• Ақпарат
  • 26 Қараша, 2009

«БТА Банк» АҚ-ның Басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов: Қазақстан банктерінің бәсекеге қабілеттілігін әлсіретпеу керек

Өткен аптада Елбасы қаржыгерлер мен банкирлердің басын қосып, елдегі қаржы саласының жалпы бүгінгі жағдайы мен дағдарыстан кейінгі келбетін, сондай-ақ оның қандай бағытта, қандай жолдармен дамитынын талқыға салды. Әрине, айтылғанынан айтылмағаны көп болған жиын талайларды ауыр ойға салды десек те, артық айтқандық емес. Осы орайда сондағы шешімін таппаған сауалдардың бір дестесін арқалап, еліміздің қаржылық күре тамырларының бірін жүргізіп отырған «БТА Банк» Басқармасының төрағасы Әнуар Сәйденов мырзаға арнайы жолыққан едік. Біз ол кісіден жалпы жағдайларды сұрай отырып, ақиқатынан аңызы басым бола бастаған басқаруындағы айтулы банктің дәл қазіргі жағдайы мен қайта құрылымдау қызметінің қай деңгейде байыз тапқандығын һәм банк салымшыларының тағдыры мен тағы басқа мәселелеріне жауап іздеп көрдік.

– Әнуар Ғалимоллаұлы, «БТА Банк» турасында ел ішінде небір алып-қашпа әңгіме көп. Тіпті қайсысы «ақиқат», қайсысы «аңыз», айырып болмайды. Қазір «БТА банкінде» нақты нендей жағдайлар болып жатыр? Қандай өзгеріс, яки бетбұрыстар орын алуда? Қазіргі қалыптасқан ахуалға қатысты нақты түсінік беріп өтсеңіз?

– «БТА Банк» басшылығы қызметіне келгеніме де тоғыз айдай болды. Осы уақыт аралығында «БТА Банк» тағдыры үшін аса маңызды шешімдер қабылданып, талай да сындарлы оқиғалар болып өтті. Оның ішіндегі ең бастысы, Қазақстан Үкіметі «БТА Банкі» акцияларының 78,14 пайызын «Самұрық-Қазына» қоры арқылы сатып алғанын айта кетсек те болады. Мемлекеттің акцияны сатып алуынан бастап, «Самұрық-Қазына» қорының депозит кепілдемесі бойынша шамамен 7 миллиард доллар көлемінде қаржы құйғанына дейінгі аралықта «біз өз биігімізден көріне білдік» дей аламыз. Себебі болған соң, салдары да сезіліп жатыр. Бірақ бұл – заңдылық. Қалай десе де, бұл – Қазақстан Үкіметі тарапынан жасалған ұтымды қадам еді. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның қаржы жүйесін қалыптастыруға арналған бірден-бір дұрыс та батыл шешім болды. Өйткені осы уақыт ішінде «БТА Банкінің» қалыпты жұмыс жүйесі бұзылған жоқ, өз тұтынушыларымызбен жұмыс жасауды жалғастырып, кредиторлар алдындағы міндеттемелерімізді орындап келеміз.

Жалпы, «БТА Банктің» сыртқы қарызы пайызымен қосып есептегенде, қаңтар айының басында 13,5 млрд. доллар шамасында болатын. Қарызды қайтару ең бірінші рет бірінші тоқсанда жасалды. Ол 1,5-2 млрд. доллар шамасындағы қаржыны құрады. Ол тұста банктің корпоративтік есеп- шотында ешқандай да қаржы жоқ-тын. Сондықтан мемлекет дер кезінде көмек қолын созды деп есептеймін. Бұны дұрыс бағалау керек. Банктің ол тұстағы жағдайы мен қазіргі жағдайы арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Біз күндіз-түні талмай жұмыс істедік. Жан-жақты іздендік. Сан алуан жобаларды талқыладық. Сондықтан да оң нәтижелерге қол жеткіздік.

– Үкімет не себепті банк акционерлігіне кірді? Үкіметтің бұл қадамы қазына әлеуеті мен қарапайым салық төлеуші қалтасы үшін тым қымбатқа түсіп отырған жоқ па? Банкке көмек ретінде берілген қаржының өзінен қазір тау тұрғызарлықтай болды...

– Әрине, банк акцияларын қолға келтірудегі алғашқы шығындар мен «Самұрық-Қазына» қоры депозиттері арқылы бөлінген қаржы легі, одан қалса, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы көмектер, мұның барлығы далаға кетпеді. Неге бұлай дейміз? Жауап та берейік: біреулер бізге «Банкті Әблязовке қалдыра салу керек еді. Ол банкте орын алған олқылықты бар болғаны 200-300 млн. доллар баламасымен-ақ шеше салатын еді» дейді. Мен айтар ем:– Жоқ. Бұл үстірт пікір. Мен Ұлттық банкте жүргенде, яғни әлі «БТА» басшылығына келмей тұрып-ақ, «БТА» миллиардтаған долларға дейін ақша сұрады. Сондықтан да Үкіметтің жұмсаған қаржысы шын мәнінде ел қазынасы жоғалтуға тиісті қаржыдан әлдеқайда аз дер едім. Егер Әблязовтің сұрағанын бергенде, банкті құтқарып қалу мүмкін болмай қалар еді. Және де бұл түйткілдің ең қауіпті тұсы сол, бұл банктің тұралауы туғызған кері әсер бірінші кезекте жалпы банкілік жүйеге ауыр соққы болып тиіп, өзге де ірі банктердің апатқа ұшырауына мұрындық болар еді. Өз кезегінде бұл үрдіс басқа да ірілі-ұсақты қаржы институттарына вирус болып таралып, қарапайым халықтың өз депозиттерін шұғыл түрде қайтарып алуына апарып соқтыратын. Міне, банкроттықтың көкесі сонда болар еді. Мұндай жағдайда, әлбетте, мемлекеттің тартқан шығыны айтарлықтай болып, салымдарды қамсыздандыру жүйесі бойынша депозиттерді қайта қалпына келтіруге итермелейтін. Ал бұл қаржыгерлердің жауына да тілемейтін жағдайына, яғни экономикалық агенттер арасындағы төлемдер жүйесінің коллапсына әкеп тірер еді. Тағы да қайталап айтамын, тағы біреулер, «қазір де сол қорқынышты жағдайға жақындап қалдық емес пе» деп өре түрегелуі мүмкін. Рас. Бірақ жыл басымен салыстырғанда жағдаят қалпына келтіріліп, құлдыраушылық геометриялық прогрессия бір жүйеге түсті. Ең бастысы, жағдайдың бақылаудан шығып, өз бетімен дамуына жол бермедік. Мұның өзі көпке тұрады деп ойлаймын

– Банк міндеттемелерін қайта құрылымдау жөнінде кредиторлармен келісімге келе алдыңыздар ма? Қанша дегенмен, «жау жағадан алғанда, бөрінің етектен тартатыны» бар емес пе?

– Жалпы, әлемде кредиторларға қатысты тиімді екі әдіс бар. Оның біріншісі, мәселенки, былай болып келеді: бір қарыз болса, ал оны төлеу еш мүмкін болмаса, онда қарызгерлер дереу несиегерлермен келіссөздер жүргізеді. Былайша айтқанда, мойындағы міндеттемелерді қайта құрылымдаумен айналыса бастайды. Онда да банктің қолжетім болашақта қаншалық ресурсқа ие болып, аяққа тұрып кете алу мүмкіншілігіне тікелей бағдарлана отырып, өзара тиімді жаңа келісімшарт түзуге тырысады. Өз тарапымыздан біз мұндай кезеңдік нүкте ретінде 2014 жылды таңдадық. Сонымен қатар біз ай сайын қанша табыс табатынымызды да есептен тыс қалдырмадық. Мінекей, осыдан келіп, біз алдағы төрт жылдың көлемінде қандай деңгейдегі қарызға шыдас бере алатынымызды салмақтап алдық десе те болады. Осылайша біз өз несиегерлерімізге шама-шарқымызды байқатып, қанша қаржының кешірілуге тиістілігін көрсетіп береміз. Егер біздің бұл ұсынысымызға келіспесе, онда бұл тығырықтан шығар жалғыз жол – банкроттық болар еді. Осынау іс-әрекеттер шоғырын қаржыгерлер тілінде «банктің сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау» деп атайды.

Орайында бір айта кетерлігі, ендігі жұмыс банктің құрылымын қайта түзуге бағытталады. Ол іс қалай жүзеге асырылып жатыр? Енді соған тоқталсам: әуелі, қайта құру бойынша тараптармен қандай да бір мәмілеге келдік. Онан кейінгі мәселе – келісімге қол қою. Онда «БТА»-ның кредиторлар алдындағы міндеттерін қайта түзуді жүзеге асыру жөніндегі нақты шарттар баяндалып, бекітіледі. Егер қол қойылған Меморандум туралы толық айтатын болсақ, ол кредиторларға ешқандай құқықтық міндеттер жүктемейді. Құрылымды қайта түзу алдын ала келісілген белгілі бір шарттардың орындалуы барысында жүзеге асады. Бірақ осында бір «бірақ» бар. «БТА» құрылымын қайта түзу ісінің тек жартысын ғана еңсерді, оны аяғына дейін жеткізу үшін, кем дегенде, бірнеше ай уақыт керек. Банктің ағымдық қызмет деңгейінде ұстанатын өзінің өтімділігі бар. Біз негізінен қазір соны пайдалануды жоспарлап отырмыз. Қайта құрудың негізі – біздің бизнес-жоспарымыз. Ол бойынша 2010 жылдан бастап банк табысты қызметке көшуі тиіс. Сол табысты жоспарда көрсетілген кезең ішінде, яғни 2014 жылға дейін көбейтуге қол жеткізуіміз керек. Бізге тыстан ешқандай қосымша ресурстардың қажеті жоқ. Мұның бәрін ішкі қуаттың есебінен тындыру жоспарланып отыр.

– Сөз ретінде кредиторлар комитетімен келісімге де тоқтала кетсеңіз?

– Жаңа айтып өткенімдей, жарты жылдан астам уақыт ұдайы келіссөздер мен талқылаулардан кейін «БТА Банк» өзінің халықаралық кредиторларымен өзара ымыраға келу бойынша келісімге қол қойды. Оны Қаржылық қадағалау жөніндегі агенттікке өткізіп те қойдық. Банк пен кредиторлар көзқарасында әлі де болса алшақтық жоқ емес, бар. Соған қарамастан, «БТА Банк» таяу уақытта дағдарысқа қарсы негізгі іс-шараларды аяқтап, өз ұстанымдарын қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Халықаралық сарапшылар бұл жұмыстарды игеруде «БТА Банкі» Қазақстан бойынша ғана емес, ТМД-ның да алдыңғы қатарына шығуына мүмкіндігі бар екендігі жөнінде жақсы болжамдар жасап отырғандығы көңілге демесін болып тұр.

– «БТА»-ның үлесін Сбербанкіне сатудың қаншалықты қажеті бар? Әлде бұл да банк айналасындағы шындыққа бергісіз көп дақпырттың бірі ме? Ол туралы не дейсіз? Осы жағдайға кеңінен тоқталып өтсеңіз екен?

– «БТА» құрылымын қайта түзу рәсімін жүзеге асыра отырып, бір мезгіл ішінде Ресейдің Сбербанкімен стратегиялық инвестор ретінде келіссөздер жүргізуді жалғастырып жатыр. Дегенмен үлесті сату мәселесі «БТА» қарыздарының проблемаларын реттеген соң ғана қарастырылады. Әзірше, Сбербанк Қазақстанның банк секторының қаржылық жағдайын егжей-тегжейлі зерттеу үстінде. Жалпы, бұл арада сол банк басқармасы төрағасының орынбасары Антон Карамзиннің «БТА Банк» жөніндегі шешім 2009 жылғы қарашада қабылдануы мүмкін» деп мәлімдегенін айта кеткенім жөн болар.

Банктің құрылымын қайта түзу рәсімін жан-жақты талдап қарағанда, бір мезгіл ішінде Ресейдің Сбербанкімен стратегиялық инвестор ретінде келіссөздер әлі жүріп жатыр. Ашығын бірден айтайын, үлесті сату мәселесі «БТА» қарыздарын қайтару схемасын реттеп болған соң ғана жүзеге асады. Қазіргі уақытта ресейлік Сбербанк, жаңа айтқанымдай, Қазақстанның банк секторының қаржылық жағдайын егжей-тегжейлі зерттеу кезеңінде ғана.

– Қалай ойлайсыз, бұл келісім Қазақстанның экономикалық-қаржылық егемендігіне залалды әсерін тигізбей ме? Сіздің жеке өзіңіз елімізге шетелдік банк топтарының белсенді түрде ене бастауына қалай қарайсыз?

– Рас, бұл пікірді талайлар айтып жатыр. Осылай қауіп етулері де заңды. Елбасының өзіне бұл сауал бір емес, бірнеше рет қойылды. Олар: «Егер жағдай осылай жалғасып кете берсе, онда ел экономикасы, оның ішінде банк саласы шетелдіктердің қолында кетпейді ме?» десті. Менің ойымша, дәл бұл «қауіп ету» нақты фактор емес, орындалмайтын фобия ғана. Керек десеңіз, Елбасының өзі осылай деді. Бұл бағзыдағы қаржылық климатқа, яғни шетел капиталының жалпы көлемде ел аумағында 50 пайыздан асырылмауын қарастыратын кезеңмен қайта табыстырмақ. Бүгінгі таңда, статистикаға сүйенсек, активтердің 24 пайызы ғана шетелдік қайнарлардан тартылған. Бұл не деген сөз? Бұл алдағы уақытта отандық капитал мен шетелдік капиталдың арасын теңестіретін ұтымды бір жүйе тапқанша «жарай береді» дегенге саяды. Жалпы, мұның өзі бәсекелестік рухын оятып, даму түйсіктерін өршітеді. Сондықтан да осынау екі күштің басын теңдей ұстау керек деген ойдамын.

Айтпақшы, мұнда тағы бір нәзік тұс бар. Не десе де, шетелдік капитал Қазақстан банктерінің бәсекеге қабілеттілігін әлсіретпеуі керек. Сондай-ақ отандық банктер ресейлік банктермен салыстырғанда нашар жағдайда болмауы да керек. Бұл тағы да жаңағы айтқан «баланс» мәселесі.

– ТМД аумағында Әблязов активтеріне қатысты шығарылған Англия Жоғарғы Сотының шешімі заңдық күшке ие ме? – Айта кететін жайт, аталған тұлғаның активтерін «қатырып тастау» үкімі тамыздың басында жарияланған-ды. Қарсыласушы жақ бұл шешімді жоққа шығаруға тырысты. Алайда соттың 30 қыркүйектегі жаңа шешімімен олар бұл ойынан мүлде бас тартты деуге де болады. Дегенмен соттағы Әблязов активтеріне қатысты қабылданған шешім күшінде бола береді. Лондондағы аппеляциялық сот та «БТА Банктің» бұрынғы топ-менеджерлері М. Әблязов, Р.Солдоченко және Ж.Жарымбетовке тиесілі активтерді анықтау туралы үкім шығарған болатын. Соған сәйкес осындай мәлімет Лондондағы банк заңгерлеріне берілуі тиіс еді. Жалпы, мұндай үкім шығаруға банктің «алаяқтық жасады» деген шағымына сәйкес істі қарау және айыптаушылардың меншігін анықтау, сонымен қатар сот барысында ол активтердің сатылып кетпеуі мүддесінен туындаған. Алайда айыптаушылар, соның ішінде Әблязов те, активтері туралы мәліметтерді беруден бас тартты. Олар бұл наразылығын бірқатар себептерге байланысты, сондай-ақ Қазақстанның ішкі істер органдары мен прокуратурасы ол мәліметтерді заң бұзушылық бойынша өздерін жауапқа тартуда пайдалануы мүмкін деген қаупі барымен түсіндірген. Банк олардың үстінен қазір бір іс бойынша Лондон сотына шағымданып отыр. Тек сол алаяқтық бойынша олар өткен жылдың өң бойында бірқатар компанияның мүддесіне сай несиелік және басқа күмәнді жасырын келісімшарт жасап, «БТА»-дан шамамен 300 миллион долларды шығарған. Дәл қазір біз сол күмәнді келісімшарт бойынша банктің төлеген сомасын қайтаруды көздеп отырмыз. Одан кейін банктің бұрынғы басшысының тағы басқа алаяқтық іс-әрекеттеріне қатысты Жоғарғы Сотқа шағымдануға ниет білдірудеміз.

– «БТА» Қазақстандағы активтерін сатылымға шығара ма?

– Қазақстан бойынша банк 932 миллион доллардың облигациясын сатылымға шығарған болатын. Әрине, оны жинақтаушы зейнетақы қорлары да сатып алған еді. Батыстағы кредиторларымыз келіссөз барысында біздің шығынымыздың барлығына ол шарттың бірдей жүруін талап еткен еді. Сондықтан еліміздің ішкі қарызы бойынша да құрылымды қайта түзуді жүзеге асыруымызға тура келетін секілді. Бірақ жинақтаушы зейнетақы қорларының жағдайын қарастыруда мен басқа амалдарды қарастыратын боламыз деп ойлаймын.

– Сіз «БТА» ертеңін қалай елестетесіз? Артық-кем қиялсыз, нақты бүгінгі өмір шындығы тұрғысынан сөйлесеңіз...

– Тұтастай алғанда, «БТА»-ның 2014 жылға дейін есептелген бизнес-жоспары ұйым қызметіндегі түбірлі өзгерістерді көздейді. Ішінара алғанда, жаңа топ-менеджмент бұрындары орын алғанындай зор қауіп-қатерлерге толы инвестицияларға негізделген бей-берекет өсуді емес, тұрақты табысты мақсат тұтады. Банк жұмыс стратегиясын бизнестің барлық бағыттары бойынша өзгертеді. Мысалы, банк қазір өз күштерін отандық нарыққа шоғырландыруда. Банк несиелерінің портфелі әртараптандырылып өзгерді.

– Енді кезекті жеке сұраққа берсек. Дағдарыс қашан бітеді? Қазір күн сайын әлемнің түкпіріндегі бір елдер рецессиядан шығып жатыр. Құдайға шүкір, Қазақстан да ол елдердің соңы болып отырған жоқ. Десе де, жақын арада экономикамыз жандана түседі деп батыл айта аласыз ба?

– Бұл тұста мен мынадай негізгі басымдықтарға назар аударған болар едім: ең әуелі, дағдарыстық жағдайдан қаржы институттары өтуге тиісті сындарлы кезең. Қазір, әрине, қаржыландырудың бірден-бір көзі, ол сол баяғы мемлекет. Сондықтан да мемлекет қаржы ағынын бақылап, қалауынша жұмсауға құқылы. Яғни біз Үкімет тарапынан болатын бақылаудан бәрібір бас тарта алмаймыз. Сосын «таяқтың екінші ұшы» – бюрократтық аппараттың бизнес шешімдерді қабылдауға кедергі келтірмеуін қадағалау керек. Қаржының мөлдірлігі, жариялылық, бәрі осының ішіне кіреді.

Екіншіден, Қазақстан экономикасының құрылымына қарауға тиіспіз. Қазақстан экономикасында, бәріміз білеміз, басты орында – сыртқы экспорт, оның ішінде – шикізат саудасы. Шикізаттың өзінде тау-кен қазба-байлықтары мен мұнай өнімдері осы қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Әлемде баға өсуі байқалады. Дей тұрғанмен, отандық экономиканың жалпы қуатына бұл тенденция әзірше әсер ете қоймайды. Ал әсер етуі үшін қосымша бюджет қаржысы керек. Қазіргі таңда ел Үкіметі қолда бар ресурстарды шикізаттық емес, керісінше, табысы тұрақты өндірістік салаларға құйып жатыр. Ал бұған уақыт керек. Ол ақша жұмыс істеп, табыс әкелемін дегенше біраз заман. Бұған да біршама жүйке мен төзім қажет.

– Бүгінгі жағдаяттан ел Үкіметі қандай тоқтамдар мен тәжірибе түюі керек? Бәрі өз орнына келіп реттеледі деген сенім бар ма?

– Менің ойымша, Үкіметтің де, реттеуші мекемелердің де, бизнес қауымдастығының алған бұл қатал сабағы ізсіз кетпейді. Әрине, банктер мен кредиттік портфельдің өсуіне шек қойылады. Қандай тиімді экономикалық жағдай болған күннің өзінде де осыдан біраз жыл бұрын болған ипотекалық дүмпу мен жылжымайтын мүлік бағамының күрт өсуіне қайтып оралмаймыз.

– Қазақстан Үкіметі қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларда «БТА Банкіне» артылған сенім мол. Ал мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге қосар үлестеріңіз қандай? Қазіргі таңда «БТА Банкінде» мемлекеттік тілдің қолданылу аясы қандай?

– Жасыратыны жоқ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы қоғамымыздың кез келген саласында ақсап жатыр. Ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мәселесінде нақты істен дақпырт көп екенін көріп отырмыз. Ал «БТА Банкінің» ұрандатып отырғаны шамалы. Бізде мемлекеттік тілді банктің барлық құрылымдарына енгізудің стратегиясы жасалынды. Оның үстіне банк ішінде қызметкерлерге мемлекеттік тілді әртүрлі топтарға бөліп оқыту орталығы алдағы уақытта тұрақты жұмыс істейтін болады. Мемлекеттік тілді банк ісіне енгізу тобы құрылды. Бұл саламен арнайы айналысатын, тұрақты жалақы алатын қызметкер қызметке алынды. Қазір банкте бұрын болмаған бұл бағытта нақты істер атқарылып жатыр. Еліміздің болашағы мемлекеттік тілімізде екендігін мойындайтын мезгіл жетті ғой деп ойлаймын. Өз басым уақыттың тапшылығына, тағы басқа да толып жатқан себептерге қарамастан, ана тілімді терең меңгеруге күш-жігерімді жұмсап жүрмін. Тәуелсіз мемлекеттің өз тілі, өз туы, өз ақшасы, өз Әнұраны болуы керектігін қалай болғанда да ұмытпағанымыз жөн. Ол туралы Елбасымыз да үнемі айтып келе жатыр. Әрине, мұнымен жауырды жаба тоқудан аулақпыз. Бұл бағытта біздің банкте әлі де атқаратын шаруа көп деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан Қалназар

2368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы