• Әдебиет
  • 15 Наурыз, 2015

АРДАГЕР АНА 18 жасында аудандық соттың төрағасы болған

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ордабасы аудандық сотының ұйымдастыруымен аудандық соттың Мәжіліс залында судьялар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері 1941-1950 жылдары сот саласында қызмет еткен тыл ардагері Жамал Шойбековамен кездесу өткізді.

Жамал апа 1924 жылы Арыс ауданында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде ол жас болғанына қарамастан, майдандағы әскерлерді азық-түлікпен жабдықтау мақсатындағы жұмыстарға араласқан. Ж.Шойбекова 1942 жылы бұрынғы Арыс аудандық №2 учаскелік, қазіргі Ордабасы аудандық сотында хатшылық қызмет атқарып, 18 ­жасында басшылардың ұйғаруымен төрағалық қызметке тағайындалған. Екі бөлмелі, есігі құлыптаулы аудандық сот ғимаратын басқару өз құзіретіне берілгенде жас қыздың бойын үрей билеген екен. Ел басына күн туғанда ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, аудандық сотта шама-шарқынша адал қызмет атқарып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан. Кездесу кезінде Жамал апа сол бір естен кетпес кезеңдерді еске түсіріп, біраз сыр ақтарып, соғыс жылдарындағы қиын кезеңдерді ой елегінен өткізді. – Қазір жасым 91-де. Кешегі сұм соғыстың зардабын тартқан адаммын. Миллиондаған адамның өмірін қиып, бейбіт өмір сүріп жатқан қаншама отбасын бақытсыздыққа душар еткен сұрапыл соғыс басталған кезде мен 17 жаста едім. Осылайша соғыстың өрті балалық шағымды шарпыды, – дейді апамыз. Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Бала деп, жас деп ешкімді аяған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер мен балалар атқарды. Жер жыртып, егін егіп, өндірген өнімді және мал бағып дайындаған ет пен сүтті майданға жөнелтіп отырдық. Өте қиын-қыстау кезең болғанымен, мойыған жоқпыз. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жететінімізді түсініп, жас болсақ та «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еттік. Соғыс алдындағы жылдары ауылды сарып ауруы жайлады. Анам және мен кіші сіңлім үшеуміз де ауырып, амал жоқ, Шұбар ауылына көштік. Енді жазылдық дегенде, соғыс басталды. Сол жылы әкем қайтыс болды... Жамал апа соғыс жылдары судьялық қызметін қалай атқарғанын кездесуге жиналған сот және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне әдемілеп айтып берді. Жамал апаны соғыс есейтті. Мұнан соң, ол Арыстың №1 учаскесінде қызметін жалғастырып, одан кейін 1953 жылы Мақтаралда соттың төрағасы болады. Бірақ денсаулығына байланыс­ты онда ұзақ қала алмай, Түркістанға қоныс аударып, аудандық прокуратурада еңбек етеді. Бұл кездесу тағылымы мол іс-шара болды. Кездесуге келген тыл ардагері Жамал Шойбекова айқара ашылған есіктен ішке енгенде: «Тұрыңыздар, сот келеді!» деген дауысты естіген жұрт Апаны құрметпен қол шапалақтап қарсы алды. Мұндай тосын жағдайды күтпеген сот ардагері бір жағынан абдырап қалса, бір жағынан қуанып, ризашылығын білдіріп жатты. Тылдағы және бейбіт өмірдегі ерен қызметіне сай Жамал апаға Кеңес үкіметі тарапынан берілген орден, медальдар кеудесінде жарқырайды. Жамал апамыз 36 ұл-қызды бауырына басып, тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Бүгінде сол балаларынан 100-ден астам немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Балаларын ешкімнен кем қылмай өсірді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халқымыздың даналығы олардың ұл-қыздарына берген тәлім-тәрбиесінен байқалады. Тоқсаннан асқан ардагер апамыз соғыс жылдары тартқан азапты күндерін жаспен еске алса, бүгінгі жеткен жасына, көріп отырған қызықтарына мың да бір шүкіршілік етеді. Жамал әженің ендігі жұмысы немере мен шөберелерді тәрбиелеуге бағытталған. Ендеше, сот жүйесінің ардагері бақытты Жамал апамызға зор денсаулық тілей отырып, ғұмыры ұзағынан болсын деймін!  

Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты кеңсесі Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Шымкент

3454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы