• Әдебиет
  • 15 Наурыз, 2015

АДАМТАНУ жырлары

Қазақ әдебиетінің даму үдерісіне ХХ ғасырдың 80-жылдары өзінің поэзиялық, прозалық туындыларымен қосылған шығармашылық жаңа толқынның қатарына Әділбек Ыбырайымұлы да өзіндік орнымен ерекшеленеді. Қаламгердің шығармашылығында поэзиялық туындылары айрықша даралана танылуда. Ақынның лирикалық өлеңдерінде адам сезімінің сан алуан толғаныстарының, тебіреністерінің күрделі әлемін аңғарамыз. Адамдардың алуан түрлі мінез-құлық психологиясы ауқымында өмір сүретіні – тіршілік қозғалысының ұлы заңдылығы. Әділбек ақынның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкердің қуаныш пен мұң тоғысқан жан діліндегі толғаныстар аясында азаматтық парасат биіктеріндегі адамгершілік-имандылық ұлағаты бағаланады.

Әділбек ақын поэзиясындағы аза­мат­тық-отаншылдық рухты, ұлттық-этнографиялық сипатты өлеңдері айрықша саралана көрінеді. Өлеңдердегі лирикалық қаһарман – қазақ халқының көп ғасырлық тарихындағы адамгершілік-имандылық ұлағатымен рухтанған, ата-бабалардың жауынгерлік-қаһармандық тағылымын ұстанған ұрпақтардың көркем жинақталған тұлғасы. Ақынның азаматтық-отаншылдық сарынды өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның сан алуан сезім тебіреністері, толғаныстары құрсауындағы перзенттік борышты сезіну мұратындағы ойларының парасат биіктігіндегі болмысын танимыз. Ақынның азаматтық өршіл қаһар­мандық рухты өлеңдеріндегі ортақ идеялық-поэтикалық желі – Қазақ мемлекеттілігінің дерекнамалық-тарихнамалық тағылымын ұлықтау. Кең-байтақ Қазақ Елінің мың­жылдықтар бойы өзін-өзі сақтау, бірігу ұс­танымынан айнымағанын «Алатау» өлеңінде көркем шындық поэтикасымен жырлауының ұлттық тарихи сананы сер­піл­тетін тармақтары («Әр тасыңда тарихым бар сарқынды», «Пәс көңілге текті тұрқың дем берер», «Қасиетті сенің әрбір сілемің») қазіргі және болашақтағы отаншыл ұрпақ санасын рухтандыра түсері ақиқат: ... Жырлай алсаң бір-бір дастан әр саға, «Хан орданы» «Ақ ордамен» пар сана. Бауырыңда өтті қырқыс жойдасыз, Қарап тұрдың мізбақпастан баршаға. ... Таңғы ауамен терең алып тынысын, Асқақ жатыр жаралғандай жыр үшін. ... Жойқын жорық басталарда даламда, Ат ойнатып, тізе қосқан Ұлысым. Түскен кезде мұқым елге ұлы сын, Жинағанда Батысы мен Шығысын. Алты Алаштың ұлы келіп бірігіп, Қазағымның туын тіккен шыңысын! Кім біледі, бәлкім, содан Ұлысың. (Ә.Ыбырайымұлы «Сүмбіле шуағы», 310-бет). Лирикалық қаһарман – Ақын – ата-бабалардың азаматтық-отаншылдық, жауынгерлік-қаһармандық рух қуатын бойларына сақтаған бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Елінің ұрпақтарының атынан айбындана толғайды: Қазақ атам, Сенің қаның мендегі, Тарих маған талай теңін Теңледі. Орыс кірді, Отаныма қол салып. Моңғол шапты, Ешқайсысы жеңбеді. Көшпенділер Тәңірінің тұтамы, Керегенің көгін кие тұтады. Қазақ! Қазақ! Қашаннан да сол Қазақ – Әлем деген қара ағаштың бұтағы. Ұлы жіңгір жаһан жатты Жосылып, Қалың қыпшақ қаптай өрді Қосы – құт. Күллі кінәз басын иді Далаға, Қаһарынан қаймананың шошынып. (Ә.Ыбырайымұлы «Сүмбіле шуағы», 304-б.). Азаматтық сарынды отаншыл жырлар­дың бірқатары қоғамдық-әлеуметтік, тұр­­мыстық қайшылықтарды сынаған қайраткерлік көзқарас шындығын аңғартады. Байырғы түркі өркениеті жазба жәдігерліктерінде де орта ғасырлардағы діни-исламдық дүниетаным жырларында да, Қазақ хандығы жырауларының және ХІХ-ХХ ғасырлардағы зар заман поэ­зиясында да желісі үзілмеген азаматтық-сыншылдық дәстүрі – қазақ сөз өнерінің алтын желісі. Халықтың материалдық және рухани мәдениет салаларындағы өсуіне, өрлеуіне кедергі, қырсық болып кес-кестеген алуан түрлі келеңсіздіктерді (көзқамандықты, мәңгүрттікті) сынап, әшкерелеп жырлау – қазақ сөз өнерінің халықтық тұғырнамасы. Әділбек ақынның азаматтық-сыншылдық сарынды өлең­дерінде ақын ұлттық асыл қасиеттерді, игі салт-дәстүрлерді халықтың шынайы жан ділі болмысын аздыруға, тоздыруға ықпал етіп жатқан жағымсыз, жиіркенішті ықпалдарды әшкерелейді, аяусыз сынайды. Азаматтық-сыншылдық жырларынан қазіргі және болашақ буын ұрпақтарын рухани сауықтыру, жамандықтан сақтандыру мұратындағы адамгершілік гуманизм ұлағаты айқын танылады. Классикалық әдебиет дәстүріндегі желілі сала – философиялық поэзия. Тіршілік қозғалысындағы себеп пен салдардың, қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігінің, жекелік пен жалпылықтың, т.б. құбылыстардың өзара сабақтастығындағы егізделген жүйесіндегі шындық тұжырымдары ақындар жырларына арқау болады. Әділбек ақынның осы классикалық дәстүр аясындағы философиялық өлеңдері («Еңкіш тартқан, ал самайы саркідір», «Түнде – өлімен, күндіз – тірі пенделермен тілдесем», «Бәсіре», «Тасынған көңіл сап тынды», «Контраст», «Мұңлы мұхит, түпсіз терең», «Қаражер ат астымда, жайтаңдаған», «Жаудыраған жанарында», «Шахмат», т.б.) тіршілік қозғалыстарының жүйелі, кешенді әлемін қамтитын уақыт пен кеңістіктегі қасиеттерді, құбылыстарды байыптайтын ақыл-ой иесі адам жан ділінің бағалауларын байқатады. Ақын поэзиясындағы барлық туындыларына арқау болған алтын желі – асқақ арман, ізгі мұрат жолында сәттіліктер мен сәтсіздіктер кезектескен тіршілік қозғалыстарын оқырмандар назарына елестету. Лирикалық қаһарманның түсінде көргендерінің шынайы өмірдегі тіршілік шындығымен баламалануы да ой түйіндеуге бағдарлайды: ... Дембемді қоздыртты дақпырт, мадақ, Жазық болып көрінді қайқаң маған. Жолдар қалды соңымда шиырланған, Астым талай асудан, қиырлардан. Тежемедім тізгінді, қоя бердім, Көкейіме қиядан құйылды арман Көңіл өсті, өзім де шаттанғанмын, Кенет, келіп жабысты қапталдан мұң. Елмен қоса топ еттім қара жерге, Мерт болмадым, жазымнан шақ қалғанмын. Кісінеді қаракер кесек үнмен, Атып тұрдым шыдамай төсегімнен! ... Түстің өзі осынша қобылжытты, Сақтағайсың, о Тәңір, кеселіңнен. (Ә.Ыбырайымұлы «Сүмбіле шуағы», 369-б.). Ақындар поэзиясындағы ұлттық сипат – халықтың бұған дейінгі қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін перзенттік махаббатпен жырлаудан байқалатын ерекшелік. Әлем әдебиетіндегі әдеби тек түрлері (эпос, лирика, драма), жанрлары шығармаларындағы да осы ерекшелік басты назарға алынады. Планетамыздағы бес құрлық қаламгерлерінің ғасырлар бойы мыңдаған, миллиондаған оқырмандарының жүректерінен берік орын алуындағы басты себеп – әуелде өздерінің туған топырақтарындағы аталары мен әжелерінің, әкелері мен шешелерінің, отбасындағы аға, іні, әпке, қарындас-бауырларының, ағайын-туыстарының ұстанымдарын, дағдыларын сөз арқауына ала тебірене жырлауы. Әділбек ақын қазақ халқының ұлттық-этнографиялық болмысын, бітімін құрайтын көрнекті көрсеткіштерді да­ралап жырлайды. Ақынның ұлттық-эт­нографиялық ­сипа­ты айқын, өлең­де­рінде халқымыздың бұған дейінгі мыңжылдықтар бойы сақталуындағы тірек-желі болған ұлттық дүниетанымды құрайтын эстетикалық-көркемдік ұстанымдар жүйесі поэтикалық өрнектермен өріле жырланған. Дала перзенттерінің азаматтық-отаншылдық, жауынгерлік-қаһармандық рухын асқақтататын жылқыға-тұлпарға мінудің, оның шабысының үстіндегі психологиялық хал-ахуал өлең өрілімінің поэтикалық өрнектерімен бейнеленген: Жерге тиіп бауыры көсілгенде, Арынынан танарсың есіңнен де. Аттың буы – кетерсің айбаттанып, Жұрттың буын басасың сесіңмен де, «Жатып алып» жануар жайқалады, Жорғасына жаның бір жай табады. ... Тізгініңді сүзесің ессізденіп, Аршындайсың, боз жорға, көзсізденіп. Шұлғып тастап, ілгері ексімдендің, Танауыңнан атқиды көкшіл демің. Емшек таға басады қарш-қарш мұзды, Тауын шақтың екпіндеп тепсінгеннің. Қырау шалған жоныңды, алқымыңды, Түзің-шерлі, ақбоз ай, шалқы мұңлы. Ақ далада аппақ боп ағызасың, Алты-ақ аттап өтесің алты қырды. Өлеңдегі ат әбзелдерінің бейнеленуінде («Құйысқаның күмбезді, шатыралы», «Өмілдірік кеудеңді кереді еппен», «Үйрек­бас ер күптелген күмістелген», «Үзеңгісі бедерлі, зерленіпті», «Шылбырың бар орал­ған талай сұлу») де ұлттық көркемдік таным тағылымы танылады. (Ә.Ыбырайымұлы «Сүмбіле шуағы», 72-73-бб.). Ата-бабалар дәстүрін аңсаған дала ұрпақтарының қазіргі өркениет дәуірінде де тұлпар мінген қаһармандық рух салтанатын аңсауы («Шаншарқасқа», «Ақкекіл», «Бозжорғалар» жіберетін көтеріп пәсте мені») да шынайы: Пай-пай, шіркін, күліктер құлын мүсін, Екпініңмен тапап ем зұлым мысын... Талай-талай шапқанмын... Бір бәйгеге Шаптырмай-ақ кетем бе ұлымды шын? ... Қыздырады қазақы ер делебемді, Жылқы мінез, тарпаң жан көне ме енді? Шырт-шырт сынған қымызды сапыра алмай, Бос қаңқайтып қоям ба тегенемді? (Ә.Ыбырайымұлы «Сүмбіле шуағы», 79-б.). Көркем әдебиет шығармаларындағы табиғат көріністерін, жыл мезгілдерінің (көктем, жаз, күз, қыс) пейзаждық суреттердің лирикалық-психологиялық, лирикалық-философиялық, дидактикалық-педагогикалық сарындар тұтастығымен жырлау – көркемдік жинақтау поэтикасы заңдылықтарымен жүзеге асырылады. «Дір-дір еткен қурайлар қалтырады», «Сары шұнақ кірпікке шық байланып», «Ұзақ та келді, көктем де ұзамас енді», «Терезесі көңілдің шытынады», «Сыршыл самал сылқылдап сілемге салды», «Қапырық...», «Бір бақытты мен күтетін әкелер», «Сағым», «Аңызақ жел», «Бозаң дала бір-ақ күнде гүлденді», «Жүрекке титтей сағыныш салып жыл өтті», «Жабыңқылау жаңбыр жауған сүркей түн», «Жер жаннаты – мөп-мөлдір Айнабұлақ», «Сыбызғы үні», «Төгіліп алтын шапақ шартараптан», т.б. өлеңдер табиғаттағы тәулік және жыл мезгілдерінің әралуан көріністерінің, құбылыстарының болмысын психологиялық, философиялық сырларымен, дидактикалық-педагогикалық тағылымымен жырлаған. Классикалық әдебиет дәстүріндегі дәстүрлі көркемдік бейнелеу тәсілдері (кейіптеу, пернелеу, мегзеу, шендестіру, т.б.) де көркем шындық поэтикасы бейнелеулерімен өрілген. Ақынның пейзаждық бейнелеулеріндегі көркем кестелі тармақтардың эстетикалық әсерлілігі оқырман көңілін баурайды. Дала келбеті – ақын өлеңдерінің көркемдік сипатын құрайтын ерекшелік. Ақынның пейзаждық-азаматтық сарынды өлеңдерінде қазақ даласының романтикалық-реалистік бояулары тұтасқан келбеті қуаныш пен мұң аралас сезіммен жырланған: Бозаң дала бір-ақ күнде гүлденді, Тозбайтындай торғын шәйі жамылып. Кең дүние мамыражай күйге енді, Қызыл-жасыл бояуларға малынып. ... Жауды да нөсер күмісін төгіп белеске, Қырларда гүлдер самалға елтіп дір етті. ...Момақан дөңдер түрленіп демде құлпырды, Бүр жарды ағаш, Жүрекке соны жыр тұнды. Қорыта айтқанда, ақын Әділбек Ыбырайымұлының халықтану-адамтану сарынындағы жырлары қазіргі қазақ поэзиясындағы азаматтық-отаншылдық лирикалық жырлар тобындағы өзіндік көркемдігімен бағаланады.  

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

3574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы