• Тарих
  • 24 Желтоқсан, 2014

Қостанай облысы

Жангелдин ауданы

Сарыторғай – Торғай алабындағы өзен. Ұзындығы 123 шақырым. Су жиналатын алқабы 5880 шаршы шақырым. Ұлытаудағы Сарлық және Қаражыланды жылғаларының қосылған жерінен басталып Қараторғай өзеніне құяды. Ірі салалары: Тамды, Терісбұтақ, Ханшабылған арнасы тік жарлы, ені 20-400 метр. Жайылмасы Тамды сағасынан төменгі бөлігінде ғана бар. Ені 300-400 метр. Сарыторғай атауы өзеннің түсіне, яғни физикалық-географиялық ерекшелігіне байланысты қойылған. Албарбөгет – Жангелдин ауда­ны­ның солтүстік-шығысында 52 шақы­рым жерде орналасқан елді ме­кен. Албарбөгет деп атала­тын бөгетке байланысты қойылған атау. Бұл бөгет 1928-1931 жылдары салынған өте күрделі су кешені. Бұл бөгетті салуға сол кездегі ауданның 600 адамы қатысқан. Құрылыстың жалпы ұзындығы 20 шақырым. Қабырға өзенін кесе-көлденең салынған. Осы бөгетті көрген мәс­кеулік инженер: «Мұны салдырған адамды жоғары білімді инженер емес деп ешкім айта алмас» деп таңданған екен. Өйткені ол мықты бөгеттердің қатарынан саналады. Сарыөзен – Арқалық қаласының солтүстік-батысында 50 шақырым жерде орналасқан, Торғай алабындағы өзен және елді мекен атауы. Жергілікті халық Сарыөзенді Қоңыраулы деп те атайды. Бұл өзендерге Мойылды, Үлкен Дәмді өзендері құяды. Сарыөзеннің ұзындығы 164 шақырым, жылдық орташа су ағымы 3,57м3/с. Сарыадыр қыратынан басталып, Саға саласы тұсында Сарықопа көліне құяды. Суы толық жылдары Тәуіш өзені арқылы Торғай өзеніне жетеді. Өзен жауын-шашын және жерасты сулары арқылы толығады. Атанбасы Ақирек – Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы жер атауы. Ақкөл мен Қарақұм арасындағы Астауқопадан Атанбасы шыңы көрінеді. Бұл шынында да, шөгерген атан түйенің басынан аумайтын табиғат жаратылысы. Ақирек болса терең аңғар, кең алқапты ақирек өрнек. Әртүрлі құм, тастардан құрылған қиыршық. Мұны кейбіреулер ертедегі теңіз түбі екен, содан қалған шөгінді деп те атайды. Партизан сайы – Жангелдин ау­данының Торғай ауылының солтүстік-батыс жағындағы жер атауы. 1919 жылы ақ гвардияшылар мен казак әскери топтары Торғайда Кеңес өкіметіне қарсы шықты. Кәкімбек Төкеұлы бастаған «17 партизанды ақ гвардияшылар осы сайда айуандықпен өлтірді. Сол жылдардан бері бұл жер осы партизандар құрметіне аталып келеді. Ханбасы – Жангелдин ауданының Өл­кейік өзенінің Ырғыз жақ қап­талында жатқан жер. Қазақтың кіші жүз ханы Әбілхайыр есіміне байланыс­ты қойылған атау. Қыпшақ Сейтқұл терегі – ХІХ ғасырдың бас кезінде сонау Қаратаудан Қабырға өзені бойына отыз үйлі кедеймен көшіп келген қазақтың тұңғыш диқаны Қыпшақ Сейтқұл осы жерге егін егіп, терек отырғызған. Бұл терек осы күні шіріп құлағанмен, қазіргі Көкалат (Еңбек) кеңшары төңірегінде қасиетті жерлердің бірі саналып, атау сол күйінде «Қыпшақ Сейтқұл терегі» деп аталып кеткен. Әбіш – қыстау. Амангелді ауданы, Жаңақала ауылының оңтүстік-шығысында 6 шақырым жерде орналасқан. Ел аузындағы аңыз бойынша атақты Нияз би Қараторғай өзенінің бойына қоныстанарда балаларына жер бөледі. Сонда баласы Әбіш өзіне тиесілі жерге аттың басын кесіп, көміп белгі тастап кетеді. Содан бері бұл жер Әбіш көні аталған екен. Сәтбай салған қара жол. Сонау Ақмешіт пен Аралды көктей өтіп, Қарақұмның өркешін өрлеп, елсіз-сусыз адырлы белді басып, Ресейдің Троицк қаласы түбіндегі Мағынай базарына дейінгі қара жолды «Сәтбай салған қара жол» деп атайды. Бұл жолды салушы Жаппас руының Ақсүңгір атасынан тарайтын Сәтбай деген кісі екен. Жолсыз ешбір игілік атаулының жүзеге аспайтыны ақиқат. Жолды салудағы мақсат Мағынай базарына сауда жасау. Бұл жолмен соғыстың ауыр жылдарында халық мал айдап, межелі жеріне жетіп отырған. Сәтбай салған қара жол 1932 жылы ашаршылық кезінде Торғайдан Аралға жаяу адамдарды адас­тырмай, аман алып қалған. Осынша тарам-тарам қара жолдың өн бойынан қозыкеш жерден су кездеседі. Міне, бұл жолдың құндылығы да осында. Сұңқар өлген төбе. Қазақ ханы Кенесарыны ел қорғаны деп түсінген қазақ батырлары оның маңайына топтаса бастайды. Сондай батырлардың бірі һәм бірегейі Байтабын батыр. Байтабынмен бірге оның дала салты бойынша атастырылып қойған қалыңдығы Ақбөкен де Кенесары тобына қосылады. Алайда Ақбөкен арудың көңілі серілігімен де, ерлігімен де аты шыққан Наурызбайды қалайды. Байтабын жорықта жүргенде, Ақбөкен мен Наурызбайдың тойы болады. Ақбөкен мен Байтабынның арасындағы жайды сәл кешірек естіген Кене сұлтан, бармағын шайнап өкінеді. Өйткені Байтабын сұлтан тобынан кететін болса, Кенесары жалғыз батырынан ғана емес, батырының соңынан ерген руластарынан, нағашысы Жоламаннан да айырылатынын түсінеді. Қатты қиналған, ел бірлігін ойлаған болашақ хан қатал шешімге келеді. Ол көпшіліктің көзінше Байтабынға «мергендігіңді көрсетіп, Наурызбайдың иығындағы сұңқарды атып түсір, оқ қате кетсе сен кінәлі емессің» деп шарт қояды. Мұнысы «егер Наурызбайда кегің болса, өлтірсең де өзің біл, бірақ ел бірлігіне сына қақпа!» дегені еді. Байтабын да мұны түсінеді, мәрттік жасап өзіне кезелген мылтыққа жасқанбай қарсы қарап тұрған жас сұлтанды ажалға қимайды. Өзінің кешіргендігін білдіріп, сұлтанды емес, оның иығындағы сұңқарды атып түсіреді. Сол сәтте ағаттық жасағанын ұққан Наурызбай Байтабынмен төс қағыстырып дос болады. Кейін әлгі жер «Сұңқар өлген төбе» аталып кетіпті дейді.  

«Қостанай облысының тарихи топонимикасы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр Серікбайұлы

4460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы