• Тұлға
  • 09 Сәуір, 2015

«Осыдан Акужаным аман келсе...» немесе бір өлеңнің тарихы

Біз соғыстан кейін өмірге келген ұрпақпыз. Әкелеріміз Ұлы Отан соғысына жастай аттанып, соғыс аяқталған соң елге оралды. Елбасымыздың Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жасап жатқан қамқорлықтарын естіп, көріп, үлкен ризашылықпен алғыс айтып отырамыз. Өкініштісі, әкеміз Аку Қойбақов сол бір кездегі соғыс тауқыметінің әсері болды ма 1976 жылы 29-қаңтарда, небәрі 54 жасында дүниеден озды. Әкем соғыстан оралған соң Түркі­стан қаласындағы педучилищеге түсіп, одан кейін Шымкент, Қызылорда қа­лаларындағы педагогикалық институттарды бітіріп, Қарағұр, Қызылбайрақ, Күмісті, Ақсүмбе, Бақырлы елді мекен­деріндегі бастауыш, жетіжылдық, онжылдық мектептерде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ берді. Қазіргі Қаратау елді мекеніндегі орта мектепті Қызыл­байрақ елді мекенінен көшіріп, алғашқы В.Панфилов орта мектебін ұйымдастырушы, мектеп директоры болып қызмет атқарды. Қазіргі елде ұстаз, дәрігер болып жүрген көптеген, тіпті зейнеткерлікке шығып үлгерген ағаларымыз бен апаларымыздың алғашқы ұстаздары сол кісі еді. Соғысты Керчь, Новороссийск жерлерін­де артилерист болып бастаған әкеміз «Қызыл Жұлдыз» орденінің, көптеген медальдардың иегері, елге сыйлы кісі болды. Атамыз Қойбақ әкеміз жалғыз ұлы болған соң оны соғысқа алып кеткенде қатты қапаланады. Сол кезде сексенге таяп қалған қарт артымда өмірімді жалғастыратын ұрпақ қалмайтын болды ма деп, ауылда колхоз малын бағып жүрген ауылдастарына мұңын шағып, өлең шығарады. Бұл өлеңнен сол кездегі ел басына түскен ауыртпалықтың, соғыс қасіретінің сызы сезіледі. Біздің Созақ ауданынан Ұлы Отан соғысына 5 мыңға тарта адам аттанса, солардың 2-3 мыңдайы майдан даласынан қайтпай қалды, хабар-ошарсыз кетті. Әрбір үйде соғыс салған жараның ізі бар. Бүгінгі ұрпақ шат-шадыман жүрсе сол бір сұрапыл соғыста қанын да, жанын да аямаған аға ұрпақтың еңбегі деп білуге тиістіміз. Осы жағдайларды еске алып, бүгінгі ұрпақ есінде жүрсін деп Қойбақ атамның ел аузында жүрген өлеңін жинастырып, газет бетіне ұсынып отыр­мын. Атамның бұл өлеңі сол бір кездің асыл мұрасындай бірі­нің баласы, бірінің жары дегендей ең жақындарынан айрылған ел адам­дарының толғанысын алды­мызға жайып салады. Сол күн­дердің ауыр көрінісі көз алды­мызға келеді. Қойбақ атам мен Қошқардың айтысы Қойбақ ата: Ақ қошқар маңырайсың қойдан қалмай, Қой шашырап барады сайан сайға-ай. Жүрер-ең түгел болса төрт аяғың, Ойқастап ортасында сор маңдай-ай. Ақ қошқар сен де ақсақ, мен де ақсақ, Екі ақсақ өлеңменен шерді бассақ. Қосылып екі мұңдық шағынайық, Тазарып қалар ма екен көңіл жасқақ. Туғанда қозы едің ай маңдайлы, Дөңес тұмсық, тоқ шеке, тас таңдайлы. Секіріп ойнақ салдың көз алдымда, Сұқтанған саған деген көз қандай-ды. Көп қойдың ортасында ерке едің, Анаңа арқа сүйеп, тастан таймай. Ендігі аянышты мынау күнің, Түрің бар басқалардан жасқанғандай. Ал айтшы енді маған жауабыңды, Ақ қошқар, мен тыңдайын баяғыдай. Қошқар: Мал болсын, адам болсын елден ерек, Жүргенде ортасында көзге түседі. Кешегі ойқастаған қошқар едім. Ал бүгін басқалардан халім бөлек. Аяғым жүрген сайын ауыр тартар, Қажайды тұяғымды қара тастар. Сіздің де көңіліңіз мен сияқты, Шықпайды дауысыңыз қойды жасқар. Кешегі аңқылдаған күйің қайда, Ағайын ортасында жарқылдаған. Балаңды аттандырып қан майданға, Ішіңнен егілесің салқындаған. Аттанды қу соғысқа өңкей өрім, Қызығынан айырылды туған жерім. Кешегі асыр салған боздақтарым, Әскер боп шыға келді киіп шинель. Жыласаң көз жасынан көл толғандай, Қамығып көңіл шіркін ортайғандай. Арманым болмас еді тойларына, Жаратсаң аман келіп жеңіс боп-ай. Қойбақ ата: Сыздаттың жан жарасын одан әрмен, Құдайдан тілек еттім мың бір жәрдем. Жоқ жерден ел басына түсті салмақ, Жеңілдейтін күн бар ма, болып бәйрам. Ақ қошқар мұңымды айттым айдалада, Айғайласам жетер ме даусым айға. Езіліп ет жүрегі жүрген шығар, Атадан қалған тұяқ – жалғыз бала. Анасы ерте кетті бұл жалғаннан, Пендеде таусыла ма тәтті арман. Құдай қосқан қосағым сен де тыңда, «Қойбақтың несі қалды мұнда қалған». «Әлпиям өлерінде дүние-ай»  деді, «Жолдасым, менің үшін күйме» деді. «Мінезің қалмап еді қартайғанша, Акуге мен өлген соң тиме» деді. Орындап қосағымның аманатын, Тұмардай сақтап жүрмін соңғы хатын. Осыдан Акужаным аман келсе, Қойекең сойдыртады жалғыз атын. «Акуге тай әпердім мінсін»  дедім, «Қыздармен ойнап-күліп жүрсін»  дедім. Қағаз келіп соғысқа кеткен күні, Қойбақтың көрген күні құрысын» дедім. Ақ қошқар шерді бастым ішімдегі, Дүние болмайды зат кісідегі. Құдайдан сұрайтыным жалғыз тілек, «Аман ет, балаларды жүрген жүдеп». Соғысқа кеткен ұлын уайым жеп, сағынып атамыз көзін сығып ұзақ жылап алады екен. Бұл күнде әкемізден төрт ұл, төрт қыз қалып, бәрі де немерелі болып отыр. Олар­дың бәрі де әкеміз бен атамыздан аманат­тарын арқалап, еліміздің болашағына қыз­мет атқаруда. Олардың қатарында ауыл­шаруашылығы, медицина, ұстаздық, есеп өнер саласында еңбек етіп жүргендері бар.

Жаңабек Қойбақтегі, зейнеткер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

17258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы