• Тұлға
  • 09 Сәуір, 2015

ӘКЕ ЖАҚҚАН ШЫРАҚ

Көз алдымда қалам ұстаған қайыңды өлкенің өжет қызы тұр. Ауыл іргесінде жылқы қайырып, табиғатпен тілдесіп өскен кәдімгі қиялшыл жеткіншек. Сұлудың сүмбіл шашындай саудырай төгілген жасыл желекті ақ қайыңдар нәзік жүректі наркес көзді ну арасына жасырып, күнұзаққа еркелеткісі келетін сияқты. Еліктің лағына ұқсаған қаршадай қыз мұнда жалғыз жүрген жоқ. Көкке шаншылған қалың ағаш арасында асқар таудай әкесі әлсін-әлі маңдай терін сүртіп, демін бір басып алады да, қураған жуан бұтақтарды бірінен соң бірін сұлатып салады. Тас көмірді түтіндеткенше, кәрі ағаштың қызуын құп көретін терістіктің тұрғындары ала жаздай осылай орман кезетін әдеті. Міне, Жанкүміс Жәмеңке табиғаттың тылсым әлемімен осы кезде үнсіз тіл қатыса бастапты. Қаламға құштар қызды ерте жасынан шаруамен ширатып, ер балалармен етене өсірді әкесі. Әдеттегідей қар көбесі сөгіліп, жер беті қайта бусанды. Жылғалармен су жүріп, қыс бойы ақ көрпенің астында жасырынып жатқан топырақ жасыл құраққа оранды. Сосын түнерген күз табалдырықтан аттады. Қылышын сүйреткен қаһарлы қыс сығалады бір кезде. Алма-кезек ауысқан төрт мезгіл әкесі Қабдолдың назарынан тыс қалып көрсеші. Көктемнің жылы шуағы төгілгенде, зеңгір көкке кесте салған жыл құстарына қызыға қарап тұратын сол баяғы осы үйдің апалы-сіңлілі қыздары. Түу алыстан жаңа өмірді сүйіншілеп ұшып келген құстар үй маңына кездейсоқ қона қалса, мейірімді әкей Жанкүмісті жерден жеті қоян тапқандай далаға ертіп шығар еді. «Анау – қарлығаш, мынау – қараторғай, топтанып жүргендері – шымшық» дейді әкесі электр бағанына қаз-қатар қонақтаған құстарды бір-бірлеп таныстырып жатып. Әкенің ізін басқан өрімталдар халық мұрасымен бойжетті. Үйелмелі-сүйелмелі алты қыз бен қарашаңырақтың иесі жалғыз інісі де шетінен әдебиетке жақын, халықтың жыр жауһарынан хабардар. Әсіресе, өзгеден өжет әрі ойы озық Жанкүміс әкесінен екі елі ажырамады. Сұрапыл соғысқа бір аяғын беріп қайтқан майдангер қаздың балапанындай балаларын халықтың бай рухани уызымен қанаттандырды. Қаһарлы қыстың ұзақ түнінде әкесі марқұм төрт кітаптан тұратын әйгілі «Манас» жырын дауыстап оқытып қоятын. Үнтаспаға жазылған батырлар жыры мен ғашықтық дастандар үзік-үзік шумақтарымен ардагер әкенің жадында жатқа сақталды. Сондықтан шығар, төрт-ақ сыныптық білімі бар ардагер Қабдол сөзге шешендігінен алдына жан салмады. Отбасында ауыз әдебиетінің озық үлгілерін оқып, арман-қиялын дамытқан қыз бала жиі-жиі әкесімен бірге отын кесуге шығып, табиғатпен тілдесу арқылы болашақ Жанкүміс атты ұшқыр журналисті қалыптастырды. Шаңырақтағы әдебиетке деген құрмет білім ордасында жалғасын тапты. Халықтың бай әдеби мұрасы үйдегі үшінші қызға ұлттық мүддені ойлаудың алғашқы дәнегін септі. Төрт сыныпты ауыл мектебін аяқтағандар ол кезде орталықтағы алыс-жақын туыстарын жағалап, орта білімді толық алуға алысқа аттанатын. Әкесі терістікке таяу тұратын Ресейдегі туғанына екінші қызы Жанатты жіберіп, орысша оқытты. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған шақта орыс тілінсіз нан сұрап жей алмай қалар деген мәнсіз қорқыныш бар. Жоқ, Жанкүміс олай орыс тілінде оқуға салған жерден құлшыныс танытпады. Кішкентай қыздың қарсылығына әке де, шеше де көніп, жақын маңдағы туысқанына апарып қазақ тілінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасайды. Әкесінен кейін әдебиетке баулыған Мағал Әлмырзаұлы Басыбаев есімді ұстаз. Сол кезде Солтүстік Қазақстан бойынша одақтас елдердің жалғыз еңбек сіңірген мұғалімі. Сабақ беру әдісі мүлде өзге. Тыңдаған адам қолына қалам ұстап, жазуға деген махаббаты оянып кетеді. Ол кітап оқып, шығармаларды тез түсіну үшін оқушыларды кейіпкерлердің есімімен атайтын. Жас шәкірттің сөз өнеріне сүйіспеншілігі сол кезде оянды. Ұстазының үйіне барғанда қабырға толы кітапты көріп, шәкірттерінің аузы ашылып қалғаны бар-ды. Әсіресе, қай кітапты сұрасаң да, сөредегі тұрған қатары мен орнын дәл айтатын ұстаз білімі мен білігі Жанкүмісті журналистикаға жетелей жөнеледі. Алайда ана өлімі талапкердің мақсатын уақытша өзгертті. Енді ол әкесіне қарайласып, бір жағына шығуды көбірек ойлады. Десе де, қиялшыл қыз қалам ұстап, ақпарат айдынында жанкештілікпен еңбек етуді армандай берді, армандай берді. Төрт жыл табан аудармай үйде отырды. Әкесіне қарайласқан. Ақыры «Торғай таңы» газетіне қызметке тұрады. Алғашында журналист емес, әрине. Тек тілшілердің шаңырағында жүргенін көңілге медеу тұтпақшы еді. Жоқ, жап-жас Жанкүміс жауапты хатшының орынбасарлығынан еңбек жолын бастап кетті. Тайсалған жоқ. Балалық шақтан жеткен асыл арманы орындалғандай күй кешті. Газеттің қарбалас жұмысын түсінді. Орта жолда заң мүддесін қорғайтын бір мекемеде жауапты жұмыс істеді. Кейін журналистикаға түпкілікті бет бұрды. «Торғай таңында» қаламын ұштап, алғашқы редакторы Мәтен Бижановқа алғысын айтып, алысқа аттануды ұйғарды. Ұлы арман жолында Арқалықтағы есептің оқуын тәрк етіп, Алатаудың етегіндегі Алматыға жол тартты. Көптің қолы жете бермейтін әйгілі Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырған. Бойжеткен қыздың қиялы енді іс жүзінде көріне бастады. Университет қабырғасынан кейін ұлт зиялыларының қолтаңбасы қалған астаналық облысқа тарайтын «Жетісу» газетінде журналистік шеберлігін шыңдайды. Содан бері... Содан бері ғасырға жуық тарихы бар Алматы облыстық «Жетісу» газеті 32-інші белесін Жанкүміспен бірге өткеріпті. Оның журналистикадағы жанкештілігі асқан шеберлікпен ұштасып кетті. Ол ұжымдағы тілшілер қауымы қау­зайтын тақырыптарға үнемі жол сілтеуден жалыққан емес. Әйгілі Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәй­мер­денов шыққан солтүстіктегі қайың­ды өлкенің өрендерінің рухы  Жә­кеңнің намысын жанып, жігерін арттырды. Ұжымда үлкен де, кіші де Жәкең деп құрметтейді. Алғаш жұмысқа кірген кездегі «Жетісудың» редакторы Пернебек Бейсеновтен санасақ, Мамадияр Жақыпов, Баймолда Мусин, Жақыпжан Нұрғожаев, Нүсіпбай Әбдірахым және Әміре Әрін сынды қаламгерлермен әріптес болды. Бұған алғаш қаламын қалыптастыра бастаған «Торғай таңы» газетінің басшысын қосыңыз. Жеті редактор – жеті үлкен мектеп. Табаны күректей отыз екі жылда Жанкүміс Жәмеңке тілшіліктен бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. – Журналистика деген – қиын асу әрі жауапты жұмыс, – дейді Жанкүміс Қабдолқызы. – Жүрекке салмақ салады. Адам тағдыры алаңдатады үнемі. Қоғамда әділетсіздікті, жәбір көргендер мен тағдырдың тезіне түскендерді жазуға, өмірден қағажу көргендерді қаламмен құтқаруға тура келеді. Ауыр тақырыптар адамның жүрегін қозғайды. Алматыға келіп, ақпарат кеңістігіне қойып кеткенде, абақтыны, қарттар мен балалар үйін көріп апталап қайғырып, жатып қалушы едім. Қарсы алдымда ең білікті журналист яки ұжым басшысы емес, кәдімгі қарапайым Жәкең, туған анамнан кейінгі анам шешіле сөйлеп отыр. Бір қарағанда келбетінен қаталдықтың лебі еседі. Ол тек бір қарағанда ғана. Ал жауапкершілік пен сыйластықты сақтаған адам оның әлемдегі ең мейірімді ана екенін байқайды. Жүрегі бір кезде өзіне өмір сыйлап өсірген анасы Рахиланы еске алады. Қан майданда бір аяғынан айырылып, тағдырдың ащы дәмін татса да, мойымаған әкесін өмір бойы өнеге тұтады. Алпыс жасты еңсерсе де, әкесі екеуінің ағаш кесіп, жылқы қайырып жүргені күні кеше ғана сияқты. Үнсіздік. Тағы да үнсіздік. Дүниеде үнсіздіктен асқан құдірет жоқ шығар, сірә да! Адам қиялы осы тыныштықпен жеті қат көкті кезіп, тағдыр салған соқпақты санада қайта-қайта тізуден жалықпайды. Түу терістікте қалған балалық шағын, әкесінің соңынан ерген алаңсыз кезін ойласа, жүрек шіркін атқақтап кетеді. Соғыстың қаусаған қарт сарбазын кезіктірсе, туған әкесін көргендей шаттық пен еркелік сезімі билейді бойын. Әкесі жаққан шырақ маздап жанып тұр бүгін. Бірақ күн емес, сағат санап сиреп бара жатқан қарт сарбаздардың кеудесінен әкесі таққан «Қызыл Жұлдызды» әлі іздейді. Жәкең журналистиканың қия жолында қаншама адамның тағдырына араласты. Сүйікті мамандығына адалдық танытып, өз аяғымен ажырасқан жұптарды аралап, ақ-қарасын ашып зерттеді. Жазықсыз темір торға тоғытылған тағдырларды қаламның құдіретімен сан мәрте құтқарып  қалды. Кей-кейде Қазақ ұлттық университетіндегі профессор ұстазы Тауман Амандосовтың сөзі рас-ау деп толғанады. Жастық шақта қайдан құлаққа ілсін ол сөзді. Қыз баласына журналистика өте ауыр тиетінін ескертіп еді ғой жарықтық. Бірақ Жәкең бармақтай сәби кезінен әкесінің қасында жүрді. Әкесімен бірге ерлер атқаратын шаруаларды дөңгелетіп жіберетін. Мінезі де солай қалыптасты. Терезеден сыртқа үңіліп отыр. Үнсіздікті бұзғым келмейді. Мүмкін, ақ қайыңдар арасында асыр салған балалығын сағынады. Бәлкім, үскірік аязда әкесінің ат шанамен мектепке тасыған сәтін еске түсіреді. Мұндайда жан серігі – Мұқағали мен Фариза. Қос ақынның сезім қылын шертетін шерлі өлеңдерін оқиды. Көзілдіріктің ар жағындағы өткір жанар мөп-мөлдір жасқа толған тәрізді. Осы сәт шалқалай серпілді де, қойын дәптерін парақтай бастады. – Көп оқу керек. Оқудан қол үздің екен, шеберлігің де, шығармашылығың да құлдырай бас­тайды. Журналист ешкім көрмеген, көпшілік байқамаған нәрсені білуі тиіс. Журналист жиырма төрт сағат ой үстінде жүрсе ғана тәуір дүние жазады. Кез келген нәрседен тақырып пен ой шығаруға болады. – Маған қарата айтылған сөз екенін сеземін. Анығы – жастарға айтқан ақылы. Қашан көрсем де, қолынан ақ қағазы мен қаламы түспейді. «Түзетсе де дүниенің жыртығы, Көңілді аулап күннің қызыл кірпігі. Айдың аппақ сәулесіне оранып, Мен бақытты бола салам бір күні». Қойын дәптерінен Гүлнар Салықбайдың бір шумақ өлеңін оқып берді. «Қытайда қызметін жоғарылатарда шенеуніктің ата-анасына қалай қамқорлық жасайтынын ескереді екен». Қызықты мәліметтер. Мектеп жасынан әдеби-моральдік дүниелерді тоқтамай түртіп отырады. Көп жылғы тәжірибе, үнемі ізденіс, толассыз оқу Жанкүміс Жәмеңкені журналистиканың шыңына жеткізді. «Жетісу» газетінің оқырман жүрегіне жол тауып кететін айдарлары, тақырыптары – бәрі Жәкеңнің сүзгісінен өтеді. Тағы да үнсіздік. Туған анамнан кейінгі анам тағы да ой құшағына көмілді...

Қуаныш ТҰНҒАТАР Талдықорған

18330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы