• Тұлға
  • 26 Қараша, 2009

Інілерден ізет

www.anatili.kazgazeta.kzШынымды айтсам, мерей тойларға немесе жеке адамдарға арнап мақала жазуға онша құмар емес едім. Себебі той иесін қалайда қисынын тауып мадақтауың керек. Осының арқасында өзіңді де жақсы жағыңнан көрсетіп қалуыңа болады. Бірақ бұл жолы шын көңіліммен қолға қалам алдым. Марат Тоқашбаевтың 60 жылдық мерейтойы 2009 жылдың 27 қарашасында Жазушылар Одағында аталып өтетінін таяуда өз аузынан естігем. Сол жерде құттықтағам. Тұстастары мен жасы кіші інілері баспасөз беттерінде жылы лебіздерін де жеткізіп жатты. Мәкең туралы жазуды мен ойлап жүргем. Бірақ бастыққа жағымпазданғандай көрінетіндей сезіндім де «Ағамыз ұзақ жасасын, жетпісі мен сексені, тоқсаны мен жүзінде де жазатын адамдар болуы керек қой» деп өзімді кейінгі кезекке қойғам.

Жақында «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим телефон шалып, Мәкең жайында мақала жазып беруімді өтінді. «Мәкеңмен өздерің де талай жыл қызметтес болдыңдар емес пе?» деп сипақтай бастап едім:

— Мәкеңді бәріміз жақсы білеміз, жақсы көреміз. Бірақ жанында көптен бері жүрген сенсің ғой...-деп бастырмалата жөнелді.

1990 жылдың сәуір айында «Ятрань» машинкасын көтеріп, «көшіп» жүрген кезімізді де еске сала кетті. Сөзіне қарағанда «Қазақ газеттері» АҚ бастығы Жұмабек Кенжалин де бұл істі маған тапсырғанды жөн деп санаған сыңайлы.

Иә, сол жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы — «Халық кеңесі» деген газет ашылды. Бас редакторы — белгілі қаламгер Сарбас Ақтаев. Бас редактордың бірінші орынбасары — Жұмабек Кенжалин. Жауапты хатшы — марқұм Басқар Битанов деген досымыз еді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғимаратының төртінші қабатынан газетке кеңселер бөлінді. Самат екеуміз тілшіміз. Менің бөлім меңгерушім — Марат Тоқашбаев. Шағын бөлмеде қарама-қарсы қарап отырамыз. Сырттай аты-жөнін естігенім болмаса, ол кісімен жүзбе-жүз кездеспеппін. «Мәкең өте қарымды журналист. Біраз нәрселерді үйреніп ал» деген Жұмабек оңашада. Бөлім бастығым жанталаса жұмысқа кірісіп кетіпті. Кіріп-шығып жүріп бетіме барлай қарап қояды. Мен үнсіз отырмын. Түске дейін уақыт осылай өтті. Әзірге ешқандай тапсырма берер емес. Ол кезде бет-аузыма түгелдей сақал қойғам. «Мына түксиген түсіме қарап, қалай сөйлесудің ретін таппай жүр ме?» деген ой келе бастады.

— Мәке, мен осы уақытқа дейін әдеби баспада қызмет еттім. Газеттің қара жұмысынан қол үзіп қалғандаймын. Сондықтан сіздің кез-келген тапсырмаңызды қалт етпей орындауға әзірмін. Жасым да сізден көп кіші. Тепкілеп жұмсай беріңіз ,-дедім бір реті келген сәтте.

— Бәрекелді, бірден басын ашып алғанымыз жақсы болды! –деді де үстелінің үстінде қобырап жатқан қағаздарды ақтара бастады. — Ал Секен, мына хаттарды дайындап бере ғой!

Серік демей бірден Секен дегені жүрегіме жылы тиді. Жұмысқа барымды сала кірістім. Кіріскенімді қайтейін, дайындап ұсынған материалдарымды Мәкең қып-қызыл ала етіп өзіме қайтарып берді. Мұны күтпеген менің маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Намыс пен ұят қысып барады. Дегенмен сыр бермеуге тырыстым. Мәкеңнің қолы тиген тұстарды мұқият қайта қарап шықтым. Бәрі орынды. Бір ыңғайсызы — енді мына хаттарды қайта бастыру керек.

Машбюрода отырған Нүрбибі мен жаңа ғана бой жеткен Айгүл (тым ерте марқұм болып кетті) қарындастан қатты ыңғайсыздандым. Дегенмен баспадағы редакторлық тәжірибенің арқасында Мәкеңнің жазу тәсіліне де төселіп алдым. Алдына апарған қағаздарға қаламын тигізбеуге тырысамын. Мәкең құптаса бітті, Жүкең мен Сәкеңдер бірден басуға қол қояды.

Апталық газет біртіндеп қанатын кеңге жая бастады. Біздің бөлімге тілші болып Талғат Сүйінбаев, Серғазы Мұхтарбеков деген жігіттер келді. Мәкең оларды да жақсылап «шыңдауға» кірісті. Қандай жағдайда да қабақ шытпайтын, дауыс көтермейтін, салмақты да сабырлы Мәкеңнің айтқанын ешқайсымыз екі етпеуге тырысатынбыз. Тіліп айту үшін біліп айту керек екендігін де Мәкеңнен үйрендік.

Бірер аптадан кейін Желтоқсан көтерілісінде жазықсыз жазаланғандарды ақтау жөнінде бас көтерген біраз азаматтар Жоғарғы Кеңестің алдында аштық жариялады. Бұрын мұндайды көрмеген қазақстандық баспасөз өкілдері ол жайында қалай жазарларын білмей абдырап қалды. Ешқайсысы тырс етер емес. Компартияның қылышынан әлі қан тамып тұр. Соған қарамастан Бас редакторымыз Сарбас Ақтаев «жазу керек!» деді. Біз жалтақтап ішіміздегі үлкеніміз Марат Тоқашбаевқа қарадық. Арамыздағы ересек деген Мәкеміздің өзі сол кезде әлі қырыққа да толамаған жап-жас жігіт.

Аштық жарялаушылардың жанына баруға депутаттардың да жүрегі дауаламай, андайдан айланып өтуде. Ал біздің Мәкеңнің қолында қағазы мен қаламы, жайма төсектерде ауыздарын ақ дәкемен байлап алып, шалқасынан жатқан жігіттердің бас жақтарына жайғаса отырып алып, әрқайсысын сөзге тартуда. Ертеңінде «Ашыққаннан аштық жариялау керек пе?» деген мақала «Халық Кеңесі» газетінде бұрқ ете қалды. Осыдан кейін ғана басқа басылымдар бұл тақырыпты іліп ала жөнелді. Депутаттар да аштық жариялаушылармен тілдесе бастады. Нәтижесінде Жоғарғы Кеңес сессиясы Желтоқсан құрбандарын ақтау жөнінде арнайы Қаулы қабылдады.

Мәкең әсіресе ұлттық, халықтық мүддеге қатысты мәселелерге келгенде жанып түсетін. «Азат» қозғалысының белді мүшесі. Тыңнан түрен салудан еш тайынбайды.

Бір күні «Қытайлар жүр көшеңде» деген мақаласы газетімізде жарияланды. Иә, тоқсаныншы жылдың басында-ақ осындай дабыл қағылғанын бүгінгі жастар біле бермеу мүмкін. Бәріміз елең ете қалыстық. Көп ұзамай Мәкең «жауапқа» шақырылды. Халықаралық мәселеның жіңішке қылын қаттырақ шертіп жіберіпті-міс.

Ұлттың ішкі бірлігіне келгенде Мәкең ішкен асын жерге қояды.

Марқұм Басқар Битанов газеттің алғашқы сандарының бірінде «Рушылдығың емес, рухың күшті болсын!» деген мақала жазды. Мәкең осы тақырыпты одан ары тереңдетіп, бір жыл бойы оқырмандар мен арнайы мамандардың пікірін ұйымдастырудан жалықпады. Бөлім қызметкерлеріне де осы тақырыпқа тапсырмаларды жиі беретін.

Сол тоқсаныншы жылы, яғни кеңестік құқымет кезінде Мәкең Орталық мешіттегі жұма намазынан қалмайтын. Ретті жерінде Құран сүрелері мен аяттардан ғибраттар айтады. Ұйып тыңдаймыз. Кейбіреуміз күдіктене қараймыз. Мемлекттік мекемеде бұлай сөйлеуге болмайтын сияқты. Сөйтсек, Мәкең о бастан-ақ дегдар адам болып шықты. Осы уақытқа дейін маңайындағы талай інілерін Құдайдың хақ жолына түсірді. Ешкімге өз көзқарасын тықпаламай-ақ ұйыта білетін бір қасиеті бар. Алайда мені дін жолына тарта қойған жоқ. Әзірге оған толық дайын еместігімді көзімнен-ақ таниды-ау деймін.

Қиғаштау келгенім-ай!..

Тоқсаныншы жылы дүкен сөрелері бос қалып, іздеген дүниенің бәрі зәрулікке айналды. Әр ауданның тұтынушылар одағы мекемелерге талон арқылы тауарлар таратады. Біздің редакцияға киім-кешектермен қоса бір тоңазытқыш, соңғы үлгідегі бір телевизор, тағы басқа тұрмыстық заттар келді. Бұларды ұжым мүшелеріне теңдей үлестіру міндеті кәсіподаққа жүктелді. Кәсіподақ төрағасы — Марат Тоқашбаев. Байқаймыз, жақсы бұйымдар пышақ үстінен бөлініп кеткен тәрізді. Біздегі бір-екі тілшінің үйінде телевизор мүлдем жоқ екенін де білетінбіз. Менің де «Рекорд» деген ескі телевизорым сынып тұрғалы бір жылдан асқан. Ендеше телевизор алдымен соларға берілуге тиісті. Тегін емес, әрине, ақшасына.

Әділетсіздікке бірінші болып мен қарсы шықтым. Бастығым болса да М.Тоқашбаевқа бірінші рет қиғаштау келгенім осы. Мәкең бұрынғы шешімді шұғыл өзгертті. Заттарды әркімнің зәрулігіне қарай бөлуге кірісті. Ал телевизорға кәдімгідей талас туды. «Жеребевка» тастайтын болды. Мен оған қатыспайтындығымды ашық айтып, далаға шығып кеттім. Басқалар алсын дедім. Әйтпесе, өзім үшін өңеш жыртқандай көрінетінім анық.

Темекімді бұрқырата сорып есік алдында жүргем. Серғазы Мұхтарбеков пен Талғат Сүйінбаев жүгіріп келді:

— Ойбай жүр, қызық! Телевизор шықпай жатыр. Оншақты адам қатысты. Нұрбибі екеуің ғана қалдыңдар. Ол қорқып қағазды ашпай отыр ,-деді де сүйрей жөнелді. «Мен бұл ойынға қатыспаймын!» деп табан тірей кері шегінгеніме қарамастан ішке бір-ақ кіргізді.

Үстел үстінде шиыршықтала бүктелген екі қағазды бәрі қаумалап алған. Мәкең біреуін алуымды өтінді. Қарамастан біреуін қалтама сала салып, далаға қарай ата жөнелдім. Шыға берісте жігіттер қуып жетті. «Телевизор сенің қалтаңда!» деп даурығысады. Шиыршықталған қағазды ашып көріп, құттықтап жатыр.

Мәкеңе қиғаштау келіп қалған тұсым жалғыз бұл емес.

...Ертеңгі нөмірдің кезекшілігінде отырғам. Бір корректор қыз өзі оқып жатқан бетті орта жолда тастап, жұмыстан кетіп қалыпты. Соның кесірінен шуылдасып жүріп газетті таңға жуық әрең шығардық. Келесі күні жаңа нөмірді талқылау алдында Жүкең шақырды. Кешегі оқиғаның себеп-салдарын сұрады. «Оны корректор қыздың өзінен сұрайық» дедім. «Докладной жаз!» деді. Жаздым. Жиналыста әлгі қыздың бұған дейін де кезекшілік кезінде себесіз жұмыс орнын тастап кеткені дәлелденді. «Жұмыста қалдырамыз ба, жоқ па?» деген мәселеге келгенде Мәкең дауысқа салуда ұсынды. «Алдымен өзінен сұрайық, не айтар екен?» деп қалдым мен. Қызға сөз берілді. Ол ақталар сөзі қалмаған соң өз еркімен жұмыстан кететіндігін мәлімдеді. Ұсыныс қабылданды.

Мәкең бұл кезде жауапты хатшы қызметінде. Көңіл-күйі бұзылғанын байқадым. Жиналыстан кейін «Серік, сен тым турашыл екенсің ғой. Өзімізден кішілерді тәрбиелей алмасақ, несіне жүрміз?» деді. Не дерімді білмей, ойланып қалдым. Ол қыз Мәкеңнің бір досының жақын қарындасы екен дегенді кейін естідім. Ерке қызға бас-көз бола жүруді, тәрбиелеуді досы Мәкеңе тапсырса керек. Дауысқа салғанда бәлкім ол қыз жұмыста қалатын ба еді... бәрін мен бүлдірген сияқтымын.

Мәкеңді ренжітіп алғаныма өкіндім. Себебі дәл осының алдында ол кісі мені бөлім меңеруші қызметіне ұсынып, жоғарылатқан болатын. Сөйткен адамға жасаған жақсылығымның түрі мынау.

Құшағы кең, жүрегі жылы

1992 жылдың күзіне таман мен «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке ауыстым. Мәкең көп ұзамай «Заң газетіне» Бас редактор болып тағайындалды. 1996 жылы «Халық Кеңесі» жабылды да, оның біраз қызметкері «Егемен Қазақстанға» қабылданды. Бір күні «Халық Кеңесінен» келген Талғат Сүйінбаевтың кезекшілігі кезінде бір әріптің орын ауысуы салдарынан үлкен саяси тұлғаның фамилиясы өрескел бұрмаланып, газет бетінде шыға келді. Оның алдында бұдан сәл жеңілдеу қате жіберген әріптесіміз жұмыстан қуылған. Бас редактор Уәлихан Қалижан жақсы журналисін қимаса да, бұйрыққа қол қойды. Бірақ Талғат жасымады. Марат ағамыз оны бірден «Заң газетіне» қызметке алды. Үш-төрт ай өткеннен кейін Талғат «Егеменге» қайтып оралды. Қысылтаяң кезде Талғатқа қолұшын беріп, қанатының астына алған Мәкеңе бәріміз іштей риза болдық.

2004 жылы жол апатына ұшырадым. Денсаулықты түзеп алғанша жеңілдеу, ақшасы тәуірлеу бір жұмысқа ауыстым. Өкінішке орай, ол жұмыс орыны жарты жылдан кейін жабылып қалды. Жұмыс іздей бастадым. Әзірге еш жерде бос орын жоқ. Мәкеңе телефон шалдым. Ол кісі «Қазақстан» ҰТА-да Бас директорлық қызмет атқарғаннан кейін «Қазақстан-Заман» газетінде Бас редактор болып ауысқан.

— «Егеменнен» кеткенің дұрыс болмаған. Жап-жақсы көрініп жүр едің ғой. Қазір маған келіп өтінішіңді жаз да, ертең жұмысқа шық! -деп бір-ақ кесті. Айтқанын істедім. Бір айдан кейін тілшілік қызметтен бөлім меңгерушілігіне көтерді. Бір жылдан кейін «Президент және Халық» газеті ашылды. Мәкең осы газетке Бас редактор болып тағайындалды. Командасын да толық жасақтап алды. Бір айдан кейін телефон шалды.

— «Қазақстан-Заманға» Бас редактор тағайындалыпты. Орынбасарлыққа сені қоятын шығар деп ойлап едім. Олай жасамапты... Енді маған орынбасарлыққа кел! -деді.

— Орынбасарыңыз бар емес пе? –деппін.

Онда нең бар! Бірінші орынбасар боласың!

Міне, Саматтың «жанында ұзақ жүрген сенсің ғой» деп маған тапсырма беріп отырғандығы да сондықтан. Шынында Мәкеңді мен бастығым ғана емес, жанашыр ағамдай сезініп кеткем.

2006 жылдың ақпан айында тетелес інім қайтыс болды. Мен үшін қара аспан құлап түсті. Әулеттің бас көтерері өзім болғандықтан қатты састым. Семейдегі ел-жұртқа хабар жөнелтіп, жерлеуге қатысты жұмыстарға жүгірудемін. Денем дір-дір етеді. Кеуде тұсым күйіп бара жатқандай. Көзімнен жас та шықпайды. Ұлардай шулаған бала-шағаны қалай жұбатарымды білмеймін.

Суық хабарды ести сала ертемен Мәкең келіп жетті. Мен ол кісінің кең құшағына қойып кеттім де, әй бір егілдім-ау! Алдыңда арқа сүйер ағаң болудың өзі бір бақыт екенін сонда ғана сезіндім.

Сәлден кейін дос-құрдас Еркін Дуанаев келіп жетті. Ол Діни Басқармадағы басшылық қызметте істейтін. Сыртқы жұмыстардың бәрін өзі әп сәтте шешіп тастады. Ал Мәкең біздің үйдегі келінімен, ішкі жұмыстарды ұйымдаструға кірісті. Қаржы жағынан да көмектесуде. Жылы-жылы сөздерімен жанымызға шуақ шашты.

Жалпы, Мәкең жайында айтарым өте көп. Бір ағытылсам, тоқтай алмайтындаймын. Сондықтан да өзімді іркіп, Мәкеңнің 100 жылдығында естелік жазсам, ол кісі оны дәл бүгінгі жап-жас қалпындағыдай оқып отырса деп ойлағаным рас еді. Жалғыз мен емес, басқа қаламдас інілері де осылай ойлайтынына күмәнім жоқ. Оған мына бір дәлел мысал бола алатындай.

Былтыр жазда белгілі журналист Болат Жүнісбеков жылы орнын суытып, қызмет ауыстырмаққа ниет етті. Достарымен ақылдасты. Біреуміз «барсаңшы» дедік, біреуміз «ойланып көрсеңші» дедік, әйтеуір ешқайсымыз оған мандытып кеңес бере алмағандаймыз.. Бір аптадан кейін өзі телефон соқты, бұрынғы жұмысында қалғанын «Дұрыс екен» дестік тағы да.

— Сендердің дұрыс-бұрыстарың өз алдына, Марат ағаммен ақылдаса отырып осындай шешімге келдім ,- деді.

Болат та Мәкеңмен сонау тоқсаныншы жылдардың басында «Халық Кеңесі» газетінде бір жылдай бірге қызмет еткен. Соншалық тығыз қарым-қатынаста болды деуге келмейді. Бірақ Мәкеңді аға тұтады, жанашыр ақылшысы санайды.

Күрті аудандық мәслихатында аппарат басшысы қызметінде жүрген Марат Қашқынбаев деген менің бір досым таяуда телефон шалды. Студент кезінде «Жетісу» газетінде тәжірибеден өткен ол кезінде Мәкеңнен көп нәрсе үйреген екен.. Мақалаларын менің атыма жібере отырып, Мәкеңе құлаш-құлаш құрметін тағы да менің мойныма артып қояды. «Мәкеңе өзің хабарласып, мақалаларыңды сол кісінің атына бірден жібере салмайсың ба?» деймін.

— Жоқ, өйте алмаймын. Мәкең мен үшін өте үлкен адам. Ол кісіні мұндай ұсақ-түйек шаруамен алаңдатқым келмейді және кемшіліктерім болса, Мәкеңе жеткізбей өзің жөндеп жібересің ғой,- дейді жасқаншақтап. Студент кезде жуан білегін қайда жұмсарын білмей жүретін Қашқынбаевтың мына қылығына қайранмын. Сөйтсе де «бұл — шынында да Мәкеңді қатты құрметтегені, ұялғаны, інілік ізетін, таза көңілін сақтағаны-ау» деп түсіндім.

Жігіттердің қайсысы хабарласса да менен алдымен Мәкеңнің амандығын сұрайды. Содан кейін барып өзіме қарай көшеді. Бәлкім, ағаны деген шын көңіл, шын сыйлау осы шығар. Ендеше бәріңнің атыңнан Мәкең ағамызды алшаңдай басып жеткен алпысымен, талтүсімен құттықтадым! Мен үшін бұл үлкен мақтаныш!

Серік Жұмабекұлы

3123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы