• Әдебиет
  • 03 Желтоқсан, 2009

Қазақ даласының көркем шежіресі

Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романы тек қана өткен жүзжылдықтың оқиғалары туралы ғана емес, бастан кешкен жайттарды әр түрлі адамдардың тағдырлары арқылы терең ой елегінен өткізу және болмыстың жаңа заңдылықтарын рухани-адагершілік тұрғыдан іздестіру. Ұлы қазақ даласының шежіресі нағыз суреткер қолымен жазылған. Мұнда табиғатпен үйлесім тауып, қалыпты және баянды өмір сүріп жатқан дала перзенттерінің күйзеліс пен сын шақтағы тіршілігі баяндалады. Бұл роман адамдардың психологиясы мен ой-пиғылы өзгерген, қазақ халқының тарихында қайғылы, бетбұрысты саналған жаңа ғасыр туралы. Оқырман кітаптың бас кейіпкерлері Нұрдәулет, Айжан, Асылхан, Свирцев, Кутов, Тұяқтармен және басқалармен бірге адамның жоғары рухани ұмтылысы мен үркек ой-түйсігі аңғарылатын ауыр сынақты – революцияны, аштықты, соғысты бастан өткереді. Бұл бөліну, яғни қашан да күйзеліс жылдары жарамсақтар мен басқа да кездейсоқ адамдардың маңдайын жарқыратып, көңіл суытатын ахуал орнатады. Өтіп жатқан жайттардың барлығын шетсіз-шексіз көк биігінен Әруақ, халықты қорғаушы – Ақбасты қыран бақылап отырады.

Халық жанын қорғаушы образ – Ақбас қыран «Жиырмасыншы ғасыр» романында өмір мен бүкіл романның өн бойында өрбіп отыратын алыс эпостардан жеткен халықтық идеалдардың мәңгілігінің символы. Осының өзі тартымды әрі мәнді, оқырманның жан-дүниесін қозғайды. Халық жанын білдіретін және ғасырлардан ғасырларға қорғап келе жатқан, өзінің үздік ұлдары үшін алаңдайтын ғажайып Ақбас қыран образы бұған дейін әдебиетте болған емес. Міне, сондықтан да өмір құнарлы, «тыңайтылған» зерде мен ар-намыс рухының топырағындағы өскін сияқты жалғасуда. «Әлемде – адамның, Ақбас қыранның және төңіректе – Ұлы даланың барлығы қандай тамаша, қандай ғажап. Дала – бұл тасқын ойлар мен істер, тұрақты қамқорлық кіндігі. Ол адамды өз сұлулығымен таңғалдырғысы келеді, аңдарды қоректендіреді, құстардың, оның ішінде қыранның да көзін өзіне тартады. Ол Ұлы даланың қожайыны, Ұлы дала да адамды емес, оны, Ақбас қыранды, алып құсты өзінің қожайыны ретінде мойындады, ол осынау ұланғайыр даланың жаны саналады... Ақбас қыран адамдарды жүріс-тұрысынан, даусынан, атпен қандай жылдамдықта кетіп бара жатқанын, неге шауып бара жатқанын, неге асығатынын түсінді. Барлығын білді және адам ойларын, шалдың қитұрқы пиғыл-ниеттерін жете ұғынды, ол адам бойындағы құпия күш-қайратты түсіне білді, олардың жүректерінде қайырым мен жамандық, әлсіздік пен қайрат, нәзіктік пен кек бар-жоқтығын сезінді».

Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романын оқып отырып, қазақ халқының әлемі мен философиясына қанығасың, батырлар эпосының рухымен нәрленген фольклорымен танысасың, қазақ даласының ұлылығын сезінесің. Сонымен бірге көптеген салт-жораларға, әдет-ғұрыптарға қанығасың, жаңа ғасыр қаһармандарымен бірге шетсіз-шексіз кеңістікті аралап шығасың. Қоршаған табиғаттың үйлесімділігі мен сұлулығына сүйсінесің, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан үйлесімділікке адамның белсенді және зор қауіппен килігіп отырғанына куә боласың.

Біз Сәбит Досановпен бірге жиырмасыншы ғасыр прогресс пен бүлінудің жаңа белгілерін даланың өмірі мен тәртібіне қалай әкелгенін көреміз. Біз өзіндік өмірлік жолдары бар, яғни, парасат пен жасампаздық жолындағы, бүлдіруге бейім және халық мүддесіне сатқындық жасайтын жолдағы әр түрлі адамдар тағдырын кездестіреміз. Және әрбір адам тағдыры оқырманға түсінікті. Осылай өрілу және қоршаған табиғатта адамдардың арасында қайшылық тууы өте символды түрде берілген. Автор түсінігінде адамдар мен туған жер тағдырларының мызғымастығы көрініп тұр.

Жазушы Сәбит Досанов – қазақ әдебиетінде үлкен биікті бағындырған өзгеше құбылыс. Оның таптаурындықтан ада «Жиырмасыншы ғасыр» романын оқыған жоғары мәдениетті оқырман қаламгердің халқының өмірі сондай әрқилы және терең екендігіне, оның сөзінің бейнелілік қуаты күшті екендігіне көз жеткізеді. Қазіргі таңда Сөзді ашу ғарыштық көлемдегі құбылысты ашудан да маңызды. Сөз – мәңгілік белгісі және Сөз – мәңгілік құбылыс. Сәбит Досанов өз сөзінде өз халқының мәдениетінде бар нәрсені сіңдіре білген. Оның әлемдік әдебиеттің алыптары – Лев Толстойдан, Достоевскийден, әлемдік әдебиеттің ең даңқты жазушыларынан тәуелділігі басқа планеталардың Жер атты планетаға тәуелділігі сияқты.

Сәбит Досановтың романындағы ең керемет нәрсе – бұл тілдің халықтығын сезіну, оның таңғажайып рухы, ол қызығарлықтай айқындылығымен мәңгілік және тұрақты құбылыс, осыдан келіп болжайтынымыз өмірде мәңгілік жарық бар, онсыз өмір сүру мүмкін емес. Оның романы – эпопея, ерекше әлем, онда адамдық болмыстың материалдық және рухани жақтары бір-бірімен соқтығысады: мәңгілік және қас-қағым сәт, осында адам мен табиғат тұтас. Бұл проблемалардың шешімі, оларды адам санасында қабылдау біздің планетамызда болып жатқан жағдайлар селқос қалдырмайтын адамның жүрегін мазасыздандырады. Өз халқының осындай үйлесімді проблемаларын көтерген жазушы халық атынан шешімді істер тындыруға және сөйлеуге хақылы. Өйткені бұл құқықты халықтың өзі беріп отыр.

Юрий Поляков,

«Литературная газетаның» бас редакторы

«Жиырмасыншы ғасыр» туралы

«Күшті, ізгі және көреген өткірлігі мен көркемдігі жағынан сирек талант иесі – Досанов өз халқының тарихи шытырман өміріне еніп, ел-жұртының жан-дүниесін, арман-үміттерін жайып салады»

Юрий Бондарев,

жазушы, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері

«С.Досановтың эпопеясы қазақтар мен орыстардың жарқын образдары және көркем сөз саптауы арқасында әдебиеттегі құбылыс саналады»

Михаил Алексеев,

жазушы, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері

«Нағыз роман. Бұл жүгірте оқып шығатын роман емес, оқуға, ойлануға және ойланып, оқуға арналған роман»

Егор Исаев,

ақын, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері

«Бұл орыс әдебиеті үшін үлкен оқиға, өйткені кітап орыс тіліне аударылып, шығарылды, қазақ әдебиеті үшін де үлкен оқиға». Мен қазақ әдебиеті осы роман арқылы бүкілресейлік, түптеп келгенде әлемдік деңгейге енетініне сенімдімін».

Феликс Кузнецов,

сыншы, академик, РҒА әлемдік мәдениет институтының директоры

«Жиырмасыншы ғасыр» романы тек талантты ғана емес, бізді, орыстар мен қазақтарды біріктіруші шығарма. Бұл монументті шығарма...

Мен дәйектілікпен айта аламын, орыс оқырманы Сіздің біздің бірлікке – рухани-шығармашылық байланыс шеңберінен тыс бірлікке қосқан айтулы үлесіңізді толық мәнінде бағалай алады»

Олег Шестинский,

ақын, Ресей Мемлекеттік сыйлығының иегері

«Роман өте қызық, өткір, талантты. Өткір болып, дарынсыз болса – бұл үгіт. Егер ол талантты болса, оның зымырауы жақсы болса, бұл – әдебиет».

Валентин Осипов,

жазушы, тарихшы, академик

«Сәбит Досанов – көрнекті суреткер. Оның «Жиырмасыншы ғасыр» романы – эпикалық сурет, прозадағы поэма іспеттес... Ол ұлы орыс шеберлері – толстой-достоевский мектебінің шамалы шәкірттерінің бірі. Егер бізді орта мектепте Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы орыс өмірінің энциклопедиясы деп оқытса, мен толық негізде және сенімділікпен айта алар едім: «Жиырмасыншы ғасыр» романы – бұл қазақ халқы өмірінің энциклопедиясы».

Валентин Мирнев,

жазушы, Ресей әдебиеті Академиясының президенті

3731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы