• Қоғам
  • 15 Наурыз, 2015

«Қазақ тілі – менің ана тілім»

Алла Гаврина:

Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Алла Гавринаның есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Өйткені ол жас болса да мемлекеттік тілді жетік білуінің арқасында үлкен құрметке бөленген қыздардың бірі. Қазіргі таңда «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының «Тобыл таңы» ақпаратты-сазды және «Бойтұмар» бағдарламаларының жүргізушісі. Осы аталған танымдық-тағылымдық бағдарламалар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүргені рас. Жуырда қазақ қызындай болып кеткен Алла мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттар жастары арасында «Тіл – татулық тірегі» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Осы орайда Алламен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ең әуелі, қазақ тілін қалай үйренгеніңіз жайлы айтып кетсеңіз. – Әкем Николайдың ұлты орыс болса, анам Балжан есімді қазақ қызы. Алайда олардың дәм-тұзы жараспады. Мен төрт жасқа дейін Арқалық қаласында тұрдым. Содан кейін көршілес жатқан Ресейді мекен еттік. Сол жақта мектеп табалдырығын аттап, орыс мектебінің бірінші сыныбына бардым. Бірақ мұнда көп аялдаған жоқпыз. Анам екеуміз қазақ еліне оралдық. Содан Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Ломоносов, Каменск-Уральск елді мекендерінде тұрдық. Қазақ ағайындардың арасына қосылған соң, қазақ мектебіне бардым. Сөйтіп, оқуымды қазіргі ана тіліме айналып кеткен қазақ тілінде жалғастырдым. Осылайша бірте-бірте қазақтың ұл-қыздарымен қоян-қолтық араласа жүрудің арқасында мемлекеттік тілді бір кісідей игердім десем артық болмас. Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын бекетіндегі №28 қазақ мектебін бітірдім. Шешемнің анасы Мәрия әжемнің қолында тәрбиелендім. Анам ерте қайтыс болды. Әкем қазір Ресейде тұрады. Сондықтан да өзіме жанашырлық танытқан жандарға ризашылығым шексіз. – Журналистикаға қалай келдіңіз? – Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының талай жастарға жолдама берген шет тілі факультетіне оқуға түстім. Аталмыш оқу ордасының ректоры, ­география ғылымының докторы, профессор Қуат Маратұлы Баймырзаевтың маған шапағаты мол болды. Оқуға түскен алғашқы жылдары осынау мейірбан жан мені өзіне шақырып алып, грантқа, яғни ақысыз бөліміне ауысқанымды айтқанда қуанышымда шек жоқ болды. Қуат Маратұлының маған жасаған ағалық қамқорлығын ешқашан да ұмытпаймын. Міне, содан артылған сенімді сезініп, оны ақтау үшін көп еңбектендім. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында жүрген кезімде де ұстаздар тарапынан қамқорлыққа бөлендім. Студент кезімнен бастап «Қазақстан-Қостанай» телеарнасына жұмысқа қабыл­дандым. «Қазақстан-Қостанай» телеарна­сының басшысы Әлібек Татанов мені журналист етіп жұмысқа алды. Сондықтан да Қазақстанның құрметті журналисі, осы саланың білгір маманына деген алғысым шексіз. Осы уақыт ішінде кәсіби жағынан едәуір шыңдалдым. Мұндағы ұстаздарым ретінде менің жанымнан табылып, үнемі ақыл-кеңесін беріп отырған директордың орынбасары Күлтай Абдрахманова және Назгүл Құдайбергеновалардың сіңірген еңбегі ерекше. Жатақханада бірге тұрған құрбылары­м­­­ның арқасында қазақ тілін бір кісідей мең­гердім. Осы мемлекеттік тілдің арқа­сында талай асуларды бағындырдым. Бұл күндері еркін сөйлейтін деңгейге жеттім. Оның тигізген пайдасын айтып жеткізе алмаймын. «Қазақстан-Қостанай» телеарнасына дикторлық қызметке қабылдануым да ана тілімнің шапағаты емес пе?! – Өзіңіз аталмыш телеарнадан «Бой­тұ­мар» деп аталатын жаңа бағдарлама ашып, қазір соны жүргізесіз. Осы бағдарлама жайлы айта кетсеңіз. – Өзім біраздан бері өз бағдарламамды ашуды ойладым. Сонан соң басшылармен ақылдастым. Олар менің бастамамды қолдады. Міне, осылайша өткен жылдың мамыр айында «Бойтұмар» бағдарламасы дүниеге келді. Оның басты мақсаты – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жаутаңкөз сәбилерге ата-ана табуға ықпал ету. Оларға алаңсыз ғұмыр кешіп, толыққанды отбасында азамат болып қалыптасуларына септігімізді тигізу. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, бұл хабарда негізінен жетім балалардың өмірі мен тағдыры, қалың жұртшылыққа ой салар маңызды мәселелер арқау болады. Қазірге дейін «Бойтұмардың» жеті хабары шықты. Жалпы екі аптада бір рет осындай тағылымдық бағдарламаны жұртшылық назарына ұсынамыз. Әу баста ол айына бір рет қана берілетін. Уақыт өте тәлімгерлеріммен ақылдаса келе, аптасына екі рет көрермендерге ұсынылатын дең­гейге жеттік. Бұл өте маңызды әрі өзекті бағ­дарлама. Оны көрген адам терең тол­ғанысқа түсері даусыз. – Сонымен хабардың алғашқы нәтижелері қандай? – «Бойтұмар» бағдарламасы эфирге бесінші рет шыққаннан кейін алғашқы нәтижесін көрдік. Рудный балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 11 жасар Надя есімді қызды Меңдіқара ауданындағы аралас отбасы асырап алды. Бір айта кетерлік жайт, аталмыш шаңырақтың иелері бұған дейін де төрт жетім баланы бауырларына басқан екен. Бұл көпшілікке тағылым болатыны анық. Осындай абзал жанды, мейірбан азаматтар арамызда аз еместігіне өз басым кәміл сенемін. Меңдіқарадан жаңа ата-анасын тапқан Надя бүгіндері қазақ мектебінде оқиды. Бұл күндері алтыншы сыныпқа барып жүр. –Мемлекеттік тілді үйрену үшін не істеу керек? Бүгінгі жастарға айтар кеңесіңіз. – Бәрі де тынымсыз ізденіспен келеді. Қазақтың «Талапты жетер мұратқа» деген аталы сөзін бойтұмардай ұстандым. Мектептегі мұғалімдерім Мақтагүл Омарқызы мен Нұрбике Хасеновалардың тәлімгерлігі ерекше дер едім. Сабақтан тыс уақытта қазақ тіліндегі кітаптар мен газет-журналдарды көп оқыдым. Күнделікті сыныптастарыммен қазақша сөйлестім. Міне, осылайша уақыт өткен сайын осы тілге деген қызығушылығым барынша артып, көздеген мақсатыма жеттім деп айта аламын. Бүгіндері мемлекеттік тілді қолдауға байланысты байқауларды өткізуге атсалысамын. Жуықта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттар жастары арасында «Тіл – татулық тірегі» дейтін байқау өтті. Осы жарысқа қатысып, «Мемлекеттік тілді білу – даму даңғылының дарбазасы» деген эссем мен «Тілдер бірлігі – ынты­мақ­тастық кепілі» тақырыбындағы бейнеролигім үшін жүлделі бірінші орынды иелендім. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесінің тыныс-тіршілігін арқау еткен едім. Сондай-ақ жетім балалар мәселелеріне арналған авторлық «Бойтұмар» бағдарламам үшін «Қайырымдылығы үшін Сауап» медалімен марапатталдым. Бұның барлығы ана тілім–қазақ тіліне деген ыстық ықыласым мен құрметімнің нәтижесі деп білемін. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ Қостанай

23880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы