• Тұлға
  • 19 Наурыз, 2015

Арқалаған ар жүгін

Әдетте қара жерге түскен сәби табанының табынан басталатын пенденің ғұмырын тіршілік кеңістігіндегі мөлшерлі жолға тели келе «бәленшекең тыңға түрен түсірді, өз соқпағын салды» деп жатамыз ғой. Ал, шынтуайтында, «адамзат сапарының мейманымыз» деп Қасым ақын айтқандай, инсанияттың ілгері озған көшінде қай-қай тірлік иесі де жарық дүние қолына ұстатқан эстафета таяқшасындай аманат-парызды келер ұрпаққа табыстайды, әйтпесе, кәсіп пен нәсіп атаулыға сүйенетін сабақтастық деген атымен болмас еді. Ал сабақтастықтан дәстүр туындайды. Әңгіме Ұстаз бен Шәкірт тақырыбына ойыса бастағаннан-ақ тіл ұшына көне Рим философы Боэцийдің «шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас» деген ақиқаты ащылау нақылы тілге орала кететінін қайтесің. Алайда өзге мамандықтардан бір ерекшелігі – журналистикадағы тәлім-тәрбие, ұстаздық пен шәкірттіктің «сырттай», бетпе-бет жүздеспей-ақ «жүзеге аса» беретіндігі. Өйткені майталман қаламгерлердің «шығармашылық лабораториясы» зертханалардың, конструкторлық бюролардың тозаң басқан томдарында емес, баспахана бояуы аңқыған басылым беттерінде мен мұндалап тұрады. Ал мәселенің майын ішіп, тақырыпты тулақша илейтін сайыпқыран журналист әріптестерінің әлпін бағып, жылт етіп көрінген жаңа есімді жадына тоқи жүргенімен, талабы таудай көгенкөздің өзін сырттай ұстаз тұтатынын сезбеуі де мүмкін. Біздің әңгімеміз әрі Ұстаз әрі Шәкірт хақында. Оқырмандық «өтілі» мол кісілер кезінде республикалық басылым беттерінде жиі көрініп, сезімі сергек жандарды селт еткізген «Сот бұзылса кім түзейді?», «Шымбайға батса да шындық», «Заң алдында бәріміз жауаптымыз» деген айшықты айдарлармен жарияланған мәнді де мазмұнды мақалаларды ұмыта қоймаған болар. Ал «Ар да, заң да айыптайды», «Заңды сақтау – арды сақтау» айдарлары әлі де жадымда жаңғырығып тұр. Оның себебі «Ар» деген қос әріпте жатыр. Иә, өркениетке бет алған қоғамымызда адамның Ары да, Намысы да Заң арқылы қорғалуы тиіс. Көпшіліктің көзінен таса, көлеңкелі тұстарға жариялылық жарығын түсіретін қоғамдық пікір қозғаушысы құқықтық журналистиканың осы орайда иеленер орны орасан екендігі дау туғыза қоймас. Құқық тақырыбына жазатын журналист көтерер рухани жүктің ең ауыры – Ар жүгі, өйткені мұның артында Ел тағдыры, Адам тағдыры тұр. Заңға, адам құқығына үстемдік беру жөніндегі Елбасымыздың жуырдағы бастамасының көздейтіні де осы. Менің әріптесім әрі досым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналис­тика факультетінің ұстазы Серік Жұмабекұлы – еліміздегі саусақпен санарлық құқықтық журналистің бірегейі, оны ғылым мен білім саласы ретінде қалыптастыруға қомақты үлес қосып жатқан ғалымдардың бірі. Иә, арпа ішіндегі бір бидай ғой ол. Кезінде әлемнің жарымына жуығын уысында ұстаған Кеңес Одағының дабылы жер жарған, екінің бірінің қолы жете бермейтін мәшһүр оқу ордасы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінің әйгілі Ясен ­Засур­ский жарты ғасыр басқарған журналис­тика факультетін тәмамдаған азын-аулақ қазақтың бірі болғанына байланысты айтып отырмын. Ре­дакторлық, журналистік жұмыстың қыр-сы­рына оқу бітірген алты-жеті жыл ішінде үңіліп үлгерген Секең қоғамдық ойға қозғау салып, тоталитарлық билік кезінде табанға басылған адам құқығын қорғау жөніндегі ширек ғасырлық қаламгерлік-қайраткерлік қызметін республикамыздағы қайта құру мен жариялылық қарлығашы – «Халық Кеңесі» газетінің бөлім меңгерушілігінен бастаған екен. Бұл 1990 жыл болатын. Кейіннен Ішкі істер министрлігінің басылымы «На страже – Сақшы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Егемен Қазақстанда» заң бөлімінің, халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінде құқық бөлімінің редакторы, «Президент және Халық» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. «Жалғанда арыңа дақ түсірмей, мынау өмірде аяғыңды нық басып, досыңның да, дұшпаныңның да көзіне тура қарап сөйлегенге не жетсін!» деген ұстанымды басшылыққа алатын Секең әділетсіздіктен жапа шеккен жандарды демеп, қол ұшын беруді өмір мұраты деп біледі. Оның өзі атап өткеніндей, баспасөз, жалпы бұқаралық ақпарат құралдары шешім шығарып, шара қолданатан әкімшілік орны да немесе біреуді қамауға алып тергейтін, сосын үкім шығаратын заң орындары емес. Алайда осылардың ешқайсысынан әділдік таба алмаған адамдар басқа барар жері, басар тауы қалмаған соң, соңғы үмітін арқалап редакцияға арыз-шағым жазады, құшақ-құшақ құжаттарды алға тартады. Журналистердің осындай әрекеттерінің арқасында жазықсыз жала жабылғандар мен жапа шеккендердің талайы ақталып, жемқорлар мен алпауыттар заң алдында жау­ап беруге мәжбүр болғанын көзі қарақты оқырман жақсы білуге тиіс. Осынау иманды іске Секең де қал-қадерінше үлес қосты десек, ақиқатқа көлденең келмеспіз. Бұл туралы менің қаһарманым кезінде «адам құқықтары жөнінде жазатын журналистерді көп жағдайда құқық қорғаушылар деуге де болады. Өйткені олар зерттеу жүргізеді, құқығы аяққа тапталған жандармен әңгімелесіп, жауап алады, оларға қолдан келгенше көмектесуге тырысады» деген болатын. Еліміздің конституциялық құндылық­та­рының насихатшысы Серік Жұмабекұлы егемендіктің 20 жылдығы қарсаңында Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойын­ша түсірілген «Тәуелсіздік шежіресі» атты жиыр­ма сериялы, әрқайсысы жарты сағаттық деректі бес фильмнің сценарийін жазды. Бұларда да Секең Ата Заң, құқық тарихына қатысты келелі әңгіме, салиқалы сөз қозғады, академик Сұлтан Сартаев, Талас Омарбеков сияқты білімпаздармен бірге өнегелі ой өрбітті. Тынымсыз талпыныста жүретін ол сондай-ақ қаламгерлік пен ұстаздықты тең ұстап, 2000-жылдары Әлемдік әдебиет және журналистика университетінде «Журналистік шеберлікті шыңдау» атты арнайы курстан дәріс оқыды. Педагогтық машықты ұштай келе, бұдан бес жыл бұрын қарашаңырағымыз – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетіне біржолата ұстаздық қызметке ауысты. Әрдайым сергек серпіліс, ізденіс құ­шағын­дағы Секең факультетте де жүрі­сінен жаңылмай, оқу ордасындағы тұңғыш «Халықаралық құқықты журналис­тика» клубының қазығын қақты. Оның жұмысына болашақ журналистермен қатар заң факультетінің студенттері, құқық қорғау саласының қызметкерлері де қатысып, қызу пікірталастарға мұрындық болды. Мұның бір мысалы ретінде еліміз Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров мырзаның қатысуымен университет деңгейінде өткен кездесуді келтіруге болады. Клубтың бұл ізгі бастамасы жайында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Заң газеті», «Айқын», «Президент және Халық», «Қазақ университеті» газеттері, басқа да басылымдар көлемді мақалалар жариялады. Сөйтіп, ұдайы ұмтылыс, ізденіс арқасында Серік Жұмабекұлы теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білетін педагог екендігін аз уақыттың ішінде дәлелдеп үлгерді. Қазақстандағы құқықтық журналис­ти­каның тәжірибесі мен теориясына тұңғыш түрен тастай отырып, Секең ғылымдағы сабақтастыққа баса мән береді. Қазақстандағы құқықты жур­налистиканың негізі 1885 жылы Абай Құнан­байұлы жазып шыққан «Абай ережесінен» бастау алатынын тұжырымдай отырып, ол бүгінгі Ата Заңымыз, Кодекстер мен әр саланың арнайы заңдары, қаулылар мен ережелер, нұсқаулар мен қағидаттар, міндеттер мен парыздар, адами, ұлттық, қоғамдық құндылықтардың бастауы құқықтық журналистиканың негізгі құрамы болып табылатынын атап өтеді. Журналист пен заң орындары, үкімет және басқа органдар тығыз байланыста жұмыс істегенде ғана бұл мақсаттар жүзеге асатынын ұғынуымыз керектігін алға тартады. Ол өз шәкірттерін құқық тақырыбына қалам тартумен бірге осы саладағы күрделі құбылыстардың қыр-сырын аша білуге үйретуді мақсат тұтады. Серік Жұмабекұлының пайымдауынша, құқықтық журналистиканың негізгі міндеті – құқық қорғау саласындағы шырғалаңды істердің көлеңкелі тұстарын заңдылық тұрғысынан саралау болып табылады. Қаламгер-педагог Серік Жұмабекұлы бүгінгі биігіне өнер мен өмірдегі шәкірттіктің баспалдақтары арқылы көтерілді. Ол есімдері отандық журналистика тарихынан ойып орын алған Нури Муфтах пен Марат Тоқашбаевты ұстаз тұтады. Аты аңызға айналған журналист Нури ағамызды елжірей отырып, былай деп еске алады: «1994 жылдың шілде айында Нұрекең аяқ астынан Шымкентке қызметке ауысты да, «Егемен Қазақстандағы» орнына мен тағайындалдым. Нұрекең кетерінде басшыларға мені өзі ұсыныпты. Ол кісінің орнын басу өте қиынға соғатынын сезсем де келістім. Келіскенім не керек, Нұрекеңнің «қамшысының» астында қалдым. Кездесе қалса: «Осы не бітіріп жүрсіңдер? Фамилияларыңды газеттен анда-санда ғана көріп қаламын» деп ұрсатын. Әртүрлі себеп айтамыз. Қолды бір-ақ сермейді. Көңіліңе қарамайды, қай жерде болсын бетіңе айтып салатын. ...«Аттың артқы тұяғы алдыңғы тұяғынан асып түспесе, ол тұлпар болмайды» деген нақыл бар. Сондай-ақ «Ұстаздан шәкірт озған» дегенді де айтқан біздің халық қой. Бірақ Нұрекеңнің шәкірттерінің маңдайына бұл жазылмаған. «Аттыға ілесем деп, жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, Нұрекеңе ілесемін деп қанша шапқылағанымызбен ол бізге шаңын көрсетпеді». Мұны біз Шәкірттің ұстаз алдындағы кішілігі емес, кісілігі деп бағалағанымыз жөн. Қоғам құндылықтарын қорғайтын құқықтық журналистика майталмандары көтерген Ар, Намыс, Әділеттілік туы биікке самғасын, – деп тілейік, қадірлі оқырман.

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі

18863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы