• Білім және ғылым
  • 19 Желтоқсан, 2014

Өмірді ұзартуға болады

Қазақстанда донорларды бақылап отыруға мүмкіндік беретін Республикалық трансплантациялаудың үйлестіру орталығы  құрылды. Сонымен қатар орталықтың облыстардағы бөлімшелері жұмыс істеуде. Осы филиалдар арқылы аймақтардағы бас сүйек зақымы мен кеңейтілген инсультпен жансақтау бөліміне түскен емделушілер туралы бар ақпарат жеткізіліп отырады.

Қазір біздің Отанымыз ұлы мақсаттарға сенімді қадам басуда. Әлбетте, осы жолда  түрлі қиындықтар туындайды. Осыған қарамастан қазір қазақстандықтар үшін медицинада қолданылатын көптеген жоғары технологиялар қолжетімді болып отыр. Еліміз тарапынан сіз бен біз қиын жағдайға түскен кез келген  уақытта трансплантация қолжетімді болуы үшін бар мүмкіндіктер қарастырылады. Бүгінгі таңда  трансплантация мемлекеттік медицинаның даму индикаторы болып табылады. Егер мемлекетте органдарды трансплантациялау бойынша сәтті оталар жасалатын болса, ол мемлекеттің медицинасы тиісті деңгейде дамып отырғандығын дәлелдей алады. Медицинаның осы саласының дамуы  қоғамымыздың жетілгендігін, жүктелген міндетті біріге отырып жүзеге асыра алуымыздың сипаты. Республикада қазіргі уақытта органдарды трансплантациялау белсенділігі (жүрек, бүйрек, бауыр) әртүрлі деңгейде жүзеге асырылады. Органдарды клиникалық трансплантациялау нәтижесі халықаралық деңгейге сәйкес жүргізіледі. Адамдар көбіне трансплантацияның беймезгіл өлімге алып келуінен қорқып, бас тартып жатады. Дәрігерлер заңсыз жолмен органдарды алуы мүмкін деген пікірлер де жоқ емес. Бұл пікірді мына дерек арқылы жоққа шығаруға болады: транс­план­тация жасауда 20-30 адам қатысады,ал реци­пиенттер иммуносупрессивті терапияға мұқ­таж. Осыған сүйене отырып, органдарды заңсыз алу мүмкіндігі жоқ деген пікірге келуге болады. Көптеген адамдардың бас тартуының негізгі себебі дінмен байланысты. Кей жағдайда ешбір негізсіз үзілді-кесілді түрде бас тартқан жағдайлармен де кезігіп жатамыз. Бұл дін жайлы ақпараттың жеткіліксіздігінен болып отыр. Қайтыс болған адамның дене мүшелерін трансплантациялауды тәжірибеге енгізу  бұрын емделе алмаған жүрек, бауыр, бүйрек ауруларынан айығуға мүмкіндік береді. Жоғары дамыған елдерде адам өз өмірін өзі жоспарлайды, өз денсаулығын сақтап, ұзақ әрі бақытты өмір сүру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сонымен қатар осы елдерде адамдар қайтыс болған жағдайда өзге адамдарды құтқару үшін өз органдарын алуға алдын ала келісім беріп қояды. Көптеген адамдар көзі жұмылғаннан кейін органдар доноры болуын қаламайды, ал туыстары олар үшін мұндай шешім қабылдауға батылдары бармайды. Қайтыс болған адамның денесіне қол сұғу оған деген құрметтің болмауы деп санап, рұқсат бермейді. Ал кейбіреулер болашақ трансплантация уақытынан ерте өлімге алып келеді деп күдіктенеді. Азаматтардың өз келісімімен органдарын беруге немесе одан бас тартуына мүмкіндігі бар. Біздің кейбір отандастарымыз үшін трансплантация органдарды алып-сатумен айналысатын фантастикалық немесе қылмыстық әрекет сияқты көрінеді. Бұлай ойлайтындардың саны өте аз және халықтың біраз бөлігі «келесі өмірде» оған органдардың  ешбір қажеті болмайтындығын анық түсінеді. Сол себепті де қайтыс болған жақынның органдарын беруге батыл шешім қабылдайды. Осылайша өлім тек өмірдің соңы емес, өмірдің жалғасы бола алады. Елімізде органды алып-сату мүмкіншілігі жоқ, себебі ол заңның және құзыретті органдардың ұдайы бақылауында екенін ескерген жөн.

Әлия Уркенова, республикалық трансплантациялау

үйлестіру орталығының қызметкері

3082 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы