• Тіл
  • 10 Ақпан, 2009

Тілі жойылған елдің келешегі болмайды

Қазақ тілінің  ең үлкен жанашыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған күллі қазақтың күмәні болмас. Ел аспанына тып-тыныш күйде тәуелсіздік туы ілінгеннен-ақ тұңғыш Президентіміз әңгімені ұлттық тілден бастады. Бәрін түп-түгел тізіп жатудың қажеті болмас. Елбасының киелі аузынан шыққан жалғыз ғана «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген айбарлы сөзі бүкіл қазақстандықтарға арналып айтылған тұңғыш Үндеу еді.

       Президент, Мемлекет басшысы, Елдің Бас қолбасшысы туған халқына қазақтың тілінің құдыреттілігін айқындайтын, айғақтайтын маңызы аса зор,мәні тіптен биік  әңгімелерін айтып ауқымды жауапкершілік жүктеді. Кешегі кеңес дәуірінде 70 жыл мерзім бойына анасынан туа орыстың тілімен суарылған қазақ үшін ә дегеннен өз тілінде сайрап кету тым қиын екенінде дау жоқ. Десе де тәуелсіз болғанымызға,өз тонымызға жылынғанымызға 16 жыл өтті. Неге біздің тіл, туған қазағымыздың тілі табалдырықтан жоғарыламай, табандай береді. Сонда Елбасының айтқан «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген айбарлы нақылы, бар қазаққа айқайлап тұрып айтқан жауапты жүгі неге салмақсыз, неге сөз жүзінде қалып қоя береді.

      Елбасының тікелей тапсырмасымен кешеуілдеп қалған қазақтың тілі жедел дамып, өркендесін деп министрлік жанынан комитет құрылды,бүкіл облыстарда әкімдікке бағынатын  бір ғана мемлекеттік тілмен шұғылданатын басқармалар өмірге келді. Оның бер жағында тәуелсіздік бастауында-ақ құрылған «Қазақ тілі» қоғамдары тағы бар. Қаншама зиялыларымыз халықпен жүздескенде,баспасөз беттерінде ұлттық тілдің қасиетін де,қасыретін де күнде айтып,баспасөз беттерінде талдап жазып жатыр. Мемлекет жыл сайын мемлекеттік тіл үшін миллиондап қаржы да бөлуде. Елбасымыздың тапсырмасымен ұлттық тіліміз үшін осыншама іс-шаралар қолға алынғанның өзінде қазақтың тілі туған мемлекетінде неге  бейшара күй кешіп отыр.

     Қазақтың тілі неге өрге шықпайды деп айқайлап тұрып айтсақ кінәлінің кім екенін барша жұрт біледі, ешбір қиналмастан сол қазақтың өзі деп жауап беретіні айна қатесіз ақиқат. Неге? Тағы да осы сауал алдыңнан шығады. Басты себеп көбіміз намыссызбыз,бойымызда ұлтжандылық сезім ұшқыны жоғалып кеткен. Ең алдымен қазаққа керек ұлы қасиет-ауызбіршілік жоғалды,оның үстіне бүгінгі тірліктегі арылмас кесел – байысам екен деген, қара басының мол байлыққа кенелуі үшін отқа жануға, суға батуға дайын таяз ойшылдар пайда болды.  Осылардың қайсыбірі билік «арғымағына» мықтап мініп те алды. Ал ондайлар мемлекеттің бір ғана тілін емес бүкіл өткен тарихын білмеді, білгісі де келген жоқ.Тағы бір кешірілмейтін жайт – шындықты айтуға жүрегі дауаламайтын қорқақтар көбейді. Осыдан келіп қоғамда әділетсіздік деген адам жанын жегідей жейтін «ауру» өмірге келді. Одан әрі жағымпаз,екіжүзділік деген оның ең жақын туыстары адамдар санасын улай бастады. Міне, осының бәрі түптеп келгенде  ұлттығымызды әлсіретті, аңсап ,сағынып жеткен тәуелсіздігіміздің жаңа,жас тіреулерін тербелтті. Яғни, бәрін ұмытып бір ғана байлықты медет тұтқан жаңа қазақтарымыздың жүрек төрінде қазақтың тілі деген ұлы сезім буалдыр қалпында ұмытыла бастады. Билікке келгендердің қайсыбірі мыңдаған қазақтарға биікте тұрып алып өз ақылын орыстың тілінде айтты. Мұндай көрініс жиі қайталанды. «Мұнысы несі?» деп бастапқыда таңқалғандар болып еді, одан ештеңе шықпады. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты тапсырмаларының өзі ұмыт қалды. Ұмытқандар даланың, болмаса ауылдың қарапайым қазақтары емес, басым көбі Елбасына жақын жүргендер,қазақ елінің ертеңімін деген зиялылары болып жатса қалай оған жүрегің сыздап, жаның ауырмайды. Осындай сәттерде қазақтың тілі неге жетімдік көреді деп айқайлағандардан зиялыларымыз Аманкелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Бекболат Тілеухан, Алдан Смайылдар болды, бірақ бұлар аз еді. Алыстан айқайлаған қарапайым қазақтардың жанұшыра айтқан әңгімелері кішкентай баланың көрпе астынан шыққан үні сияқты алысқа жетпей жатты.

     Өткенде мемлекеттік тілдің дамуына жауап беретін бір шенеунік Астанада тұрып, теледидардан  «Қазақтың тілін енді шетелге шығарамыз, әлемдік аренада танытатын боламыз» деп еш ұялмастан сайрап бір бергенін құлағымыз естіді. Не деген сорақы әңгіме,не деген теріс насихат. Бар қазақты  соқыр, ойсыз көріп ауызға келгенді айта береміз бе? Қазақтың тілі әлемге танылу үшін ең алдымен қазақтың жерінде әбден толыққанды үстемдік құруы керек. Яғни шетелге шыққан  биліктің кез келген өкілі әрбір кездесуінде ұлттық тілімізде әңгіме айтуы тиіс. Сонан соң ғана біздің қазақтың тілі әлемдік деңгейге қарай бағыт алады. Жоғарыдағы қазақтың тілі енді шетелге шығады деген мықтымыз сол асығыс әңгімесінен соң ба, әлде басқа да себептер ме  ұзамай лауазымды қызметінен кетті. Оған да шүкір дейік, әйтпесе мемлекеттік тілдің дамуында тағы бір адам білмейтін «жаңалық» ашуы әбден мүмкін ғой. Одан кейін теледидардан үнемі түспейтін, қазақ тарихын бүге-шігесіне дейін білемін дейтін бір зиялымыз  «Бәрі түгел қазақша болып кетсе өзге ұлттармен арада жанжал тууы мүмкін» деп өзінің шын қоянжүректігін байқатып алды. Бұл да бүгінгі қазақ үшін аса қауіпті әңгіме.

     Осы арада тағы да Елбасының сөзіне жүгінейік. «Қазақтың тіліне бір қазақтың іші ашыса, мендей-ақ ашысын. Тілімізді әуелі өзіміз ардақтауымыз керек».

     Еліміздің басшысы, қазақ халқының бақытты ел болуы үшін басы жастыққа тимей жанын сала қызмет етіп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттік тіл туралы айтқан  ұлағатты тапсырмаларын терең түсініп неге оны жүзеге асырмасқа. Шынында осыған кім кедергі болып отыр.

      Қазақтың тілі кімге керек. Турасын айтсақ ең алдымен өз қазағымызға, сонан соң біздің елде тұратын қазақстандықтарға ауадай қажет емес пе? Ұлттық тілің болмаса, оның рухы жоғалса тәуелсіздігің түк емес екеніне көп қазағымыздың көзі жетті ғой. Өзінің қанмен келген тілін мойындамаған, қадірлемеген ұлтты кез келген шетеліңнің мойындамайтыны өмір дәлелдеген ақиқат емес пе.

      Елдің аузында мәнін мәңгі жоғалтпайтын «Бәрі де адамына байланысты» деген киелі  сөз бар. Бұл да тарих дәлелдеген шындық. Ұлттық тілді  жүрегінде от-жалын бар, Отаны үшін жанын пида етуге әзір, кеудесінде ұлттық рухы бар  қазақ қана  қадірлеп, қастерлей алады.

       Мемлекеттік тіл туралы жаңа заңның қажет деп табылғанына қаншама уақыт өтті. Әліге дейін сүйретіліп келеміз. Осы заңның Парламент қоржынына жетуі үшінде әлемді шарлап шыққанмен бірдей күйде азап шеккенін біз жақсы білеміз. Енді Парламент қоржынында қаншама уақыт жатып сүрленетінін бір құдайым білсін.Елде тап қазір кез келген хабарламаларды екі тілде қатар жарнамалау орын алып бара жатқан сияқты. Бұл дегеніңіз заңдылыққа айналды. Тіптен  қазақтарымыздың өздері өз тілін ұмытып, бір ғана ресми тілде өз жарнамасын халыққа ұсынып жатса қалайша ренжімейсің.

   Ақтөбе облысының бүгінгі әкімі  Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов   алыс ауылдың баласы, әке қамқорынан ерте қалған, дала тірлігінен хабары әбден мол азамат. Кішкентайынан адалдықты қастерлеген, әділдікті сүйген, әлсіздердің қамқоры бола білген ол  ұлттық тілдің туа біткен шын жанашыры. Елеусін Наурызбайұлының бұл қасиеті оның Ақтөбе қаласында 7 жыл әкім болған тұста айқын байқалды. Тіптен қала әкімі қызметінде жүргенде 2002 жылдың мамыр айынан бастап Ақтөбе қаласын мемлекеттік тілге көшіру туралы шешімнің алынғаны, оның қалалық  маслихатта кеңінен қолдау тапқаны  бәріміздің есімізде. Өкініштісі сол – Елеусін Наурызбайұлы сенатор болып сайланғаннан кейін Ақтөбе қаласына  әкім қызметіне келгендердің бірде-біреуі ол шешіммен шаруасы болмай қалған.

    Халық ықыласы, Елбасы шешімі – Елеусін Наурызбайұлы 2004 жылдың маусым айында туған облысына әкім болып келді. Бастапқы қолға алған жауапты шаруасының ең үлкені ұлттық тіл болды.

  Ақтөбе облысы осыдан төрт жыл бұрын толықтай мемлекеттік тілге көшті. Әкімнің өзін құрметтеді, қол қойылған заңды құжатты сыйлады, басқарма тарапынан бақылауға алынды, әйтеуір облыста мемлекеттік тілге деген ынта-ықылас артты, ұлттығымызды тани бастадық. Облыс әкімінің бастамасын қазақ тілінің шын жанашырлары ә дегеннен қолдап әкетті. Ана тілі деп ширек ғасыр айқай салып жүрген ағалар да облыс әкімінің шешіміне шаттана қуанды. Қуанып қана қойған жоқ, өздерінің ұлттық тілге деген шынайы терең түсініктерін іспен дәлелдеді. Олар – бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Ниетжан Беріков, Кемейдолла Телеубайұлы, жетпістің бел ортасындағы ағалар Рамазан Нұржанов, Нұқы Қартбаев, Захраддин Байдосов, Идош Асқаров және басқалар.

    Тағы бір айта кетерлігі – облыс мемлекеттік тілге көшкен сол бір сәттерде облыс әкімінің орынбасары қызметінде болған Оңдасын Оразалин, одан бертінде осы лауазымды аса абыройлы атқарған Әмірхан Рақымжановтар өздерін шын ұлтжанды, туған халқының нағыз шынайы патриоттары екенін дәлелдеп берді. Бұл азаматтар бүгінде бірі Президент аппаратында бөлім бастығының орынбасары, екіншісі Астана қаласы әкімінің орынбасары.

         Ия, Ақтөбе толықтай мемлекеттік тілге көшкеніне төртінші  жыл.Табыс бар, орындалған іс-шара да жетеді. Тіл жанашырларын марапаттауда да өзге облыстардан әлдеқайда алда тұрмыз. Тіпті астына көлік мініп,пәтер алып жатқан жанашырлар да жетіп артылады.

      Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында былай деді: «Қазақстандағы жастар мынаны білуге тиіс. Мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол  тілде жауап беруге тура келеді»

       Елбасымыздың бұл сөзі әрбір қазақстандық үшін, әсіресе жастарымызға арнап айтылған үлкен сын, намыс қайрағы, жауапкершілікке жетелер міндет.

     Тіл басқармасы қашан да тынымсыз. Өзінің күнделікті  қызметінде Елбасы ұстанған саясатты үнемі басшылыққа алады. Соңғы төрт жыл көлемінде облыстың Алға, Қарғалы, Қобда, Мартук, Мұғалжар аудандарында мемлекеттік тілді күнделікті тіршілігімізге терең пайдалану, озық тәжрибелерді насихаттау  мақсатында арнайы семинар-кеңестер өтті.Ақтөбе қаласында «Тіл саясатының бағыт-бағдарлары» деген тақырыпта бес облыс өкілдері қатысқан Батыс аймақтық семинар-кеңес болды. «Мемлекеттік тілге – мемлекеттік мәртебе», «Мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы», «Үштұғырлы тіл жобасы – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру құралы» деген тақырыптарда болған  пікір алысулар, тіл жанашырларымен кең ауқымда басқосулар, ғылми конференциялар өз нәтижесін бере бастады.

      Жыл сайын тұрақты өтетін «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» атты облыстық фестиваліміз тіл жанашырларының назарын өзіне аударды. Бұл іс-шараның мемлекеттік тіліміздің дамуына қосып отырған үлесі аса қомақты. Фестивалға қатысқан ұлттық тіл жанашырларының ондаған өкілдері облыс жеңімпазы болып қана қоймай  республикада көрініп облыс мерейін өсіруде. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» және «Тіл – татулық тірегі» атты  республикалық байқауларда педагогикалық институттың студенті А.Данченко, аудармашылар байқауында Темір аудандық әкімдігінің бөлім бастығы Н.Қалауов, «Тазша бала» байқауында әзіл-сықақ театрының артисі Б.Ордин, ақындар айтысында заң колледжінің студенті А.Сейітов республикада бас жүлделерге ие болды. Абай оқуларының республикалық байқауында медициналық колледждің студенті Е.Круковец, Мақатаев атындағы республикалық ақындар байқауында Ырғыздағы өнер мектебінің мұғалімі В.Идиатовалар жүлделі екінші орынды иемденді. «Ана тілі» сұлтаны байқауының бас жүлдесін тағы да жерлесіміз, политехникалық колледждің студенті Серік Елубаев, үшінші орынды әскери институт курсанты Руслан Мамбеталиев жеңіп алды.     

Мемлекеттік тілдің дамуына облыстық бюджеттен 2005 жылы 9 млн. 255 мың теңге, 2006 жылы 12 млн. 664 мың теңге, 2007 жылы  35 млн. 818 мың теңге бөлінді. Ал 2009 жылға 77 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

      Басқарманың ұйымдастыруымен соңғы үш жылда 116 мемлекеттік мекеме,кәсіпорындарда зерттеу-сараптама жүргізілді. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік басқару органдарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде әзірлеуде, кіріс-шығыс құжаттарында жақсы нәтижелер бар. Олардың қатарында облыстық жұмылдыру даярлығы және төтенше жағдайлар басқармасын (бастығы Кенжетай Мұханов), облыстық жер қатынастары басқармасын (бастығы Мәлік Жекеев), қаржы департаментін (директоры Сағат Еңсегенов), бір жолғы талондар беру басқармасын (бастығы Гүлжанат Бекниязова), табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментін (бастығы Жақсығали Иманқұлов), мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікті (төрағасы Балтабек Халық), ауылшаруашылығы дераптаментін (директоры Ерсайын Әжібаев), облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасын (бастығы Ислам Медеубаев) айтуға болады. Аталған азаматтар басшылық жасап отырған мемлекеттік мекемелерде ұлттық тілге деген шын жанашырлық, Елбасының тіл саясаты мен облыс әкімдігі шешімін орындауға деген үлкен ұмтылыс бар.

Орталық атқарушы органдар аумақтық бөлімшелері басшылары арасынан  Скендір Дентаев, Нұртай Князев, Айбек Сағиев, Қайрат Тыныбеков, Саламат Аманбаев басшылық жасайтын мекемелерде мемлекеттік тілдің күнделікті қолданысы қуантады,құжаттарды қазақ тілінде дайындауда  құптарлық іс шаралар жүзеге асуда.

            Облыс әкімдігі жанындағы тілдерді дамыту мәселелері бойынша үйлестіру кеңесі мен ономастикалық комиссиялар отырыстары жоспар бойынша уақтылы өтіп тұрады.Үйлестіру кеңесі өзінің басқосуында соңғы төрт жылда ондаған мекемелердегі мемлекеттік тіл туралы Заңның жүзеге асуы, орындалуы төңірегінде келелі әңгімелерді сөз етті. Бастапқы жылда қаладағы банктердегі іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жайы, одан беріде Мартук, Қарғалы, Хромтау аудандарында мемлекеттік тіл туралы Заңның орындалуы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамының Ақтөбе тасымалдау бөлімшесінде, «Қазақ телеком» акционерлік қоғамы облыстық дирекциясында, басқа да мекеме-кәсіпорындарда жауапты адамдар есебі тыңдалды.

     2005-2009  жылдар аралығында облыстық ономастикалық комиссияға 72 ұсыныс түсті. Негізінен елді мекен аттарын қайта атауға қатысты. Бұл ұсыныстардың 35-і нақты шешімін тапты. Алға ауданынан 6 елді мекен, Қобда ауданының 5 елді мекен, Қарғалы ауданынан 3 елді мекені, Мартук ауданының 4 елді мекен, Мұғалжардан 5 елді мекен атаулары бұрынғы тарихи атауларын алды.

       Басқарма бүгінгі таңда облыстық прокуратурамен бірлесе отырып тілге байланысты мемлекеттік мекемелер жұмыстарына  зерттеу-сараптамаларды тұрақты жүргізе бастады. Үлкен бір қиындық – мемлекеттік емес мекемелер, ұлттық компаниялар жұмыстарына ауқымды зерттеу-сараптамалар жүргізуге құқықтық күшіміз жете бермейді. Осыны мықтап пайдаланған кейбір компания басшыларының мемлекеттік тіл жөніндегі түсінігі қазірде де сол кешегі құлаған кеңес дәуіріндегідей. Мәселен Ақтөбе қаласында қоныс тепкен «Казтранском» акционерлік қоғамын алайық. Біз жүргізген зерттеу-сараптама төмендегідей нәтиже көрсетті. Мекемеде 70 пайыз қазақтар еңбек етеді. Соған қарамастан  қоғам директоры Қ.Садықбек мемлекеттік тілге қатысты түк бітірмеген. Адамдарды мекемеге қызметке алудан бастап бүкіл іс қағаздарының дайындалып шығуына дейінгі аралықта қазақтың тілінде бір құжат жоқ.2007 жылы осында келіп түскен 1894 құжаттың 3-уі ғана қазақ тілінде. Ал шығыс құжатын Қ.Садықбек  100 пайыз етіп орыс тілінде орындаған. 2008 жылғы көрсеткіш те дәл осындай. Келіп түскен 1570 құжаттың 99 пайызы орыс тілде жазылуын не деуге болады. Өкініштісі сол, аталған акционерлік қоғамның жоғары  өкілдігінде отырғандардың да мемлекеттік тілге мүлдем жаны ашымайтындықтары жаныңды күйзелтеді. Екінші – «Батысмұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестік.Басшысы Чэнь Цзюнь деген қытай азаматы. Жұмыс істейтін қызметкерлер түгелінен қазақтар. Соған қарамастан бүкіл құжаттар – берілген арыздан бастап  бұйрықтар бір ғана орыс тілінде. Мемлекеттік тілдің Қытай азаматына қажеті аз болар, десе де осы мекемеде  бастықтың орынбасары болып істейтін күні кешеге дейін облыстың спортына басшылық жасаған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мен қазақпын деп төсін сабалайтын Әділкерей Әуелбаевтың Құдай салды мен көндім деуін қалай түсінуге болады. Шетелдіктер Қазақстанда қызмет етіп, қазақтың байлығымен рахат өмір кешкенді ұнатады. Ал, тілін неге қастерлемейді?

   Жоғарыдағы деректерге байланысты құқықтық мекемелердің де ықпалды көмегі аса аз болып отыр. Біздің прокуратуралармен байланысымыз жоқ емес,бар. Көбіне –көп Бас прокуратура тапсырмаларын орындаумен ғана шектелеміз. Жаңағыдай мемлекеттік тілді мүлдем құрметтемейтін мекеме-кәсіпорындарды жиі-жиі тексеріп отырсақ ол ұлттық дамуымызға үлкен көмек болар еді.

        Өткен жылдан бастап Ақтөбе облысы бойынша текникалық реттеу және метрология комитетінің басқармасымен  бірлескен жоспар жасалды. Басты мақсат – тұтыну тауарларындағы заттар таңбаларының мемлекеттік тілде болуын қадағалау. Жыл басынан бері 115 дүкен мен супермаркеттер тексерілді. Қорытындысында бірнеше нысанға әрқайсысына он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 11680 теңге көлемінде айыппұл салынып, ескертілді. Бұл жұмыстар алда да жалғасын табады.

      Көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру, маңдайшалар мен жарнамаларды заңнама талаптарына сай етіп көшелерге ілу жұмыстарында да біраз шаралар жүзеге асты. Соңғы үш жылда 2500-ге жуық ақпарат мәтіндері тексеріліп, түзетілді.

     Қала көшелеріндегі жарнамаларды мемлекеттік тіл туралы заң талаптарына сай етіп жазып, ілуде де сауатсыздық көрініс жиі береді. Ол ол ма, тіптен қайсыбір ұлттық тілді мойындағысы келмейтін  қазақтарымыз кейбір жарнамаларды бір ғана орыс тілінде, онан қалды ағылшын тілінде бадырайтып жазып қояды. Бұл ретте кей кездерде қала әкімдігі де бос белбеулік танытып жатса көңілің құлазымай қайтсін. Басқарма бұл кемшілікті жедел жоюдың жолы – көшелерге жиі-жиі рейдтер жасап отыруды қолға алды. Қаланың ең үлкен көшелері басқарма қызметкерлеріне бекітілді. Әр апта сайын көшелер тексеріліп тұрады. Бұл арада қала әкімдігінің белсенділігі айрықша болуы керек. Ең бастысы қала әкімінің бойында ұлттық тілге деген терең түсінік, биік намыс болып жатса, кәнеки.

      Соңғы уақытта мектепке дейінгі балалар мекемелерінде болуды, олардың басшыларымен кездесуді дәстүрге енгіздік. Шындығын айтсақ біздің облыста қазақтануымызда әлі де кешеуілдеу бар. Мәселен қаладағы 40 балабақшасының тең жарымынан астамы аралас балабақша. Бір ғана  Қарғалы ауданында аралас балабақшалар саны азаймай отыр.

    Басқарманың басты міндеттерінің бірі – облыс көлемінде республикада шығатын қазақша басылымдар таралымын көбейтуге ықпал ету, оқырмандар санын молайту. Бұл жөнінде кезінде министрлікте де әдейілеп айтылып, бүкіл басқармаларға жүктелген болатын. Ең алғы кезекте – ұлттық тілді үнемі қажымай-талмай насихаттап келе жатқан «АНА ТІЛІ» басылымы. Бұл ретте Ақтөбеде қалыптасқан игі дәстүр бар. Соңғы төрт жылда жыл сайын он мыңға жуық оқырман «АНА ТІЛІ» басылымын алдырып оқиды. 2009 жылы да сол меже биігіне жеттік. Әйтеке би ауданының әкімі Есімхан Есенбаев өзінің ұлтжанды азамат екенін әлдеқашан дәлелдеген. Биыл бұл аудандағы «АНА ТІЛІ» газеті оқырмандары саны 1200-ге жетті.Бұл басылымға жазылу Ақтөбе қаласында 4000 данаға, Хобда, Алға, Мұғаджар, Темір, Шалқар, Қарғалы, Ойыл аудандарында 300-1000  дана аралығында орындалды. Аудан әкімдері, ұлттық тілдің үлкен жанашырлары Л.Есмағанбетова, Марат Тағымов, Серік Шаңғұтов, Мәлік Серікбаев, Рахат Сыдықов, Мұқтар Жұмағазиев, Қанатбай Елеусізовтерге мың да бір рахмет айтуға тиіспіз. Мекеме басшылары Асан Ыбыраев, Базарбай Ешмағанбетовтар да қазақ тілінің нағыз жанашырлары екенін көрсете алды.      

    ОБЛЫС әкімінің 2007 жылдың 12 қаңтарындағы қаулысымен  басқарма жанынан  тілдерді оқыту орталығы ашылды. Орталыққа бастапқы жылы облыстық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. Одан бері де  30 миллион, 2009 жылға 40 миллион теңгедей бөлініп отыр.Орталыққа Бәйішев атындағы облыстық ғылми әмбебап кітапханасы ғимаратынан қызметтік үш бөлме бөлінді, бұған қосымша басқа ғимараттан бірнеше бөлмелер жалға алынды. Оқыту залдары компьютерлермен, көрнекі құралдармен, әдістемелік-нұсқаулық әдебиеттермен жабдықталды, оқытушылар құрамы жасақталды. Орталық ашылғалы бері 221 маман оқыту курсын толық аяқтап қолдарына құжат алды. Мұның 80 пайызы мемлекеттік қызметшілер. Мемлекеттік тілді үйренуге сұраныс жылдан-жылға артуда. Тап қазір 600-ге жуық адам орталықтан білім алуда. Олардың тең жарымы өзге ұлт өкілдері. Орталық 4 мультимедиалық кабинетпен, жаңа техникалармен, электрондық оқулықтармен, жаңа оқу бағдарламаларымен қамтылған.

         Мемлекеттік тілді үйренуге жоғарыдағыдай мүмкіндіктің болғанына қарамастан, өзге ұлт өкілдері өз тілектерімен қазақ тілін үйреніп жатқанда қайсыбір шенеуніктер қарамағындағы мәңгүрт қызметкерлерін мемлекеттік тілді тегін түйрететін орталыққа жіберуге келгенде тым селсоқтық танытады. Олар – халықпен күнбе-күн тығыз байланыста жұмыс жасайтын темір жол саласындағы мекемелер, кәсіпорындар, банкілер және ақционерлік компаниялар басшылары. Яғни ұлттық тілімізді қастерлеуде әлде де әттеген-айлар бар. Ең өкініштісі – сол қиындықты туғызып отырғандар да, оны жоюға ұмытылмайтындар да  өз ұлтымыздың өкілдері.

    Халық қашанда жоғарыға қарайды, бүкіл игілікті істі биліктен күтеді. Бәрі күткендегідей емес. Ең ауыры – шын зиялылардың азайып, жағымпаздар мен үркектердің, тіптен  қорқақтардың  көбейіп бара жатқаны. Осындайда Исатай-Махамбет ерліктерін, Бауыржан мен Мұхтардың батыл ойларын  аңсайсың.        

      Ұлттық тіліміздің баяндылығы биліктегі ағайындардың, баршамыздың мемлекеттік тілді мойындауымыздан, құрметтеуімізден тұратыны ақиқат.

     Кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты қағидаты – мемлекеттік тілді құрметтеу. Мемлекеттік тілі жойылған елдің келешегі жоқ. Мұны ата тарих талай дәлелдеген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының  «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатты сөзін анық ұғынған, терең түсінген адам ғана тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы бола алады.

     

Сексенбай Күлімбетов,

 Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы

5601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы