• Ақпарат
  • 29 Қаңтар, 2015

Жазушылар одағының мерейтойына арналды

Түркияда Еуразия Жазушылар одағының жанынан ай сайын түрік тілінде шығатын «Кардеш Калемлер» (Бауырлас қаламдастар) әдеби журналының қазақ әдебиетіне ұдайы көңіл бөліп, бүгінгі әдеби үрдіске белсене араласып жүрген ақын-жазушыларымыздың шығармаларын түрік тілінде жариялап, басқа да түркітілдес халықтардың арасында таныстырып тұратын жақсы бір дәстүрі бар. Аталмыш басылым өткен жылдың соңындағы №95 санын Бас редактор Әли Акбаштың беташар мақаласымен тұтастай Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына арнады. Кезінде әйгілі Сәкен, Сәбең, Ғабеңдер басқарған Қазақстан Жазушылар одағының мерейлі тойына орай, Халықаралық Түрік мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың, Әзербайжан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Анардың әлем әдебиетіне талай алыптарды қосқан шығармашылық ұйымға арналған жылы лебіздері жарияланса, поэзия жанрында белгілі ақындар Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин, Ақұштап Бақтыгереева, Марфуға Айтқожина, Рафаэль Ниязбек, Күләш Ахметованың жыр топтамалары, проза жанрында белгілі қаламгер, аудармашы Мәлік Отарбаевтың аудармасымен белгілі жазушылар Дидахмет Әшімханұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы, Мақсот Ізімұлы, Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Серік Нұғыманның әңгімелері, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақовтың зерттеу мақаласы түрік тілінде жарияланған. Елімізге қуаныш болып келген бауырлас басылымның мейрейтойлық санында «Қазақ газеттері» ЖШС-дегі әріптесіміз, белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікқали Хасанның «Атажұрт» көркем әңгімесі түрік тілінде шықты. Шығармада Нарын құмында кеңестік дәуірдегі әскери сынақ аймағынан зардап шеккендердің тағдыры жан жақты бейнеленген. Серікқали өзінің шығармашылығына бүгінгі замандастарының өмірімен бірге, осы тақырыпты да көптен бері арқау етіп келе жатыр. Ол «Қасқырлар түнде ұлиды» прозалық кітабының (1998 жыл, «Жазушы» баспасы) авторы. Бірнеше танымал прозалық жинақтарға әңгімелері енген. Әлеуметтік мәселелерді қамтыған көптеген әңгімелері республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын», «Таң-Шолпан» әдеби журналдарында жарық көрген. Әріпте­сіміз кезінде біраз республикалық мерзімді әдеби басылымдарда жауапты қызметтер атқарып, әдеби үрдіске белсене атсалысты. Қазір де шығармашылықпен еңбек етуде. Оның алдағы шығармашылығына биік табыс­тар тілейміз.

Ақбота ҚАЙРАТҚЫЗЫ

2800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы