• Әдебиет
  • 23 Қазан, 2014

«Біздің үй» – бұл біздің қоғам

Мен қырық бес жыл теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан адаммын. Жұмысымды істеп, үш қыз бен бір ұлымды өсіріп, тәрбиелеп отырған жайым бар. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, Астанадағы 44 от­ба­сы­ның ішінен бағымыз жанды. Бұл мен үшін, менің отбасым үшін мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Осыған дейін бізді теміржолшы Ахметовтер әулеті деп білсе, енді талай жанұяға үлгі ретінде көрсететін Ахметовтерге айналдық.

Жеке басым, «Менің отбасым керемет, үлгілі» деп қана жүру жеткіліксіз. Өйткені менің балаларымның ғана емес, менің барлық туған-туысымның, көршілерім мен таныстарымның отбасы да үлгілі болуы керек. Мені осы жағдай көп ойландырады. Менің сол үлгілі отбасының отағасы болғаным рас болса, мен оларға көмектесуім керек. Сол үшін де «Хабар» арнасындағы «Біздің үй» бағдарламасына қатысуға бірден келістім. Мен қатысқан тақырып өте ауыр болды. Он тоғыз жасар Алтынайдың тағдыры, үш қыздың әкесі ретінде менің жүрегімді ауыртты. Жігіттердің «сүйем, күйем» дегеніне сеніп, некесіз бала дүниеге әкеліп жатқан 200-дей бойжеткен бар екен. Бұл мен тұрып жатқан қаланың өзінде ғана. Мен мұндай қыздарды ақтай да алмаймын, даттай да алмаймын. Ендігі мәселе ұл өсіріп отырған, қыз өсіріп отырған ата-ана мұндайдың алдын қалай алу керек, осындай жағдайға орын алғанда әке мен шеше не істеуі керек? Бағдарлама барысында кейіпкер болып отырған Алтынайдың жігітімен, жігіттің ата-анасымен сөйлесуге, бір айлық сәбиді жетім қалдырмаудың жолдарын табуға көмектесуге уәде бердім. Ең болмаса осылай, бір отбасының бірігуіне, бір сәбидің жетім қалмауына септігіміз тисе, онда «Мерейлі отбасы» деген атты бекер алып жүрмегеніміз. «Біздің үй» бағдарламасы болмаса осындай тағдырлы қызбен кездесер ме едік, кездеспес пе едік, кім біліпті? Арамызда жүрсе де, бейхабармыз. Өйткені бізде отбасылық мәселені сыртқа шығармау, елден, көрші-қолаңнан жасыру деген бар. Түсінем, иә, әр отбасының өзінің сыры бар. Бірақ бір отбасының мәселесі қоғамдық мәселеге айналып бара жатқанда үнсіз жатуға болмайды. Мұндайда қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Бағдарламаның да артықшылығы осы, әрбір жанұяның мәселесін көтере отырып, отбасылық құндылықтарды, тәрбиені қайта жаңғырту. Бүгін телеарналарда не көп, ойын-сауық көп, жылаған-сықтаған сериалдар көп. Айдаладағы корейдің, түріктің, үндінің отбасылық жағдайына жанымыз ауырып отырамыз, ал өз шаңырағымызда жүрген ұл мен қыздың тағдырына алаңдаудан қалып барамыз. Дәл осыны есімізге салатын бағдарлама екен. Соның әсерінен әлі де айыға алмай жүрген болуым керек, бүгін міне қалам алып, толғандырып жүрген дүниелерді қағазға түсіріп, сіздерге жолдап отырмын. Сенің қызың андай, менің қызым мұндай, біздің үй үлгілі, сіздің жанұя үлгісіз дегенді қоюымыз керек, бұл біздің үй, бұл біздің қоғам. Мәселе ортақ шешімін де бірлесе табуымыз керек.

Кендай АХМЕТОВ, теміржолшы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қаласы бойынша жеңімпазы

4218 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы