• Тіл
  • 29 Сәуір, 2015

«Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы»

Алаш арысы Әлихан Бөкейханұлының тіл туралы толғамдары

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жан-жақты энциклопедиялық білім иесі, Алаш көсемі Әлихан Нұрмұ­хамедұлы Бөкейхан ормантанушы, публицист, экономист, аудармашы, заңгер, ғалым болумен қатар қазақ тілінің дамуына да елеулі үлес қосқан ірі саяси тұлға. Алаш көсемі туралы сөз қозғалғанда ірі саяси қайраткер болғандықтан оның саясаткерлік қыры мен күреске толы ғұмыры туралы көбірек айтылуы да орынды. Кейінгі жылдары Алаштың ардақты ұлының соңына қалдырған мұрасын зерттеуші түрлі сала мамандары тарапынан оның саясаттану, көсемсөз, экономика, ауылшаруашылығы, әдебиеттану, тарих ғылымы саласына қатысты еңбектері зерделеніп, құнды ғылыми тұжырымдар жасала бастады. Қайраткер-ғалымның шығармаларының толық жинағы, алаштанушы ғалымдардың оған арналған кітаптары, мақалалары жарық көрді. Әлихантану өріс алып келеді. Ол жөнінде жазылған осы еңбектердің бірқатарымен танысқанда бірлі-жарым мақалалар болмаса, қайраткер мұрасын тіл мамандары тарапынан зерттеуге көп көңіл бөліне қоймағандығы аңғарылды. Қазақтың қайсар рухты күрескер ұлының ұлт тілінің, ұлттық тіл ғылымының дамуына сіңірген еңбегін, қосқан үлесін арнайы зерттеу, оның ғылыми мұрасын тілдік тұрғыдан қарастыру бүгінгі тіл мамандарының төл міндеті болса керек. Сол себепті біз тіл маманы әрі Алаш зиялыларының тілдік мұрасын зерттеушілердің бірі ретінде көрнекті тұлғаның қазақ тілі мен ұлттық тіл білімінің дамуына қосқан үлесі, осы салаға қатысты еңбектері туралы арнайы сөз қозғауды жөн санадық. Әлихан Нұрмұхамедұлы өз замандасы, ұлт ісінде қанаттасып қатар еңбек еткен сенімді серігі тіл ғылымының ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлы сынды қазақ тілін арнайы зерттеп көлемді ғылыми еңбектер жазбағанымен, өзінің мақалаларында, рецензияларында тілдің түрлі мәселелерін көтеріп, құнды ғылыми пікірлер білдіріп, маңызды тұжырымдар жасаған қарымды қалам иесі. Әсіресе, оның тіл саясаты мен қазақ тілінің қоғам өмірінің түрлі салаларындағы қолданылуын қамтамасыз етуге арналған еңбектері мен жасаған қызметі үлкен тарихи мәнге ие. Әлихан Бөкейханның қазақ тілінің дамуы жолындағы сіңірген еңбегі мен қызметін бірнеше қырынан қарауға болады. Ең алдымен, ғалым өзінің бүкіл саяси және шығармашылық ғұмырында қазақтың баспасөз тілінің, ғылым тілінің, жалпы жазба әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуына мақсатты, саналы түрде қызмет етіп, елеулі үлес қосты. 1923 жылы Дінше Әділұлына жолдаған хатында ол: «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой» деп жазады. Ол өмірінің соңына дейін осы ұстанымынан айныған емес. Ғалым көптеген ғылыми, ғылыми-танымдық, оқу-әдістемелік, публицистикалық еңбектер жазды. Әлем әдебиетінің классиктері Г.Мопассан, О.Уайльд, Л.Толстой, И.С.Тургенев, А.П.Чехов және В.Г.Короленко, Д.М.Мамин-Сибиряк сынды көрнекті қаламгерлердің көркем шығармаларын, бірқатар ғылыми еңбектер мен оқулықтарды қазақ тіліне ұлт танымына сәйкестендіріп аударды. Редактор болып газеттер шығарды, журналист болып жүздеген мақалалар жазды. Соңында қыруар мұра қалдырды. Ұлт болашағы мен оның мәдениеті үшін аса маңызды бұл іспен тек өзі ғана айналысып қоймай, Алаш көсемі, ХХ ғасыр басындағы ұлт көшбасшысы ретінде өзінің төңірегіне топтасқан бүкіл қазақ оқығандарын қазақтың жазба әдеби тілін қалыптастыруға жұмылдырды. Оларды қазақша кітап, мақала жазуға, газет шығаруға тартты. Жақсы, сауатты жазылғандарын өзгелерге үлгі етіп, нашар, сауатсыз жазылғандарын сынға алды. Баспа бетін көрген қазақша кітаптардың көпшілігіне рецензия, әдеби сын жазып, пікір білдірді. Олардың мазмұнына, тіліне, сөз қолданысына, қазақ ұғымына сай аударылуына да үлкен мән беріп отырды. Мәселен, 1914 жылы Қазанда басылған «Қара қыпшақ Қобыланды» (Махмұд-Сұлтан Тұяқбаев) жыры жөніндегі сын мақаласында ол жыршының өз тарапынан батырлық жырға Қобыланды заманында болмаған, кейінгі кезеңде пайда болған сөздерді орынсыз қосқанын, қолданыстағы емлені сақтамағанын және жер-су, кісі аттарының кітап соңында әліпбилік тәртіппен берілмегендігін сынға алады. «Салдат, сухар, түйме, медаль, бал, шай, алтыатар – Қобыланды заманынан көп бері пайда болған нәрселер. Мұның бәрі бейшара жыршы өзінен қосып, жырдың көркем түрін бұзған.... Жоғарыда жазылған беттерде осындай қозы қоспай, ескі заман салтын жаңа заманға аударған сөздер толып жатыр. «Қобыланды» кітабы осы күнде қазақ арасына жайылып келе жатқан «қазақ» емлесіне қарамастан, өзге бұрынғы ескі жолмен басылған. Қазақ ішіне көп таратылатын кітаптардың қазақ емлесімен басылуы біздің рухани міндет жолына жақсы болар еді. «Қара қыпшақ Қобыланды»-да мына жер-су атаулары бар: Қараспан тау, Ындулы тау, Алалай һәм Сың-Сылам өзендері, Жүн төбе, Арыс, Азулы, Елек өзендері, Есенбай, Борсықбай, Аманбай (Тікен), Күдері, Қарадөң, Ембе, Жем, Темір өзендері, Тобынғылы Нұра, Барлы-берлі, Барлы тау, Қарлы тау, Алатау, Атасу, Манашы, Күнгилі, Сары өзен, Есіл, Ақсай, Мұштан (қала) балалы тау, Жайық... «Қобыланды»-ны қайта басқанда мұндағы жер, су һәм кісі аттары әліппе тәртібімен кітаптың аяғына басылса һәм шыққанда кітаптың қайсы бетінде қайсы сөз бар екені көрсетілсе, біріншіден – бұл кітап тәрбиелі болар еді»  деп жазады («Қазақ», № 129, 1915 жыл). Тілдің өз дәуіріне тән сипатының сақталуына, жыр мәтінінің о бастағы қалпын бұзбаудың маңызын ғалым терең пайымдайды. Соңғы абзацта автор кітап соңында әліпбилік көрсеткіш жасау жайын айтады. Мұнда кітап шығару мәдениетімен қатар ономастика мен лексикография мәселелері де қозғалып отыр. Одан әрі «жырдан қазақ тарихына жем іздеген адамдарға оңай болар еді» деу арқылы ол жалқы есімдердің, тарихи атаулардың тізбесін жасаудың маңызын атап көрсетеді. Алаш көсемі Абай, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған көптеген қазақ ақын-жазушыларының еңбектері мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» жырларын өңдеп, баспадан шығуға мұрындық болды, тікелей бұл іске өзі басшылық етті. Шығарғаннан кейін де оларды халыққа таныстырып, насихаттады. К.Фламмарионның «Астрономия әліп-биі» (Мәскеу, 1924. – 225.), Д.Гравенің «Дүниенің құрылысы» (Мәскеу: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926. –101.), Т.Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (Мәскеу, 1926. – 102) сияқты еңбектерін қазақ тіліне аударған ғалым ұлттық ғылым тілінің, терминологияның қалыптасуына да көп еңбек сіңірді. Осы еңбектерде ғалым бойлауық, жанартау көгі, жантайма, жұлдыз жауын, тұтылыс, жартылай тұтылыс, жердің белбеуі, жердің білегі, күн қотаны, күннің сепкілі, қашаған күш, қырағы түтік, сақина тұтылыс, үйектік, үйектік шеңбер, құбылнама, қарауыл үй, т.б. көптеген терминдер қолданылады. Бұл жеке әңгіме арқауы боларлық мәселе. Соңғы демі біткенше халқына қалтқысыз қызмет еткен қайраткердің сөзі мен ісінің арасында алшақтық, сәйкессіздік болмады. Сол себептен де ұлт зиялылары «Алаштың Әлиханы» атанған көшбасшының төңірегіне топтасты, ел де оған сенді. Басқан ізі аңдулы, үнемі қуғын-сүргінде жүріп, түрмеде, Мәскеуде үйқамақта отырса да, оның айтқан әр сөзі, жазғаны елге жетіп жатты. Қазақ зиялыларының арасында да, бүкіл халықтың алдында да үлкен беделге ие болған тұлғаның қашанда сөзі өтімді, ықпалы зор болды. Оның ел ішіндегі осы зор беделі мен жан-жақты білімі қазақ тілін баспасөз тілі, ғылым тілі, көркем әдебиет пен ресми іс қағаздар тілі ретінде орнықтыру жолындағы қайраткерлік қажырлы еңбегі мен тіл тұтынушысы, шығармашыл тұлға ретінде қолынан қаламын тастамай көрсеткен жеке үлгісі ақын-жыраулардан, Махамбет, Ыбырай, Абай, Шоқандардан басталған ұлттық әдеби тіл іргетасының берік қалануына қосылған өлшеусіз үлес болды. Бұл орайда онымен замандас Алаш зиялыларының бірі Қошмұхамед Кемеңгерұлының «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаттық тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан. Әлиханның қазақ еліне сіңірген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды» деген пікірі өте орынды айтылған. Ғалым мұрасымен толық танысқан адамның оған анық көз жеткізері кәміл. Екіншіден, Ә.Бөкейхан өзінің саяси күреспен өткен саналы ғұмырында қазақ тілінің қоғам өмірінің барлық саласында, ел аумағында кеңінен қолданылуына қол жеткізу үшін бар күш-жігері мен жан-жақты білімін жұмсады. Қазақ ұлтына адал қызмет етуді өмірінің мәні санаған саяси қайраткер тіл саясатымен де тікелей айналысты. Ол қазақ тілінің ел ішіндегі қолданысын заң жүзінде бекітуге ірі саясаткер әрі кәсіби заңгер ретінде атсалысқан және ХХ ғасыр басындағы ұлт көшбасшысы ретінде бұл іске басшылық жасаған аса көрнекті ұлт зиялысы. Сол себепті бүгінгі қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасып, да­муының тарихы, бұл жолдағы күрестің бас­­тау­лары туралы сөз болғанда Ә.Бөкейханға соқпай өтуге болмайды. Өйткені ол бұл істің басында тұр. 1905 жылы қарашада Ресейдің «жергілікті және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде сөйлеген сөзінде: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы» деді Ә.Бөкейхан. Қарқаралы уезі қазақтарының 11 тармақтан тұратын құзырхатын өз атынан орыс тілінде Санкт-Петербургте «Сынъ отечества» газетінің 1905 жылғы 4-қыркүйектегі 173-санында және 1906 жылғы 26-тамызда өзі басушы-редакторы болған «Иртышъ» газетінің 32-санында Омскде екі рет жариялаған. Осы 11 тармақтың 2,3,7 және 8-тармақтарында қазақ тілінің мә­­селелері көтерілді. 14 500 адам қол ­қой­ған осы құзырхаттың 2-тармағында «...Қа­зақтың ұл балаларына арнап ашылған ауыл мектептерінде сабақ орыс тілінде жү­реді. Осы мектептердегі сауат ашу сабақтары қазақ тілінде де жүргізілуін сұраған қазақтардың өтініші орындалмады. Бұл мектептерде қазақ балаларына қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазуға үйретеді. Олар қазақ дыбыстарын бере алмайды» деп, қазақ мектептерінің жай-күйі мен балаларды қазақша, ұлт тілінің әліпбимен оқыту мәселесі күн тәртібіне қойылады. 3-тармақта «Қазақ халқының күнделікті қажеттіліктерін біліп отыру үшін типография ашып, алдын ала жүргізілетін цензурасыз қазақ тілінде газеттер шығару қажет» делінеді. 7-тармақта жүздеген кеңселерде іс қағаз жүргізу орыс тілінде жүзеге асырылып жатқандығы, қолданыстағы дала ережесінің штатына сәйкес уездер мен облыстық басқармаларда қазақ тілін білетін аудармашылар болуға тиіс екендігіне қарамастан, жергілікті әкімшілік бұл орындарға қазақ тілін білмейтін орыс шенеуніктерін алып отырғанын, кейде қажеттілікке байланысты бұл іске басқа адамдардың тартылатынын және крестьян бастықтардың қазақ тілінде жазылған өтініштерді қабылдамайтындығын айта келіп, мынадай талап қояды: «Қазақтардың мүддесі үшін: болыстықтардың кеңселері мен халық соттарында іс қағаздарын қазақша жүргізу, аудармашы лауазымына қазақша білетін және қазақша хат танитын адамдарды алу, және қазақтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, өтінішті өз ана тілінде жазу». 8-тармақта Соттың өзі қызмет етіп отырған халықтың тілін білуі – сот төрелігін дұрыс жүргізудің қажетті шарты. Соған қарамастан, қазақ даласында сот пен тергеуші болып халық тілін білмейтін орыс­тар қызмет етіп жүр. Ал неге екені белгісіз қазақ заңгерлері қазақтар тұратын уездерге тағайындалмайды, осыдан Далалық өлкеде сот төрелігі зардап шегіп отыр. Сондықтан соттар қазақ тілін білетін болсын және қазақ даласында алқабилер соты енгізілсін» (орысшадан аударған – Ш.Қ.) делінген. Бұл құзырхатта қазақ балаларына ана тілінде білім беру, кеңселерде іс қағаздарын қазақша жүргізу, сот пен тергеу ісін қазақша жүргізу талаптары анық қойылған. Яғни  Алаш Орда үкіметі ҚазКСР-і құрылардан, Қазан төңкерісінен едәуір бұрын, сонау ХХ ғасыр басында-ақ қазақ даласында қазақ тілінің қолданысын қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Іс жүзінде қазақ тілінің мемлекеттік тілге жүктелуге тиіс қызметтерді атқаруы талап етілген. Алаш ардақтысы қазақ балаларының ана тілінде білім алуын ұлтты сақтаудың, тіл саясатының аса маңызды мәселесі ретінде қарастырып, оған үнемі ерекше мән беріп отырады. Ол «Иртышъ» газетінің осы 32-інші нөмірінде қазақ даласында ІІ Александр мен ІІ Николай жүргізген өлкелерді орыстандыру саясатын жалғастыруға барынша ынталы қайраткерлердің бар екендігін ашық айта келіп, «Орыстандыру саясаты қазақтардың ана тілінде хат тануын тежеудің барлық амал-тәсілдерін қарастыруды талап етті» деп жазды. Алаш қайраткері қазақ балаларының алдымен бастауыш мектепте ана тілінде білім алуына ерекше мән беріп, 1913 жылғы «Қазақ» газетінің 14-інші нөмірінде «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек; керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи-жаза білген соң, шама келсе орысша білу қажет» деп алдымен қазақша оқып, орыс тілін содан кейін игеру керектігін атап көрсетеді. Мемлекет қайраткерінің бұл пікірінің өте орынды айтылғанын уақыт өзі дәлелдеп берді. Қазақ – кеңестік кезеңде қалада тұратын ұл-қызының көпшілігін алдымен орысша оқытып, орысша тәрбиелеп алып, тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр өтсе де солардың бетін бері бұра алмай отырған халық. Қазақ арасынан «орыстілді қазақ» деген қауымды қолдан жасап алдық. Бір қазақты «таза қазақ», «шала қазақ», «ада қазақ» (қазақы қасиеттен мүлде жұрдай болған) деп жіктейтін болдық. Қазақтың жазғанын қазақ оқи алмай, қазақтың айтқанын қазақ түсінбейтін халге жеттік. Өзге мәдениет бойына әбден сіңіп, өзге тіл санасын билеп алған мыңдаған бауырларымыз қанша айтылса да ана тілін меңгеруге ден қояр емес. Өйткені адам қай тілде тәрбие мен білім алса, ол – сол тілдің жемісі. Басқа бақшада өсіп, басқа топырақтан нәр алған жемісті тамырымен қопарып жұлып алып, өз бақшаңа қайта егіп, жерсіндіру оңай емес. Адамның баласы қандай ұлттың өкілі екендігіне қарамастан қай тілде тілі шықса, тәлім-тәрбие мен білім алса, қандай тілдік ортада өссе, сол тілдің өкіліне айналады. Сол тілде жасалған құндылықтарды бойына сіңіру арқылы ол тіл иесі болып табылатын халықтың дүниетанымын, мінезін, стереотиптерін, психологиясын, дағдыларын да қабылдайды. Бұл үрдіс ұрпақ алмасқан сайын жалғаса берсе, онда өз ата-бабасының мұраларынан қол үзіп өзге мәдениет, өзге тіл бесігінде тербелгендер біртіндеп өзге халықтың өмір-салтымен ғұмыр кешуге көшіп, өз халқынан тамырын үзіп, алшақтап кетеді. Мұндай жолға түскен жұртта туған халқының тілін, дінін, дәстүрін, өнерін жатсынатындар, қораш көретіндер қатары өсе береді. «Мәмбет», «қазақбай» деген кемсітуші атаулар солай пайда болған. Өз ұлтын менсінбеушілер арта бастаған сайын аралас некелер көбейеді. Ұлттардың ас­си­миляцияға түсуі осылай жүзеге асады. Ал бұған үстемдік етуші мәдениет пен тіл өкілдері осы үрдістің тоқтаусыз жалғаса беруіне қашанда мүдделі болады. Өзге жағалауға өтіп кеткендер де сол мүддеге қызмет етіп, біртіндеп өз балалары мен бауырларын, қандастарын солай қарай тарта береді. Тәуелсіз елдің ұл-қыздары әлі күнге дейін өзге тілде оқып тәрбиеленуді жалғастырып отыруы соның айқын көрінісі. «Қазақ болайық, қазақша өмір сүрейік, қазақ тілін меңгерейік» деп күндіз-түні қаншама уағыз, қаншама үгіт-насихат айтылып жатса да, біз күткендей нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға жуық мерзімінде біз әлі тілі бір, ділі бір біртұтас ұлтқа айнала алған жоқпыз. Қазір біз қазақ, ағылшын, орыс тілдерін меңгерген үштілді ұлт болуды мақсат етіп отырған елміз. Жөн-ақ. Әлемге кең тараған ағылшын тілі мен іргелес көршіміздің өз тіліміздей меңгеріп алған тілін ұмытып қалмай шет тілдерінің бірі ретінде сақтау маңызды. Оларға қоса біздің қабілетті жастарымыз алып көршіміз Қытай мен дамыған елдердің – немістің, испанның, француздың, жапонның және басқа да халықтардың тілдерін де білсе көптік етпейді. Бірақ бұл тілдердің бәрін біз алдымен ана тілімізді, мемлекеттік тілімізді меңгергеннен кейін оқып-білуіміз қажет. Қазақтар үшін тәрбие мен бастауыш білім беру тілі тек қазақ тілі болғанда ғана қазақтың ұлт ретінде өркендеуіне негіз қалаймыз. Басқа тілде тілі шығып, тәрбие алған өркен сол тілдің жетегінде кетіп қалады. Ұлт боламыз десек, мұны ұмытуға қақымыз жоқ. Мал екеш мал да оттаған жеріне, су ішкен құдығына қарай қашады да тұрады. Адам да саналы, бейсаналы түрде өзі сусындаған мәдениетке, дүниені таныған тіліне қарай тарта береді. Қазақ қоғамында өмір сүріп жатқан адамға оны дәлелдеп жату, мысал келтіру артық болар деп ойлаймыз. Айналамыз толған мысал. Міне, сондықтан осыны жан-тәнімен де, білім-парасатымен де сезіп-біле отырып айтылған Алаш көсемінің орыс тілін білу «...қазақша оқығанның үстіне керек» деген пікірі құнын еш жойған жоқ. Керісінше, қазіргі қазақ қоғамы үшін тіпті маңызды болып отыр. Мыңдаған қазақтар орысша оқығанның үстіне, қазақша оқып, қазақша жазып, қайтадан қазақ болуға бет бұра алмай жүр. Өйткені олардың іргетасы баяғыда балалық шағында қаланып, миында, санасында басқа тіл берік орнығып алған. Олардан қазақжанды қазақ жасау салынып қойған үйді бұзып, күреп тастап қайтадан үй салғанмен барабар. Біздің ересектерді оқытуға жұмсалған қыруар қаржымыздың ақталмай, оқытушыларымыздың еңбегі мен жазған оқулықтарымыздың нәтижеге жеткізе алмай жатуының түпкі сыры сонда жатыр. Енді бірқатарының қазақтануға мүлде құлқы да жоқ. Себебі олар дәл бүгін-ертең оған айтарлықтай сұраныс пен қажеттілік болады деп ойламайды. Өзі жүрген сүрлеумен ұрпағын да сүйреп, баласын орысша оқытып, ағылшынша үйретіп өзге мәдениеттер мен тілдердің жетегіне еріп барады. Бұл – ұлт тағдыры үшін қауіпті құбылыс. Әлихан бастаған қазақ зиялылары Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мағжан, Жүсіпбек сынды Алаш ардақтылары ұрпағын осы жолға түсіп кетпеуден сақтандырды. Сол үшін күресті. Қазақтың елдігі мен ұлттық болмысын жоғалтпау үшін ақырына дейін аянбай алысып-тартысып жүріп құрбан болды. Сондықтан да біз оларға мың мәрте қарыздармыз. Алаш зиялыларының алдына қойған мұраты, көздегені – қазақтың мүддесі, қазақтың арманы болды. Бізге заманауи білім-ғылымды, технологияны өзгеден үйренуге болады. Бұл орайда қазаққа ағылшын мен немістен де, америкалықтар мен үндістандықтардан, жапондар мен кәрістерден де, қытай мен орыстан да үйренетін нәрселеріміз көп-ақ. Өркениет көшінің алдыңғы легіне шығып кеттік деп лепіруге бізге әлі тым ерте. Алайда Отанға, ұлтқа адал қызмет етудің, мемлекетшілдіктің үлгісін алыстан, өзге жұрттардан іздеп қажеті жоқ. Оның жарқын үлгісі өзімізде де бар. Ол – Алаш өнегесі, Алаш мұрасы. Алаш тағылымы дегенді олардың осы өсиетіне, мұрасына адалдық деп түсінуіміз керек. Абай мен Махамбеттен сусындап, Әлиханды, Ахметті, Мағжан мен Міржақыпты оқып, көкейіне тоқып өскен ұрпақ, елшіл ұлтжанды болмауы, қазаққа қызмет етпеуі мүмкін емес. Ә.Бөкейхан өзі бастаған Алаш зиялылары жасап, 1917 жылы Орынборда «Қазақ» газетінің №251 санында жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасында «Би һәм судия жергілікті жұрттың тілін білу. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы» («Билік һәм сот» бөлімінде), «Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы: қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуы» («Ғылым-білім үйрету» бөлімінде) анық жазылған. Осы бағдарламадан Алаш көсемінің қазақ тілінің болашағы жөнінде алдына қандай мақсат қойғанын көруге болады. Саяси қайраткердің қазақ тілінің заңды мәртебесін орнықтыру жолындағы күресі әрі қарай да жалғаса береді. Алаш көсемі өмірінің ақырына дейін ұлт тілінің мүддесі мен оның дамуы, қолданысының жайын бір сәт те есінен шығармаған. Қай­рат­кер мұрасымен танысқан сайын оған анық көзіңіз жетеді. Ә.Бөкейхан қазақтың тілі мен өмір-салтын жетік білген нағыз ұлт зиялысы. Оны айналасындағы Алаш зиялыларымен қатар, онымен қызметтес болған мәскеулік әріптестерді де атап айтады. 1922 жылдың 14-желтоқсанынан 1927 жылдың 1-қазанына дейін Мәскеудегі КСРО халықтары Орталық баспасының Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істегені белгілі. Орталық баспа бас редакторының орынбасары Великовский мен хатшысы Дурасс ол жөнінде: «Өзінің ғылыми және әдеби жұмысында... Ә.Н.Бөкейханов қазақтардың тілін, шаруашылығы мен тұрмысын білумен қатар өзіне артылған міндетке барынша ынта-ықыласымен қарады» деген пікір білдіреді. Үшіншіден, Ә.Бөкейхан қазақ тілі дыбыстық жүйесінің бұзылмауы, сөздердің этимологиясы, кісі есімдерінің ұлттық үлгіде жазылуы, сөздердің аударылуы мен дұрыс қолдануы, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру мәселелерін де көтеріп, ұсыныстарын білдірген ғалым. Сонымен қатар ол өз мақалаларына қазақ тіліндегі білім берудің, қазақ тілін пән ретінде оқытудың сапасы мен мұғалімдердің кәсіби дайындығын жетілдіру, ауыл мектептеріндегі оқыту кемшіліктерін жою мәселелерін де арқау етті. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №14-санында жарияланған «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында былай деп жазады: «Мен жүздесіп, сөйлесіп көргендерімде қазақ мұғалімдері түгел ноғай мұғалімдерінің көбі дыбыс айыру жағына шорқақ көрінеді. Дыбысты жақсы білмей сол сотие жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды. Менің көргендерімде медресе Ғалие, медресе Хасейнеден шыққан­дардың өзі болмаса, көбі қазақ тілінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін жақсы білмейді. Көбі қазақ тіліндегі ды­бысты араб хәрпіне есептеді. Араб хәрпіне дұрыс келмейтін дыбыс, қазақ тілінде бар болса да, жоққа санайды. Қазақ тілін­дегі дыбысты жақсылап білмей, қазақ балаларын сол сотие жолымен жақсылап оқы­туға болмайды. Екінші кемшілігі – қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқы­татын ноғай мұғалімдері де – оқуды дыбыс­пен жаттықтырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін иә білмегендік, иә білсе де істеп көр­мегендік. Дыбыспенен балаларды жаттықтыру оқу мен жазу үйретудің негізі. Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы. Без имени-4 Осы айтылған кемшіліктерін түзету мұғалімдерге қиын емес. Қазақ тіліндегі дыбысты қазақ сөздерінің ішіндегі дыбыс­тарды айырып байқау мен білуге болады». Қайраткер-ғалымның бұл жазғанда­ры­нан оның қазақ тілінің дыбыстық жүйе­сін де жақсы білетіндігі аңғарылып тұр. Мәскеуге жер аударылған алғашқы жылдары ғалым қазақ мектептеріне арналып жазылған оқулықтарды сараптап, іріктеуден өткізетін комиссия құрамына кіріп, осы комиссияның «Құрметті төрағасы» болып сайланады. Қазақ тілінде жазылған оқулықтарды қарауға, олардың сапасын жақсартуға өзі басшылық етеді. Ол А.Байтұрсынұлына жазған хатында оның әліппесі мен М.Жұмабайұлының еңбегі туралы да пікірлерін білдіреді. Ғалым-ағартушы қазақ тілінде шыққан оқулықтарға ғана емес, өзге де кітаптарға пікір жазып, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін көрсетіп отыруды өзіне міндет санаған деуге болады. Ә.Бөкейхан «Примечания к пообщинным таблицам» деп аталған жазбасында ғалым «жайлау», «жерошақ», «жұрт», «енші», «ерулік» «қазы», «қонақасы», «қыстау», «киіт», «қотан», «онбасы», «соғым», «тебін», «тоқал», «шошала», «шойынтіс» сынды 54 сөздің мағынасына орысша түсініктеме береді. Кей атаулардың (киік – сайгак, құл – раб, құдық – колодец) орыс тіліндегі баламасын көрсетеді. Оның бұл еңбегі ұлттық ұғымдардың шағын түсіндірме сөздігі іспетті. Ғалым бірқатар мақалаларында «Алаш», «қазақ», «анда», «құда-анда» сияқты сөздердің этимологиясы жөніндегі пікірлерді ортаға салып, оларға қатысты өз тұжырымдарын айтады. 1924 жылы Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» Ә.Бөкейхан қазақ аты-жөнін жазғанда орыс тіліндегі -ов, -ев қосымшаларын алып тастап, ұлттық үлгіде әкесінің атына «ұлы», «қызы» сөздерін қосып жазуды ұсынды. Оның ұсынысы делегаттар тарапынан талқыланып, мақұлданды. Съезде қабылданған бұл шешім қазақша пән сөздері (терминдер) жөніндегі съезд қаулысына қосымша енгізілді. Бұл аталғандармен бірге аса көрнекті мемлекет қайраткері, жан-жақты энциклопедиялық білім иесі болған ғалымның ұлттық баспасөз тілінің қалыптасуына сіңірген еңбегі мен аудармалары да қазақ тілінің дамуына елеулі үлес болып қосылды. Қыр баласының қыруар мұрасын неғұрлым терең зерттеп, зерделеген сайын оның бұл саладағы еңбегі еселене түсетініне еш күмәніміз жоқ. Үлкенді-кішілі атқамінерлер мен мемле­кеттік басқару жүйесінде қызмет етіп жүрген лауазымды тұлғалардың көп­шілігі бүгін мемлекеттік тілдің Ата Заңы­мыз­да белгіленген мәртебесі мен «Тіл туралы» Заңымызға сәйкес қолданысын қам­тамасыз етуге атсалысып, оның мүддесі үшін күреспек түгілі, елінің тілін қызметтік мін­детін атқаруға қажетті деңгейде білуге де асықпай отыр. Сондай-ақ орысша, ағыл­шынша оқығандарды айтпағанда, қаланың қазақ мектептерінде оқыған қазақтың ұл-қыздарының көбі ана тілінен алшақтап, үйренген тілдерінің жетегінде кетіп қалатын, оны кәсіби қызметінде, күнделікті өмір-тіршілігінде пайдаланғысы келмейтін өзгеге бейімделгіштік дертіне ұшырады. Солар Омбының техникалық училищесін және Петербор Орман техно­логиялық институтынының экономика факультетін орысша бітіріп, орыс тілін жетік меңгеріп, еркін жазып-сөйлей білсе де, Мәскеуде он жылдан астам тұрса да өмірінің соңына дейін қазақ мүддесіне, қазақ тіліне қалтқысыз қызмет еткен Алаштың Әлиханындай болмаса да, оның өнегелі өмірі мен қызметінен үлгі алуға жараса ғой. Онда қазақ тілінің еліміздегі мәртебесі биік, мерейі үстем тіл болатындығы еш күмән туғызбас еді.

Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымының докторы,  профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі

18275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы