• Қоғам
  • 02 Сәуір, 2015

Тілді үйренуге ниет керек

Бүгінгі кейіпкеріміз түрік ұлтының азаматы – Эйнар Магамедұлы Мурадов. Бүгіндері ол №1 қалалық ауруханада – хирург және «ДостарМед» клиникасында – травматолог қызметін атқарады. Қазақ тілін жақсы меңгеруіне көршілері мен достарының әсері мол болыпты. 1989 жылы 23-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген Эйнар 6 жасынан орыс мектебіне барады. 5-9 сыныпта спорт мектебінде, 9-11 сыныпта орыс мектебінде оқуын қайта  жалғастырып, үздік тәмамдады. Содан Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ақысыз бөлімінде  оқыды. Эйнар тіл үйрену оған қиын болмағандығын айта келе, қазақ тілі мен өзінің ана тілінің ұқсас жақтары барын айтты. Мысалы: «Қазақ тілінде «алма» сөзі, түрік тілінде де солай аталады. Сонымен қатар  қазақ тілінде «мен, сен» болса, түрік тілінде «мән, сән» деп, тек бір-екі ғана әріпте айырмашылық болатындығын айтты. «Мен үшін қазақтың тілі, салт-дәстүрі жақын. Қазақ мақал-мәтелдерін жатқа айтамын, олардың мағынасын да түсіне аламын. Мектеп кезінен бастап  Абай Құнанбайұлының шығармаларын сүйіне оқимын, одан асқан ақын жоқ деп санаймын» деді түрік ұланы. Ол тек қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, сондай-ақ орыс, ағылшын, өзбек, әзербайжан және өз ана тілі – түрік тілінде еркін сөйлейді. Өзін еліміздің патриоты санайтын Эйнар Магамедұлы қазақ тілін үйренем деушілерге, ең бастысы ниет болса, көбірек қазақша сөйлесе, қазақша кітаптар оқыса, тілді меңгеру оңай екендігін  тілге тиек етті. «Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің мәртебесі арта түсті,  қазіргі таңда бәрі қазақшаланып, жастарымыздың басым көпшілігі  қазақша сөйлеп жүр, құжаттар да қазақ тілінде толтырылады. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте беруге бәріміз де атсалысуымыз керек» деп сөзін түйіндеді.

Динара МАСАКОВА

18463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы