• Қоғам
  • 16 Сәуір, 2015

Достықтың алтын мекені

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы 1-Май орта мектебінде әртүрлі ұлт өкілдерінің оқушылары білім алуда. Атап айтқанда, әзербайжан, татар, түрік, орыс, ұйғыр, болгар, шешен ұлтының балалары оқиды. Мектеп Қарасай ауданындағы Бекболат ауылында орналасқан. Ауыл халқы бір-бірімен өзара тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруде. Осындай татулықты, береке-бірлікті көріп өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақтың да бойларында өзге ұлтқа деген сыйласымдылық, толеранттылық қалыптасатыны белгілі. Ұлтаралық достықтың қалыптасуына, нығаюына ауылдағы әр шаңырақтың қосып келе жатқан өз үлесі бар деп айтуымызға болады. Мәселен, мұндай отбасылардың қатарына Камилов, Ибишев, Четлидзелер және т.б. отбасыларын атап өткеніміз жөн. Олар өз шаңырақтарында еліміздің асыл құндылықтарын насихаттап келеді. Ұлттық мерекелерде әдемі дастарқан жайып, өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдениеттерін көрсетіп отырады. Мәдени, ұлттық ерекшелік сол ұлттың белгісі екені айқын. Бұл орайда өзге ұлттардың қазақ халқына деген құрметі ерекше екенін айта кеткеніміз жөн. Олар қазақтың «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген мақал-мәтелдерін жас ұрпаққа үлгі етіп етіп келеді. Кезіндегі тарихи оқиғаларға байланысты Қазақстанға қоныс аударып, осы жерді мекен етіп, ұрпақ өсірген ұлағатты жандар қазақтың тілі мен салт-дәстүрін де ерекше ардақтайды. Ауылымызда қазақ тілін жетік білетіндер аз емес. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзін іс жүзінде дәлелдеп, тіл мерейін асқақтатуға қызмет етіп жүрген ауылдас­тарымыз көп. Біздің ойымызша, қазақ тілі – Отаны бір, тілегі бір барша азаматтың тілі. Қазақ тілін білген әрбір ұлт өкілі Қазақстанның болашағының жарқын етуге сүбелі үлес қосатыны аян. Өйткені әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге талпынуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының аясын­да мектебімізде ұлтаралық дос­тықты нығайтуға арналған шаралар ұйым­дастырылып келеді. Мұндай шараларға оқушылардың ата-аналары да атсалысып отырады. Олар өз балаларына берік достықтың мәнін түсіндіріп, оны көздің қарашығындай сақтаудың маңыздылығын жеткізіп келеді. Мектеп ұстаздары да осы тақырыпқа арналған түрлі іс-шаралар, тәрбиелік сағаттар өткізуде. Сонымен қатар елімізде биыл ­аталып өтілетін «Қазақ хандығына – 550 жыл», Ата Заңның 20 жылдығы, Егемендік туралы декларацияның 25 жылдығына арналған шаралар өткізу қолға алынған. Сөз соңында айтарымыз, халықтың береке-бірлігін арттыратын, ел тұтастығын бекемдей түсетін мұндай игілікті мерекелер шәкірттерімізді жақсы азамат болып өсуіне, тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Ел болып, қоғам болып атап өтілетін мерекелердің мәртебесі қашанда бөлек. Біз оған әрқайсымыз атсалысып, үлес қосуымыз керек деп санаймыз. Біз, мұғалімдер қауымы, осындай ұстанымды жақсы түсініп, іске асырып келеміз. Өйткені болашақ ұрпақтың тәрбиесі ата-аналар мен ұстаздардың қолында екені белгілі. «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, баланың ізгі тәрбие алып, ержетуі көбіне отбасына, мектебіне байланысты болады. Осындай міндет-мақсаттарды орындай білу – біздің асыл парызымыз.

Р.Искакова, А.Бөжеева, Л.Нұразханова Алматы облысы Қарасай ауданы

3004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы