• Білім және ғылым
  • 19 Желтоқсан, 2014

Интернатта оқып жүр...

Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 130 жыл

Биыл Қостанай қаласындағы ­Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 130 жыл толып отыр. Бұл мерейлі кезең еліміздің білім беру саласы үшін өте маңызды болып табылады. Өйткені тарихи терең, бірнеше буын ұрпақтардың көзін ашып, білім мен тәрбие берген, саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан білім ­ордасы бүгінгі күнде де өзінің ізгілік жолындағы өнегелі ісін лайықты жалғастырып келеді. Қостанай өңіріне келген тұрғындар болсын, алыс-жақын елдерден келген қонақтар болсын олардың назары ең алдымен осы киелі орынға еріксіз түседі. Соңғы жылдары білімнің қарашаңырағына күрделі жөндеу өткізіліп, ол бүгінде адам танымастай өзгерді.

Колледж-1 Жуырда осы оқу орнында болып, біраз жайларға қанықтық. Оқу орны басшысының бір маңызды шарада жүруіне байланысты, мектеп-интернат директорының орынбасары Гүлмира Тасанова соңғы жылдардағы игі жаңалықтарды нақты деректер және дәйектерге сүйене отырып, баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, білім ордасында тындырылған жұмыстар жеткілікті. Жалпы, аталған білім ордасының құрылысы 1882 жылы басталыпты. Содан арада екі жыл өткен соң, яғни 1884 жылы Троицк қаласындағы орыс-қазақ мектебі облыс орталығы Қостанай шаһарына көшіріліпті. Жаңа орынға қоныстанғаннан кейін енді бұл мектеп екі сыныптық Қостанай орыс-қазақ училищесі атанады. Оған жергілікті халықтың көзі де үйрене бастайды. Осы білім ордасының жанынан шәкірттерге дәріс беретін ұстаздарға арналып пәтерлер, монша, лапас, жерқойма және бақ салынды. Бір ерекше тоқтала кетер жайт, осы жұмыстардың барысына қазақтың ұлы ағартушысы, даңқты жерлесіміз ­Ыбырай Алтынсариннің өзі бақылау жасайды. Осынау қарашаңырақтың негізін Ыбырай атамыз қалаған деп сондықтан да ауыз толтырып айтылса керек. Уақыт өте берді. Қазан  төң­керісінен кейін жоғарыда аталған училище уездік бастауыш мектеп болып қайта құрылды. Ал 1922 жылы «Қызыл коммуна» атындағы жеті жылдық мектеп болып өзгерді. Қаншама шәкірттер білім алып, үлкен өмірге жолдама алып жатты. Өңірдегі бауырларымыз осы жерге ұл мен қыздарын беріп, мұндағы ұстаздардан тәрбие-тағылым алды. Кейбір ақпарат көзіне қарағанда, 1938 жылы әлгі білім ордасы Қазақ орта мектебі аталып, оған ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Сөйтіп, осынау қарашаңырақ облысымыздағы ағайындардың перзенттері білім алатын құтты орынға айналды. 1960 жылы Қостанай облыстық атқару комитетінің шешімімен халыққа білім беру ісіне қосқан еңбегіне көрсетілген құрмет ретінде мектеп ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің атымен аталды. Барлық аудандар мен қалалардағы қаракөз бауырларымыздың ұл мен қыздары ана тілімізде білім алатын іргелі оқу орнына айналды. Бұл мектеп-интернат болды. Осы жерде тәлім алған белгілі журналист-жазушы, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Сәлім Меңдібаев және басқалардың сөзіне сүйенсек, олар небір ардақты ұстаздардың алдын көріп, солардың үлгі-өнегелерін бойларына сіңіріп өсті. Қазір заман басқа. Бәсекелестік заманы дейміз. Бұл тұрғыдан алғанда мектеп-интернат та уақыт талабына сай өркендеп келеді. Оқу орнына шәкірттер байқау арқылы қабылданады. Қойылар талап та ерекше. Мәселен, қабылдау барысында оқушылардың ойлау қабілетіне, зерделілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сабақ үлгерімі төмен, тәртібі нашар шәкірттер оқуын одан әрі жалғастыра алмайды. Сонан соң мектеп-интернатқа негізінен өз саласын жетік білетін, бала психологиясын меңгерген тәжірибелі де білікті мамандар іріктеліп алынады.Сондықтан да болса керек, мұнда білім сапасы өте жоғары. Ерекше мақтанышпен айтатын жай, бұл оқу орнының түлектері жылдан-жылға ұлттық бірыңғай тест барысында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мә­селен, үстіміздегі жылы мұнда 49 тү­­лек білім ордасын аяқтады. Соның 5-еуі «Алтын белгіге» ие болды. Сөздің ре­ті келгенде, осындай құрметке ие ­бол­ған Абылай Ахан, Айзат Төкен, Ұлзада Сәлімжан, Эльмира ­Сауытпаева, Қазбек Сәлімжан секілді шәкірттер өзгелерге өнеге көрсеткендігін айтып өткен жөн. Сол түлектердің ішінде Эльмира Сауытпаева 121 балл жинап, көш бас­тады. Мектеп-интернаттағы ортақ балл 110,13 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 108,7 пайыз болған еді. Өздеріңіз де бағамдап отырған боларсыздар, нәтиже өте жоғары. Соңғы бес жыл бойы бұл ұжымның түлектері облыста алғашқы орында келеді. Биыл ол республикамызда сынақтың қорытындысы бойынша 4-орынға ие болды. Екінші жыл қатарынан республикамыздағы үздік он оқу орындарының қатарынн көрінуі көп жайдан хабар беріп тұрса керек. Мәселен, өткен маусым айында елордамыз Астанада Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов  еліміздегі Ұлттық бірыңғай тесттің нәтижесі бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген білім ордаларының басшыларын жинады. Сол кездесуде министр ұстаздар қауымына ризашылығын білдіріп, Қостанайдан арнайы қатысқан ­Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мектеп-интернатының директоры ­Галина Оразқызы Карпыковаға Алғыс хат пен арнайы планшетті табыс етті. Бұл сөзсіз, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы сіңіріліп келе жатқан еңбекке берілген лайықты баға деп білеміз. Мектеп-интернаттың ­басшысы Галина Оразқызы өңіріміздегі білікті ұстаздардың бірі. Көп жылдық тәжірибесі бар маманды ұстаздар қауымы мен шәкірттері құрмет тұтады. Ғылым кандидаты. Әріптестеріне қояр талабы да жоғары. Сондықтан да болса керек, биылғы жылдың түлектері де айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Мәселен, жоғарыда аталған 49 түлектің бірі Жанар Қуанышбай академик Өмірбек Жолдасбеков атындағы Халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпазы атанды. Ол география пәнінен ерекше дарыны мен терең білімі үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Ал мектеп-интернаттың өзге түлектерінің 30-ы бес пәнді тек бестік бағамен аяқтады. Қалғандары да екпінділер қатарында болып, ұстаздары мен ата-аналарының абырой-беделін асқақтатты.  Қысқасы, мұнда білім сапасы 100 пайызды құрады. Гүлмира Мұхамеджанқызынан мектеп-интернаттағы түлектердің мұндай жоғары табыстарға жетуінің құпиясы мен сыры жөнінде айтып беруімізді сұрағанымызда, ол тек қана жыл бойы жасалған дайындық, тынымсыз еңбектің арқасы екендігін тілге тиек етті. Осындағы барлық ұстаздар қауымы өздерінің міндеттерін барынша жауапкершілікпен атқарып, әрбір шәкірттің қабілетіне айрықша назар аударды. Білім ордасындағы орыс тілі және әдебиеті пәнінің маманы, техникалық хатшы Шолпан Сейтқожина өткен оқу жылынан бас­тап жоғарыда айтылған мәселемен тығыз айналысты. Білім ордасындағы Жұмаш Бөлекбаева басқаратын сыныптан 5 «Алтын белгі» иегерлері шықты. Білікті ұстаз шәкірттерін соңғы бес-алты жылдан бері білім нәрімен сусындатты. Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. Оқушыларды алдағы сынға психологиялық жағынан жалықпай дайындады. Сонымен қатар математика, тарих, физика, ағылшын, биология сынды пәндерден түлектерге дәріс берген Асыл Ерішева, Айгүл Төлегенова, Сәлия Түктібаева, Райхан Қамбарова, Салтанат Байсенгірова, тәжірибелі ұстаз Гүлжан Көдебаева секілді ұлағатты ұстаздар тындырымды жұмыс атқарды. Өткен жылы мектеп-интернатта 417 бала білім алды. Оларға мұндағы екі корпустағы жатақханалар, асхана, республика залы, кітапханалар қызмет етті. Осындағы домбыра, би, тоғыз құмалақ және басқа да танымдық жағы мол үйірмелер де жұмыс істеді. Мектептегі үрмелі аспаптар оркестрі де болашағынан үміт күттірер талай талантты оқушыларды қанаттандырып, оларды алға қарай жетеледі. Оркестрге есімі көпке танымал Алексей Губенко басшылық етті. Білім ордасының тағы бір бас­қаларға ғибрат болар тұсы, кезінде бұл жерден ақындар сыныбы ашылған болатын. Әу баста оған Қазақстанның халық ақыны, сегіз қырлы, бір сырлы қазақтың аяулы қызы Әсия Беркенова жетекшілік етті. Сол ақындар мектебінен тәлім алған қаншама жас талант айтулы жыр додаларына қатысып, Ыбырай атамыздың атындағы мектеп-интернатты қазақ еліне танытты. Қазір аталған сыныпты білім ордасының түлегі, талантты қарындасымыз, республикалық сайыс­тарда көзге түскен Салтанат Өтелбаева жүргізеді. Тарихи шақ болып саналатын 130 жыл ішінде негізін ұлы ағартушымыз қалаған қарашаңырақта көптеген игі өзгерістер болды. Осындағы ұстаздардың оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берудегі сіңір­ген айрықша еңбектері мем­лекет тарапынан жоғары ба­ғаланып, «Құрмет белгісі» ор­денімен марапатталды. Сонау 1975 жылы мектептің жаңа ғимараты тұр­ғызылып, қостанайлық бауырла­рымыздың игілігіне берілді. Арада 18 жыл өткен соң, яғни 1990 жылдың киелі нау­рыз айында Ыбырай Алтынсарин атындағы лицей-интернат атына ие болды. Ал 2000 жылдан бастап сапалы білімімен дараланған оқу орны дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мәртебесіне ие болды. Арада екі жыл өткенде «Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін тарату бойынша базалық мектеп» ретінде де елімізге кеңінен танылды. Қазіргі таңда ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде аяқтаған ұжым жаңа оқу жылына және өздерінің 130 жылдық мерейтойына тыңғылықты әзірленуде. Осындағы 40 ұстаздың бәрі де жоғары білімді, өз саласының нағыз майталмандары. Қай оқу орны болмасын өздерінің айтулы түлектерін мақтан тұтатыны белгілі. Бұл орайда қазақтың белгілі революционері Әліби ­Жангелдин, қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин, педагог-жазушы Спандияр Көбеев, Қазақстанның халық артистері Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, кезінде министр, ректор болған Әмір Қанапин, Темірбай Дарханбаев және басқа да азаматтарды ерекше атап өтуге болады. Ұстаздар мен оқушылар олардың есімдерін әрқашанда құрметпен атайды. Бүгінде арамызда жүрген белгілі ғалымдар Аманжол Күзембайұлы, Жангелді Отарбаев, Қалқаман Жақыпов және басқа да көптеген түлектер осы мектеп-интернаттың кешегі шәкірттері.

Оразалы Жақсанов Қостанай облысы

8181 рет

көрсетілді

89

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы