• Қоғам
  • 10 Ақпан, 2009

Нанды «хлеб» деудің не қажеті бар?

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екені Ата заңда жазылғаны рас қой. Соны негізгі тірек етіп, тіліміздің қазіргі кейбір олпы-солпысын түзеп алудың орнына «Тым көбірек айқайға басып жүрген жоқпыз ба?» деген ой келеді маған. Атауы бірнеше сөзден тұратын айтылуы мен оқылуы қиындау бірсыпыра мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындардың маңдайшасындағы жазуларды әзірше екі тілде көрсету артықтық етпес. Бірақ олардың бірте-бірте қазақша атауын қалдырған жөн. «Бірте-бірте» деуімнің себебі, әуелі өзге ұлттың көзін, құлағын үйретіп алайық. «Құлағын үйрету» дегенді әдейі жазып отырмын. «Біздегі орыстардың құлағы едәуір үйренді» дер едім. Олар күнделікті ақпарат құралдарынан, әсіресе телерадио хабарларынан бұрынғы одақтас республикаларда тіл мәселесінің қалай батыл түрде шешіліп жатқанын оқып та, естіп те жүр. Яғни құлағы қанық. Біздегі орыстар әнебір жылдардағыдай емес. Өздерін Ресейде жүргендей сезінбейді, «мен-мен» деп көкірек кермейді, танауын шүйірмейді. Қарапайым орыс Қазақстанның тәуелсіз екеніне толықтай мойынсұнды.

Ал көз үйретуді дүкен маңдайшаларынан бастасақ деймін. Мысалы, дүкен маңдайшаларындағы «Нан – хлеб», «Азық-түлік – продуктовый», «Шаруашылық – хозяйственный», «Құрылыс – строительный»... деген сияқты қосарлы атаулардың не қажеті бар. Бұлардың басқа тілдегі атауларын жазбай қойсақ, күн сайын өзіне қажетті затын алып, әбден дағдыланып қалған орыстар әлгі дүкендердің қайда екенін ұмытып, көше кезіп, адасып кетеді деймісіз? Міне, көзге, құлаққа сіңісті болып кеткен орыс тіліндегі атаулардан бірте-бірте құтыла берсек, маңдайша жазуын айта-айта, оқи-оқи орыстардың құлағы да, көзі де үйренер еді.

Мұны Парламентке салып талқылаудың да, аудан, қала, облыс мәслихаттарының, тіпті тиісті министрліктердің қаулы, шешім шығарып, ресмилендірудің қажеті жоқ. Басқаша айтқанда, бұл дабыра етпей-ақ Сіз бен Біздің жасай салатын-ақ шаруамыз. Көр де тұр «Бұл неге екі тілде жазылмаған?» деп бірде-бір орыс қыңқ етпейді. Қайта олар осындай тәсілмен мемлекеттік тілді өз беттерінше емін-еркін үйреніп жүргеніне шүкіршілік етеді. Соған мақтанады.

 

Сұлтанғали Қаратайұлы

 

Ақтөбе облысы

Әйтеке би ауданы    

3542 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы