• Әдебиет
  • 19 Қараша, 2009

Керей мен Жәнібек ескерткіші кімге ұқсайды?

www.anatili.kazgazeta.kzКерей мен Жәнібектің ескерткіші «Қазақ Елі» монументіне қойылмағаны қоғамды дүр сілкендірген еді. Содан бері елімізде сан-алуан пікірлер төбе көрсете бастады. Оның себеп салдарын зерттеу үшін Қазақстан тарихшылары Ассоцияциясының бастамасымен аталған ескерткішке тарихи-антропологиялық сараптама жасау жөніндегі арнайы комиссия құрылған болатын. Енді, міне аталған комиссияның қортындысы шықты.

Сараптамалық комиссиясының төрағасы ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор-антрополог Оразақ Ысмағұлұлы бастаған біртоп азамат обьектіні мұқият зерттеді. Комиссия құрамына Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейітқали Мадуанов, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докоры, профессор Амангелді Қашқымбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдуллина, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина, Мемлекет тарихы институтының бөлім меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты Думан Айтмағамбетов –сынды белгілі ғалымдар болды. Ескерткішке тарихи-антропологиялық сараптама жасау жөніндегі арнайы комиссия объектіні мұқият зерттеп, ғылыми зерттеулердің материалдарын зерделей келе мынандай қорытынды жасады: яғни, қазақ хандары мен батырларының мүсіндік композициялық жобасын әзірлеу және жасау барысында нақты кемшіліктерге жол берілген. Хандар мен батырлардың мүсіндік пішіндері қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктеріне мүлдем сәйкеспейді. Антропологияда мұндай тарихи тұлғалардың бейнелерін әзірлегенде бас сүйектің марфологиялық ерекшелігі ғана емес, оның эмоционалдық көріністері де есепке алынуы тиіс. Бұл ұлы тұлғаның бейнесі арқылы тұтас ұлттың ажарын айшықтайтын тәсіл. Қытай елінде жасалған Қазақ хандарының мүсіндері мен бет-пішіндерінен ханзулардың антропологиялық ерекшеліктерін аңғару қиын емес. Мүсіндердегі тарихи тұлғалардың антуражын, олардың қару-жарақтары, киімдері мен басқа да тұрмыстық элементтерін жасауда тарихи сәйкессіздіктерге жол берілген. Яғни бұлар XV-XVI ғасырларындағы тарихи дәуір шынайылығына мүлдем жанаспайды. Авторлар ұлттық ерекшеліктерді ескермеген де. Мүсіндерді жасау барысында ешқандай тарихи, археологиялық, этнографиялық талдаулар жасалмаған. Мысалы жобада бірыңғай түрдегі тулар мен сауыттар көрсетіле салған. Бұл сол дәуірдің шынайлығына мүлдем жанаспайды. Әрбір рудың өз таңбасы мен байрағы болғанын қазақ тарихында ғылымнан белгілі дүние. Хан-сұлтандар өздерінің жеке қалаулары бойынша әртүрлі қалқан-сауыттарға ие болған. Бұл орайда, мүсінді жасаушының өзіндік ұлттық танымына сәйкес мүсіндердің қару-жарақтары, киімдері мен басқа да тұрмыстық фрагменттері ерте ортағасырлық қытай жауынгерлерінің сипатына еніп кеткен. Объектіні мазмұндық жағынан алып қарағанда да идеологиялық сәйкессіздіктер мен үйлесімсіздікке жол берілген. Түрлі тарихи дәуірлердің символдары мағынасыз бір жерге шоғырланып, тарихи эклектика түзілген. Бұл жерде, Қазақ хандығының негізі қаланған біздің дәуіріміздің XV ғасырының ерекшеліктері аз қамтылған. Объектінің көркемдік-сәулеттік шешімі де еш сын көтермейді. Мүсінді жасаушылардың айтуынша объект таза қоладан құйылған. Алайда оның материалдық-техникалық сапасы көңілге күдік ұялатады. Аталған объектінің қазіргі көрінісінде оның өзара жалғанған түрлі бөлшектерінің бір-біріне сапасыз дәнекерленіп, бөлініп тұрғанын жай көзбен қарағаннан-ақ аңғару қиын емес. Өнімнің сапасын айғақтайтын құжаттың болмауының өзі оны өндірудегі сапасыздық туралы күдікті қалыңдата түседі. Жобаның авторлары әлемдік деңгейде мойындалған М.В.Горелик, Л.Н.Гумилев сынды түрколог-ғалымдардың еңбектерімен таныспаған. Бұл орайда, ұсынылған объектінің өн-бойында тарихи тұрғыдан да, ұлттық қасиет тұрғысынан да қателіктер жеткілікті.

Қазақтың Керей және Жәнібек хандары мен батырларының мүсіндік ескерткіштерінің тарихи-антропологиялық және мәдени-идеологиялық мазмұнына қатысты жоғарыда жазылған сындарды есепке ала отырып Сараптамалық комиссия мынандай қорытынды шығарады:

Ескерткіш-мүсіндерді әзірлеудегі орын алған түрлі тарихи, практикалық және заңдық көптеген қателіктер бүгінгі және болашақ ұлт ұрпақтарын шатастыратын шала дүние болып табылады. Бұл аталған мүсіндердің ұсынылып отырған қазіргі нұсқасында оларды қоғамдық орындарға орналастыруға мүлдем болмайтынын көрсетеді. Мүсіндерді дәл осы қалыптарында орналастыру бұл қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалардың даңқына дақ түсіріп, рухы мен әруағын қорлап, сүйекке таңба салатын, ұлт тарихын масқаралауға ұрындыратын дүние болмақ.

Ескерткіш – бұл халықтың жаны мен жады. Оған сондықтан да жүрдім-бардым және жекелеген түсініктер тұрғысында қарауға болмайды. Қазақ елдігінің негізін қалаушы мұндай тарихи тұлғаларға ескерткіш орнату ісі мемлекеттік деңгейдегі шешімді қажет етеді. Бұл тұрғыда, Керей мен Жәнібек хандарға арналатын ескерткіштер кәсіби тұрғыда талқыланып, өте мұқият орындауды қажет ететін қастерлі дүние. Сондықтан да мемлекеттік деңгейде жалпы ұлттық талқылаумен ең үздік жобаны анықтайтын конкурс жариялаған жөн.

Ақан БІРЛІК

9089 рет

көрсетілді

161

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы