• Қоғам
  • 12 Ақпан, 2015

Қазақ циркі қандай кедергілерге тап болып отыр?

Алматыдағы Абай даңғылында орын тепкен Қазақ циркі көп елді аралап, әлем халқын мойындатқан өнер ордасы десек жаңсақтық болмас. Осынау сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бар ма дерсіз?! Құралайды көзге атқан мергендер, түйе палуандар, желмен жарысқан желаяқтар, ол аз десеңіз, Парижде әйгілі палуан Қажымұқанның шойын жол темірін мойнына галстукше байлап әлемді мойындатқанына тарих куә. Қала берді, қазақтың саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастауы жатыр. Ұлттық ойындар мен салт-дәстүр көрініс тапқан қазақ циркінің назарынан төрт түлік пен саятшылық дәстүрлері сырт қалмады. Шәкәрім ақынша айтсақ, «табиғаттың сырын меңгерген әулие адамдар» біздің түп-тұқиянымызда болған. Сол табиғаттың бір бөлшегі – жан-жануарлардың күтімін тапқан көшпенділерді осы өнердің бастапқы иелері деп отырғанымыз да сондықтан.  Қазақ циркінің басты ерекшелігі де осында еді. Іргесі 1970 жылдары қаланған Қазақ циркі осы өзгешелігін, қазақылығын қаншалықты сақтап отыр? Көрермен үшін өмір мен ажалдың арасында жүрген артистер еңбегін бағалаймыз ба? Қазақ циркінің болашағы бар ма? Цирк өнер ме, әлде кәсіпкерліктің бір түрі ме? Мемлекет циркке қаншалықты көңіл бөлуде? Қазақ циркі дегенде, осындай сұрақтар алдымыздан шығып көкейкестілігін жоғалтпай отыр.

1967 жылы Гүлжиһан Ғалиеваның бас­тамасымен, Ел басшысы Дінмұхамед Қонаев пен сол кездегі Мәдениет ми­нистрі Ілияс Омаровтың қолдауымен мем­лекеттік деңгейде «Союзгосцирктің» құрамында қазақ циркінің ұжымын құру шешімі бір күнде қабылданған болатын. Г.Ғалиеваның қолдауымен бір топ қазақ жастары Мәскеу, Саратов қалаларына дайындыққа аттанды. Жаңа қазақ артистерінен құралған топ дүниеге келіп, 1970 жылдың 24-шіл­десінде Саратов қаласының циркінде алғашқы қойылым қойылды. Бұл күн қазақ циркінің туған күні саналып кетті. Ал 1972 жылы «Сиқырлы киіз үй» атанған Қазақ циркінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Шымылдығы ашылған күннен бастап, «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойы­ны», «Жер жәннаты», «Байқоңыр», «Ата­мекен», «Түйелер мен аюлар» сынды қойылымдар қойған Қазақ циркі көрермен көңілінен шыға білді. 1978 және 1982 жылдары Бүкілодақтық цирк байқауында жеңімпаз атанды. Қазақ циркінің артистеріне атақты арена Монте-Карлодан бастап, Брюссель, Верона, Пекин, т.б. қалалардың көрермендері қол соқты. Талантты қазақ циркінің артистері шетелге жиі шақырту алатын. Ал ат үстіндегі жігіттердің қойылымында дүниежүзі бойынша қазақ жігіттеріне тең келер жоқ. Биыл Қазақ циркіне қырық бес жыл толғалы отыр. Ал тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өнер саласында тоқырау бас­тал­ды. Белгілі бір себептермен 1990 жыл­дары шетелдерге кетіп қалған цирк артистерінің ішінде қарагөз қан­дастарымыз өте көп болды. Олар Америкаға, Австралияға, Еуропаға кеткен болатын. Тәуелсіздік жылдарында Алматыдағы цирктен бөлек Қарағанды, Астана, Шымкент қалаларында цирк ұжымдары ашылды. Десек те, қалың жұртшылық тарапынан қазақ циркі 1980-жылдардағы деңгейіне жете алмай жүр деген уәждерді көп естіп жүрміз. Өкінішке орай, цирк бұл қасиетті өнер ғибадатханасы екені ұмытылып, идеологияның мықты құралы екені ескерілмей, бұл өнерге де нарық зама­ны­ның талабымен қарау белең алды. Сон­дықтан біз ең әуелі Қазақ циркін қалай сақтай аламыз деген сауалға жауап іздегеніміз абзал.

5b557e86e795 Цирк жайлы арнайы құжат та, заң да жоқ

Бүгіндері Қазақ мемлекеттік циркі 2014-2016 жылдардағы жекешелендіру жоспарына енгізілген. Мәдени ескерт­кіш­тер заңына сәйкес бұндай ғимараттар жекешеленбеуі керек еді. Алайда циркке қатысты нақты заң болмағандықтан, бұл мәселені шешу оңай болмай отыр. «Таңғаларлығы, цирк мәдени ойын-сауық кешеніне жатқызылатындықтан, ешқандай заңда арнайы цирк деген бап та, тармақ та жоқ болғандықтан, бірқатар мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді» деп Қазақ циркінің бүгінгі директоры Дәулет Досбатыров бұл салаға деген немқұрайлықтың салдарынан оның болашағы жайлы бірнәрсе айту қиын екенін жасырмайды. Ал енді ойланып көрелік, цирктің исі мұрнына да келмейтін, бұл өнерден бейхабар азаматтың жекеменшігіне өтіп кетсе, ол әрине, қалтасын қампайтуды ойлайтыны айтпаса да түсінікті. Қазақ циркі Қазақ елін әлемге танытатын, ұлттық ерекшелігіміз көрініс тапқан мықты құрал. Сондықтан Қазақ циркі мемлекеттің қамқорлығында болуы керек қой. Мәселен, көрші Ресей мемлекетінде 2012 жылы «Цирк өнерін 2020 жылға дейін дамыту жөнінде» концепция қабылданған болатын. Бұл құжат ресейлік цирк өнерін жаңа деңгейге шығаруды, заманға лайық жас мамандарды даярлауды, циркті насихаттауды Үкіметтік деңгейде қарастыруды көз­дей­ді. Ал бізде осындай арнайы құжат пен заңнама жоқ болғандықтан, осынау киелі өнердің болашағы жайлы нық сеніммен айта алмай отырғанымыз жасырын емес. Дүниежүзі ғалымдарының мә­лі­метіне сүйенсек, Қазақ циркі өз мек­тебін қалыптастырған киелі өнер ордасы. Оның үстіне, қазақ цир­кінің талантты артистеріне шетелден шақыртулар өте жиі келеді екен. Дегенмен, олардың әлемді аузына қаратқан биік белестерінен ел тұрғындарының дені әлі де бейхабар. Себебі Қазақ циркінің артистері эстрада әншілеріндей жарнамаланып та, насихатталып жатқанын көрмейсіз. Бұның тағы бір себебі, Қазақ циркінің еліміздің түкпір-түкпірін аралап гастрольге шықпауынан деп түсінуге болады. Ол өз алдына, жаңадан бой көтерген Астана, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы цирктермен өзара байланыс та орнатылмағаны қынжылтады. Қай циркте қандай жаңалықтар болып жатқанынан хабарсыз. Кезінде Кеңес тұсында Мемлекеттік цирк компаниясы жұмыс істеді. Компанияның міндеті КСРО аумағындағы цирктердің деңгейін көтеру, тәжірибе алмасуға жағдай жасау, ең бастысы – цирктерді белгілі конвейерге жүйелеп, жан-жаққа гастрольге жіберу еді. Ал қазіргі цирк белгілі бір қойылымды дайындауға шамамен 1-2 жылдай уақытын жұмсайды. Сөйтіп, дайындалған бағдарламасымен жылына бір не екі рет сахнаға шығады. Дайын бағдарламамен цирк артистері еліміздегі басқа цирктерге де барып өнер көрсетуіне болады. Мәселен, Ресейде кеңестік тұстағы «Росгосцирк» компаниясы бүгінде сол жүйені сақтаған. Кәсіпкерлерді де тартып, бүгінгі заманға сай өзіндік сипатын қалыптастыра білген компанияға айналған. «Росгосцирк» компаниясының директоры В.Гаглоевтың айтуынша, Ресейдегі 40 цирктің жұмысын конвейермен белгілі жүйе бойынша реттеу артистер алдында үлкен мүмкіндіктерді ашады. Бұған қоса халық та әр цирктің өзгешелігін түсіне бастайды. Ал Қазақ циркіне бұндай жүйе ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті жайт. Бұл турасында да цирк директоры Дәулет Досбатыровпен тілдескен едік. «Қазір Ресейдің мемлекеттік цирк компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер мәселе шешілсе, біздің цирк жылына 5-6 бағдарламамен шығуға әзір. Цирктің конвейер жүйесіне енсек, біріншіден, артистеріміздің шығармашылық ізденісі артса, екіншіден, Қазақ циркінің өнерін өзгелерге танытатынымыз анық» деп бұл бастамадан үлкен үміт күтетінін жасырмады. Сонымен бірге Қазақстандағы цирктердің басын қосып, дәл осындай жобаны қолға алуға болатынына тағы тоқталды. Расында, артистер сахнаға шыққан сайын, көрермен ықыласына бөленген сайын қуаттанып, жігерленетінін есте ұстаған абзал.

Бастама баянды болмады

Ел-елді аралайтын жылжымалы цирк, яғни «Шапито» циркінің ел ертеңі болар өскелең ұрпақ үшін маңызы зор деп білеміз. Ауыл баласы үшін цирк таңсық көрінгенімен, ауылдың бір күндік өмірі, аламан бәйгесінен бастап, балуан күрестері осынау өнердің ­бастауы. Қазақ циркі 2003 жылы «Шапито» цир­кін қолға алып, біраз елді мекендерді аралаған болатын. Алайда бұл бастама бүгіндері жалғасын таппай отырғаны өкінішті. Бұндағы басты мәселе де қаржыландыруға келіп тіреледі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Қы­тай циркті ел мақтанышына айналдырып отыр. Жылт еткен жаңалықты қабыл­дай­тын қытайлар лезде оны өте биік деңгейге көтерді. Міне, сондықтан ол жақта цирк өте көп. Өйткені олардың түсінігінде осы өнерден жылдамдықты, еңбекқорлықты, тазалықты көріп өскен бала жалқаулықтан бойын аулақ ұстайды екен. Мұны біз өзіміз­дің ұлттық ұғымымызға салсақ, төл мерекелерімізде, мәселен Наурызда дейік, аламан бәйгеге шауып, көкпар ойналып, балуан күрестіріледі ғой. Сонда есі кірген баладан еңкейген қартқа дейінгі ағайынның делебесі қозып бойындағы барын салып, қолдау көрсетеді емес пе?! Бұл – адамдар бұдан да өзіне керегін алады деген сөз. Цирк те дәл солай. Ауыл баласы қазақ циркін көріп, артистерін танып, олардан үлгі алып өсуі үшін жылжымалы цирктің алар орны ерекше. Ал жастайы­нан ұлттық дәстүрге негізделген цирк өнерін көріп өскен бала елін, жерін сыйлайтын патриот азамат болып өседі. Цирк өнеріне қызығушылығы артып, ертең манежде барша жұртты таң­­ғал­ды­ратын акробат болуы да ғажап емес.

цирк-1

Қауіп қайдан демеңіз...

Жиылған қауымды таңғалдырып, таңдай қақтырып, қала берді ішегіміз түйілгенше күлдіріп жүрген артистер бәріне даяр. Ал біз ішек-сілемізді қатыратын сол артистердің қауіп пен қатердің дәл қасында жүретінін қаперімізге де алмаймыз. Бірақ соған қарамастан, өз ісін жанынан артық сүйетін талантты артистердің бары қуантады. Қазақ циркінің бүгінгі артис­тер құрамы дені жастардан құралғанын аңғардық. Қазақ циркінің штатында 120 артист қызмет етеді. Ал жыл сайын Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінен 1-2 жас маман жұмысқа орналасады екен. Біз циркке барған күні колледж сту­денттерінің сабақ өтіп жатқан жеріне түстік. Циркті екінші үйі санайтын бұл студенттер уақытын барынша тиімді өткізу үшін, жаттығу жұмыстарын өткізіп жатты. Қарагөздеріміздің қатары көбейгені де қуантты. Осы ретте оқу ордасындағы «Цирк» бөлімінің меңгерушісі Николай Маркинмен тілдескен едік. Жыл сайын 9-10 студент «цирк» бөлімін тәмамдайды екен. Бізді олардың жұ­мысқа орналасуы қызықтырды. Ең таланттылары Алматыдағы Қазақ циркіне жұмысқа тұрса, қалғандары Астана, Шымкент қалаларына жұмысқа орналасады. Әсіресе, Шымкент циркіне жас артис­терге деген сұраныс жоғары екен. Десек те, циркке жұмысқа орналасқан жас маманның алатын жалақысы 17-20 мың теңге көлемінде екен. Шын­дығында, небір шеберлік әдістерін, айла-тәсілдерін игерген тәжірибелі акро­баттардың өздері де жарақат алып жатады. Сондықтан өміріне қанша қауіп төнсе де, цирк артистері айналдырған 40-50 мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Міне, содан бүгінгі жастар өз күндерін өздері көріп, әр­түрлі концерттерде, тіпті тойларға шы­ғып өнер көрсетуді ұят са­намайтын кө­рінеді. Колледжде білім алып жүрген талантты студенттердің көпшілігі ойын-сауық орталықтарында да қызмет етеді. Цирктегі бір айлығын тойға ба­рып бір күнде алған жас артистті қой­ған бағдарламасының сапасы мен кә­сібилігі алаңдатпайтыны анық. Міне, содан циркке бар ынта-жігерімен келе бермейді. Аса талантты артистердің де шетелге кетіп жататын себебі де осында. Сондықтан цирк артистерінің жалақысы өміріне төнген қауіпті ескере отырып, молайғаны абзал.

Артистерді әлекке салған – зейнет жасы

Цирк артистері сырт көзге жас болып көрінетіні анық. Бір кезде шебер орындау­шы болған қаншама ар­тис­теріміз қазіргі кезде жастарды өнерге үйретуші ұстаз болып қызмет атқаруда. Өкініштісі сол, цирктегі де әйел адамдар – 58, ер адамдар – 63 жаста зейнеткерлікке шығады. Мәселен, біздің елімізде шахтерлар, әртүрлі қауіпті және зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер, әскерилер үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Олар зейнеткерлікке де жас мөлшерле­рінен ерте шығады. Ал цирк өнерінде қауіпті жағдайлар кездеспейді деуге бола ма?! Қала берді олар 30-40 жасқа дейін бар күш-қуаттарын сарқып бітеді де, физиологиялық жағынан қалжырайды. Алатын қамалдарын қырыққа дейін-ақ алып тынады. Көрші Ресей елінде бұрынырақта 20 жылдық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығатын болса, соңғы кезде бұл мәселе қайта қаралыпты. Қазір Ресейдегі цирк артистері 15 жылдық еңбек үлесі болған жағдайда зейнеткерлікке шыға алады. Бұл туралы цирк ардагері, Қазақ циркінің көркемдік кеңесінің мүшесі Өмірбек Исабеков өз ойын білдірді. «Мен Қазақ циркі құрылған күннен бастап, бар ғұмырымды осы салаға арнадым. Еңбек өтілім 20 жылға толған соң кеңестік тұста зейнетке шықтым. Өз заманымызда біз 120 қаланы араладық. Сөйтіп, күш-қуатымыз акробатикаға әлсіреген шақта, дәл өз уақытында зейнетке де шықтық. Ал қазіргі біздің артистеріміз сан алуан жарақаттарын, сүйек сынуларын және басқа да толып жатқан кәсіптік ауруларын өздерімен бірге өмір бойы алып жүреді. Қатты сырқаттанған кезде ауруханаларда жатып емделеді де, күнкөріс үшін ақша табу мақсатында еріксіз жандарына батқан дертке қарамастан жұмыстарын жалғастыруда» деді. Расында, 50-60 жасқа келгенше акробаттық өнерімен дүйім жұртты таңғалдыру мүмкін емес. Эстетикалық жағынан да, фи­зи­­калық жағынан да дұрыс саналмайды.

Клоундық өнеріміз қандай деңгейде?

Цирк өнерінің ең нәзік те, иірімдерге толы жанрларының бірі – клоунада. «Клоун» сөзі латын тілінен қарапайым адам деген мағынаны білдіреді. 1700 жылы Лондон театрларының бірінде дүниеге келген бұл жанр көрерменіне жеңіл көрінгенімен, қаншама шығар­машылық ізденіс пен көрермен жан­ дүниесін ұғына білуді талап етеді. Тіпті цирк деңгейі де осы клоундардың кө­рермендерді өзіне баурап алуымен өл­шеніп жатады. Ал қазақстандық клоунада жанры бүгіндері тоқырау кезеңдерді өткізуде. Олай дейтініміз, бұл жанр қазір кенже қалып келеді. Егер Кеңестік заманда клоунның бір қойылымына бір топ мамандар сценарист, драматург, режиссер – барлығы біріге жұмыс істесе, бүгінгі клоундар өзі қоюшы, өзі актер, өзі режиссер. Міне, осының өзі клоундардың кәсібилігіне кері әсерін тигізеді. Цирк ардагері, клоунада жанрында өнер көрсетіп жүрген белгілі артист Мұрат Жұмағалиев клоунада мектебін құрып, жас өрендерді тәрбиелеу қажеттігін тілге тиек етті. «Мен клоунада жанрында сонау цирк ашылғалы жұмыс істеп жүрмін. Клоун болу үшін клоун болып туылу керексің. Қаншама рет сахнаға шыққан сайын көрермен психологиясын да, көрермен талғамын да ұғынып, үнемі шығармашылық ізденісте боласың. Міне, сондықтан болар бұл жанрда бой көрсетіп жүргендер қатары сирек. Колледжде білім алатын жас­тар қабілет-қарымы жетіп жатса да клоун болудан қорқақтайды» деген М.Жұмағалиев қазақ клоунада мектебін қалыптастыру керектігін алға тартты. Мәселен, бүгінгі таңда «цирк» бөлімінде клоунада курсын енгізу мәселесі тал­қы­ла­нуда. М.Жұмағалиевтың айтуынша, клоунадаға жас өрен өз еркімен, жүрек қалауымен келіп, оны жеңіл-желпі өнер түрі деуден ада болуы керек.

Ұлттық нақыш көрінуі тиіс

Бүгінгі таңда цирк өнерінде көш бас­тап тұрған әйгілі канадалық «Дю Солей» циркінің өзінде топтасқан ұжым да, талантты артистер де жоқ. Тіпті салынған ғимаратының өзі Қазақ циркін­дей емес. Тіпті оларда хайуанаттар да жоқ. Олар белгілі қойылым үшін жан-жақтан артистерді, тіпті спортшыларды да келісімшартпен шақыртады. Ал қазақ циркінде шығармашылық ұжым, артистер әулеті қала берді ат, түйе, қолтырауын, аю, жылан, ешкі сынды жан-жануарларымыз бар. Алайда бүкіл әлем бойынша «Дю Солей» циркін тамашалау үшін кем дегенде бір ай бұрын билет сатып алынады. Ал билет құны 3000-4000 АҚШ доллары шамасында. Бағасының қымбатшылығына қарамастан, билеттер тез сатылып кетеді. Бұның бір себебі, біріншіден, жарнаманың күштілігі болса, екінші себебі, цирк басшылары қалың көпшілікті таңдандыру үшін әр бағдарламаға өзіндік жаңалық енгізіп, соңғы үлгідегі технологияларды пайдалана отырып, қойылымның режиссурасына үлкен мән береді. Сондықтан біз әлемге өзімізді танытуымыз үшін ұлттық ерекшеліктеріміз бен салт-дәстүрімізді цирк тілімен сөйлете білгеніміз абзал. Қазақ ежелден жылқының жалын тарап, ат құлағында ойнап өскен халық. Ал әлемдік цирк өнерінде ат үстінде өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан бұны қанмен берілген төл өнеріміз деп ұғынып қана қоймай, ат үстінде өнер көрсететін жас­тарды тәрбиелеуді міндет етіп қойған жөн. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің оқытушысы Қазыбек Қоржұмбаевтың айтуынша, бүгін ат үстінде өнер көрсететін артистер бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Ал бізде бұл акробатиканың бір түрі есебінде үйретіледі екен. «Қазақтың көшпелі өмір салтынан бастап жылқы төлінің алар орны ерекше. Сон­дық­тан ат үстінде өнер көрсететін жігіт­терді даярлайтын мықты мектеп қалыптастыруымызға толық мүмкін­ді­гіміз бар» деп осыған орай колледж қабырғасында арнайы пән не жанрлық бағыт ашудың маңызын атап өтті. Цирктегі қойылымдардан Қазақ циркі екенін бірден ұғыну үшін ұлттық бояу байқалуы керек. Ал оны көрерменіне барынша түсінікті де әдемі жеткізу үшін ұтымды жаңа режиссерлік шешімдердің маңызы зор. Бұл жөнінде Қазақ циркінің басшысы Д.Досбатыров Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «цирк режиссурасы» деген мамандықтың ашылғанын, бұл кәсіби мамандарды даярлауда өз үлесін тигізетінін жеткізді. Биыл Қазақ циркіне 45 жыл толып отыр. Ал Қазақ хандығына 550 жыл. Осы орайда Қазақ циркі ұлттық сипатта болатын үлкен қойылым дайындауда. Батырлар жырынан үзінді алынар ма екен, әлде тарихи оқиғалардан ба, онысы әзірге белгісіз. Цирк директоры осынау тарихымыз бен дәстүріміз қай қойылымда болмасын көрініс табуы керектігін айтуда. Ал мерейтойға орай дайындалатын бағдарлама толығымен ұлттық нақышта болатыны құптарлық іс екенін баса айтты.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

9354 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы