• Тарих
  • 05 Наурыз, 2015

«Зайсан» атауы туралы не білеміз?

Еліміздің жер-су атауларының тарихы бірнеше ғасырларды алып жатқаны сөзсіз. Олардың ішінде қазақ халқының мәдени-рухани кеңістігіне, ел мен жердің тарихына байланысты қойылған, сондай-ақ өзге мәдениеттердің ықпалымен жасалып, өзгеріске ұшыраған атаулар қаншама. Осыған орай тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде көптеген жер-су, елді мекен атаулары қалпына келтіріліп жатқаны қуанышты жайт. Ендігі мәселе, сол атаулардың сыр-сипатын танып, қандай мағына беретінін, мәдени категория ретіндегі рөлі қандай, аталу себебі неде деген мәселе әлі де зерттеп, зерделей түсуді қажет етеді. 

Еліміздің ономастика, топонимика саласында сыры мен жұмбағы ғалымдар арасында әлі күнге дейін талас тудырып келе жатқан атаулар да жоқ емес. Олар байырғы замандарда, белгілі бір тарихи кезеңдерде қойылған атаулар болғандықтан ол атау-сөздердің этимология­сын талдау, сол арқылы ақиқат-шындыққа жақындау бүгінгі зерттеушілердің алдында тұрған үлкен іс, зор мақсат. Бұл тұрғыдан алғанда Шығыс Қазақстан өңіріндегі белгілі атау – «Зайсан» сөзінің шығу тегіне байланысты зерттеушілер арасында әртүрлі нұсқалар мен жорамалдар айтылады. 

«Зайсан» сөзінің шығу тегіне байланысты филология ғылымының докторы, профессор Телғожа Жанұзақ «Тарихи жер-су аттарының түп төркіні» атты еңбегінде: «Бұл атаудың шығу төркіні мен мағынасы жайлы әр алуан пікір айтылады. Ғ.Қонқашбаев: «Моңғолдың заасинг (жақсы) деген сөзінен бұл атау ертеректе Зайсан-нор, кейде Нор-Зайсан деп те аталған. Зайсан атының қойылуына байланысты аңызда: «Бір жұт жылы қалмақтар аштан қырылып жатқанда, осы көлге келіп, балығын жеп, аштықтан аман қалыпты. Сөйтіп, көлді Заасингнор (жақсы көл) атапты. Зайсан көлінің бұрынғы атауы Хонхоты да (Қоңыраулы) моңғол сөзі» деп жазады. Зерттеуші А.Әбдірахманов осы пікірді жалғастыра отырып: «Ертеректе моңғол ақсүйектері де заасинг деп аталған. Қазақ тіліндегі «жақсы мен жайсаң» деген тіркестегі жайсаң сөзі – моңғол тілінен енген көл аты осы мағынадағы сөзбен байланысты болуы ықтимал, жергілікті тұрғындар көлді осы күнге дейін Жайсаң деп атайды» деп жазған. Бұл пікірді баспасөз бетінде автор Бақытбек Бәмішұлы «Зайсан ба? Жоқ, Жайсаң ба?» деп жалғастырып нақтылай түскен. Автор көл атауының ежелден Жайсаң екенін, ана тіліміздің байырғы төл сөзінен қойылғанын айта отырып: «Етек-жеңін кеңге салып, жағасы жайлаудай жайылып, мамырлап жатқан тұщы көлін бабаларымыз Жайсаң атаған ғой. Қазақ жаны жаз, көңілі кең, пиғылы пәк, пейілі жазира адамды «жаны жайсаң жан» дейді. Сонымен қатар қазақ суы мол, жағасы жайдақ, кемері кең, жиегі жадағай, жалпақ аймаққа жайылып жатқан суды «жайсаң» дейді. Олай болса, көл атауы Зайсан емес, Жайсаң» деген қорытындыға келеді. Біз осы пікірді дұрыс деп санаймыз. Ака­демик Ісмет Кеңесбаевтың бас­шы­лығымен құрастырылған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 1959) «жайсаң» сөзіне мынадай анықтама беріліпті: «Жайсаң – зор, үлкен, ұлық, ірі, көрнекті сал, мырза». Осы тұрғыдан алғанда «жайсаң» сөзінің мәнісі қисынға келетін сияқты. Бұл мәселе жан-жақты талқылауды, таразылауды қажет ететіндігі сөзсіз. Дегенмен, «Зайсан» сөзінен гөрі ұлтымызға, халықтық танымымызға «жайсаң» сөзі әлдеқайда жақынырақ келетіні анық. Ал енді «зайсан» атауын жоңғар хандығы кезеңіне байланысты қарастырып көрелік. Сол замандарға қатысты дереккөздерді шолып отырсақ, бұл сөздің көбіне кісі есімдеріне байланысты тіркеме сөз ретінде қолданылғанын көреміз. Мәселен, Дэджит-зайсан, Эрдэни-зай­сан және т.б. Аталған хандық кезеңінде «зайсан» сөзі үш мағынада қолданылған. Біріншісі – мұраға қалдырылатын рубасы дәрежесі. Екіншісі – ойрат қарулы жасағының бөлім сардары дәрежесі. Ал үшінші мағынасы – игілікті, мейірбан, аса мейірімді дегенді білдіріпті. Қазақтың жайсаң сөзінің, моңғолдарда зайсан болып аударылатындығын «Қазақша-моңғолша сөздік» атты еңбегінде (Ұланбатыр, 1970) аталған сөздік авторы ғалым Б.Базылхан былай деп түсіндіреді: «Қазақтар мен моңғолдар – ежелден рулық-тайпалық қатысы болған материалдық тұрмысы мен рухани ойы желілес халықтар. Егер қазақ тілінің сөздік қорына араб, парсы сияқты шет тілдерден енген кірме сөздерді, ал моңғол тілінің сөздік қорына санскрит, тибет, т.б. тілдерден енген сөздерді есептемесек, онда қазақ пен моңғол тілдерінің негізгі сөздік қорында осы екі тілге ортақ ұйытқы сөздердің молдығын көреміз, яғни қазақ пен моңғол тілдерінің негізгі ұйытқы сөздері бір желіге байланысып жатыр. Қазақ тілін моңғол тіліне басқа түркі тілдерінен гөрі ең жуық тіл деп айтуға болады» деген пікірін білдірген. Жер-су атаулары қашанда сол жердің тарихына, табиғи ерекшелігіне, сол аймақта болып өткен тарихи оқиғаларға байланысты қойылып жататынын ескерсек, белгілі топонимист ғалым А.Горбуновтың зерттеуші Ғ.Қоңқашбаевтың пікірімен сабақтас мал шаруашылығын кәсіп еткен қалмақтарда қалың қармен үскірік аязы қатар келген «жұт жылы тігерге тұяқтары қалмаған қалмақтар, көлдің мұзын ойып балығын жеп, аштықтан қырылудан аман қалуларына «мейірімділік» танытқан көлдің атын «зайсан нор» атапты дегені, біздің ойымызша, шындыққа жанасатындай. Осы келтірілген ой-пікірлерді қай тұрғыдан тұжырымдасақ та «Зайсан» атауын түркі-моңғол тілдес халықтардың бір-біріне белгілі бір қысылтаяң шақта көрсеткен «жайсаңдығына» қатысты пайда болған атау деуге негіз жоқ емес. Әрине, кез келген ғылыми тұжырым мен дәлел-дәйектер бір ғана шындық-ақиқат осы дегенді білдірмейтіні рас. Дегенмен, өзара талқыға салып, тарихи тұрғыдан зерделеп, қай нұсқа шындыққа сәйкес келеді деген мәселе төңірегінде әлі де ойласуымыз қажет. Бірақ қалай болғанда да біз тарихи атаулардан халқымыздың жадына жақын келетін тұстарын іздегеніміз жөн. Өйткені қазақтың байырғы атауларында терең мән бар. Оның сырын, жұмбақты тұстарын ашуға талпынуымыз қажет. Көпшіліктің дәйектелген пікірі қай нұсқаға жығылады, бұл мәселені де бүгінгі уақыт тұрғысынан қарастыру маңызды. Түйіндей айтқанда, «зайсан – жайсаң» сөзінің бір тілге жекелендіруге келмейтіндігін және атқарылар игілікті істерге қатысты қолданылар сөз ретінде, моңғол-қазақ тіліне де мағыналас сөз екендігін аңғаруға болады. Осы мәселелерге байланысты айтқым келген негізгі ұсынысым ол – Зайсанды Жайсаң атауына өзгерткеніміз абзал болар еді. Өйткені жоғарыда тілге тиек етілген ғалымдардың еңбектері, сол еңбектерде айтылған ой-пікірлер осындай тұжырым жасауыма негіз болып отыр.

Серікбосын Сайдығалиұлы

18341 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы