• Қоғам
  • 12 Ақпан, 2015

Қиындықтарды бірлесе еңсереміз

Кеше Ақордада Елбасы Н.Назарбаевтың қаты­суымен Үкі­меттің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы еліміздегі эко­но­микалық жағдайға баға беріп, қазіргі экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс еке­нін атап өтті. Елбасы әлем экономикасы бүгінде қиын-қыстау жағдайға тап болып отырғанын, соған қарамастан Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4 па­йыздан аса өске­нін тілге тиек етті. Осы орайда «Қазақ­­­стан­ның экономикасында дағдарыс жоқ» екенін мәлім­деді. – Құрметті, қазақстандықтар! Біз әсте тәубешіл елміз. Аласапыран күндерде көрген қиындықтарды ұмытпауға тиіспіз. Кеше қандай болып едік, бүгін кімге айналдық? Осыны ешқашан естен шығармайық. Әлемде елі жоқ, жері жоқ қаншама халық бар. Елі болғанымен игілікке жете алмай жүрген, қазынасын өзіне пайдалана алмай жүргендер көп. Байлығы кім болса соның аузында кеткен халық бар. Ал біз төріне ту тігіп, әлемге танылған елміз. Тамыздай тамылжыған тұрақтылық пен уыздай ұйыған бірлігіміз бар. Бізде бәрі бар. Сондықтан тәубемізді ұмытпайық. Барға қанағат етіп, бағалай білейік, – деген Елбасы ел бірлігі ешқашан құны түспейтін, жыл өткен сайын маңызы артып, мәні толыға түсетін шексіз байлық екенін айтып, сол байлықты еселеп, дамыта түсуге, осы жолдан танбауға шақырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде зейнетақы, бюджет қызметкерлерінің жалақысы, шәкіртақы, төлемдер көлемі қысқартылмайтынын және болашақта да қандай жағдай туындаса да төмендемейтінін мәлімдеді. «Барша қазақстандықты қалыптасып отырған жағдайға байланысты қабылданып отырған мемлекеттік шешімдердің түп-төркінін дұрыс түсінуге шақырамын. Бұл тұста мен бюджетке енгізілген түзетулер жайында айтып отырмын. Бұл уақытша ғана шара» деді Елбасы. Жиында Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде барлық жобаларды қаржыландыруды тез арада бастау, банктердің кредит қабілеттілігін қалпына келтіру, төленбей қалып отырған ипотекалық несиелер бойынша борыш құрылымын қайта қарау  және т.б. мәселелерге тоқталды. Елбасы Ресей рублінің құлдырауына бай­­ланысты, сондай-ақ қазақстандық ішкі на­­рықтағы тауар айналымдарына қатысты өз пайымын жеткізе отырып, отандық өн­дірушілерге келіп жатқан шығындардың ЕАЭО-мен еш байланысы жоқ екенін айтты. «Бұл біздің стратегиялық бағытымыз, одан ешқайда бұрылып кетпейміз. ЕАЭО-ны құра отырып, оның өмірімізге өзгерістер әкелетінін  атап өткен болатынбыз, міне, сол өзгерістер болып жатыр. Біз ажырамас бөлігі болып табылатын әлемдік экономикада мұндай толқулар болып тұрады» деді Президент. Жиында Мемлекет басшысы министрлiктер мен жергiлiктi жерлердегi ведомстволар, холдингтер 4 млрд. АҚШ долларын үнемдеуді, бірінші басшылармен өтетін жиналыстар санын азайту, аграрлық секторды сауықтыруға бөлінетін қаржыны 500 млрд. теңгеге дейiн арттыру, мерейтойларды қысқарту жөнінде мәселе қозғады. Банктерді отандық экономикаға қолдау көрсетуге шақырды. Сонымен қатар Үкіметке Бiлiм беру саласында «Балапан» бағдарламасын iске асыруды жалғастыруды, сондай-ақ мектептегi 12 жылдық бiлiм беру үлгiсіне кезең-кезеңімен өтуден бас тартуға болмайтынын, туындап жатқан қиындықтарға қарамастан, бiлiм беру мен денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысын жалғастыру қажеттігін айтты. Елбасы осы мәселені қадағалауды ҚР вице-премьері Бердібек Сапарбаевқа тапсырды.

Дәуіржан Төлебаев

2920 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы