• Ақпарат
  • 26 Қараша, 2009

«Кіндігі түрмеде кесілген роман»

www.anatili.kazgazeta.kzСейсенбі күні Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында қазақ әдебиетінің классигі Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының тұсаукесер рәсімі өтті. «Саяси қылмыскер» атанып, 40 жыл уақытын абақтыда өткізген Қажығұмар Шабданұлы бүгінде 85 жаста, «үй қамағы» есебінде Шыңжаңның Шәуешек қаласында тұрып жатыр. Осы күнге дейін автордың «Қылмыс» романының бірінші томы мен «Пана» романы Дүниежүзі қазақтары қауымдасытғына қарасы «Атажұрт» баспасынан жарық көрген.

Абақтыда жазылған «Қылмыс» романы ғұмырнамалық жанрда жазылса да Қытайдың жарты ғасырлық тарихы мен Шыңжаң қазағының қилы тағдырын қамтыған көлемді шығарма. Романының алты томының толық басылып шығуына Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл жайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев кітаптың тұсаукесер рәсімінде былай деді:

Қажығұмар Шабданұлының өмірбаянымен көпшілігіміз

таныспыз. Денгенмен қалың жұртшылық әлі күнге жазушының шығармашылығы жайында бейхабар. Енді міне осы олқылықтың орынын толтыратын «Қылмыс» романының алты томы жарық көріп отыр. Бұл үлкен еңбек. Мен осы еңбектің халықпен қауышуына көп күш салған екі адамды айырықша айтқым келеді. Оның бірі, араб әліпбиімен жазылған алты томның қолжазбасын крилицаға түсіріп, оларды бір ізге келтіріп, жалпы редакциясын қараған – Қабдеш Жұмаділов ағамыз. Екіншісі, Қабдеш ағамыздың өтінішін қолдап, бюджеттен қаржы бөлдіріп, тікелей өзі қадағалап, бас-көз болған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл- Мұхаммед мырза. Жалпы, бірден алты томды шығару оңай болған жоқ. Тек министріміздің қолдау көрсетуімен, Қабдеш ағамыздың тікелей араласуымен ғана мүмкін болды. Аманшылық болса, бұл кітаптар Қазақстанның барлық кітапханаларында, жоғары оқу орындарының кітапханаларында, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарында жарқырап тұратын болады, – деді ол.

Қажығұмар Шабданұлы шығармашылығының асқар биігі болған «Қылмыс» романын Қазақстанда жарыққа шығару үшін бар күш-жігерін жұмсаған Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов те жиналған қауымды біраз жайттен хабардар етті.

Бүгін қазақ мәдениеті мен қазақ әдебиеті үшін үлкен мереке, үлкен оқиға. Өйткені, дүниеге жай роман емес, алты томнан тұратын ұлы роман келіп отыр. Бұл қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Романның жалпы ерекшелігі оның көлемінде ғана емес, оның қалай жазылғанында, бір елден бір елге қалай жеткенінде, авторының тағдырында жатыр. Ең бастысы, бұл алты томдық романның кіндігі түрмеде кесілген. Шыңжаңда қалыптасқан «Түрме әдебиеті» мектебінің басында 70 пайыз өлеңі түрмеде жазылған Таңжарық Жолдыұлы тұр. Содан кейін араға қырық жыл салып Таңжарықтың ерлігін Қажығұмар Шабданұлы қайталады. 1925 жылы Үржар даласында туылған Қажығұмар романын өзін 7 жасында шешесінің Үржардан Шәуешекке қалай жетелеп өткенінен бастап, 1930-1980 жылдар аралығында Қытайда болған оқиғаларды түгел қамтып жазған. Шығарманың жаны шындық дейтін болсақ, сол шындық «Қылмыс» романында мөлдірген қалпында берілген. Қытайға барып-келіп жүргендерден «Қажекең жаңа шығарма не жазар, не жазбас, менің тілегім «Қылмысты» қолға алсын, бұрынғы түзеліп, күзеліп шыққан нұсқаларын қалпына келтірсін, сонан соң біртіндеп Қазақстанға жеткізсін» деп сәлем айтқанмын. Осыдан кейін «Қылмыс» романы біртіндеп келе бастады. Көшпен, қыдырып келген адамдардың түйіншегімен, азық-түліктің, күріштің арасына салынып дегендей. Бірнешеуі шекарада ұсталып та қалды. Жалпы, автор ретінде түрмеде отырып роман жазудың ақыры осы Қажекең болсын деп тілейік. Романның толық жарық көруіне әдебиеттің, мәдениеттің жанашыры, үлкен азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Мәдениет және ақпарат министрі болуы үлкен себепші болды. Биыл Қажекең 85-те. Шәуешек деген шаһарда «ұзын арқан, кең тұсауда» өмір сүріп жатыр. Біздің бар арманымыз автор өз шығармаларының атажұртта толық жарық көргенін естуі еді. Міне оған да жеттік. Осы кітапты шығаруға қатысқан барлық азаматқа рахмет! – деп ағынан ақтарылды Қабдеш Жұмәділов ағамыз. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан жазушының ұрпағы Гүлжайнар Қажығұмарқызының жүрекжарды сөздері де жиналған қауымның көзіне жас үйірді.

Жиналыс соңында «Алты томдық тағдырлы «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлы Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныла ма?» деген сұрағымызға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев «оның таразысы қалың оқырман» деп жауап берді. Иә, Қажығұмар Шабданұлы түрмедегі 40 жыл ғұмырын әдебиетке, оқырманға арнады. Жазушының осы жанкештілігін оқырман қалай бағалайды? Ол уақыт еншісінде. Ал ең үлкен қуаныш, әрине, жазушының атамекеніне, елге оралуы болар еді...

Біләл ҚУАНЫШ

4854 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы