• Әдебиет
  • 23 Қазан, 2014

Тілім тұнсын тұмадан... Төрегелді Тұяқбай

Сегізінші сөз биі Тататұғын дәм емес бірер күндік – Түзу ұшқан түтінің түрер түңлік! Бататұғын күн емес – тәуелсіздік, Ататұғын таң екен, бұл – еркіндік! * * * Бұл еркіндік таң екен ататұғын! Тәуелсіздік күн емес бататұғын! Түрер түңлік түтінің түзу ұшқан – Бірер күндік дәм емес тататұғын! Он екінші сөз биі Жатқан халық өз күнін өзі көріп Кімге сенер, тұрмаса көзі көріп!? Аттандалық, ей, достым, жоқ ізделік, Мақтанбалық – атқанға сөзі көбік! * * * Сөзі көбік атқанға – мақтанбалық! Жоқ ізделік, ей, достым, аттандалық! Көзі көріп тұрмаса, кімге сенер, Өзі көріп өз күнін жатқан халық? Он тоғызыншы сөз биі Қайраңдаған тайызға кемедейін Өртенеді өзегім, өнебойым! Жайраңдаған ана тіл – баба тілім, Қайран бабам, қайдасың, телегейім? * * * Телегейім, қайдасың, қайран бабам: Баба тілім – ана тіл жайраңдаған? Өне бойым, өзегім өртенеді, Кемедейін тайызға қайраңдаған! Жиырма бірінші сөз биі Ұлы далам ұйыған ұлылыққа: Шығып қалған балықтай құрылыққа Тілім аман тұрар ма сөйлемесе, Ділім аман шығар ма жылымыққа? * * * Жылымыққа шығар ма ділім аман, Сөйлемесе, тұрар ма тілім аман – Құрлыққа балықтай шығып қалған: Ұлылыққа ұйыған ұлы далам? Отыз үшінші сөз биі Ұлтымызда тірек тіл таба білген, Тілі мірдің оғындай оғландарым! Жұртымызда жүрек бір бола білген, Түбі – құрдым, тегің – бай, бағландарым! * * * Бағландарым, тегің – бай, түбі – құрдым: Бола білген жүрек бір жұртымызда! Оғландарым, оғындай тілі мірдің: Таба білген тірек тіл ұлтымызда! Отыз төртінші сөз биі Көңілінде кей достың ғұмыр – нала, Босқын ойлы кей кісің ТМД-дай! Жолың бірге, ей, босқын, сыбырлама, Естімейді деймісің мұны Құдай?! * * * Мұны Құдай, деймісің, естімейді, Сыбырлама, ей, босқын, жолың бірге?! ТМД-дай кей кісің босқын ойлы, Ғұмыр – нала кей достың көңілінде! Алпыс төртінші сөз биі Тырс етпейін қалайша – тірі жүрек, Бара жатса қазақтың тілі жүдеп!? Күршектейін жөнелдім іліп ала Бір шеткейін тілімнің тіні жібек! * * * Тіні жібек тілімнің бір шеткейін Іліп ала жөнелдім күршектейін! Тілі жүдеп қазақтың бара жатса, Тірі жүрек – қалайша тырс етпейін!? Сексен алтыншы сөз биі Тарының да қауызын тарсынбаған, Шақ па мынау шау тартып, баршындаған? Қарымың да қайтпаса баяғыдай, Арының да болсайшы аршындаған! * * * Аршындаған болсайшы арының да, Баяғыдай қайтпаса қарымың да! Баршындаған, шау тартып, шақ па мынау, Тарсынбаған қауызын тарының да? Сексен тоғызыншы сөз биі Керегі не күмілжіп, күлбілтелеп, Бере алмасаң қадари құмбыл көмек?! Көмегіңе тұрғанда зәру болып, Дерегіме дем берер бұлбұл керек! Бұлбұл керек ашыла сайрайтұғын, Жігеріңді мұқалған қайрайтұғын! Құрбың демеп қолтықтан тұрса қандай Дүмбіл дерек дауыңнан таймайтұғын! * * * Таймайтұғын дауыңнан дүмбіл дерек Тұрса қандай қолтықтан құрбың демеп! Қайрайтұғын мұқалған жігеріңді, Сайрайтұғын ашыла бұлбұл керек! Бұлбұл керек дем берер дерегіме, Зәру болып тұрғанда көмегіңе! Құмбыл көмек қадари бере алмасаң, Күлбілтелеп, күмілжіп керегі не?! Тоқсан екінші сөз биі Ішімізде арамза тысқа жақ жүр: Бір қазақтың артында үш қазақ жүр! Түсімізде тәтті сөз тіл үйірсе, Ісімізде тілімді тіс қажап жүр! Тіс қажап жүр, азуын айға білеп! Қайда жігер, ақыл-ой, қайда жүрек? Ұстаз-ақ жүр тіл ұштап жалғыз өзі: Қысқабақ жыр аты бар, айбары жоқ! * * * Айбары жоқ, аты бар қысқабақ жыр: Жалғыз өзі тіл ұштап ұстаз-ақ жүр! Қайда жүрек, ақыл-ой, қайда жігер? Айға білеп азуын, тіс қажап жүр! Тіс қажап жүр тілімді ісімізде, Тіл үйірсе тәтті сөз түсімізде! Үш қазақ жүр артында бір қазақтың: Тысқа жақ жүр арамза ішімізде! Тоқсан үшінші сөз биі Тіл мықты ма дегенше шегендердей, Әбілетке* еттіңдер тілді қару! Кіл мықтыға көгенше көгендердей Әділетке еттіңдер кімді зәру? Кімді зәру қарық етер ісім – арзан: Бақи-хаттың жазуы – көк сияда! Шындық – ару, жарқ етер тісі маржан! Ақиқаттың азуы – аксиома! * * * Аксиома – азуы ақиқаттың! Тісі маржан жарқ етер шындық – ару! Көк сияда – жазуы бақи-хаттың! Ісім – арзан, қарық етер кімді зәру? Кімді зәру еттіңдер әділетке Көгендердей көгенше кіл мықтыға? Тілді қару еттіңдер әбілетке, Шегендердей, дегенше, тіл мықты ма?! Тоқсан алтыншы сөз биі Қыр асты ма шыққалы төбел үйден, Қайран тілім, темірден өлең иген? Ұласты ма дәйексіз дау-дамайға Тіл астына жасырған тебен инең? Тебен инең – тілұшық, теріскен бе? Тіл табысу мұң болмас көріскенде! Неге күймен жатқанда тілім күйіп, Төбе бимен келіспей, керіскенде? * * * Керіскенде, келіспей төбе бимен, Тілім күйіп жатқанда неге күймен? Көріскенде мұң болмас тіл табысу, Теріскен бе, тілұшық – тебен инең? Тебен инең жасырған тіл астына Дау-дамайға дәйексіз ұласты ма? Өлең иген темірден қайран тілім Төбел үйден шыққалы қыр асты ма? Жүз екінші сөз биі Мен тұрғанда Тұмадан Тілім тұнсын! Сен тұрғанда Дін аман Ділің тұрсын! * * * Ділің тұрсын Дін аман Сен тұрғанда! Тілім тұнсын Тұмадан Мен тұрғанда! Жүз тоғызыншы сөз биі Ұясына кіруге именердей Қызыл күнді мен құлай сүйген ем ғой! Қиясына қыз кетті ұзатылып, Сиясы да кеппеген күйлі өлеңдей! * * * Күйлі өлеңдей кеппеген сиясы да Ұзатылып қыз кетті қиясына! Сүйген ем ғой мен құлай қызыл күнді Именердей кіруге ұясына! Жүз он екінші сөз биі Жылуы жоқ, жапсаң да жүз бір қабат, Қызыл сөзді не керек қыздырмалап? Қыңуы жоқ қазаққа қың демедім, Жылу-ізет тұтқандай біз бір қалап! * * * Біз бір қалап тұтқандай жылу-ізет, Қың демедім қазаққа қыңуы жоқ! Қыздырмалап не керек қызыл сөзді, Жүз бір қабат жапсаң да, жылуы жоқ? Жүз он үшінші сөз биі Жоғарыңды білмедім, күзеті бар! Төменіңнің адами ізеті бар! Қоғамыңды қауымшыл құрам десең, Адамыңды алдымен түзетіп ал! Түзетіп ал, тыйым сал талапайға, Баса бермей бостан-бос алақайға! Қыз аты бар қыздың да именетін, Бұзақылар сайғанда балақайға! Балақайға бәлеңді жаба салма! Жеген ауыз жей берер – тобасы алда! Қалақайға қытықсыз бетті басар, Қане, қайда, кімің бар жарасарға? * * * Жарасарға кімің бар қане, қайда? Бетті басар қытықсыз қалақайға? Тобасы алда – жей берер жеген ауыз, Жаба салма бәлеңді балақайға! Балақайға сайғанда бұзақылар, Именетін қыздың да қыз аты бар! Алақайға бостан-бос баса бермей, Талапайға тыйым сал, түзетіп ал! Түзетіп ал алдымен адамыңды, Құрам десең, қауымшыл қоғамыңды! Ізеті бар адами төменіңнің, Күзеті бар, – білмедім, жоғарыңды! Жүз жиырма екінші сөз биі Арғы жайға күн салып қарасақ та, Мәңгілік ел көрмедік бала шақта! Қолды жай да, абызым, батаңды бер Кеуліжайға бет алған болашаққа! Болашаққа имани жол бастарға Аманатпен сенемін мен жастарға! Парасатқа жүгінер жан табылар, Ғарасатқа қиянат жармасқанда! Жармасқанда қиянат одан әрмен Жағасына аманат бабалардан: Алдаспанға тіл кетер баспен бірге Алжасқанда, безгенде адам ардан! *  *  * Адам ардан безгенде, алжасқанда Баспен бірге тіл кетер алдаспанға: Бабалардан аманат жағасына Одан әрмен қиянат жармасқанда! Жармасқанда қиянат ғарасатқа Жан табылар жүгінер парасатқа! Мен жастарға сенемін: аманатпен Жол бастарға имани болашаққа! Болашаққа бет алған кеуліжайға Батаңды бер, абызым, қолды жай да! Бала шақта көрмедік Мәңгілік ел, Қарасақ та күн салып арғы жайға!

19501 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы