• Мәдениет
  • 22 Қаңтар, 2009

Мұстай Кәрімнің ұялтқаны бар еді

1983 жылдың қараша айында мені Батыстағы төрт облыс суретшілерінің Атырау қаласындағы аймақтық одағына жетекші қылып жіберді. Обкомның екінші хатшысы Устинов деген аты бастық болғанмен, істеп жүргендерінің бәрі қастық екен. Екі-үш жылдан бері суретшілердің мекемесін аштырмай жүр екен. Мен барып зорға аштырдым. Қайта-қайта ОВХС-ті айдап салып, тексеріс-тінтумен күн бермейді. Суретшілердің, мүсіншілердің нанын сырттан келген «інілеріне» беріп, қаржысын бөлісіп жеп жүр екен. Өзі үнемі ішіп жүреді, жиналыстарға қатыспайды. Бірінші хатшы Оңайбай Көшековты басшы құрлы көрмейді. Айлакер, ойлағаны қулық біреу еді.

Есесіне қалалық партия комитетінің хатшысы Равиль Шырдабаев бізді қатты қолдады. Суретшілердің бірқатарына үй алып беріп, тапсырыстар таба бастадық. Бір жылы кеменің іші-сыртын безендіретін болдық. Жігіттер «оймыштап, бедер салуға үйеңкі жақсы» дейді. Атырауда қайдағы үйеңкі?

Равиль Тәжігерейұлы тікұшақ беріп, Башқұртстанға жіберді. Бирск деген қалаға барсам, қойма басшысы:

– Мен үйеңкінің құрғағынан берер едім. Бірақ тексерістен қорқамын. Алыстан кеп тұрсыз ғой, меселіңізді қайтарғым келмейді. Уфаға барып, басшылықтан тілдей рұқсат қағаз алып келіңіз,– деді жөнін айтып.

– Басшылықты білмеймін, Мұстай Кәрімнен алсам бола ма?–дедім. Есіме башқұрт ағайынның ұлы ақыны, Ленин сыйлығының иегері Мұстай Кәрім түсе кетті. Өмірі жүздеспеген адамым. Уфадағы суретші жігіттерден үй телефонын тауып алып, хабарластым. «Үйге келіп, қонақ болыңыз» дейді, мен әдеппен бас тарттым.

«Онда үйімнің жанында «Ресей» қонақ үйі бар. Соның дәлізінде кездесейік»,– деді. Маған «Жду вестей» деген өлеңдер жинағын сыйлады.

Туристер Мұстай Кәрімді танып, қолтаңба сұрап маза бермеген соң, үстіңгі қабаттан бір бөлме дайындатқызды. Кіріп барсақ, үстел тамақтан қайысып тұр. Екеуміз үш сағаттай әңгімелестік.

Сондағы мына бір айтқаны мені ұялтты: «Қазақстанның ақын-жазушылары Орта Азиядағы ең мықтылардың бірі. Керемет әдеби шығармалар жазылып жатыр. Үнемі үзбей оқып, танысып тұрамын. Бірақ «Күннің көзінде де дақ бар» дегендей, сол қазақ бауырларыма айтатын бір назым – тіл мәселесіне келгенде бүгежіктеп, батыл қарекет жасамайды. Мысалы, Алматыға барғанда байқағаным – опера және балет театрының қасындағы тақтаға қазақша мәтінге «искусство» деген сөз қосып қойыпты. «Өнер» деуге болмас па еді?

«Қазақстан» қонақ үйін «Қазақстан» гостиницасы» деп жазып қойыпты. «Агит пункт» дейсіңдер, ол кәдімгі үгіт үйі ғой. «Бөлімше» деудің орнына «учаске» дейсіңдер. Сіресіп қалған ештеңе жоқ, өздеріңнің тілдеріндегі аудармасын қолдануға болады. Мысалы, біз аз бола тұра, әр башқұртша сөз үшін таласып, қырқысып қаламыз. Бәйгі алаңының аты – «Ақбоз ат». Ұлттық-мәдени бірлестігіміздің аты – «Ақ Еділ». «Нұрлан» деген дүкеніміз бар. Ал сендер бізден гөрі көпсіңдер, бірақ ұтылмайтын жерден ұтылып қалып жүрсіздер!» деді.

Мұстай Кәрімнің сөзі өтіңкіреп кетіп, кейін Алматыға оралғанда сол жерлерге арнайы барып, қазақ басшыларға айтып көрдім. Бірақ бәрі кейін келе өзгерді. Қазір де тіл мәселесіне марғау қараймыз.

Айтпақшы, башқұрт ағайынның бас ақыны Мұстай Кәрімнің сол кездегі жасаған жақсылығы әлі есімнен кетпейді.

Тілдей қағазға «Ағашты бер. Кейін өзім есептесемін» деп қойма бастығына сәлемдеме жазып берді. Үйеңкіні аман-есен әкеліп, кемені безендірдік.

Саламат ӨТЕМІСОВ,

суретші, жазушы

3704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы