• Қоғам
  • 05 Ақпан, 2015

Достықтың берік діңгегі

Биыл Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сының құ­рылғанына 20 жыл. Елбасының бастамасымен құрылған әлемдегі бірегей институт осы уақыт аралығында өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Елімізде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 100-ден аса ұлт өкілдері өзара ынтымақтың, береке-бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Осы жолда ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан этно-мәдени орталықтардың қызметін ерекше айтып өтуіміз керек.   Мәселен, Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында «Татар этно-мәдени орталығы» ұлтаралық достықтың нығаюына сүбелі үлес қосып келеді. Орталықта «Ялкын» фольклорлық тобы, «Яшлык» би ұжымы, «Кубэлэкэлэр» баллар вокалды тобы жұмыс істейді. Жалпы, бұл өлкедегі татар ұлтының мә­дени-ағартушылық қауымдастығы 1989 жылы құрылған болатын. Оның құрылу бастауында Разак Абузяров, Рустам Тугушев сынды азаматтар тұрды. 1992 жылы қауымдастық ресми түрде тіркеліп, 2003 жылы «Татар мәдени орталығы» қоғамдық ұйымы болып қайта тіркелді. Ұйымға әр жылдары Р.Мясаутов, А.Утеулина, С.Тенишева, Р.Хайруллин төрағалық етті. Оралда «Татар этно-мәдени орталығының» өз ғимараты бар. Ғимаратта татар халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танып-білуге бағытталған кітапхана ашылған. Кітапхана қоры жыл сайын жаңа кітаптармен толығып отырады. Орталық жанынан қаламгер Рустам Вафеевтың «Господин издатель» кітабы оқырманға жол тартты. Бір ерекше атап өтерлік жайт, 2013 жылы Орал қаласында республика көлемінде Сабантой өтіп, оған Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов арнайы келіп қатысты. Ол Сабантойдың ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Статистикалық деректерге сүйенсек, Орал өңірінде бүгінде 9 мыңға жуық татарлар өмір сүруде. Олардың 3 мыңы қалада тұрады. Облыс аудандарында да татар ұлтының мәдени орталықтары жұмыс істейді. Аудандардағы мәдени орталықтар Сабантой облыстық мерекесін, Достық фестивалін және т.б. мейрамдарды атап өтуге белсенді атсалысып келеді. Сонымен қатар этно-мәдени орталықтың тарапынан әдеби-музыкалық шараларды, поэзия кештерін, қайырымдылық концерттерін, спорт жарыс­тарды, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларды, халықаралық жастар форумын өткізу дәстүрге айналған.

Ұлан Қыдырбаев Орал

3433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы