• Қоғам
  • 05 Ақпан, 2015

«Назарбаев Университеті» келешектің кадрларын шыңдайтын орда

Білім беру – мемлекет тарапынан ел болашағының ертеңі үшін жасалатын игілікті іс. Қазақстан бұрынғы Одақ елдері арасында бірінші болып бұл бағытқа барынша көңіл бөлді. Осы орайда, 2010 жылы құрылған «Назарбаев Университеті» елімізде жоғары кәсіби маман даярлау, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен жобаларды дамыту бойынша элиталық оқу орны ретінде жоғары оқу орындарының алдында тұр. Айтулы білім ордасы Қазақстанның білімі мен ғылымын халықаралық деңгейге шығару, Астананың Еуразия ғылым-білім орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету мүддесін алға қойып отыр. Бас­ты мақсаты ғылым мен білімді, еліміздің экономикасын дамытуға ұмтылатын, бәсекеге қабілетті түлектер даярлау болып табылады.

«Назарбаев Университеті» – Қазақ­станда ғана емес, бұрынғы Кеңес елдері аумағында өзінің білім беру стандартына сәйкес академиялық еркіндік және дер­бестік принципі негізінде жұмыс істейтін ал­ғашқы оқу орны. Оның өзіндік басқару құрылымы бар. Яғни ол Білім және ғы­лым министрлігінің құзырына кірмейді деген сөз. Университет құрамында айтулы ғалымдар, халықаралық деңгейдегі қо­ғамдық-саяси қайраткерлер бар. Олар қам­қорлық кеңесіне ғана бағынады. Кеңес мү­шелері университетті басқару үшін бел­гілі бір мерзімге сайланады. Оларды Қа­­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев бас­қаратын Жоғары қамқорлық кеңесі сайлайды. Қазіргі таңда «Назарбаев Универси­те­тінде» университет алдындағы даярлық ор­та­лығы жұмыс істейді. Онда бакалавриат бағ­дарламасы негізінде 16 мамандық бойын­ша үш мектеп, магистратура мен док­торантура бағдарламасын ұсынатын жо­ғары үш мектеп бар. Биылғы 2014-2015 оқу жылының өзінде 6 магистрлік бағдарлама ашылды. Олар: биологиялық ғылым магистрі, инженерлік менеджмент жөніндегі магистр, саясаттану және халықаралық қатынастар саласындағы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар магистрі, еуразиялық зерттеулер саласындағы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар магистрі, көптілді білім беру саласындағы әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар магистрі, Full –Time MBА (бизнес әкімшіліктендіру жөніндегі магистратура) және 1 докторлық бағдарлама (ғылым мен инженерия саласындағы философия докторы). Жалпы, оқу орны 9 магистрлік және 2 докторлық бағдарлама бойынша оқытады. Биылғы оқу жылының екінші жартысында «Назарбаев Университетінде» медицина мектебі ашылмақ. Университет алдындағы даярлық бағдарламасы туралы толығырақ айтар болсақ, бұл – университеттің бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түсу үшін қолға алынған бір жылдық интенсивті курс. Мұнда студенттер бір жыл ішінде академиялық ағылшын тілін игеру мүмкіндігін жетілдіреді, сондай-ақ инженерия, ғылым мен технология, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында таңдаған мамандығына сәйкес пәндер бойынша базалық білім алады. Мұның бәрі, әрине, болашақта бакалавриат бағдарламасын оқу үшін студенттің академиялық ағылшын тілін игеруін жақ­сартып, дамытады және жетілдіре түсуге ықпал етеді. Бүгінде «Назарбаев Университетінде» 3000 студент білім алуда. Өткен 2014 жылы алғашқы 65 магистрант оқу бітірсе, 2015 жылы бакалавриат түлектердің бірінші легі диплом алады. Өткен күзде ғана ғылым мен технология саласындағы магистратура – биология ғылымы магистрі бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама болашақта қоғамның ең күрделі проблемаларын шешуге қабілетті, болашақта технология саласында жетекші эксперттік көшбасшы болуға ниетті мамандардың жаңа толқынын даярлау мақсатында қолға алынған. Одан басқа инженерлік менеджмент жөніндегі магистрлер оқытатын магистратура бағдарламасы, ғылым және инженерия докторын даярлайтын докторантура бағдарламасы енгізілді. Бұл мектептің түлектері жобалау, операциялық қызмет және өндірісті дамытуға сүбелі үлес қосуға қабілетті ғаламдық индустрияның инновациялы және іскер өкілдері болып шығады. Ол, әсіресе елімізді индустриялық және инновациялық тұрғыда дамыту кезінде ерекше орын алады. Жоғарыда айтылғандай, өткен жылы еуразиялық зерттеулер саласындағы және «Саясаттану», «Халықаралық қатынастар» жөніндегі магистратура бағдарламасы іске қосылды. Басқа да мектептер туралы айтар болсақ, 2013 жылы Жоғары бизнес мектебінде Executive MBA (Басшылар үшін бизнес-әкімшіліктендіру) оқу орнының алғашқы магистрлік бағдарламасы ашылған. Сол жылы Жоғары білім беру мектебі магистрлік және докторлық бағ­дар­ламалары, сондай-ақ Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің магистрлік бағ­дарламасы шәкірттер қабылдады. Оқу орны әлемдік білікті универси­теттерімен қарым-қатынас жасайды. Мәселен, білім мен ғылым саласындағы халықаралық рейтингте жетекші орындарда тұрған әлемнің іргелі оқу орындары, атап айтқанда, University College London (UK) – Инженерия мектебі және Даярлық орталығы, University of Wisconsin-Madison (АҚШ) – Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, Duke University (АҚШ) – Жоғары бизнес мектебі, National University of Singapore (Сингапур) – Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, University of Pennsylvania (АҚШ) және Cambridge University (UK) – Жоғары білім беру мектебі, University of Pittsburgh (АҚШ) – Медицина мектебі, Colorado School of Mines (АҚШ) – Тау-кен ісі және жер туралы ғылыми орталық, Lawrence Berkeley National Laboratory (АҚШ) және Argonne National Laboratory (АҚШ) – ЧУ «NURIS»; University Pittsburgh Medical Center (АҚШ) – ЧУ «Өмір туралы ғылыми орталық» және басқа оқу орындарымен әріптестік байланыс бар. «Назарбаев Университетінің» бір ар­тықшылығы – студенттерді оқуға қабылдау өзге оқу орындарына қарағанда өте қатаң түрде жүргізіледі. Мұнда тамыр-таныстық жүрмейді. Абитуриенттерден оқу орнының әріптесі – Британ университеті емтихан қабылдайды. Ары қарай оқуға түскен бала жақсы үлгеріммен оқуы керек. Сынақ мерзімінде төмен баға алғандар оқудан шығарылады. Оны былай қойғанда, студенттер мен олардың ата-аналары үшін ерекше таңсық жағдай – плагиаттыққа қарсы жүйе жұмыс істейді. Яғни ешкім ешкімнің еңбегіне жиендік жасай алмайды. Студенттер сабақ барысында университеттен тек ағылшын тілінде жақсы білім алып қана шықпайды, сонымен бірге ана тілін дұрыс меңгеруге де назар аударылады. Тағы бір маңызды мәселе – оқу бағдар­ламалары студенттердің ойлау жүйесін дамытуға бағытталған. Олардың дербес ойлау мүмкіндігін ашып, қалыптастыру, студенттердің одан әрі өздері ізденіп, оқуына мол мүмкіндік береді. Екі-үш жылдан кейін олар алған білімдерін жетілдіріп, заман ағымына, аумалы-төкпелі жағдайларға байланысты бейімделе білулері керек. Бұл жерде мына бір талапқа назар аударған абзал. Университеттің басқару менеджменті «Назарбаев Университетін» бітіретін түлек мінездемесінің сегіз түрлі сипатын жасаған. Біріншіден, ол өзі оқыған пәннің мәнін жақсы меңгеруі керек; екіншіден, интеллектуалды дамыған, креативті, көзқарасы жан-жақты, еркін ойлауы тиіс; үшіншіден, командамен жұмыс істей білуі керек; төртіншіден, кәсіпкерлік ілкімділік; бесіншіден, өзін көрсетіп, өзіне және айналасындағыларға жаңа мүмкіндіктер аша білу; алтыншыдан, мультимәдени қоғамда үздік коммуникативті ілімін таныту, тәрбиелі, басқаларға төзімді болу қажет. Жетінші қасиет бұл – жинақылық, ойын бір арнаға бағыттай білуі болса, сегізіншіден, көшбасшы болуға қашанда даяр болуы қажет. Осындай артықшылықтар жедел дамып келе жатқан қоғамға қажетті мамандар қандай болуы керек деген сауалға жауап береді. Бір сөзбен айтқанда, заман талабына сай келелі оқу орны еліміздің болашағы үшін тиянақты іргетас қалауда.

Ғазиз Құрмашұлы

АСТАНА

3330 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы