Өзге тілді білгеннен адамдардың өресімен бірге өрісі өсіп, ел-жұртты танитыны сөзсіз. Бірақ өзге дүниені ұлт көзімен қарау, ұлттық психологияда тану әркімнің қолынан келе бермейді. Мәселен, бүгінгі таңда орыс халқының көзімен дүние есігін ашқан, білімін орыс дүниетанымымен жетілдірген, орыс рухымен сусындап философиясынан нәр алған кейбір мемлекет басындағы мықты деген қазақ азаматтарының өзі ұлттық мүддеге келгенде тайсақтап, бойкүйездік танытады. Оның себебі тілдік рухтың жоқтығында. Қазір Қазақстан жаһандануға бет алды. Бұл дүниежүзілік үдеріс. Біз бұдан қала алмаймыз. Ағылшын, орыс, қазақ тілдерін білу, үш тұғырлы саясат ұстану дұрыс-ақ. Дейтұрғанмен бала санасын ерте улап, бастауыш сыныптарда басқа тілдерді үйрету артықтау. Педагогика саласының білгір маманы, ұлттық педагогика мен психологияның негізін қалаушы, бір кездерде өзі дипломат болған әрі Мәскеуде тәрбиеленіп өскен атақты ғалым Төлеген Тәжібаев өзінің ғылыми пайымдауында баланы он жасқа дейін өз тілінде тәрбиелеу керек десе, соңғы кезде дүниежүзінің педагог зерттеушілері баланы он үшке дейін өз тілінде сусындатып өсіру керегін ашық айтады. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Бала бір мүшелге толғанша яғни он үшке келгенше жеті атасынан берілетін қан арқылы және ұлтының сөйлеу тілі арқылы толықтай ойлау жүйесін қалыптастырады екен. Қазақта «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген қанатты сөз бар. Қазекең бір мақал түгілі, бір сөзін босқа айтпаған. Мүшел жасына дейін жас баланың бойында қалыптасатын адами қасиеттер, тек арқылы берілетін тұқымқуалаушылық, соның ішінде ойлау жүйесі тәрбиені сол өзінің арғы ата-бабаларының тілі арқылы жалғастырса ғана баянды болады екен. Ал ойлау жүйесі қалыптаса қоймаған жас буынға гендегі ойлау жүйесіне сәйкес келмейтін тілді оқытсаңыз, ол баланың бұрыннан тұқымынан келе жатқан ойлау қабілеті бұзылып, жаңа тілге негізделген жаңа пайым қалыптасады. Міне, осыдан келіп, екі тілде оқыған, қатар сөйлеген кейбір талантты жас балалардың ойлау жүйесінде кібіртік тежеуіш күштер пайда болады. Өздеріңіз білетіндей көп оқитын, көп білетін, дарынды балалар арамызда аз емес, бірақ ұлттық мүддеге келгенде олардың қай-қайсысы да самарқаулау. Кезінде ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Адамға тәрбиесіз берілген білім – зиянның зияны» дегені осының дәлелі болса керек. Қазірде шетелде оқып, шетелге аты мәшһүр қазақ балалары аз емес, тілін білмесе де оның қазақ екендігіне қуанып, сырттай мәз болып біз отырамыз. Шынын айту керек, сол қазақ балалары ұлттық мүддемізге қызмет ете ме, ұлт үшін қаншалықты пайдасы бар. Міне, осы тұрғыдан келгенде, әлі ойланатын, зерттейтін мәселелер көп-ақ. Мемлекеттік дамудың көшбасында жүргендер руханияттың негізгі алыптары ұлттық рухтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, ұлттық мектептерде оқып, халықтың арасында тәрбиеленгендер. Бір ғана Павлодар өңірінің Баянауылынан он академик шықса, оның тоғызы бірауыз орысша білмей өскен қазақтың қарадомалақтары. Ал дүниежүзінің Нобель сыйлығын алған ғалымдардың да 90 пайызын сол ұлттық мектептер мен ұлттық тәрбиеде білім алғандар құрайды. Ұлт көсемдері қай елде де бар. Дүниежүзілік ойшылардың бірі Гетенің бір кезде айтқан «Ұлы дүниелер ұлт тілінде ғана жасалады» деген сөзі босқа айтылмаса керек. Біз өзге ұлттың тілінде сөйлеу арқылы экономикалық жетістіктерге, материалдық тоқшылыққа жетуіміз мүмкін, бірақ тәуелсіз елдің негізгі айқындауышы тілді дамытпай жұрт санасатын ел болуымыз екіталай. Тілдің астарында ұлттың рухы жатыр. Ертеңгі елін қорғайтын батырлар да елінің зары мен мұңын жоқтайтын ақындар да сол тіл рухынан нәр алып, өсіп жетіледі. Ұлттық тұтастық пен ұлттық бірлікке айналып келгенде мемлекеттік мүддеге де қызмет ететін – ұлттық рух, ұлттық таным. Ол көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Бірақ сарқылмас қазына ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады. Тіл туралы айтқанда тіл біліміне қатысты бірер сөз айтып кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда өз мамандығын игере алмаған, не болмаса күні кешеге дейін орыс тілін зерттеумен нанын тауып жеп жүргендердің аяқ астынан қазақ тіл білімінің жанашыры бола қалатындары қынжылтады. Олар күн санап арамызда көбейіп келеді. Төтесінен айтсақ, жалған ғалымсымақтар тіл заңдылықтарын бұра тартып, тілді біресе орысқа, біресе қытайға бұрып, жұлмалап жүр. Қалыптасқан ұлттық тіліміз бар. Оған біреудің ана сөзі кірді, біреудің мына сөзі кірді, сөйтіп сол арқылы тіліміз байып, сөздік қорымыз жаңарды деген меніңше артықтау пікір. Егерде біз сонау біздің эрамызға дейінгі тарихымызды дәлелді терең қозғай алсақ, кімнің тілінен кім үйренгендігін тарих өзі айқындап берер еді. Сол себепті де бұрынғы империяның нұсқауымен жазылған ғылыми еңбектер бүгінгі таңда жаңадан басқаша көзқараста қарастырылуы керек. Ал кейбір тіптен батысшыл болып кеткен ғалымдар тілдің мәнін, ұлтқа қызмет ету аясын шетелдік еңбектерден іздейді. Рухани күшін сол мәдениетке апарып телиді. Сондықтан да болар ол ғалымдардың еңбектері аяғы «изм-мен» бітетін сөздерден көз тұндырады. Тілді дамытып, жоғалған сөз қорын жаңартудың орнына қазақ тілінің тамырын басқа жұрттан іздеу – бұл барып тұрған қателік. Қазақта: «пайдаң тимесе тимесін, ең болмаса зияныңды тигізбе» деген қанатты сөз бар. Тым құрығанда ондай ғалымдар осы сөзді берік ұстанса деймін. Биыл біздің институтымызда тоқсанға толып отырған, белгілі тіл жанашыры, ұлт мақтанышы академик Р.Сыздықтың мерейтойы атап өтілмекші. Ғалымның: «Тіл – мемлекеттің ең соңғы қамалы» деген қанатты сөзі бар. Міне, тіл біздің соңғы қамалымыз. Бүгінде шұбарлап сөйлеп, қазақтың төл сөзін екінші елге таңып жүрген ғалым ағайындар осы соңғы қамалымызды құлатып алмаса екен деймін. Орыстілді ғалымдардың ойлау қабілеті де орысша болғандықтан, қазақ тілінің барлық астарын орыстардың фонетикасы мен грамматикасынан іздейді. Әлі күнге дейін септелу, жіктелулеріміз орыс тіл білімінің негізінде. Тіпті қазақша ойладық, жаздық деген бүгінгі біздің өзіміз кеңестік дәуірдегі саясат салдарынан көп нәрседен айырылып қалғанымызды енді байқап жүрміз. Бір ғана қарапайым мысал: Осыдан 500 жыл өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабын оқып, таңғаласыз. Ішінде қаншама қазақтың сөздері бар. Қарапайым шөп, өсімдік атауларының өзін бүгінде білгір деген тіл мамандарының сөздік қорларынан таба алмайсыз. Тек кітаптың өзінің аты ғана көп қазаққа серпіліс береді. Жалпы саналы азаматтың қалып­тасуына, оның тәуелсіз ойлау жүйесінің пайда болуына ұлттың дәстүрі мен тілінің әсері өте көп. Көбіне мұның дені қабылдайтын ақпаратқа байланысты. Егерде қазақ жұртының шын тәуелсіз ойлау жүйесіне қол жеткізгіміз келсе, Қазақстан аумағына тарайтын ақпараттың тек тіліне ғана емес, оның мән-мазмұнына да, тіл арқылы берілетін ұлттық сипатына да көңіл аударғанымыз жөн. Тілдің адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы болуымен қатар, оның ақпараттық, мұрағаттық қасиеттерін де терең ескергеніміз абзал. Ежелгі бабаларымыздың тарихи шежіресі не болмаса ауыз әдеби мұралары бүгінгі ұрпағына сол ана тілі арқылы жетсе, бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған заманында теледидар, радио арқылы түрлі ақпараттар тасқыны көз ілеспес шапшаңдықпен өтіп жатыр. Көптеген елдердің өзі қарулы соғыс емес, ақпаратты соғыстың басымдылығын түсінуде. Бұл ұлттығымызға, мемлекеттік тілімізге сырттан төнетін үлкен қатерлердің бірі. Осы кезде тіл тұтастығымен қатар мәде­ние­тіміздің беріктігі сыртқы күшке төтеп бере алса ғана, тәуелсіздігіміздің баян­ды болғаны. Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның бола­шағы – қазақ тілінде» деуі осыдан болса керек. Қоғамда интернеттің рөлі күн санап артып, бұрынғы газет, журнал, кітап оқу бір жола қалып барады. Бұрын қисса-дастандарды жатқа білмейді деп өкпелесек, енді кітап оқымайтын жастардың заманына тап болдық. Кішкентай жас жеткіншектер ата-анасыз үйде қалғанда теледидардан көретіндері орыс бағдарламалары. Бұл әсіресе тілі енді ғана шығып келе жатқан балаға жасалынып отырған қиянат. Тілдік мүдде, ұлттық психология, ұлттық тәрбие деңгейінен қарағанда кейбір шектеулер де қажет секілді. Бұл дүниежүзінде қолданылып жүрген тәжірибе. Ғалымдардың зерттеуінде бір ай теледидарды үзбей көрген екі-үш жастағы бала өзге тілдің 80% сөздік қорын бойына сіңіреді екен. Сондықтан бүгінде жұмысбастылықпенен балаларына қарауға шамалары жоқ ата-аналардан ертең ұрпағы өзін түсінбей жатса, оған өзгені кінәлаудың жөні жоқ. Барлық тәрбие отбасынан басталады. Тіл мәртебесінің бекіп, қазақ деген елдің тілі бар екендігін айқындаған алғашқы заңның қабылданғанына жиырма бес жыл толды. Азды-көпті жетістіктерге жеттік. Дейтұрғанмен қазақ тілінің қолданылу аясы біз ойлаған деңгейде емес. Балабақша, мектеп, жоғары лауазымдық қызметтер, іс-қағаз жүргізу бәрі-бәрі қазақ тіліне ауысуы шарт. Біз ешкімді тілге қатысты кемсітпейміз, бірақ құрметтеуге шақыруға міндеттіміз. Кей жерлерде қазақ сөзін бұрмалау жиі ұшырасады. Әсіресе ата-бабаларымыздың атын атауда, ұлы тұлғаларды құрметтеуде кемшін тұстарымыз көп-ақ. Намысымызға тиетін сөздер айтылса да төзімділік танытып келеміз. Меніңше, бұл асқан бір төзімділіктен емес, ата-бабаға деген ізет-құрметтің аздығынан, рухымыздың жоқтығынан ба деймін. Батыр бабамыз Б.Момышұлы соғыс кезінде «Момышев» деп фамилиясын атағанда да, орнынан тұрмай отыра берген. Әйтпесе қылышынан қан тамған Кеңестік заманда, қорықса сол кісілер-ақ қорқуы керек еді. Міне, рухтың жоғарылығы. Бұл ата-бабаға деген құрмет, еліне деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Қазақтың тілі мен мәдениеті қазақтан басқа бірде-бір елге керек емес. Сондықтан мектептегі сәбиден бастап қазақ атқамінерлеріне дейін құлдық сананың құрсауында қалмай, тілдің ертеңін ойлағанымыз абзал. Сый мен мансап болса болғаны, мінбелерден кейбір орысша оқыған қандас­тарымыз өзі түгіл, жеті атасын түгелімен келеке қылып айтса да, қол шапалақтап басын изей береді. Барлығына дайын. Ол өз алдына, төлқұжатымызда «Джолдасбеков, Умиралиев» деп жазылғаны бойынша неге жазып қоймайсыңдар деп ренжитіндері де бар. Ал аты-жөнін, тегін жазудағы орыстың «ов-нан» құтыла алмай келе жатқанымыз өз алдына бөлек те ұзақ сонар әңгіме. Шынтуайтына келгенде, тіл саясаты деген мәселенің болуы миллиондап ақша аудару арқылы оны дамыту, былайғы жұртшылық үшін күлерлік жағдай. Тіл мәселесінің осы күнге дейін дұрыс түзетілмеуі билікте отырғандарға ғана емес, әрбір қазаққа сын. Құдайға шүкір, бүгінде қазақ тілінде білім алып, қазақы дәстүрде тәрбиеленіп өсіп келе жатқан жастарымыз аз емес, тек олардың бойындағы ұлттық рухтың аздығы, сөздік қордың таяздығы аға буынды елеңдетеді. Бір кезде марксизм мен ленинизмді жаттап оқыған бүгінгі орта буын манифестің алғашқы бетін ашып, «Европаны бір елес кезіп жүр, ол – коммунизм елесі» деген сөзбен бастаушы еді. Сол секілді бүгін де дөңгеленген дүниені жаһандану елесі кезіп жүр. Алпауыт мемлекеттер аз халықтарды тілімен бірге дінін де жойып жібере ме деген қауіп жоқ емес. Сондай-ақ, қазақ зиялыларының арасында ертеңгі ұрпақ соңғы қамалы – тілінен айрылып қала ма деген де мәселе бар. Егер қолданыстағы «Тіл туралы» Заңымыздың барлық баптары іске асып, орындалар болса, бұл мәселе өздігінен шешілері анық.

Сансызбай Мәдиев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары

8095 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы