• Қоғам
  • 09 Сәуір, 2015

Киелі мекендегі мәслихат

Абай-муззҚазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс барысымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Мемлекет басшысы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында болып, мұражайдағы жәдігерлермен танысты. Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, Шығыс Қазақстан облысының мәдени және рухани мұраларға бай екендігін, оларды сақтау мен дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.    – Шығыс Қазақстан – Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов туған киелі мекен. Олардың шығармаларында терең философия тұнып жатыр. Ұлы Абай барлық ұлттар бір әулеттің балалары екенін жүз жыл бұрын айтқан. Біз бүгін елдегі достықты, тұрақ­тылықты нығайтудамыз. Көптеген елдер 100 жылда да жетпеген нәрсеге біз небәрі 23 жылда қол жеткіздік. Егер тәуелсіздік сақталмаса, ел экономикасы да­мымаса және әлеуметтік мәселелер ше­шілмесе, халық игілікке кенелмейді. Бүгінде барлық бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұрын Семейде жылу беруге байланыс­ты проблема болды, 200 қазандық қаланы түтінге орайтын. Қазір бұл проблеманың бәрі шешілді. Біз Семей ГЭС-ін салу мәселесін ойластырып жатырмыз. Жалпы, Қазақстан дұрыс жолда келеді, саяси тұрақтылықты, өзара түсіністікті және достықты сақтау қажет, – деді Қазақстан Президенті. ...Мемлекет басшысын «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы қуана қарсы алды. ­Елбасы зауыттың жұмыс барысымен танысып, ұжым мүшелерімен жүздесті. Мыс қорыту цехының балқытушысы Нұрлан Ыдырышев Мемлекет басшысына металлургтердің еңбек құралы – сынама іріктеушіні сыйға тартты. Елбасы өз сөзінде «Бүгінде комбинатта 20 мың адам еңбек етеді. Технология жетілдірілуде. Инвесторлар қар­жы салып жатыр. Жаңа мыс зауы­тында болдым. ­Зауыт экологияны бұзбай, өнім шығарып жатыр. Біз армандағандай, бар­лық газ сүзгіден өтіп, күкірт исі білінбейтін болды. Мен ин­весторларға қаланы ластамау жө­нінде талап қойдым. Кәсіпорын жыл сайын халықаралық деңгейде 450 миллиард теңгенің өнімін өндіреді. Тек мыс зауытының өзі жылына 70 мың тонна катодты мыс шығарады» деді. Н.Назарбаев ұлттар арасындағы татулықты және дінаралық келісімді сақтаудың қажеттігін де тілге тиек ете отырып, «Сіздердің облыстарыңыз – ұлы адамдар шоғырын тудырған қасиетті жер. Бұл – Қазақстанның 100 этносының отаны. Өңірдің кіші Ассамблеясына 44 этномәдени бірлестік, 4 Достық үйі кіреді, ал олардың тәжірибесіне баға жетпейді және ол БҰҰ-ны қоса алғанда, бүкіл әлемде зерттелуде. Біз мұны сақтап, дамытуға тиіспіз» деді. Елбасы сонымен қатар сапар барысында облыстық драма театрының ашылу салтанатына қатысты. – Өскеменде осы театрдың салынуы­на өте мүдделі болдым. ХІХ ғасырда салынған ескі театр ғимаратының тарлығына байланысты онда қазақ және орыс труппасының өнерін өрістетуіне мүмкіндік аз болды. Сондықтан осы театрды салдық. Міне, мәдениеттің жаңа ордасы 600 орындық көрермен залымен, 150 орындық шағын залымен және 3 дайындық залымен бірге пайдалануға берілді. Мұнда қазақ және орыс труппалары еркін еңбек етеді. Осы сахнада өскемендіктер жергілікті театр ұжымының өнері мен ойынын тамашалап, өңірдің мәдениет қызметкерлерінің шығар­машылық шыңына куә болады, тарихымыздан тамыр тартып, заманауи қойылымдар, драма, ко­медия жанрында түрлі тақырып­тар қамтылады деп ойлаймын. Мәдениетті дамыту үшін алдымен экономиканы дамыту керек. Кеңес Одағы құлаған кезде адамдар жұмыссыз қалды, еңбекақы мен зейнетақы төленбеді. Театр туралы  ойлануға мұрша болмады. Қай кезде тыныш өмір, жақсы кіріс болады, сол кезде адамдар театрға барғысы келеді. Қазір елімізде үш опера және балет театры жұмыс істейді. Астанада жаңадан бірегей опера театры салынды. Мен Рим, Париж, Сидней қалаларындағы опера театрларын көрдім. Біздің театрымыз барлығынан да әдемі дер едім. Гранд-опера өкілдері де акустика, техника жағынан үздік деген баға берді. Барлық облыстарда қазақ және орыс труппаларын қоса есептегенде 50 театр жұмыс істейді. Бұл – мемлекеттің ғажап қамқорлығы. Өйткені рухани-мәдени өміріміз де экономикамыз іспетті дамуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы ел ішіндегі достық пен ынтымаққа қатысты ойын былайша жеткізді: – Тәуелсіздіктің 23 жылын­да біз ауқымды табысқа қол жет­кіздік. Экономика 17 есеге өсті. Адам­дардың өмірі өзгерді. Жас буын­ды тәрбиеледік. Осы бағыт­та әрі қарай жұмыс істейміз. Көп­этносты Қазақстанда тұрақты­лықтың, достықтың, өзара түсініс­тіктің арқасында барлығы бар. Біз оны сақтауымыз, дамытуы­мыз керек. Құрылғанына 20 жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында  баршамыз діни, этностық, тілдік және тарихи құндылықтарымызды қамтамасыз етеміз. Бұл – елімізді өркендетудің негізі. Қазақстан – достық пен бауырмалдықтың, тағаттылық пен келісімнің жері, – деді Елбасы. Барша қауымға денсаулық, татулық пен жарқын өмір тілеген Мемлекет басшысы өнерпаздардың өнерін тамашалап, әлемдегі ең үздік 10 сопраноға енген қазақстандық әнші Мария Мудряктың әнін тыңдады.

Бағдагүл Балаубаева

4382 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы