• Тіл
  • 22 Сәуір, 2015

«Мемлекеттік тіл және Елбасы»

Алматы қаласындағы Достық үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өткен жұмада бір топ ғалымдар мен БАҚ өкілдерін жинап, алқалы басқосу ұйымдастырды. Жиын шымылдығын ашқан Қоғам президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы кезінде қазақ тілінің тағдыры жөнінде ала-құла ой өрбіп, ел бір мәмілеге келе алмай жатқан тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев елімізде мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болуы керек деген табанды тұжырым-пікірімен ел мүддесін қолдайтынын осыдан ширек ғасыр бұрын-ақ білдіріп, сол тұста санымыз азшылық болғанына қарамай, туған тіліміздің ұлықталып, тұғырына қону тарихына тоқталды. «Қазақ пен қазақ қазақша ­сөйле­с­­­сін» деп ұран тастаған да Елбасы. «Қа­зақ­станның болашағы – қазақ тілінде» деп туған тіліміздің «Мәңгі Ел» болу жолындағы жұлынды мақсат-мұратымыздың бастысы екенін шаршы топтың алдында жария айтып, жалаулатқан да Елбасы» дей келе, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайын­дап, жарыққа шығарған «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты көлемді кітапта бүгінгі дөңгелек үстел тақырыбына қатысты өзекті мәселелердің жан-жақты қамтылғанын көпшіліктің есіне салды. Қайраткер ғалым өзінің «Ана тілі» атты толғауы мен Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ Елінің тұңғыш Президенті болып сайланған тұста сүйіншілеп, кеудесін жарып шыққан өлең жолдарының қалайша дүниеге келгенін тағы бір еске алып, жыр-толғауларын оқып берді. Жиында алғашқы болып сөз алған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бүгінгі таңда тілді үйренуге деген қажеттілік пен толыққанды тілдік орта болмағандықтан тіл курстарына деген қызығушылықтың төмендегенін, нақты, практикалық пайдасы бар жәрдемші оқу құралдарының әлі де қолжетімді еместігіне тоқталды. Шетелдегі қандастарымыз ана тілін үйреніп, төл мәдениетін білгісі-ақ келеді. Сондықтан заманауи ақпараттық технологияны ұтымды пайдалану жолдарын қаперден шығармау керек. ҚР Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқар еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдарда өзінің Президент Әкімшілігінде қызмет жасағанын тілге тиек ете келіп, мемлекеттік тілдің алғаш қадам басып, тұсауы қалай кесілгеніне, сол тұста кесе-көлденең тұрған қиыншылықтарға тоқталды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі өзі еліміздің дін саласының тізгінін ұстаған жылдарда ана тіліміздің бедел-мәртебесін көтеру жолындағы игі істерді еске ала отырып, нақты мысал-дәйектер келтірді. Бір күні мүфтилікке бірнеше француз тілшілері сау ете қалғанын, өзіне аудармашы арқылы орысша сұрақ қойылғанын, бірақ киелі орында өзінің өзге тілде сұхбат бере алмайтынын айтып, бас тартқанын әңгімелеп берді. Бірнеше күннен кейін сол шетелдік БАҚ өкілдері мұсылманша киінген аудармашы қазақ қызын ілестіріп келіп, өздері де дәстүрлі дипломатиялық этикетті толық сақтап, екіжақты мазмұнды мәслихат құрғанын тәмсілдеді. Осылайша тіл мәртебесін көтерудің бар тетігі өз қолымызда екеніне көзімізді жеткізді. Басқосуды жүргізіп отырған белгілі түркітанушы Ерден Қажыбек мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің басты ұшығы қоғам мүшелерінің белсенділігіне, қоғамдық қозғалыстар мен мемлекеттік емес ұйымдардың ұстанымына тікелей байланысты екенін айта келіп, Дос Көшім басқарып отырған «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының атқарған нақты тілдік шаруаларына ризашылығын білдірді. Уақыт өтеді, заман өзгереді. Заманына сай өмір талабы да өзгереді. Ниет болса тіл үйрену алынбас қамал, шешілмес түйін емес. Әрине, өзге ұлт өкілдерінің құқығына қол сұғуға, кімді болса да мәжбүрлеуге жол беруге болмайды. Әйтсе де, тілші-ғалым Е.Қажыбектің пікірінше, «Қазақ пен қазақ қазақша сөй­лессін» деген Елбасы айтқан қанатты сөздің мазмұнына бүгінгі таңда тереңірек үңілуіміз керек. «Әрбір қазақ – жалғызым» деп санымыз бен сапамыз құбылып тұрған заманда қазақ үшін, ұлтымыз үшін ана тілін білу, дәстүрін құрметтеу, діні мен ділін түзеу тек парыз емес, міндет! 70 жылда ада болған ата-баба жолына қайта оралу – олардың (өзіміз «шала қазақ» атаған алаш ұлдарының) заң жолымен өмір сүру құқығын қорлау емес, қайта қорғау болып табылады. Аз жылда, 2-3 жылдың көлемінде барша қазақты қайтадан қазақша сөйлету – заманында азшылық болып, жығасы қисайған қазақылықты қайтадан қалпына келтіру болып табылады. Бұл саяси мәселе емес, адами, рухани, имани мәселе. Сондықтан барша қоғам өкілдерінің, миллионнан астам мүшесі бар «Қазақ тілі» қоғамының заманауи атқарар іс-шарасы осы болмақ. Келесі сөз алған Дос Көшім де әдетінше тұжыра, мысалдай сөйлеп турасынан тартты. Оның пікірінше, «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген ұран-сөздің уақыты өткен. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, дәрежесін көтеру үшін Балтық елдерінің тәсілін қол­данғанымыз жөн. 1990 жылдары бұрынғы кеңестік шапаннан шыққан Балтық елдерінің тұрғылықты халқы саны азшылық бола тұра, тек өз тілдерінде сөйлеуге көшкен. Олар ешбір тілге қысым жасамаған. Кім қай тілде сөйлесе де, қай жерде болмасын (асхана, дүкен, мемлекеттік мекеме дегендей) – тек өз тілінде жауап қатқан. Өзге тілділер, әсіресе орыс тілін тұтынушылар мұны кезінде бағы тасып, тақтан түспеген орыс тілін кемсіту деп барша әлемге жар салған, шу көтерген. Бірақ оларынан ештеңе шықпаған, өйткені зердеге салсақ, ешқандай адам құқығы бұзылмаған. Орыс тілінде сөйлегісі келетіндер орысша сөйлеген. Әркімнің өзінің тілді таңдау құқығы болған. Бірақ біздің қай тілде жауап қайтаруымыз ол өзіміздің құқығымыз екенін өзге тілділер де түсіну қажет деп, осылайша қазақ тілінің болашағын айқындау керектігін ұсынды. Осы қос пікір ұшқыны дөңгелек үстелдің негізгі тақырып-өзегіне айналды. Ұлт мүддесі үшін күйіп, ойларын ашық айтып, қоғамға қозғау салып жүрген белгілі зиялылар, атап айтсақ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық институты­ның директоры Сайын Борбасов, филология ғылымының докторы, шығыстанушы Ислам ­Жеменей, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, Түркі халықтарының мәдени қорының президенті Ахмед Дагдуран, жазушы, тарихшы ғалым Бейбіт Қойшыбаев, С.Демирел атындағы университеті ректорының кеңесшісі, профессор ­Дандай Ысқақ және басқалар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. «Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау қарсаңында бас қосып отырған жиынымызда сөз алған ұлт зиялылары, тіл жанашырлары Елбасымыздың жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатын қолдайтынын, ұлт тұтастығы мен ел бірлігі ең басты құндылығымыз екеніне тағы да бір көзіміз жете түсті, – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес. – Қоғам жыл басынан бері бірнеше осындай ақылдасу, кеңесу мәслихаттарын өткізіп келеді. Бүгінгі таңда ел көкейінде жүрген, мемлекеттік тілдің дамуына тұсау болып отырған кедергі-кермелерді толықтай жою жолдары іздестірілуде. Бұл көптің және әрқайсысымыздың ұлт болашағы алдындағы азаматтық парызымыз һәм мүдделі міндетіміз. Қазақстанның болашағына сенетін әрбір азамат ойлансын! Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін! Қазақша ойлап, қазақ боп тірлік кешелік!». Ана тілі мәселесі алдағы уақытта да «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан осындай басқосуларда, БАҚ бетінде, әсіресе мемлекеттік тілдің барша іс-тіршілігінің бел ортасында жүрген «Ана тілі» бетінде талқыланып, көшбасшы ұлт зиялыларының назарында болмақ. Бар болалық, осы саптан табылалық. Ақбота ИСЛӘМБЕК

18918 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы