• Тіл
  • 06 Қаңтар, 2015

Үндесім заңдылығын ескерейік

Рыскелді Сабырбай, Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Табиғи тіл заңдылығы оның сан ғасыр бойы қалыптаса орныққан жүйесінен, бітім-болмысынан аңғарылады. Мәселе соны тап басып тани білуде.ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейінгі қазақтың ұлттық өрлеу кезеңінде Алаш арыстары, ұлт зиялылары үндесім заңдылығы, бөгде сөздерді оңдау жолдары хақында да талай-талай ой-пікірлерін білдірді. Бұл негізінен түбір, сондай-ақ сөйлемдегі сөздердің біркелкі жуан немесе жіңішке түрде келуі турасында еді. Егер сол ұлттық өрлеу алдамшы әдемі ұғымдармен бүркемеленген жаңа отаршыл қоғам қыспағына алынбағанда аталмыш заңдылық қазақ тілінің арқа сүйер басты ұстыны болар ма еді...

Тіл заңдылығы дегеніміз – жалпы тіл қолданысына (сөйленім, айтылым, жазылым) өз жөн-жобасы, нақты ұсынысын көрсете алуы, бағыт-бағдар бере білуі, басшылық жасауы. ХХ ғасыр соңында әйтеуір әупірімдеп жүріп Азаттық алдық қой. Арғы жағын айтпағанда, бергі жетпіс жылда жетімнің күйімен темір тепкіде ғұмыр кешкен тіліміздің өзінің табиғатына сай табан тірейтіндей заңдылығы қалды ма?! Түркілік дәуірде «Өзге жұрт енші алып тарасқанда Қазақта қара шаңырақ қалған...» (Мағжан) еді ғой. Иә, сызы санада қалған отарлық жалтақтаудан арыла алсақ бізде қазіргі кезде түбегейлі басшылыққа алынар бір заңдылық қалды: ол – Буынның дыбыстық үндесім (тіркесім) заңдылығы. Адам баласы бұл дүниеге келгеннен кейін ең алғаш бір буын (дауысты; дауыссыз, дауысты; дауысты, дауыссыз), қосарланған сол буын, екі буын сөзді айтып барып сөйлеу атты әлемге жолдама алады. Жазып, оқып үйренгенде де осылай аздан көпке, қарапайымнан күрделіге қарай ұласады. Сөйлеу әлемінің ең кіші бөлшегі сөз болса, сөз буыннан құралады. Бір дауысты дыбыс та буын екені белгілі. Буынның дыбыстық үндесім заңдылығын түсіну үшін алдымен қазақ тілінің өзге тілдермен, әсіресе бүкіл Еуропа сөздерін «өңдеуімен» бізге жеткізіп беріп зор әсер-ықпалын көрсетіп отырған орыс тілімен салыстырғандағы ерекшелігін білуіміз керек. Негізгі ерекшелік – дауыс­ты, сондай-ақ дауыссыз да дыбыстардың қазақ тілінде жуанды-жіңішкелі түрде болуы: а-ә(е), о-ө, ұ-ү, ы-і; ғ-г, қ-к. Ұ дыбысы ол тілде дифтонг у дыбысының қосағында жүр. Дыбыстарының сыңарсыздығы жіңішкелік белгі (мягкий знак) қойылуын қажет еткен, яғни белгінің ығында дыбыс жасырылған. Дауыссыз дыбыстардан кейін қойылған сол белгі дыбыстың жіңішкелігін былай таныта көрсетіп тұр, мысалы: деталь-детаіл, медаль-медаіл, пароль-пароіл, т.б. «Мягкій ызнаіктің» не екенін ұғынықты үйреткіміз келсе осылай жазып көрсетуге әбден болады. «Сөздің бір буынының көтеріңкі айтылуы» делінетін «ударение» атты шартты заңдылықтың көп қырлы сипаты бар. Ол арқылы тіпті сөз мағынасы ажыратылатындығы айтылады. Мысалы: замóк (құлпы, сыдырма), зáмок (қорған). Екі айырым етіп жазып түсіре алмағасын қайтсін?! Біз жазамыз: замоік және замік. Сөздегі «мок» деп жазылып тұрған буынның шынайы сипатын білдік: моік және мік. Көз алдаған осындай жасанды буынды кірме сөздерге жалғау қалай жалғайтынымызды білмей әуре боламыз. Бірі жалғамалы (қазақ), бірі қопармалы (орыс) болғанымен тілдік дыбыстарының бір-біріне тым бөтендігі жоқ. Екеуінің арасын алшақтатып жүрген – жазуы, жазылымы. Жалғамалы тілдер үшін түбір сөздің, әсіресе оның соңғы буынының шынайы келбеті керек. Алдамшы буынға сеніп шатасуға ұрына бермейік. Қазіргі қазақ тілі – түпкі тегін сақтап көне замандардан бері көш тартып қалыптасуынан, жазудағы жасандылыққа ұрынбағандығынан болар жалпы алғанда айтылуы мен жазылуы сай келетін тіл. (Ықшамдай жазылу жөнінде сөз бір басқа). Аталмыш а-ә (е), о-ө, ұ-ү, ы-і; ғ-г, қ-к алты жұп дыбыстардың өз орнымен үндесіп қолданылуы – буынның дыбыстық заң­дылығының негізгі. Егер ғі, гы (ғілым, гылым), қі, кы (қісым, кысым) т.б. буынның дыбыстық тіркесімі болса, онда тіл табиғатының, аталмыш заңдылықтың бұзылғандығы. Оған бағынбайтын бірде-бір қосымша (буын) болмауы керек. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясы 2004-2005 жылдары бекіткен тәбіл (табель), кәбіл (кабель), реліс (рельс), төкір (токарь), сілесір (слесарь) терминдері осы заңдылыққа, тіпті Алаш арысы Халел Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз сөзінің түбірі не соламайы­мен жуан айтылады, не соламайымен жіңішке айтылады» («Алаштың» тілдік мұрасы. А., 2009, 110-б) дегеніне де толық сәйкес. Арнайы басшылыққа алынар, кірме сөз де  бағынар тіл заңдылығы болмағасын солқылдақтық орын алып келеді. Айтылуындай емес жасанды жазылуымен ұшып келіп қонақтап алған сөздерге буындардың, яғни қосымшалардың жалғануын толыққанды бірізді дұрыстай алмай жүрміз. Талай орыс сөзіне септік, жіктік жалғауының жалғану үлгісін «технолог, технологке, технологі; филолог, филологке, филологі» деп дұрыс көрсете білген соңғы бір шыққан орфографиялық сөздікте (А., «Арыс», 2007) «кубок, кубокқа, кубогы; рынок, рынокқа, рыногы; педаль, педальға, педалі; ток, токқа, тогы» деп те жазылыпты. Бұл сөздердегі бок, нок буынына ударение түсіп тұрған жоқ: шынайы келбеті – бік және нік. «Ток» деген – бір буын, сондықтан ударение өзінде: тоік. Ал енді осы буындарға қосымша жалғаудың еш қиындығы болмайды. Айта кету керек, «ударениені» әдейі осылай қолдандық. Бұл заңдылығында кідіру, кібіртіктеу, созылу бар, екпіндетіп өте шығу жоқ. Мәселен, көже, көкпар деген сөз орысшаланса ударение бірінші буынға түседі: кіоже, кіоікпар. Сонда ол буы­ны екпіндемейді, керісінше кібіртіктейді және созылады. Екі сөзді қисынсыз біріктіре жазудың нәтижесінде го,га,ко,ка,қі сияқты жасанды буын (тіркесім) құралып біздің тілімізде де «ударение» пайда бола бас­тады: көгорай, шегара, көкекот, еңбекақы, ақірімшік, т.б. Бұндай біріккен сөздер не кірігуі (көграй, шегра), не бөлек яки арасына дефис қоя жазылғаны жөн болмақ (көкек-от, еңбек-ақы, ақ-ірімшік). Олардың саны бүгінде көп емес, алайда алдағы күндерімізді ойлап алдын ала қам жасау керек-ақ. Буынның дыбыстық үндесім (тіркесім) заңдылығын сөз ету барысында орыс тілінің кей заңдылығының боямасыз ішкі мәніне көбірек тоқталып та кеткен болармыз, оның себебін ұлт жанашыры түсінер деп ойлаймыз. Тілімізде басқа да үлкенді-кішілі заңдылықтар бар, алайда ең негізгі тірек, темірқазығы буынның дыбыстық үндесім заңдылығы екенін ескермей болмайды. Басқалары осы заңдылық аясында бас қоса, бірлесе әрекет етуі керек.

4960 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы