• Мәдениет
  • 22 Қаңтар, 2009

«Ана тілінің» шапағаты Шамалғандағы мұражайға да тиіпті

Шамалған ауылындағы Қарасай атындағы орта мектепте ашылған «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайының құрылғанына он жыл толды. 1998 жылы ашылған мұражай ауыл тарихынан хабар беретін сан алуан деректер мен осы мектеп түлегі, Елбасы Н.Назарбаевтың өмір жолынан сыр шертетін мағлұматтарға толы.

Шамалған тарихынан сыр шертетін бұл мұражайдың ашылу барысындағы қиыншылықтарды мұражай меңгерушісі Рымкеш Байқонысова былай есіне алады: «Осы мұражайды алғаш қолға алған кезде менде ешнәрсе болмады. Тіпті бұл жердің тарихынан да хабарсыз едім. Шамалған ауылына көшіп келмес бұрын Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылында «Асыл мұра» атты этнографиялық мұражай ашқан едім. Сондағы жинақтаған тәжірибем мұнда менің жігерімді жүдетпей, намысымды кірлетпей, тәуекелмен тау бұзып үлкен істің аяғына жетуіме көп көмегін тигізді. Тіпті мұндағы орыстардан «Бұл өзі қайдан келген? Бізге мұражайдың қажеті қанша?» деген сияқты сөздерді де естідім. Әсіресе, мұражайды жабдықтауда «Ана тілі» газетінің көп көмегі тиді. Жарыққа шыққан жылдан бастап жинаған тігінділерімнің қызығын осы кезде көрдім. Ақыры аядай бір бөлмені мұражай етіп жасадым», – дейді. Жетпісті еңсерген Рымкеш Шайкенқызы әлі де талай жетістікке жетіп, мұражайдың жандануы үшін еңбек ететінін айтады. Ол қажырлы қызметінің арқасында Елбасының өз қолынан «Құрмет» орденін алғанын да мақтаныш етеді.

Мұражай төрінен «Мектеп шәкіртімен мерейлі», «Үбірлі ұрпақ», «Берекелі отбасы», «Арманшыл жастық шағым – Украина», «Теміртау – еңбек жолы», «Отбасы – Отанның тірегі» деген тақырыптармен Елбасының балалық шағынан бүгінгі кезеңге дейінгі өмірін қамтитын естеліктерге орын берілген. 2007 жылы Елбасының өзі осы мұражайға жолы түсіп, 60 портретін сыйға тартқан екен.

Биыл мектеп ұжымы мен Рымкеш апамыздың бастамасымен мұражайдың 10 жылдық мерейтойын атап өту қолға алынды. Игі іске Алматы қаласындағы орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері де қарап қалмай өз үлестерін қосты. Аталмыш кітапхана қызметкерлері өз қорларындағы көптеген құнды деректер мен материалдарды жеткізіп, кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге «Алаш және бүгінгі Қазақстан» деген тақырыппен Алаш-Орданың 90 жылдығына арналған және даналық ойдың дара зергері, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына байланысты материалдар қойылды.

Құрылған кезінде 30 мың, қазіргі кезде 5 миллионнан астам кітап қоры бар, орталық Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі болып саналатын ғылыми орталық тарихынан біршама мәлімет берген «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттерді ғылыми-зерттеу» бөлімінің меңгерушісі Раиса Тасболатқызы Алаш қайраткерлері мен Шәкәрім мұралары және алғашқы қазақ басылымдары жайында әңгімеледі. Оқушылар түгілі ересектердің қолына түсе бермейтін жүздеген, мыңдаған жылдық тарихы бар құжаттарды көрген ұстаздар қауымы мен шәкірттер кітапхана қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

А.ҚАБИ

3101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы