• Білім және ғылым
  • 05 Ақпан, 2015

Қазақ ғалымы шетелге де танымал

Қазіргі кезде қазақ ғылымының өркендеп, дамып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Қазақ ғылымының жетістіктерін шетелдердің ғалымдары жоғары бағалауда. Соңғы кезде, егемендік алғаннан бері қазақтың әлеуметтік-саяси ғылымдары шетелде танымал болып, абыройы артуда. Қазақтың әлеуметтік-саяси ғылымдары, әсіресе, саясаттануын шетелдерде құрметпен қарап, олардың жетістіктерін мойындап жоғары бағалайды.

Мен мұны Түркияда, Оңтүстік Кореяда және тағы басқа елдерде халықаралық ғылыми конфе­рен­цияларға қатысқанымда байқап жүрмін. Әрине, бұл қуанарлық жайт. Мәселен, қазақтың этносая­сат­тануын еліміздің ұлт пен диаспоралар мәселелерін ғылыми тұрғыдан шебер шешілуін, ұлтаралық келісімді зерттеп дамытып, оның халықаралық маңызын зерттеген, белгілі қазақ сая­саттанушысы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор Рау­шанбек Әбсаттаровты мақтанышпен айтуға болады. Р.Әбсаттаров Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философия пәндер кафедрасының меңгерушісі. Оның ғылыми жетістіктері тек ТМД-да ғана емес, алыс шетелдерде белгілі әрі жоғары бағалайды. Ғалым-ұстазды соңғы он жылда Германияның, Францияның, Ұлыбританияның, Түркияның, Оңтүстік Кореяның және басқа да көптеген елдердің университеттері мен ғылыми инс­титуттары баяндама жасауға, лекция оқуға жиі шақырып тұрады. Бұл шақырулар қазақтың саяси ғылымының жоғары деңгейде екенін көрсетеді және мақтаныш сезімімізді тудырады. Оның ғылыми еңбектері әлемнің 73 еліне танымал, 60-тан астам ғылыми еңбегі шетелде жарық көрген. Раушанбек Әбсаттаров ұлт пен диас­пора мәселелерін терең зерттеген ғалым, оның еңбектерін осы саладағы шетелдік ғалымдар жоғары бағалап, мойындайды. Мәселен, осыдан екі жарым жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Гванджу қаласында Бүкіл әлемдік глобальдік диаспора ассоциациясына қатысуға және оны құруға шақырды. Бұл форумда 20-дан астам мемлекеттердің диаспоралар мәселелерін зерттеген белгілі ғалымдары қатысты. Сол құрылтайда әлемге белгілі саяси ғылымының докторы, профессор Лим Че Ван осы ассоциацияның президенті болып, ал оның вице-президенті болып біздің жерлесіміз Раушанбек Әбсаттаровтың сайлануы, Қазақстанның этно-саясаттану ілімінің, саяси ғылымының же­тістіктерін мойындауы деп айтуы­мыз хақ. Сонымен қатар Оңтүстік Корея­ның Чоннам ұлттық универси­те­тінің сая­саттану факультетінің сту­денттеріне «Қазақстандағы ұлт мәсе­лесінің шешілу тәжірибесі және оның халықаралық маңызы» тақырыбында лекция оқыды. Қатысушылар лекцияға үлкен мән беріп, зор ықыласпен тыңдады. Көптеген сұрақтар қойып, қызығушылық танытты. «Профессор Раушанбек Әбсаттаров мырза, сіз лекцияны неге орыс тілінде оқыдыңыз? Қазақ тілінде неге оқымайсыз?» деген студенттің сұрағына, ол күлімсіреп: «Мен лекцияны қазақ тілінде оқысам, оны кім корей тіліне аударады?» деді. Мұны естіп отырған Кореяның профессоры Лим Че Ван «келесі шақырғанымызда қазақша оқитын болады, міндетті түрде аудармашы тауып қоямыз» деген еді. Шынында да, 2014 жылдың желтоқсан ай­ының соңында жер­лесіміз, профессор Рау­шанбек Әб­саттаровты қазақ тілінде Чоннам ұлттық университетінің профессорлар мен оқытушыларына, докторанттар мен магистрлеріне «Әлемдегі диаспоралардың өзекті мәселелері» атты тақырыпта лекция оқуға арнайы шақырды. Сол кезде мен Чоннам ұлттық университетіне іссапармен келгенмін. Р.Әбсаттаровтың лекциясына осы университетте оқып жүрген жерлестерімізбен бірге, мен де қатыстым. Үш күн лекцияны қазақ тілінде оқыды, екі аудармашы корей тіліне аударып тұрды. Лекциясы өте жоғары деңгейде қызықты, тартымды оқылды. Әсіресе, пікірталастық және жете зерттелген мәселелерге тыңдаушылардың назарын аударып отырды. Менің байқағаным, корей тың­даушы­лары лекцияға қатты риза болды. Қызы­ғушылық танытып, көптеген сұрақтар қойылды. Қо­йылған сұрақтарға білім­ді­лікпен, парасаттылықпен жауап бе­рілді. Үзіліс кезінде Корея профессорлары өзара Раушанбек Әбсаттаровтың оқыған лекциясын талдап және қазақтың әлемдік деңгейде ғалымдары бар екен ғой деп қуанышпен айтып жатты. Бұны естіген қазақстандықтар төбеміз көкке жетіп, біздің саяси ғылымымыз әлемдік деңгейге көтерілгеніне қуа­нып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Кореяның профессоры Ким Енг Сун өз пікірін былай білдірді: «Мен профессор Раушанбек Әбсаттаровты «Национальные процессы: особенности и проблемы» (Алматы: Ғылым, 1995 ж.) атты монография­сымен танысқаннан бастап білдім. Моног­рафиясы өте жоғары деңгейде жазылған, әлемдік диаспора мә­селесін зерттеуге сүбелі қосылған үлес деп айтуға болады. Содан кейін Кореяда шыққан он екі ғылыми еңбегін оқыдым. Кореядағы ұлт пен диаспора мәселелерін зерттейтін мамандар Раушанбек Әбсаттаровты жақсы біледі және ғылыми еңбектерін жоғары бағалайды. Осыдан екі жарым жыл бұрын ғалымның өзімен бетпе-бет кездесіп, жақын таныстым. Оның ғылыми баяндамалары мен оқыған лекцияларының орыс тілінен корея тіліне аудармашысы болдым. Оның ортақ мәселелерге байланысты пікір алысып, диаспора мәселесін терең білетінін және жаңаша көзқараспен ізденісін байқадым, көрнекті саясаттанушы ғалым екеніне көзім жетті. Раушанбек Әбсаттаровты тек қазақ халқының ғана емес, жалпы саяси ғылымының көрнекті өкілі деп мақтанышпен атауымызға болады». Кореяның өзге де профессор, оқы­тушы, докторанттары мен магистр­ле­рімен сөйлескенімізде, олар да профессор Раушанбек Әбсаттаровтың ғылыми зерттеу­леріне, пікіріне оң баға беріп, ризашылықтарын білдіріп, қазақтың әлеуметтік-саяси ғылымының жоғары деңгейде дамығанын қуана жеткізді. Қазақстандағы қазақ халқы мен корея диаспораларына байланысты мәселелерге көбірек назар аударылды. Кореяның журналистері қойған сұрақтарға кәсіби-саяси шеберлікпен жауап берді. Қорыта айтқанда, қазақтың этносаяси ілімі, саясаттану ғылымының жоғары деңгейде дамуы әлемнің елімізді, ғылымымызды мойындауына ықпал етері сөзсіз. Әлем деңгейіндегі қазақ ғалымдары көбейе берсе екен дейміз.

Найля Сейсен, саяси ғылымының кандидаты Оңтүстік Корея Гванджу қаласы

5211 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы