• Әдебиет
  • 03 Желтоқсан, 2009

Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік құрылымы

Сейіт Кенжеахметұлы жазушы, этнограф

Пешші. Пеш салу да үлкен шеберлікті қажет етеді. Шеберлер пеш салғанда оның түтін тарту, жылу шашуын, беріктігін ескере отырып қалайды. Бұрын қаза ауылдары пештің жаппа, атпа түрлерін жиі пайдаланған. Мұндай пештер түтінді жақсы тартады әрі қалап шығаруы да оңай.

* * *

Сәулетші – үйлерді қызыл кірпіштен өріп, қалап тұрғызған. Олар әсем, көркем үйлер салумен бірге кірпіш күйдіру, қалау тәсілдері мен әдістерін өте жақсы білген. Арқа жерінде ХІХ ғасырда Талпақ және оның баласы Қойгелді сәулетті үйлер мен кесенелерді қыштан, қалақ тастардан өріп жасаған. Бұл әсем ескерткіштер осы күнге дейін берік сақталған.

· Шебердің қолы ортақ.

Шешеннің тілі ортақ.

· Шеберден іс қорқады.

· Шеберді қолынан таниды.

Батырды жонынан таниды.

· Шебердің инесі де алтын,

Соққан күймесі де алтын.

· Шеберді саусағы асырайды.

· Әке көрген оқ жонар,

Шеше көрген тон пішер.

Шаруашылығы мен тұрмысы

Қазақ халқы ежелден мал өсірумен айналысқан және оның қыры мен сырын жетік меңгерген. Тұрмысы мен мәдениетін де сол төрт түлікке орай сәйкестендіре білген. Сондықтан халықтың әл-ауқаты да, тұрмыстық өмірі де мал өсіруге байланысты болады. Олардың қаражаты да, қатынс-көлігі де, киім-кешегі де, тағамдары да осы мал мен оның өнімдеріне сәйкес, ыңғайлас келеді. Қазақ мал ішінде түйе мен жылқыны көп өсірген. Өйткені бұлар басқа малдай емес жемшөп пен қораны қажет етпейді. Мал бағу мен өсіру кең өріс алған елде шаруашылық қызметі мен атаулары да соған байланысты болады.

* * *

Жылқышы. Төрт түлік өсірген елдің абыройлы жұмыстарының бірі – жылқы өсіру болса, белді, беделді жігіттер жылқышылық кәсіпті қалаған. Жылқылы ауылда басқа малшы ауылдан гөрі ауқатты әрі абыройлы ел саналады. Өйткені мұнда қымыз бар. Сойса – қазы-қарта, жал-жая сияқты дәмді де қуатты тамақтар бар. Жылқышылық жұмысты мығым, мықты, шаршап-шалдығуды білмейтін жігіттер атқарады. Бұған қызыл шұнақ аяз бен ат құлағы көрінбейтін дүлей борандарда адаспай, малды ықтырмай, сайға, жарға, оппаға құлатпай, жер жайын жақсы білетін, ит-құсқа, ұры-қарыға алдырмайтын, ат құлағында ойнайтын шабандоздар таңдалып алынады. Әсіресе, қыс күндері бел шешпей, ат үстінен түспей, отбасын көрмей, жылқы бағу оңай емес. Солай бола тұрса да, жылқышының бір артықшылығы – киімі жылы, тамағы тоқ. Жылқы ішіндегі белді ат-айғырды солар мінеді. Сойғаны өздері таңдаған семіз жылқы. Мал иесі байлар мұндай кездерде жылқышылардың қолын қақпайды. Қазақ ғұрпындағы қалың киізбен жабылған «жылқышының қара қосы» киелі әрі тоқтық пен мырзалық үйі. Өйткені мұнда піскен ет, езілген дәмді құрт көже, майлы сорпа ешқашан үзілмейді. Сондықтан семіз етке бір тойып қайту үшін осы қосқа әдейі ат сабылтып келетіндер де болады. Келген қонақтар қара қоста адам бола ма, болмай ма, ол шарт емес, қос іргесінде қарға көмілген жылқының қазы-қыртасын алып тоя жей береді. Дәстүр бойынша келгендерге «бұл қалай?» деп ешкім айтпайды. Қайта жылшылар елдің, ауылдың, үй-ішінің амандығын біліп қуанып қалады.

Жылқыны санына қарай бірнеше жігіт ұйымдасып бағады. Олардың басшысын «аға жылқышы» деп атайды. Бұл сол заманның мәртебелі жұмысы деп саналған. Жылқы малының ерекшеліктерін білетін сыншы, атпаздар, атсейістер, шабандоздар осы жылшылар арасынан шыққан. Халық жылқыны мақтан деп ұққан.

Жылқышы қауымы – әр істі бастағанда, мысалы, жайлауға, жаңа қонысқа көшкенде, биеге айғыр қосқанда жылқы пірі – Қамбар атаға сыйынған.

* * *

Түйеші. Түлік төресі түйенің бағасын мал баққан әр ел жақсы білген. Ол көшсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – ет, мінсе – салтанат. Қыста да, жазда да тауқіметі аз түйені қазақ көп ұстаған. «Жаппаста Жарасбайдай түйелі қыл» деп батаға іліккен түйелі байлар әсіресе Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өлкесінде көп өсірілген. Оны түйешілер баққан. Олардың жұмысы, әрине, жеңіл емес. түйені бағудың өзіндік ерекшеліктері өте көп. Жас ботаны «көз тиеді» деп ешкімге көрсетпейді. Жас ботасы бар үйлер жалау тігіп қояды. Ол «жаңа туған бота бар, қатты келуге болмайды» деген сөз. Сол сияқты әрбәр мыңыншы оүйенің бір көзін ағызып жіберетін ғұрып, ырым тағы бар. Түйелі ауыл немесе түйелі бай «менде 3 не 5 мың түйем бар» демейді, «3 не 5 соқырым бар» дейді.. түйешілер шұбат дайындап, түйенің жібек жүнін өндіреді. Түйелі ауыл әрі ажарлы, әрі құт қонған бай ауыл деп саналады.

Түйешілер түйе пірі – Ойсылқараға сыйынады.

* * *

Сиыршы немесе малшы деп жұрт сиыр бағатын адамдарды атайды. Сиырды сүті мен майы, еті үшін өсіреді. Халық сиырды – қанағат деп бағалап, оның пірін Зеңгібаба деп түсінеді.

* * *

Қойшы. Қазақ қойды қазына деп бағалайды. Өсімтал түлік. Жылқы мен түйедей емес, ел сиыршы мен қойшыны мақтанарлық кәсіп деп есептемейді. Бірақ балаларына Қойшы, Қойбағар, Қошқарбай деп ат қоятын қазақ қой түлігін өте жақсы көрген. Әсіресе еті мен жүні өте бағалы деп саналса, ірімшік, құрты өте дәмді ас.

Ешкі де қоймен бірге бағылады. Оны түбіті мен еті үшін өсіреді. Қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Шекшек ата.

* * *

Күзетші. Күндіз мал бағып келгендер түнде малды күзетшіге тапсырады. Олар малдың ұрланбауына, ит-құсқа жем болмауына, жатқан жерінде оралып немесе үйелеп қалмауына жауап береді.

· Түйе – түлік төресі.

· Тай, атқа жеткізер,

Ат мұратқа жеткізер.

· Нар жолында жүк қалмйды.

· Ат – ердің қанаты.

· Жігіттің құны – жүз жылқы,

Ары – мың жылқы.

· Жауды санап соғыспайды,

Қойды санап тоғытпайды.

· Жігіт – арының құлы,

Жаман – малының құлы.

* * *

Егінші. Қазақстанның оңтүстік және орталық аудандары егіншіліпен ерте айналысқан. Бидай, тары, күріш өсірген, бау-бақша салған. Малшылар мен егіншілер бір-бірімен айырбас сауда жасаған. Күз егін жиналғанда малды ауыл егінші ауылға керуенмен әдейі сапар шеккен. Жұрт оларды «ақшомшы» деп атаған. Егіншілер пірі – Диқан бабаға сиынған. Егіс жаңа көктеп келе жатқанда «көкжағыс», әруақтарға арнап «аққұла», жақындарына «кеусен» деп аталатын дәстүрлер арқылы құдайы жасап отыруды ұмытпаған. Егін мол шықса, елге береке кірген, халық тоқ болған. Қазақ даласында ақ тары көп өсірілген, оны шығыр арқылы суарған. ХІХ ғасырда тары өсіруші Қыпшақ Сейітқұлдың есімі көпке жайылған. ХХ ғасырдың ортасында ақтөбелік Шығанақ Берсиев тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған. Тарыдан бірнеше түрлі тәтті, жеңсік тағамдар әзірленген.

* * *

Саятшылық. Қазақ халқының тағы бір ғажайып өнерінің бірі – осы саятшылық, яғни құс алу арқылы аңшылық құру. Бұл өнер тіршілік қамы ғана емес, көңіл көтеру, бойға күш алу,қызықтау әрі спорт ретінде қазақ даласында тым ерте дамыған. Саятшылық негізінде аңды құс салу арқылы аулайды. Саят құстарына бүркіт, сұңқар, қаршыға, тұйғын, ителгі сияқты алғыр құстар жатады. Саят өнері ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «бір сырлы, сегіз қырлы» болуды талап етеді. Мұның өзі жеке бірнеше жылға созылатын ғылым десе де болады. Саятшылар ел ішінде өте сыйлы, құрметті адамдар қатарына жатады. Олар кезінде осы құс салу арқылы ел-жұртты тамақпен (етпен), қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян терілерімен қамтамасыз еткен ел қомқоры, асыраушысы деп те санаған.

Сөз басында айтқандай саятшылардың ең негізгі құралы – қыран бүркіт. Бүркіт – текті құс. Оны сол бүркіттей жігіттер ғана ұстап, бабын келтіріп аңға салады. Бүркітті балапан кезінде тай басынан, құз қиясынан әдейі барып алады. Ал сатып алса, бағасы тіпті қымбат. «ХІХ ғасыр соңында бүркіттің алғырлығына қарай, түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5-6 түйеге тең келген. Шу мен Сырдарияда 5-6 түйе, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 (мың) бас қой берген» (Дерек Б.Хинаят пен Қ.Исабековтің «Саятшылық» атты кітабынан алынды. «Алматыкітап» баспасы, 2007 ж).

Бұрын ел жақсылары мен бай, би, серілер бүркіт ұстаған. Әлібек батырдың қыраны бір жылда 60 түлкі, 10 қарсақ, 12 қасқыр алған. Ұлы Абайдың Көкшегір, Қарашолақ деген бүркіттері болған. Сол Қарашолақты ұлы ақын Тулақ деген кісіден 10 шақты ірі қараға сатып алған.

Абай «Бүркіт сыны» өлеңінде қыранды былайша суреттейді:

Жұқалау көк тұмсығы келсе жалпақ,

Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.

Көз уданы шүңірек, кешкіл маңдай,

Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.

Қолыңнан өзі тілеп, ұшса самғап,

Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.

Дүниенің бір қызығы – қыран бүркіт

Алыстан ат терлетіп, аңсап, таңдап.

Шегір көз, қанды балақ қыран бүркіт,

Бозбала қала көрме малыңды іркіп.

Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,

Байланса қандай қызық, қарға сілкіп.

Қара тіл, қанжар қияқ, қанға тоймас,

Қанша көріп тұрса да алмай қоймас.

Шұбар төс жиренді тауып салсаң

Ердің құнын берсең де басын жоймас.

Бүркіт – текті құс. Ол өз иесін таниды, қарсы шаппайды. Найманда атақты Тіней атты құсбегінің Сарықұсы иесі өлгенде ешқайда кетпей Тінейдің зиратының басында отырып, құсадан өлген.

Саятшылар мен аңшылардың тағы бір сенімді серігі - тазы. Салмағы жеңіл әрі ұшқыр да жүйрік тазыларды иесі күтіп-баптап, таза жылы жерде ұстап аңға шыққан. Алматы облысының атақты аңшысы Е.Атабергенов бір бүркіт, екі тазысымен 3 айда 115 түлкі, 3 қасқыр, 4 борсық алған. Жаңақорғанның аңшысы Е.Әлиев Лашын атты тазымен бір қыста 47 шиебөрі алған.

Сайып келгенде саятшылық біздің халқымызға тән және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсіптік өнер әрі ол еліміздің әр іске, кәсіпке бейімділігін көрсетеді.

· Құс патшасы – бүркіт,

Аң патшасы – арыстан.

· Қаршыға қазан қайнатар,

Ителгі иығыңды талдырар.

· Құсбегі келіссе, күйкентай құс қаз ілер.

· Қыран қияда өледі.

* * *

Аңшылық. Аңшы адам құрметті, аңшылық үлкен кәсіп. Аңшылық кәсіпті әркім қызықтаған және оның қадір-қасиетін жете танып, жоғары бағалай да білген. Аңшы құралдары – қақпан, тұзақ, мылтық. Оның үстіне жүйрік аты, ұшқыр тазысы, ептілігі, ерлігі, сезімталдығы, табиғат тылсымын тануы сияқты алуан түрлі өнердің қыры мен сырын білуі аңшы адамның абыройы мен беделін арттыра түседі.

Аңшылық өнерде «салбурын» атты салт бар. Яғни, бірнеше аңшы бірнеше күн бойы алыс далаларға шығып аң аулайды. Бұл да бір өте қызықты аңшылық, сауық-сайран. Сол сияқты аңшылардың асыға күтетін қыстың сәтті күні – сонар. Сонар «ұзақ сонар», «келте сонар», «қан сонар» деп үшке бөлінеді. Мұның ең қызығы – «қан сонар». Сонарда аңның ізі тайға таңба басқандай анық түседі. Бұл ізге түскен аңшылар қасқыр болсын, мейлі түлкі, мейлі қарсақ, қоян болсын құтқармайды.

Әрине аңшылықтың әдіс-тәсілдері мен амал-айлаларының түрі өте көп.

Аңшылық пен аңшылардың тағы бір айта кетерлік қасиеті – олардың мәрттігі мен ашық қолдылық жомарттығында. Олар олжасы сәтті алған аң-құсын жолда кездескен адамға «байлап» кетеді.

Ал «салбурын» сияқты үлкен аңшылықта алған аңдарынан ауылдағы ақсақалдар мен сыйлы кісілерді үлестен қалдырмайды.

Сол сияқты әр елде атақ даңқы кеңге жайылған атақты аңшылар болған. Соның бірі Қарағанды облысының Жаңаарқа, Тоқырауын бойына аты белгіті Рамазан мерген. Бұл кісі аштық жылдарында, Ұлы Отан соғысы жылдарында аң аулап, ел-жұртты етпен, бағалы терілермен қамтамасыз етіп отырған.

Жоғарыда айтылғандай, аңшылық – серілік пен ерліктің, ептіліктің белгісі. Абай да, Ақан сері де аңшылық кәсіпті жоғары бағалап қызықтаған. Қазіргі күндері өз ортамызда жүрген бұрынғы қоғам қайраткері, қаламгер Қасым Тәукенов аңшылықтың қыр-сырын жете меңгерген және оны кәсіп еткен. Бұл кісі аңшылық құдіреті мен қызығын көрсететін бірнеше кітаптар да жазды.

· Батырдан – сауға,

Аңшыдан – сыралғы.

· Құстың алғанынан салғаны қызық.

* * *

Балықшы. Балық аулау да саятшылық пен аңшылық сияқты қызығы мол кәсіптің бірі. Ел бір мезгіл балық етін де тағам қылған. Балық еті жеңсік тағам болса, майы емге қолданылған. Балықты қызықтау үшін де, демалыс үшін де аулайды.

* * *

Кіреші. Ертеде әр ел өз қолда барын басқа елдерге (ауылдарға) барып айырбас-сауда жасаған. Бұған жол, жөн білетін адамдар сайланып, мықты ат-көліктерін дайындап сапарға шыққан. Жұрт оларды «кіреші» деп атаған. Кірешілер алыс жерлерге барып, өз ауылындағы әр үйдің тапсырмаларын орындап қайтқан.

* * *

Саудагер. Қазақ елінде де саудагерлер болған. Олар әр ауылға барып, қант, шай, ұсақ-түйек қажетті бұйымдар апарып сауда жасаған. Сөйтіп олар да көпшіліктің қажетін өтеген.

* * *

Қазаншы. Айтта, үлкен тойларда ас-су жағын басқаратын адамды «қазаншы» деп атаған. Олар малдың сойылуы, қазанға салынуы, дер кезінде пісіріліп-түсірілуі, табақ жасалуы және тартылуы сияқты жұмыстарға басшылық жасаған және жауап берген. Мәртебелі жиындарда қазаншы жұмысы да үлкен жауапкершілікті талап еткен.

«Қазаншының еркі бар,

Қайдан құлақ шығарса».

* * *

Қасапшы. Қыста ел соғым сояды немесе айт пен той, аста мал сойылады. Мал сою да үлкен өнер. Мұндай адамдарды «қасапшы» дейді. Олар малдың әр мүшесін рет-ретімен союдың жөн-жобасын білетін өз ісінің шебері.

Қара ешкіге жан қайғы,

Қасапшыға мал қайғы.

* * *

Отыншы-сушы. Ауқатты адамдар қысы-жазы үй қызметін атқаратын жұмысшылар ұстаған. Ондай адамдарды «отыншы-сушы» деп атаған. Бұлардың міндеті қожасының үйінің іші-сыртын күтіп ұстау, отын-су әзірлеу, қыста от жағу, тағы басқа үй шаруашылығы жұмыстарымен айналысады.

* * *

Кедей. Әрине барлық адам ауқатты тұра бермейді. Ел ішінде кедейлер де көп болған. Олар ауқатты кісілердің малын бағып, шаруасын істеп күн көрген.

* * *

Жарлы. Мүлде тақыр кедейлер де болған. Малы жоқ, табысы тапшы, өлмешінің күнін көріп отырған мұндай жандарды ел «жарлы» деп атаған. Олар ағайын-туыстың немесе біреулердің көмегімен күн көрген.

* * *

Қайыршы. Мал-жаны да жоқ, тұрақ-мекені де жоқ, отбасы да жоқ, ел аралап қайыр сұрап жүрген адамдарды ел «қайыршы» деп атаған. Қайырымды ел-жұрт мұндайларға тамақ, киім, қаражат беріп отырған.

* * *

Құл. Қазіргі таңда қазақ елінде құл иеленушілік жоқ. Бас еркі жоқ еркек. Ол біреудің меншігі есебінде жүрген адам. Оның өз үйі, мал-мүлкі, отбасы болмайды. Өз қожасының істе дегеніне құлақ қақпайтын бишара жан.

* * *

Күң. Бас еркі жоқ әйел. Ол өзінің қожасының не оның әйелінің меншігі. Күң қорлыққа да, зорлыққа да төзеді. Қожасының айтқанын екі етуге хақы жоқ. Бұл күндері күң иеленушілік кездеспейді.

· Құл жиылып бас болмас,

Құм жиылып тас болмас.

· Жібекті түте алмаған жүн етеді,

Қызды күте алмаған күң етеді.

* * *

Ұры. Қазақ елінің тұрмыс, тіршілігі, мәдениеті мен өнерінде қызықты әрі таңқаларлық жайлар мен оқиғалар, адамдар жиі кездесіп тұрады. Олар мешкей, тентек, ұры, қыдырмашы тағы басқалар. Оларды да халық өз қоғамының бір мүшесі деп таныған. Солардың бірі-кәдімгі ұры. Ұрының кәсібі әрине ұрлық. Олар негізінен алыс-жақын жерлерден мал ұрлайды. Әрине, епті ұрылар көбінесе алған малын сіңіріп кетіп отырған. Кейбір ауқатты, билігі бар адамдар да ұры ұстап отырған. Мысалы, Тезек төренің ұры ұстайтынын Сүйінбай ақын «Қоймаған елде жылқы кезеп төре» деп қатты сынаған.

Бұрынғы кезде ұры болу да кез келгеннің қолынан келе қоймаған кәсіп. Ол екі-үш адамға алысқанда әлі келетін, қараңғыда, қарлы боранда жол табатын епті әрі қажырлы жігіттердің ғана қолынан келген. Әйгілі халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың «Қарға ұры» дастанында Қарға атты ұрының ғажайып оқиғалары, оның жеңістері мен жеңілістері шеберлікпен суреттелген.

· Ұрының малы түгел.

· Ұрымын дегенше құрыдым де

· Ұрлық түбі – қорлық.

* * *

Мешкей. Ел ішінде ерсі ісімен көрінетін адамдардың бірі – не берсең де тоймай, талғамай жұтатын кәдімгі мешкей. Театры, тағы басқа ойын-сауық ордалары жоқ елде жұрт мұны да қызықтаған. Ертеде екі мешкей ерегесіп елдің қымызы жетпейтін болған соң кеспекте тұрған іркітті ішіп бәсекелесіпті. Оның бірі 42 кесе, екіншісі 40 кесе ішіпті. Сонда жеңілген мешкей «ішіне 2 кесе іркіт сыймаған мені өлді» деп есептеңдер деп өкінген екен.

* * *

Қыдырмашы. Ауырайын десе ауруы жоқ, бағайын десе малы жоқ, істейін десе кәсібі жоқ адамдар да болады. Бірақ олар үйде қарап отырмайды. Қай ауылға қонақ келіп жатыр, қай үйде ет асылып жатыр соны аңдып барып, тамақ асырайды. Мұндайларды ел «қыдырмашы» дейді. Енді бір қызығы пейілі кең қазақ оларға «кет» демейді, көрпе салып қонақтың қасына отырғызады.

· Мешкей деген жақсы ат емес.

· Қыдырмашының тамағы тоқ.

* * *

Тентек. «Әр елде бір тентек жүре берсін де» дейтін кең қазақтың осындай қағидалы сөзі бар. Шынында да әр елде бір тентек болған. Тентек болғанда қазанбұзар, үй жығар жөнсіз тентек емес, ел ішінде беделді, атынан жұрт ығатын, тентектің жөнін білетін, орынды жерде ойран салып кететін, ешкімге есесін жібермейтін тентек. Олар сол тентектікпен кейбіреулерді тәубасына түсіріп, енді біреулердің есін шығарып ешкімнен жығылмайтын, айтқыштық шешендік өнері де бар адамдар болған. Олардың қанша уақыт өтсе де аттары аталып, істері ұмытылмай келеді. Солардың бірі – белгілі Былғақ тентек. Ол атасы өліп жатқанда оның жерлеуіне де қарамастан:

Атам өлсе қойылар,

Атан өлсе сойылар,

Мұндай қызық қан сонар

Маған қашан табылар, - деп аңға шығып кетіпті. Оның Найман Тана мырзаға барған тентектігі оның атақты қара жорғасын алғаны да бір оқиға десе де болады.

Орталық Қазақстанда өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін өмір сүрген Сүлейменұлы Ысқақ деген кісі боқтағыш адам болған. Тентек адамды жұрт «жынды Ысқақ» атап кеткен. Оның боқтағыштық өнерін жұрт таңсық етіп, біреуді бір боқтатып алуды қызық көрген. ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген Қыпшақ Табай би мінезі теріс, өзі айтқыш, өзі тентек кісі екен. Бірде қыста бір үйге қонып, ол лайық қонақасы бермепті. Соған ызаланған Табай түнде далаға шықпай, босағаға байлаулы тұрған бұзайдың астына шорылдатып жатса, оны үй иесі байқап қалып:

- Оу, Табеке, мұныңыз қалай? – дегенде, би:

- Тегіңді ұрайын, тыныш жат! Бұл жерге бес теңгелік бұзау сигенде, мың теңгелік Табай неге симейді?! – деген екен.

7548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы